Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Алашорда 5528 0 пікір 21 Қазан, 2016 сағат 10:57

"АМАНГЕЛДІ ИМАНОВ КЕДЕЙ ЕДІ" ДЕГЕН ДАЛБАСА СӨЗ

Жалғасы. Басы мына жерде.

РАХМЕТТІҢ ЕСКЕРТУІ 

Шашанбайұлы Рахмет – өз заманында Торғай даласын жайлаған ірі байлардың бірі болатын. Малды адам қашанда әлді адам, сондықтан Жыланшық өзенінің бойын қоныстанған елге Рахметтің сөзі өтетін, оны тыңдайтын. Көтерілісшілерге осы Рахметтей беделді, ауқатты адамдардың қолдауы аса қажет болды. Қолдау болғанда, Әбдіғапар мен Амангелдіге Шашанбай әулетінің мал-мүлкі емес, көтерілісті қолдаған көңілі керек еді. «Мен сендермен біргемін» деген бір ауыз сөзі жеткілікті болатын, әйтпесе, Әбдіғапар да, Амангелді де қал-қадірінше күйлі өмір сүрген. «Амангелді кедей еді, кедейлерге бас болып патшамен соғысты» деген далбаса сөз. Батырдың дәл сол уақыттағы әл-ауқатының қандай екенін өзі жазған күнделігінен де оқып, білуге болады.

Жоғарыда айтылған құрылтайдан кейін Амангелді сарбаздарымен ел ішіне шығып, әскердің қамымен ауыл-ауылды аралап жүреді. Сол сапарында өзінің "ескі танысы" Рахметтің ауылына келеді. Рахмет пен Амангелді арасында сағыздай созылған дау, ертеден келе жатқан егес (бұл мәселеге Амангелді жайындағы хикаяда оралатын боламыз) бар-ды. Күздің суық күнінде келген қонақтарға Рахмет аса қуана қоймады және басқа емес, аты өзіне мәлім Амангелді. Түсуге рұқсат сұраған жолаушыларға Рахмет ризашылық бермейді. Дала заңында бұл үлкен сараңдық немесе залымдық еді. Иіле қоятын Амангелді ме, атын тебініп ары кете барады. Рахметтен ары қонған ауылдарды аралап болып, бірнеше күннен кейін қайтып келе жатып, тағы да түсуге сұранады. Егер бұл жолы түсірмесе ауылды шабуға дайындалып келе жатқан. Ауыл шетіне таяғанда Рахметтің шабарманы сарбаздардың алдынан шығып: «Ел болса түссін, жау болса жөнімен кетсін!» деген қожайынның сәлемін жеткізеді. Амангелді «елміз» деп, Рахметтің ордасына жайғасады. Үй иесі ықылассыз болған соң, әңгіме жүрмей, ас та үнсіз ішіледі. Ауқаттанып, әл жиып алған көтерілісшілер кетуге ыңғайланғанда Рахмет Амангелдіге бұрылып сөз бастайды.

– Әй , Амангелді, баяғы кикілжіңді енді қозғай беруден не өнер дейсің. Ел басына мынадай қиын күн туып тұрғанда өткенге оралу көргенсіздік. Атойлап қол бастап, жауапкершілікті мойныңа алған екенсің, Алла алдыңнан жарылқасын. Соңыңа ерген мына ерлердің ендігі обал, сауабы сенде. Мен де қарап отырмаспын, қолымнан келгенше көмек қылармын, –дейді. 

– Бәрекелді, Рақа! Мен де осы бір ауыз сөзің үшін ат терлетіп келдім емес пе, болған іс –болды, ұмытылды, –деген батыр атқа қонады. Сонда Рахмет Амангелдіні тоқтатып:

– Мен арғындарды жақсы білем, сен жақсы білмессің бәлкім. Ескертіп қояйын, айтпады деме, арғын сенің сойылыңды соғып, намысыңды жыртпайды! Қош! –деп қала береді.
P.S. Рулық алауыздықты мақсат етпейді.

ТАТЫР ТОСҚАУЫЛЫ.

Кең далада еркін өмір сүріп үйренген қазаққа аз ғана уақытта әскери тәртіпке бағыну қиын болды. Тұрақты әскерде қызмет етпеген сарбаздар арасында осы әскери тәртіп жағы ақсап жатты. Тәртіп болмаған жерде нәтижеге жету де қиын еді. 

Торғайда басталған дүрбелеңнен кейін бекіністегі патша әскерлерінің саны еселеп өсті. Басынан бақайшағына дейін мұздай қаруландырылды. Қаладағы орыс тұрғындарға да мылтық үлестірілген. Сонымен қатар, алыс ауылдардағы бүлікті басу үшін уезд бастығының көмекшісі Ткаченко қасына 150 қарулы солдат ертіп, жорыққа аттанды. Жолында кезіккен қазақтарды, ұрып-соғып, мал-мүлкін тонап, әйелдерін зорлап, көрсетпеген қорлығы қалмады. Бұл жазалаушыларға Қостанайдан шыққан есауыл Моргунов бастаған казактар, Әулиекөл мен Наурызымнан шыққан жендеттер қосылып, отрядтағы солдат саны 500-ге жетті. Негізгі міндетті орындап, отряд Торғай қаласына беттейді. Мұны естіген көтерілісшілер жазалаушыларды қалаға жібермес үшін Татырда тосуға бел байлайды. Татыр -қазіргі Жангелдин ауданы аумағындағы тұщы көл. Жағалауында қамыс пен қоға қалың өскен. 

21 қазанда ұзын саны 1500 сарбаз патша әскерімен алғаш рет осы жерде қақтығысқан. Айлакер Ткаченко да алдында қазақтардың күтіп тұрғанын біледі, сондықтан сақ қимылдап, сайға жасырынып аңдиды.

