Жұма, 3 Мамыр 2024
Алашорда 5137 0 пікір 2 Желтоқсан, 2016 сағат 08:40

МҰЗЖАРҒЫШ

 

Академик Рамазан СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ туғанына 85 жыл толуына орай

Республикамыздағы «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының 1989 жылғы сәуірде өткен ұйысу конференциясында академик  Рамазан  Сүлейменов сталинизм  қылмыстарын әшкерелеген баяндама жасады. Сонда ол азаматтардың осындай бірлестікті құруына қажеттілік пісіп-жетілгеніне көп болғанына, қазіргі бастаманың кемі отыз жыл кешігіп көтеріліп отырғанына назар аударған-ды. Мұндай кешігуге кінәлі қатардағы қарапайым  адамдар емес, жоғарыдағы бюрократиялық билеуші қабат екенін  ашып айтқан, өйткені осынау топ – партиялық-кеңестік жалаң ұранның дабылшылары қоғамдық пікірді ауыздықтап, әміршіл-әкімшіл жүйенің түп-тамырына шаң жуытпай, оны қилы тәсілмен қорғап келген-ді.

Сол кезде оны тыңдай отырып, мұндай тұжырымға ғалым өзінің ғылыми сараптаушылық танымы нәтижесінде келген ғой деп ұйғарған едім, бұл шынында да солай-тын. Дегенмен, осы жолдарды жазар алдында мен оның мұраларын ақтарып-қарастыра отырып, жалаң ұран күзетшілерінің қысастығын ғалымның өзі де ғылыми-зерттеушілік ізденістері барысында әрдайым тікелей сезініп жүргенін, сондықтан да әлгі ойын мол сеніммен айтқанын ұқтым...   

Үлкен жол қалай басталды

Рамазан Бимашұлы Сүлейменов 1931 жылғы 17 ақпанда Ақмола (қазіргі Астана) қаласында туды. Ұзамай ата-анасымен Алматыға қоныс аударған. Балалық шағы соғыс жылдарына дөп келгендіктен, сол шақтағы мақсаткерлікке тұнған тыныс-тіршіліктің қызу ортасында өсті. Заманының  өскелең ұрпақты отаншылдыққа, білімге құштарлыққа баулыған тәрбиесін көріп, бойына сіңірді.

Ол көп балалы отбасындағы әке денсаулығының нашарлағандығынан туындаған тұрмыстық қиыншылыққа байланысты, еңбек жолын ерте, тіпті мектеп бітірмей жатып бастауға мәжбүр болды. Бірақ  оқуға деген ынтасы зор еді, сол себепті Алматыдағы түрлі мекемеде жұмыс істей жүріп онжылдықты бітірді, одан Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетіне сырттай оқуға түсті.

Алайда жас жігіттің білімге құштарлығын  сырттай оқу қанағаттандыра алмайтын-ды, сондықтан ол бірінші курсты сырттай бітіргеннен кейін, 1952 жылы күндізгі бөлімге ауысты. 

– Рамазан сырттай оқу кезіндегі сынақтарда үздік үлгерім көрсеткен болатын. Күндізгі оқуға ауысқанында да, үй-іші күнкөрісіне қажет қаржы табу мақсатында, сабақтан бос уақыттарында түрлі жұмыс істеп жүргеніне қарамастан,  сынақ-емтихандардың бәрін тек үздік бағаға тапсырды, – деп еске алды зайыбы Нұркамал Нығметқызы Қамбарова (олар бірге оқыған екен), – бірақ, неге екенін, оған стипендия берілмеді. Ал ата-анасының жұмыс істеу мүмкіндігі шектеулі көп балалы отбасы бюджеті үшін оның стипендия алуы едәуір маңызды болатын. Ақыры Рамазан университет ректоры Асқар Закариннің қабылдауына баруға мәжбүр болды. Сонда ол үздік студенттің тек стипендия алуын ғана емес, соған дейін берілмей келген айлардағы алашағын түгел орнын толтырып төлеп беру мәселесін табан астында шешті. Ректордың бұл сергек жақсылығын Рамазан ешқашан ұмытқан емес, өтеуіне ұдайы университеттегі озық шәкірттер қатарынан табылды...

Үшінші курсты аяқтағаннан кейін, философия факультетінің таратылуына байланысты, ол білім алуын тарих факультетінде жалғастырды.

