Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 5314 1 пікір 24 Наурыз, 2016 сағат 17:28

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН ӨСІМДІК МАЙЫ ЕНДІ ҚЫТАЙҒА ЭКСПОРТТАЛАДЫ

Алматы облысындағы Достық бекетінен Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясына 2 мың тонна өсімдік майы жөнелтілді.

Май тиеген контейнерлік пойыздың алғашқы жөнелтілу рәсіміне қазақстандық «Total Impex» компаниясы, қытайлық «Айцзюй» компаниясы және Алматыдағы Қытай консулдығының өкілдері қатысты. Дайын өнімді экспорттау жөнінде екі ел арасында тиімді ынтымақтастық пен өзара әрекеттестік орнатып, осы істің басы-қасында жүрген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыру және техникалық мәселелерді шешуге де қолдау көрсетті. Бұдан былай аталған дайын өнім 35 миллионнан астам тұрғыны бар Шэньси провинциясына тұрақты түрде жеткізіліп отырмақ. Қазақстандық «Total Impex» компаниясының директоры Дәурен Тұрапбековтың айтуынша, бұл пилоттық жоба ел экономикасына жаңа инвестицияларды тартуға ұйытқы болады.

«Жоба логистика саласын жақсартуға мүмкіндік береді және  қытай бизнес-қоғамдастығы үшін үлгі көрсетеді. Тұрақты жеткізілім нәтижесінде елімізге инвестициялар тартуға жол ашылады. Оған қоса, биылғы жылы Солтүстік Қазақстан облысында бастапқы қуаттылығы  жылына 40-100 мың тонна болатын, ал, кейіннен  100-150 мың тоннаға дейін жететін май дәндерін қайта өңдеу зауыты ашылады деп жоспарланып отыр», – дейді компания басшысы. Оның айтуынша, бұл өңірде майлы дақылдарды өсіру фермерлер үшін экономикалық тұрғыдан өте тиімді болмақ.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасының арқасында біз қытайлықтармен серіктес болдық. Енді біз дайын өнімді тікелей сата аламыз», – деп атап өтті  Д.Тұрапбеков.

Келісім-шарт сомасы 573 миллионнан астам теңгені құрайды.  Қысқа мерзім аралығында шамамен 20-40 контейнер жөнелтіліп, болашақта өнім түрлері көбейеді деп күтілуде. Қытай нарығы, әсіресе, Қазақстаннан келетін ұн өнімдеріне, сүт тауарлары мен етке қызығушылық танытып отыр. Мұның бір себебі, қазақстандық тауарлардың табиғи құнарлылығына, экологиялық тазалығына байланысты екені сөзсіз.

 Abai.kz

 

1 пікір