Жұма, 3 Мамыр 2024
Билік 4663 0 пікір 19 Қаңтар, 2016 сағат 12:36

ЖАҢА МӘЖІЛІС ҚАТАРЫНАН ЕЛГЕ ОРАЛҒАН ҚАНДАСТАРДЫ КӨРГІМ КЕЛЕДІ

2012 жылғы 15 қаңтарда сайланған ҚР Парламент Мәжілісінің партиялық тізім бойынша депутаттары мезгілінен бұрын қызметін тоқтатып, алтыншы шақырылымға мезгілінен бұрын сайлау өткізу мәселесін күн тәртібіне шығарды. Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Мәжіліс депутаттарының үндеу мәтінін жария еткен депутат Нұрлан Әбдіров, ҚР Президентіне Мәжілісті мерзімінен бұрын тарату және кезектен тыс сайлау тағайындау туралы Жарлығын қабылдау туралы бастама көтерді. Елбасы бұндай жарлыққа қол қойған жағдайда, Конституцияға сәйкес жарлық шыққаннан кейінгі екі ай ішінде Мәжіліс сайлауы өткізілуі керек.

Заң шығарушы биліктің елдің игілігіне жарайтын заңдар шығаруымен қоса елдің лауазымды тұлғаларын тағайындауда да өкілеттілігі бар. Бұл дағдарыс қысқан, «2050» сияқты стратегияға ұмтылған елдің қадамдарын айқындауда Парламенттің маңызы, депутаттардың қызметі, олардың жаңарып отыруы, әділ сайлаулардың өтуі қаншалықты керек екенін паш етсе керек. Заң шығаруда әділеттілік пен демократияны Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйеніп орнықтырғысы келетін Қазақстан Парламентінде Еуропадағыдай әділ сайлаудың болуы да аса қажетті. Сайлаудың әділеттілігін «болады»-ның сыбысы шығысымен-ақ қоғам талқылап кетті. Ал, халық сайлайтын депутаттарға ендігі кезекте кімдер лайық деген сұрақ төңірегінде ел арасында алуан пікір бар. Ол пікірлердің дені жас буынға мінберді беру керек дегенге саяды. Соңғы кездері заң шығарушы орган ғана емес, басқа да атқарушы билік өкілдерінің көп бөлігін зейнет жасынан асқандардың құрайтыны айтылып жүр. Елдің тізгінін жас буынға, Мәскеуді қағбасындай көрген коммунизмнің дертіне шалдықпаған, Социализм тарихын емес Алаш зиялыларының кітаптарын оқып өскен жастарға, «Болашақтықтарға» беретін кез келді. Әрі, шеттегі этникалық қазақтардан Атажұртқа оралып, ел ішінде белсенді қоғамдық қызмет істеп жүрген кісілердің де Мәжіліс креслоларында отыруы артық болмас.

Елбасы Ұлытаудағы сұхбатында да, мемлекеттік арналар тілшілерімен 2015 жылды қорытындылаған «бейресми» әңгімесінде де оралмандардың келуіне еш тосқауыл жоқ екенін, олардың келуіне мемлекеттің мүдделі екенін айтты. Ұлы көштің басталуының негізі мен дәлелі 1990 жылдың 25 қазанында бекітілген «Қазақ КСР-дың егемендігі туралы декларацияда шеттегі қазақтар Атамекенге оралуға толық құқылы» деген бап еді. Ол бап 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «ҚР-дың тәуелсіздігі туралы» заңда да бұлжымастай етіп қайтадан бекітілді. Содан бері, 2015 жылдың соңына дейін елге  1 миллионға таяу, нақтысы 260 325 отбасы, жан басы 955 894 этникалық қазақ көшіп келді. Осы оралған ағайындардың 61,6 пайызы Өзбекстаннан, 14,2 пайызы Қытай, 9,2 пайызы Моңғолия, 6,8 пайызы Түркіменстан, 4,6 пайызы Ресей Федерациясынан, 3,6 пайызы басқа елдерден келді. Олар сондай-ақ елге келгенде де ішкі демографияға айтарлықтай үлес қосып жатыр. Оралғандардың ішінде ғылым дәрежесі бойынша 74 доктор, 213 кандидат,  44 мыңға тарта жоғарғы және аяқталмаған жоғары білімді, 93,6 мың арнаулы орта білімді азаматтар бар.  Сырттан оралған ағайын елдің демографиясына қана емес, әлеуметтік экономикалық жағдайына да серпінді септігін тигізді. Мәжілістегі 107 депутаттан 9-ына арнайы Қазақстан Халық ассамблеясынан орын берілетіні белгілі. 18 миллионға таяу халық санымыздың 12 миллионы қазақтар болса, 3,5 миллион орыстар. Халық ассамблеясына қалған екі-екі жарым миллион халықтың мүддесін қорғайтын жеті бірдей депутат тағайындауына ерекше мүмкіндік беріп отырмыз(Орыс ағайындардың тілдік тұрғыдан мәртебесі болғандықтан бөлек жаздық). Демек, миллионнан астам оралмандар мәселесін де көтеретін бірнеше депутат керек.