Рамазан тек үздік оқумен шектелген жоқ, ол жоғары мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ өзінің ғылыми-зерттеушілік жұмыстарға бейімдігін танытты. Шығыс елдеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстың өрістеуіне бірінші орыс революциясы қалай әсер етті және оның мәнісі неде екенін айқындау орайында өзінің тырнақалды ғылыми зерттеуін жазды. Осы тақырыппен студенттердің ғылыми конференциясында жасаған баяндамасы бірден жақсы бағаланды: Қазақ университетінің бірінші сыйлығын алып, Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің грамотасымен марапатталды.  

Оқудағы өте жақсы үлгерімі мен университеттің қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін ол ректорат алғысына да ие болды. Тағы бір айта кететін елеулі жәйт – студент Сүлейменов университетті бітірмей жатып-ақ партия мүшелігіне кандидат болып қабылданды.  Ол шақта бұл – үздік те озық ойлы, қоғамдық белсенділігі жоғары студентке көрсетілген үлкен құрмет, оның ірі жетістігіне саналатын.

Университеттің соңғы курсында, 1956 жылы, Рамазан  Сүлейменов әйгілі орыс ойшылы Георгий Валентинович Плехановтың тарихи көзқарастарын қарастырып, осы тақырыпқа диплом жұмысын жазды да, оны үздік бағаға қорғады. Өзіндік зерттеушілік қолтаңбасын байқатқан осы дипломдық еңбегі жыл бойындағы ең үздік студенттік жұмыс ретінде бағаланды. Оған аспирантураға  түсуге жолдама берілді.

Ғылым шыңына беттеген соны соқпақ

Еліміздегі мәдениент құрылысының тарихын зерттеудегі Рамазан Бимашұлының еңбегі  ерекше, ол, тіпті, ізашарлық сипатқа ие. Оның ғылым орманындағы мүлдем тың жолға түсуіне, сөйтіп тарихи елеулі орыны бар зерттеушілік бағытты бастауына себеп болып, дүниетаным көкжиегін кеңейтуіне айрықша әсер еткен жәйт – аспирантурада оған аса көрнекті жазушы және ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің ұстаздық еткендігі болатын. Рамазанның алғашқы ғылыми диссертациясы Әуезовтің ақыл-кеңесімен, тікелей қамқорлығымен дүниеге келген еді. 

– Мұхтар Әуезов өзіне аспирант таңдап алу үшін, аспирантураға емтихан тапсырып жаңадан түсіп жатқандарды әңгімелесуге шақыртыпты, – деді Нұркамал Нығметқызы алыс жылдар естелігіне шомып. – Сонда Рамазан да көптің бірі болып алдынан өткен-ді. Кездесуден толқып оралды. Ғұламаның сұрақтарына тыңғылықты жауап берген тәрізді, бірақ қандай әсер қалдырғанын шамалай да алмайды. Ол өзі сөйлескен үміткерлердің бәріне әңгіме қорытындысын кейін басшылықтан естисіңдер депті...

Ақыры, қуанышты күн де туды: Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының директоры Ақай Нүсіпбеков 1956 жылғы 25 қазанда Рамазан Сүлейменовтің  «тапсырылған қабылдау емтихандарының, сондай-ақ Қазақ КСР Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесі бюросының шешімінің негізінде» аспирантураға қабылданғаны және «ғылыми жетекшісі етіп  Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі М.О. Әуезовтің бекітілгені» жайында бұйрыққа қол қойды. 

Мұхаң оны әзір ешкім қолға ала қоймаған тың тақырыпқа жұмылдырды – Қазақстандағы 1933–1940 жылдарғы мәдениет құрылысы. Қазақ халқының жаппай ашаршылық тұзағы төндірген ұлттық апаттан ес жиюға енді бет алған, одан ұлт қаймағын жалмаған жаңа қасірет – «үлкен террор» жылдарын бастан кешкен кезеңіндегі мәдени жаңғыру мен өрлеу тарихы. Қиын да қызық, жұмбағы мол кезеңдегі мәдениет құрылысы тақырыбы. Жеке басқа табыну әшкереленіп, ащы шындықты көлегейлеген қымтаудың түрілгеніне қарамастан, тоталитарлық идеология салған жаңаша да қитұрқы шектеуі көп тақырып.

Міне осы ит тұмсығы өтпес шілікті нуға ол бірінші болып түрен салды. Содан, данышпан Әуезовтің  басшылығымен көп еңбектеніп, ақыры, тарих ғылымының кандидаты ғылыми атағын алу үшін жазған ғылыми диссертациясын Рамазан Сүлейменов 1961 жылғы 16 сәуірде сәтімен қорғап шыққан.   