Алдымен қазақ сарбаздары оқ атады. Қолдан жасалған білтелі мылтықпен не қиратсын, атқан оқтары жауға жетпей жер қапты. Отряд бірнеше пулеметті қатар қойып атқанда сарбаздардың аттары үркіп ала қашып, тәжірибесіз жауынгерлер жазым болады. Бірнеше сағатқа созылған арбасу қазақ әскерлерін амалсыз кері шегіндірді. Кейбірі өзіне сеніп тапсырылған міндетті атқара алмай шептен шығып кетті. Мұны байқаған орыс солдаттары ашық шабуылға шығады. Сөйтіп, жарты күнге созылған ұрыста отыз қазақ шейіт болады. Патшаның үш солдаты соғыс алаңында, екеуі Торғай ауруханасында өледі. Өлген үшеуін де найзамен түйреп өлтірген. Көтерілісшілер азын-аулақ мылтық пен көлікті олжа қылады. Алғашқы айқас осылай аяқталады. Бұл шайқаста Амангелді болмаған, сардар ол кезде басқа болыстарда әскер ұйымдастырып жүрген болатын.

 

ТОРҒАЙҒА ЖОРЫҚ

Татырдағы тосқауыл көтерілісшілердің есін жиғызып, ақылмен қимылдауды үйреткендей болды. Ауызы күйген үрлеп ішеді дегендей, ендігі уақытта сарбаздар әр қимылы мен шабуылын асқан ұқыптылықпен жоспарлауға көшті. Қалаға жорық жасамастан бұрын Әбдіғапар хан кеңейтілген кеңес шақырып, түйткілді мәселелер кеңінен талқыланды. 

Сөз алған Әбдіғапар Торғайдағы орыс әскерінің дайындығы күшті екенін, тұрғындардан жасақталған халық әскері де бар екенін атты. Сонымен бірге бекіністе бейбіт халық қырылып қалмайтындай амал қарастыруды ұсынды. 

«Қалаға ентелеп кіріп барсақ, зеңбірек оғының астындағы қаламыз, бекерге қырыламыз, сондықтан қаланы бірнеше күн қоршап тұрсақ, ауыз судан тарыққан орыстар өздері беріледі» деген Әбдіғапардың сөзіне Оспан Шолақұлы бастаған алты болыс арғын жасағы қарсы шықты. «Бұл қорқақтың ісі, біз ашық айқасқа шығамыз» деп отырып алады. 

Амангелді: «қалаға қамалмай, кең далаға шығып айқасайық» деп, патша әскеріне хат жазып, тұтқынға түскен орыс әйелінен беріп жібереді. Хат жауапсыз қалады. 

5 қарашада көтерілісшілер Торғай қала-бекінісін үш жақтан қоршауға алды. Батыстан –жоғарыда аталып өткен Оспанның қолы, солтүстіктен –Жәуке батырдың баласы Орманбектің жасағы, шығыстан – Әбдіғапар мен Амангелдінің әскері қоршады.

Көтерілісшілер қалаға түн жарымында бет алады. Алдымен қала іргесінде қысқа дайындалған шөпті өртейді. Дайын отырған патша жасағы зеңбіректен оқ жаудырып, адым аштырмай қояды. Осы кезде қазақтарға табиғат-ана көмекке келгендей, көз аштырмайтын дауыл соққан. Дауылды пайдаланған көтерілісшілер қалаға үш жақтан лап қояды. Оспанның қолы қалаға от қойып, үйлерді өртейді. Әбдіғапар мен Амангелді халықтың көз жасынан қорықты ма кім білсін, үйлерді өртетпеген.
Атыс күшейіп, көпшілігі аттан түсіп, дуал-шарбақтарды паналайды. Амангелді мен Кейкі нысанасына алған жауды мүлт жібермеген. Амангелді үйдің шатырына шығып, пеш мұржасының түбіне бөркін қойып кетеді. Орыстар әлгі бөрікті бұғып отырған адам деп атқылайды. Сонда Амангелді бұқпантайлап келіп, атыстың қызығына кіріп кеткен офицерді бір-ақ оқпен ұшырып түсіреді. 

Көтерілісшілер қаланың қарапайым тұрғындары тұратын бөлігін басып алады. Мықтап бекінген солдаттар әскери казармалар мен мекеме, кеңселерді сақтап қалады. Қалжыраған қазақтар қас қарая соғысты тоқтатып, таңның атуын күтеді. Таң ата әлденіп, күш жинап, шабуылға қайта шықпақ болған. Жарық түсе бастаған кезде Амангелді әскерін сапқа тұрғыза бастайды. Сол уақытта шабарман:

– Уа, батыр, Орманбек пен Оспан қаладан кетіп қалыпты, –дейді.

– Кеткені қалай?

– Ол жағы белгісіз, түн жамылып кеткенге ұқсайды. 

(Кейін белгілі болған деректерде Оспанның қолы батыстан келетін жазалаушылар отрядының жолы үстінде соғысқандықтан еркін қимылдауға шамасы келмеген)

Сонымен көтерілісшілер, келер деген үмітпен Оспан мен Орманбектің қолын кеш батқанша күтеді. Кері оралмайтыны белгілі болғанда Амангелді сарбаздарына атқа қонуға бұйрық береді. Өзі ат үстінде тұрып:

– Жамағат, енді қырылу жөнсіз. Қолда тұрған қала еді, кері қайтпасқа амал жоқ. Елдің обалы қорқақ арғындарға! –деп, атының басын кері бұрады.

Р.S. Рулық алауыздықты мақсат етпейді.

(жалғасы бар)

Нұрболат Әлменов

Abai.kz

0 пікір