Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Дей салдым-ау 5525 0 пікір 22 Қыркүйек, 2015 сағат 11:14

ШЕНЕУНІК ҚАЙТСЕ ЕСЕРЛІК ЖАСАМАЙДЫ?

Абай: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық – Аздырар адам баласын» деп еді...

...Астанадағы «Сарыар­қа» сауда орталығының кино­театрында тағы бір та­мағы тоқ, көйлегі көк бала – Премьер-Министр Кең­сесінің бас инспекто­ры Болат ТУРА­КЕЛДИЕВ-тің ұлы – Қуаныш Болатұлы Туракелдиев (суретте) 21 жастағы қазақтың жас қызының ішінен теуіп құла­тып, көргенсіздік жасады...

Егер осы қыздың орнында Қуаныш Туракелдиевтің туған анасы, әпке-қарын­дасы, жары немесе қызы болса, не қылар еді?!.

Меніңше, мәселені дәп осы­лай қабырғасынан қо­й­ып, қоғамдағы қар­ны тоқ надандардың ысты­ғын басып, ынсапқа кел­ті­ру керек. Басқаша айт­қан­да, мемлекеттің, яғни, ха­лық­тың байлығын қым­қы­ру­дан қарны тойып, іш­ек­тері майланып-ісін­ген­дердің жақындарының «іші­нен теуіп құлатқандай» дүм­пу-әрекет жасау керек. Әйт­песе, мұндай надандық ұлт­тық індетке аналып барады.

Алдымен, 2013 жыл­дың 11 қыркүйегінде «Қазин­вест­­банк»-тің Директорлар кеңесінің 35 жастағы мүшесі Дархан Маратұлы БОТАБАЕВ «Эйр Астана» әуе компаниясының Алматы қаласындағы кеңсесінде қатардағы қызметкері, қаз­ақтың қызын боқтап-бо­ралап; ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шығып; ақырында, бойжеткеннің бетінен жұды­ры­ғымен бірнеше мәрте қой­ып қалды...

Егер бет ауызынан соққы алған қыздың орнында Дархан Ботабаевтың туған анасы, әпке-қарындасы, жары немесе қызы болса, не қылар еді?!.

Не керек, жәбірленген қыз құқық қорғау құрылым­да­рынан әділдік таппай жүргенде, бықсыған түтіннің жалындаған отқай айналып кетуінен зәресі ұшқан Дархан Ботабаев бойжеткеннің ізін аңдып, гүл сыйлап... әзер дегенде әупірімдеп кешірімін алды...

Сосын, көп ұзамай-ақ, 2013 жылдың 1 желтоқ­санында келесі бір жоғарғы шенді шенеунік, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Құрылыс департаментінің басшысы Қажымұрат ҮСЕНОВ-тің 23 жасар баласы Мақсат Үсенов BMW X6 маркалы көлігімен жолаушылар жолына шығып кетіп, бірден 6 адамды қақты. Бір кісі сол жерде көз жұмып, қалғандары жарақат алды.

Мақсат Үсенов небәрі 45 күн қапаста жатып, 500 мың теңге айып төлеп, жүргізуші куәлігінен 2 жылға айырылды. Бірақ, тамағы тоқ Мақсат еш саспай, куәліксіз-ақ көлік айдап жүріп, тағы бір жол апатында әйелді жарақаттады...

Егер жарақат алған әйел Мақсат Үсеновтің туған анасы, әпке-қарындасы, жары немесе қызы; ал, көз жұмған жігіт туған әкесі, ағасы-інісі немесе баласы болса, не қылар еді?!.

...Арада 2 жыл да өтпей, тағы бір шенеуніктің ұлы Қуаныш Туракелдиев қазақ қоғамына билік пен байлық­тың күшін көрсеткісі келді...

Әрине, қоғамның «ысты­ғын» түсіру үшін «Болат Туракелдиев қызметтен кетуге арыз берді» (Бірақ, әлі кеткен жоқ. Қ.Ғ.), «Қуаныш Туракелдиев өз қылығына өкінеді», «Болат Туракелдиев ұлының қылығы үшін кешірім сұрайды», «Қуаныш Туракелдиевтің есі дұрыс емес секілді...» - деген сын­ды ертегілер айтыла бастады.

Бұл әрекеттердің мақса­ты біреу-ақ – Қуаныш Тура­кел­диевті түрмеден аман алып қалу. Біздіңше, Қуаныш Туракелдиевтің дені сап-сау. Тек, тәрбие мен тәртіп жетіспейді. Ең қиыны - бұл жігітті бос­тан өмір «тәрбиелей» ал­майды. Қыздың ішінен тебу - моралдық шекара­ны айыра алмау. Мұндай­лар қоғамға аса қауіпті: ертең сіз бен біздің жақын­да­ры­мыз­дың ішінен Қуаныш Туракелдиевтің теппеуіне кім кепіл?!.

Әнеки, Қуаныш Туракел­диевті ақтау науқаны бас­талып та кетті: біреудің мәпелеп өсірген қызының ішінен аямай тепкен қаты­гез­ді кепіл ақша беріп, бос­тандыққа шығарып алды...

Ал, Президенттің жанын­дағы Мемлекеттік Басқару академиясы шұғыл түрде «Шенеуніктер мен олардың отбасыларының қоғамда өзін-өзі ұстауы туралы Ереженің» жобасын әзірлеуге кірісіп кетті...

Билік пен байлықтың шек­­тен шығуы – есепсіз дү­­ние мен қисапсыз қар­жы­ның буы, басқаша айт­қанда, қазақ қоғамында сы­­байлас жемқорлықтың асқынуының айқын көрінісі. Сыбайлас (сыбайлас емес те) жемқорлықпен күрес - әрбір шенеуніктің әр тиынына есеп беруден басталғанда ғана біз өркениетті ел боламыз. Жемқорлықты ауыз­дықтаудың басқа бірде-бір нұсқасы жемісін бермейді.

Жалпы, мен ойлаймын: қоғамның көңіл-күйі мен адамдардың өз ар-намыстарын қорғау деңгейі қаншалықты дәрежеде болса, биліктегілер мен байлардың мінез-құлқы мен пейіл-құлқыны дәп соншалықты дәрежеде болады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.

Тілге тиек етілген билік пен байлық иелерінің бассыздығы – мыңнан бір ғана мысал. Мұның өзі өркениеттің арқасы – видеокамераға түсіп, қолға түсіп қалғандар...

Ал, күн сайын шалғайда­ғы аудан мен алыстағы ауылда шенеуніктер пен бай-бағландардың тарапынан қаншама әділетсіздіктер орын алып жатыр десеңші! Мұндай мониторинг жасап жатқан ешкім жоқ. Момын қазақ «құдай табар» деп жүре береді...

Шынында, билігі мен күйлілігі тасынғандар қазақты алдағанымен, құдайды алдай алмайды. Шеттерінен қармаққа түскен сазандай қайраңға шығап қалып жатыр...

Ең әділі, әрине, Бір Алла Тағала!

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Abai.kz

0 пікір