Рамазан Бимашұлының кандидаттық  диссертация қорғау салтанатына байланысты, «полуторка» деп аталатын жапсарлас бөлмелі кішкентай пәтерлерінде қонақ күткендерін, басқа ғалымдармен бірге Мұхаңның да дастархандарына келіп, қалай рахаттана әңгіме-дүкен құрғанын, көңіл серпілісіне сәйкес шырқалған әндерді қайтіп сүйсіне тыңдап  отырғанын, ғалымның туғанына 75 жыл толуы қарсаңында кездескенімде, зайыбы Нұркамал Нығметқызы толқи есіне түсірген еді. Ұлы жазушының өздерімен бірге отбасылық дастарханда жаймашуақ демалып отырғанын соңғы көруі екен, содан арада қырық шақты күн өткенде, төбеден жай түскендей болып, Мәскеуден қаралы хабар жетті...

Сүлейменов аспирантураны бітірген 1959 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы институт қабырғасында істеген-тін. Кіші ғылыми қызметкерден институт директоры лауазымына дейінгі барша ғылыми баспалдақтардан өтіп, өсті. Сол жолында аса көрнекті қаламгер, академик, КСРО-ның Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтарының иегері ұлы Мұхаңның ғылыми жетекшілігімен қазақ мәдениеті тарихының өктем саясат еркімен жабық жатқан қабаттарына зерттеу жұмыстарын жүргізгенде естіген ақыл-кеңестері мен оқып-тоқығандары оның санасында ұдайы өшпес шамшырақтай жарқырап тұрды.

Ғалым өзінің ғылыми ізденістері мен ойларын қилы ғылыми конференцияларда ортаға салып отырды. Әсіресе 1965 жылы Мәскеуде КСРО-дағы мәдени революцияның тарихы жөнінде  болған Бүкілодақтық ғылыми сессияға қатысып, республикадағы тарих ғылымының  өкілі ретінде баяндама жасағаны ғылыми жұртшылыққа қатты әсер етті. Ол қазақтың ұлттық мәдениетінің тағдыры туралы өткір сыни сөз сөйлегенде, тұтасқан сеңді бұзып келе жатқан мұзжарғыштай көз тартып, сессияға қатысушыларды түгел елең еткізді. Солардың тілегіне орай,  баяндама жасауға белгіленіп берілген он минуттың орнына, мінбеде қырық минуттан астам тұрып, одақтың шартарабынан жиналған, тоталитарлық идеология қыспағына тұншығулы өзгелерді де толғандыратын өзекті мәселелер хақында сөйлеуге тура келген-ді.

Бағдары айқын ғалым аз жылда қазақ мәдениетінің тарихы саласындағы бірден-бір жоғары дәрежеде кәсібиленген  ірі де білікті маман ретінде қалыптасты.  Терең зерттеп, «Мәдени революцияның лениндік идеялары және олардың Қазақстанда жүзеге асырылуы» деген тақырыпта докторлық диссертация жазды. Диссертацияны Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының КСРО тарихы институты жанындағы мамандандырылған кеңесте 1972 жылы қорғады.

Ал докторлық диссертациясының негізінде жазып шыққан, капитализм дәуірін аттап өткен халықтардың социалистік дәуірде өз мәдениетін дамытуы жолындағы жинақтаған тарихи тәжірибесі жайлы монографиясы өзіміздің республикамыздағы ғана емес, кеңес одағындағы белгілі ғалымдардың да ірі бағасына ие болды. Осы еңбегі үшін Рамазан Бимашұлы 1973 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлықпен марапатталды.

...Мәдениет тарихы саласындағы болашағы зор ғылыми бағыт мен ғылыми мектептің негізін қалағандығымен танымал болған ғалым Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында 1974 жылы Қазақстан мәдениетінің тарихы бөлімін ашуға бастамашы болып, оны үздіксіз басқарды. 

Тарихи тұлғалар есімін қалпына келтіруге атсалысу - абыройлы парыз

Зерттеу нысанына ғылыми парасаттылықпен, биік адамгершілік сезіммен, кіршіксіз тазалықпен қарау – Рамазан Сүлейменовтің мәдениет тарихы мәселелерін қарастырғанда ұстанған  ғылыми көзқарасының құрмет тұтуға әбден лайық қыры болып табылады. 

Ол жаппай саяси репрессия жылдары жазықсыз жазаға ұшырап, озбыр саясат құрбаны болған ғылым мен мәдениет қайраткерлерін ақтау және олардың ғылыми мұраларын қалпына келтіру ісіне белсене қатысты.  Халқымыздың аяулы ұлдарының Темірбек Жүргенов, Тұрар Рысқұлов, Ғаббас Тоғжанов, Құдайберген Жұбанов, Санжар Аспандиаров (уақытында қазақша осылай жазылған, орысша әдебиетте – Асфендиаров) секілді бірқатары жайында кітап, мақалалар жазу арқылы бұл іске тікелей еңбек сіңірді. Ал ол идеологиялық сақшы-бюрократтар жайлаған заманда атқарылуы оңай-оспақ шаруа болған жоқ.