Сондықтан да, халықтың мәселесін Үкіметке тіке қоятын қалаулылар арасында шеттен оралған қандастарымыздан да Мәжілісте бірнеше кісінің отыруы керек-ақ. Оралған ағайын арасынан депуттардың болуы:

  1. Елбасының көші-қон саясатын жандандыруға, ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға;
  2. Атажұртқа бет түзеген сырттағы қандастарымыздың көшін үдете түсуге, олардың заңға сай қоныстануы мен жергілікті жерге сіңісіп кетуіне, құжаттық мәселелерінің шешілуіне;
  3. Атажұртқа оралған қандастарымыздың балаларының мемлекетке қажетті мамандықтар тағайындайтын оқу орындарында білім алуына, «Серпін» сияқты бағдарламалардың игілігіне қол жеткізуіне;
  4. Шетелдегі қазақтарды ақпараттандыру мен олардың ұрпақтарының ана тілінде білім алуына мемлекеттік деңгейде жәрдем етуге, әрі олардың тұрмыс тіршілігі мен мәдени өмірінен дер кезінде ақпараттар алуға;
  5. Шетелдегі қазақтар арасынан әлемнің маңдай алды оқу орындарында оқып, шет елдерде жоғарғы ғылыми қызмет атқарып жүрген мамандарды елге қайтаруға(осындай мыңдаған мамандар бар), олардың Қазақстан ғылымына үлес қосар жұмыстар істеуіне;
  6. Шетел қазақтары арасында түрлі мәдени жиындар мен құрылтайларды жүйелі түрде өткізіп тұруға және одан жемісті нәтиже, жақсы қорытынды шығара білуге;
  7. Қазақстанның даму стратегияларының бір нысанасы болған Еліміздің демографиясының артуына үлкен көмегі тиеді.

Ал, шетелдегі көші қозғалмаған этникалық қазақтардың саны әлі де бес миллион шамасында. Тәуелсіздік туралы заңда мәртебесі көрсетілген шеттегі ағайынның елге оралуы қазақстандық «Мәңгілік ел» идеясы мен «Нұрлы жол» бастап баратын «Қазақстандық арманды» да нығайта түспек. Олай болса, шеттегі қазақтың жайын, олардың географиялық ерекшеліктерін  анағұрлым жақсы білетіні үшін, заң талабына сай елге оралған ағайын арасынан азаматтарға Мәжілістен орын бұйырса еш сөлекеттігі болмас.

Бұл туралы Конституцияда да оралмандар үшін құқықтық шектеулер жоқ. Конституцияның Парламент туралы бөлімінде, 51 - баптың, 4 – тармақшасында: «Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады. Жасы жиырма беске толған адам Мәжіліс депутаты бола алады.» деп жазылған. Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңы, 86-бабында, Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптар «Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін азамат Конституцияның   51-бабының 4-тармағында белгіленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және осы Конституциялық заңға сәйкес белсенді сайлау құқығына ие болуға тиіс» деп көрсетілген. Партиялық тізімдегі сайлау болатындықтан, сайлауға қатысатын депутаттарды саяси партиялардың бекітетіні аян. Шеттен оралған қандастарымыз арасында, ішкі саясат басқармаларында, аудан көлеміндегі мәслихаттарда қызмет істеп жүргендері жетерлік. Саяси партияларға мүше болып, қоғамдық қызмет атқарып жүргендері де аз емес. Сондықтан да, алдағы сайлауда партиялар өз кандидаттары арасына елге оралған қандастарымыздың да есімін қосады деп сенеміз.

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 824
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 667
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 525
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 537