Жұма, 3 Мамыр 2024
Мәйекті 4445 0 пікір 5 Ақпан, 2016 сағат 13:26

СЫБАЙЛАСТАР «СЫБАҒАҒА» ТҰНШЫҚТЫ

Қаңтар айының аяғында Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің басшылығының қабылдауына қаладағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктіктің бірінде  директор қызметін атқаратын түрік азаматы келеді де,  осы департаменттің экономикалық тергеу қызметінде істейтін екі қызметкердің өзінен ақша бопсалап жүргенін айтады. Бұндай дабылға тиісті шара қолдану керектігін түсінген департамент басшылығы мәселені дереу ішкі қауіпсіздік басқармасына тапсырады.

Түскен дабыл бойынша оперативті іздеу шаралары қолға алынып, субьектілерді сырттай аңду, тыңдау және бақылау жұмыстары жүргізіледі. Сәтті жүргізілген оперативті іздеу шараларының нәтижесінде ақша бопсалап жүрген қылмыстық топтың мүшелері кімдер және қанша адам екені анықталады. Атап айтсақ, 25 қаңтар күні қаладағы Рихард Зорге көшесіндегі №18 үйде орналасқан «OZALIP Sit» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысына азиат пішініндегі екі жігіт келеді де, өздерін Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің Арман және Қуаныш есімді қызметкерлері ретінде таныстырады. Сөз арасында осы серіктестіктің мемлекетке салық төлеуден 29 233 808 теңге қарызы бар екенін тілге тиек етеді де, аталмыш серіктестіктің жұмыс барысында  «Адал бизнес групп», «Экспо строй холдинг», «Гранд сервис», «Kapss», «Viv Siti», «Tex Stil Proffi», «Сам про Групп» сияқты серіктестіктермен өзара сауда-саттық қатынаста болғанын және олардың қазіргі уақытта сот шешімімен жалған кәсіпкер ретінде танылғанын ескертеді. Тіпті, заң жолымен қандай қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын, қанша жылға сотталатынын, мүлкі тәркіленетіні сияқты жағдайларды да назардан тыс қалдырмайды. Содан кейін: «Сен солармен сыбайлас болғансың. Бұл істі терең қазатын болсақ, жағдайың тым қиынға соғады. Егер мәмілеге келетін болсаң, біз сені қылмыстық жауапкершілікке тартпаймыз. Сондықтан да тезірек ойланып көр, уақыт тар» деп қорқытады ашық түрде. Әңгіменің ішінде сол серіктестіктің  бас бухгалтері де болады.

Шақырусыз келген «қонақтар» кеткен соң, серіктестіктің бас бухгалтері өзінің бастығына мәселені одан сайын ушықтырмай, қылмыстық іске жеткізбеу  үшін тексерушілерге 15 миллион теңге беру керектігі жөнінде ұсыныс жасайды. Сол кезде серіктестік басшысы тарапынан өзінің бас бухгалтерінің осы адамдармен сыбайластығы жөнінде сезік туады. Себебі, серіктестіктің бүкіл қаржылық құжаттары мен салықтық операцияларын бас бухгалтерден артық ешкім білмейтіні түсінікті. Содан кейін 26 қаңтар күні тексеруге келген жігіттердің Қуаныш есімдісі серіктестік бастығына телефон шалады да, уағдаласқан соманың мөлшері 15 миллионнан 6 миллионға түсірілгенін айтып, өте керемет «жеңілдік» жасалғанын ескертеді  және ол ақшаны өзінің бас бухгалтеріне беруді тапсырады. Ал енді оперативті іздеу шаралары нәтижесінде өзін жалған есіммен «Қуаныш» деп таныстырып, ақша бопсалап жүрген жігіт экономикалық тергеу қызметі емес, Әуезов аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Е. екені анықталады. Арада көп уақыт өтпей-ақ, бас бухгалтер өзінің бастығына телефон шалып, уәде етілген 6 миллион теңгенің дереу 3 миллионын қазір беру керектігін, ал қалғанын кейін беруге болатынын ескертеді.

2 ақпан күні сағат 15 мөлшерінде айтылған ақшаны алу үстінде серіктестіктің бас бухгалтері Ж. қолға түсті. Сонымен қатар ақша бопсалау әрекетіне қатысты сыбайласқан топтың басқа да мүшелері ұсталып, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталмыш іс бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекссінің 190 бабының («Алаяқтық») 4 тармағының 2 тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, алдын ала тергеу шаралары жүргізілуде.  Иә, қазақта «іштен шыққан жау жаман» деп бекер айтпаған ғой. Сөйтіп, қылмыстық әрекеттерге байланысты сыбайластық топ құрғандарға бопсалап жүрген «сыбаға» бұйырмады. Ал енді заң жүзінде қандай «сыбаға» алатындарын сот шешімі көрсетеді.

Бұндай оқиға Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлері тарапынан орын алып отырған бір  ғана факті емес. Осы орайда қазіргі уақытта департамент басшылығы тарапынан сыбайлас жемқорлық және басқа да құқық бұзушылық әрекеттерімен айналысуға бейім субьектілерге қарсы күрес шаралары күшейе түсті. Сондықтан да департаменттің кез-келген құрылымындағы ( салық, кеден және экономикалық тергеу қызметі) мемлекеттік қызметкерлер тарапынан орын алып жататын келеңсіз оқиғаларға көз жұма қарауға болмайды. Жоғарыда айтып өткен ақша бопсалау, жалған тексеру сияқты жағдайларға тап болған  азаматтар дер кезінде дабыл қағатын болса,  қылмыстық әрекеттерді де ізін  суытпай әшкерелеуге үлкен көмек болады. Яғни, бүгінгі қоғамдағы ауқымды пробламаға айналып отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бір адамдай  күрескенде ғана оңды нәтиже шығары сөзсіз.  Сондықтан да мемлекеттік кіріс департаменті қызметкерлері тарапынан заңсыз  әрекеттерге тап болған адамдар төмендегі телефондарға дабыл қағуларына болады: 272 40 34, 272 38 41, 272 40 77.

Бекен Нұрахметов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 715
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 530
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 444
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 459