Мәселен,  Аспандиаровтың ғылыми қызметі мен қайраткерлігі туралы алғашқы мақалаларын Рамазан Бимашұлы 1959 жылы, «жылымық» тұсындағы жас ғалым шағында жазған-ды, алайда қарау саясат опат еткен осынау аса көрнекті ғалым және қайраткердің мерейтойына орай Қазақстан мен Орта Азия ғалымдарының ғылыми-практикалық конференциясын өткізу, әрі оның есімінің қалпына келтіріліп, қоғам тыныс-тіршілігіне қайтарылуын жұртшылық алдында атап өту істерін отыз жылдан кейін – қайта құру саясаты жеңісті өріске шыққан 1989 жылы ғана, Қазақ КСР Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы, КСРО  Ғылым академиясы Тарих бөлімі Ғылыми кеңесінің мүшесі болған кезінде барып жүзеге асыра алды.

Сүлейменовтің жекелеген тұлғалар жайлы зерттеулері тарих ғылымындағы олқылықтар орынын толтырып қана қоймай, халықтың тарихи санасының көтеріліп-өсуіне де ықпал етті.

Шынында да, көп жыл бойы аталмай келген тұлғалардың өмірі мен қызметін, соңдарында қалған ғылыми, әдеби мұраларын қарастырған ғалымның ізденістері іштей әділдік аңсаған көпшіліктің көкейінен шығып жататын. Ал оның жұмыстарының толыққанды болуының бір себебі сол, оған репрессияланған қайраткерлердің туыстары, жерлестері, көзкөргендері, үзеңгілестері мен шәкірттері де мұрағат деректеріне қосымша пайдалы мағлұматтар беретін-ді.

Бұл жерде айта кетерлік бір жәйт –  «халық жауы» таңбасы таңылып, есімі әлдеқашан ұмыттырылған қайраткерлердің солақай саясат салдарынан әр жақта шашырап  жүрген жақындарын табу қиын-тын. Міне осы ретте Рамазан Бимашұлына риясыз көмек көрсеткен патриоттар болғанын айту ләзім.

Әсіресе, отызыншы жылдарғы мәдени құрылысқа қайталанбас үлес қосқан мемлекет қайраткері Темірбек Жүргенов туралы зерттеу кітабын жазарда (бұл алпысыншы жылдардың бас кезі еді) – әдебиет институтының ғылыми қызметкері, тынымсыз еңбекқорлығымен кезінде ұлы Мұхаңның сүйіспеншілігіне бөленген Мардан Байділдаев «темір наркомның» зайыбы мен жақындарын, қызметтес, жерлестерін тауып беріп, кездестіріп, маңызды деректер жинауына жәрдемдесті.

Ал Санжар Аспандиаровтың жақындарын Орта Азия республикаларынан іздеп табуға геолог  Молдияр Серікбаев көмектесті.

Бұл екі азаматтың да Рамазан Бимашұлына деген ақ көңілдерімен атқарған қызметтерін Нұркамал Нығметқызы бізбен әңгімелескенінде жылы сезіммен еске алып отырды...

Осындай ізденістерімен ғылыми шығармашылығының бастауында-ақ назарына алған ұлттық интеллигенция мәселесіне Рамазан Бимашұлы өзінің көптеген жұмыстарында арнайы тоқталды. Осы бағытта арнайы ғылыми тақырыптың зерттелуіне белсенді түрде үлес қосты.

Мынаны атап өткен орынды болмақ – кеңестік интеллигенцияны қалыптастыру саласындағы партиялық-мемлекеттік саясат, республиканың қоғамдық-саяси тарихындағы шығармашыл зиялы қауымның орыны мен рөлі, олардың жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегіндегі мәні елеулі болған «Алаш», «Үш Жүз» партиялары мен ислам (мұсылман) және улема (ғұламалар) одақтарына қатысуы, қазақ ұлтының мәдениетін қалыптастыруға елеулі үлес қосқан сол интеллигенцияның заңсыз жазалануы жөніндегі шындықтарды айтуға бағытталған алғашқы талпыныстар Рамазан Сүлейменовтің   басшылығымен жасалды.

Шығыстанушылық – тарих ғылымындағы маңызды тақырып 

Қазақтардың материалдық және рухани мәдениетіне Орталық Азия кеңістігінде қоңсы өмір сүрген шығыс халықтары ғасырлар бойы түрлі дәрежеде әсерін тигізіп келді.  Шығыс елдерімен Қазақстанның саяси және мәдени байланыстарын қарастырған Сүлейменовтің көптеген жұмыстары осы мәселені зерттеуге арналған-ды.

Бұлардың қатарында «Шоқан Уәлиханов – шығыстанушы», «XVI-XVII ғасырлардағы Қазақстан, Орта және Орталық Азия», «XVII ғасырдағы Қазақстан тарихынан (Абылайдың сыртқы және ішкі саясаты туралы)» – (бұл  еңбектің алғашқы аты «Абылай» екен, алайда, жарияланғанына үшінші жылға аяқ басса да қайта құру саясатына көндіге қоймаған биліктегі партияның жергілікті идеологиялық күзетшілері оны солай қалдыру зиянды деп тауып, кітап атын міндетті түрде өзгертуді талап етіпті), «Қазақстандағы шығыстанушылық зерттеулер: тарих пен қазіргі ахуалдың кейбір мәселелері» деген кітаптары, республикалық, одақтық және шетелдік басылымдарда жарияланған көптеген мақалалары бар.

Ғалымның басшылығымен «Қазақстанның шекаралас елдермен XІІІ-XIX ғасырлардағы қарым-қатынасының тарихы: араб, парсы, түркі шығармаларынан үзінділер» деген ғылыми тақырыппен жүргізілген зерттеулер де өте танымды да қызғылықты жұмыс ретінде танылды.

Рамазан Бимашұлы 1979 жылы Тарих институтында шығыстану бөлімін ашуға мұрындық болып, оған өзі алты жыл бойы жетекшілік етті. Ол дайындаған ғылыми кадрлар жаңадан ашылған Ұйғыртану институтының жасақталуына,  тез қалыптасып ырғақты жұмыс істеуіне ықпалын тигізді. Кейін бұл ғылым ордасы Шығыстану   институтына айналды. Бүгінде оған ірі ғалым Рамазан Сүлейменовтің аты берілген.

Тарихтағы «ақтаңдақтарды» кетіру жолында

Билеуші партия жариялаған қайта құру саясаты арайымен ғылыми зерттеушілігін табысты дамытқан Рамазан Бимашұлы Сүлейменов қоғамға пайдалы нақты іске де белсене атсалысты. Ол тоталитаризм қыспағынан зардап шеккен тарихи әділеттілікті қалпына келтірушілердің алдыңғы сапына тұрды. «Қазақ Республикасы Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің тарихтың «ақтаңдақтарын» жою жайындағы және өткен шақтың келеңсіз мұраларын жеңіп шығу жөніндегі кешенді бағдарламасы» деп аталатын құжатты жасаушы әрі оны орындаушылардың бірі болды.

Осы бағдарлама ауқымында ол бірнеше тақырыпта жүргізілген ғылыми зерттеулерге басшылық етті. «Қазақстан тарихы: «ақтаңдақтар» атты мақалалар жинағын жазуға қатысты. Жұртшылықтан жасырылып келген Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов есімдері мен шығармашылықтарын ақтау жөнінде 1988 жылы құрылған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Комиссиясының шешімін орындау мақсатында жүргізілген ауқымды ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстарға басшылық жасады.

«Өткенді қалпына келтіру – жеке адам мен халықтың егемендігін қалпына келтіру үшін мүлтіксіз орындалуы тиіс бұлжымас талап болып табылады» – ол жоғарыда еске алынған «Әділет» атты тарихи-ағарту қоғамның  құрылтайшы жиынында осылай деген еді. Рамазан Бимашұлының өзі осынау ережеге сенімділікпен, еліміздің шыншыл тарихын жаңғырту жолында жанқиярлықпен адал еңбек етіп келе жатқан.

Алайда содан бар болғаны үш жыл өткенде, мезгілсіз келген сұм ажал оның  үлкен жоспармен дамыған ғылыми шығармашылығын кілт үзіп тастады.

Адамгершілігі мол, ғылымға адал берілген отаншыл азаматтың кең көлемде жүргізген істерін ғалымдардың кейінгі буыны табысты түрде жалғастырып келеді. Көңілге демеу – сол.

Биылғы мерейжыл қарсаңында оның бірқатар ғылыми мұрасы жинақталып  шығарылды. Қазақтың Рамазан Сүлейменов тәрізді айтулы оқымыстысы жазған ғылыми еңбектер қоғам игілігіне әлі де ұзақ уақыт бойы пәрменді қызмет ете береді.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 861
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 716
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 554
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 559