Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Билік 4408 0 пікір 4 Тамыз, 2015 сағат 10:22

ДСҰ: 19 ЖЫЛҒЫ КЕЛІССӨЗДЕН НЕ ҰТТЫҚ?

 

Қазақстан Республикасы 1996 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуға өтініш бергені мәлім. Әрине, тәуелсіздік алғанына бес жыл толар-толмас уақытта, Ата Заңының өзі енді ғана қабылданған, экономикалық қауқары зейнетақы мен жалақыны төлеуге әрең жетіп отырған Қазақстанның бұл ұйымға бірден мүше болмасы анық та еді. Дегенмен, әлем  елдері саяси-экономикалық шекараларды енді шегіндірмейтінін,  басты саяси ұстаным ретінде ынтымақтастыққа беттейтінін түсінген Қазақ елі сол кезде дамушы елдердің, болашақта, дамыған елдердің көшінен қалмайын деп осы тәуекелге бекінді.    

Аз ба, көп пе, арада 19 жыл өткен соң Дүниежүзілік сауда ұйымы Қазақстанды осы ұйымның бақылаушы елі ретіндегі статусынан ұйымға мүше елдің мәртебесіне шығару туралы шешім қабылдады. Жуырда Женевада Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелігі туралы қорытынды құжаттарға қол қойған соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та еліміздің 19 жылғы табанды еңбегін баса айтып, халқына арнайы үндеу жолдады.

«Еліміз аса маңызды тағы бір тарихи оқиға қарсаңында тұр. Біз ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерді табысты аяқтадық. ДСҰ-ға мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды. Кәсіпорындарымыздың шет ел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады. Бүгінде сауда-саттығымыздың 90 пайызы ДСҰ-ға мүше елдерге тиесілі. Қазақстан шетелдік инвесторлар мен  серіктестер үшін бұрынғыдан да тартымды ел бола түседі. Біз бұл нәтижеге жету үшін 19 жыл табанды түрде жұмыс жүргіздік. Оңай болған жоқ. Бұл ретте ұлттық мүдделерімізді де қорғай білдік»,-деді сол үндеуінде Президент.

Расымен, Елбасы атап өткендей, 19 жыл бұрынғы Қазақстан мен қазіргі Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, саяси ұстанымдарындағы айырмашылық жер мен көктей. Ендеше, ДСҰ-ға мүше болуға өтініш берген кездегі ел алдында тұрған елеулі тәуекелдер мен  бүгінгі  Қазақстан ДСҰ-ға қандай артықшылықтармен қосылып отырғанына аз-кем шолу жасап өтейік.

Сонымен, Дүниежүзілік сауда ұйымы - 1995 жылдың қаңтарынан бастап жұмысқа кіріскен халықаралық экономикалық ұйым. Ал, сол 1991-1995 жылдардағы Қазақстан экономикасы көңіл көншітетін нарық емес еді. Елімізде экономикалық құлдырау қатты байқалды. Халықаралық келісімшарттар, шетелдік инвестициялар, банктердегі несиені былай қойғанда, дүкен сөрелерінде саудаға қоятын дүние де тапшы еді. Былайша айтқанда, Қазақстанның экономикасында өте жоғары инфляция байқалды, бюджет жүйесіндегі кіріс пен шығыс тепе-тең болмады, тіпті, біраз уақыт ел өңірлері апталап, айлап жарықсыз отырды. Бұл қиын кезеңнен өту үшін Қазақстан жаңа әрі өте ұқыпты ақша-несие саясатын әзірлеп, өзінің ұлттық валютасын енгізуге мүдделі болды. 1993 жылы төл теңгемізді айналымға енгізген соң Қазақстан инфляция деңгейін азайтып, экономикалық құлдырауды тоқтату туралы мақсат қойды. Небары екі жыл ішінде Қазақстан 1993 жылғы инфляцияның 2265 пайыздық көрсеткішін 1995 жылы 60 пайыздық көрсеткішке жеткізді. Ал, 1996 жылдың соңында елдегі инфляция деңгейі 28 пайызды құраған.

Қазақстан ДСҰ-ға мүше болуға өтініш білдірген 1996 жылдары бұл ұйым сол кездегі Қазақстанның сипатына келетін, яғни, халқының саны аз, ішкі нарығы өте тар, әлеуметтік-экономикалық деңгейі төмен елдерді мүше елдер қатарына қабылдады. Мысалы, 1996 жылы ДСҰ-ға мүшелікке қабылданған Болгария халқының 60 пайызы 1995 жылы кедейліктің ең төменгі шегінен де нашар жағдайда өмір сүрген. Ал, 1998 жылы ДСҰ-ға қосылған Қырғыз Республикасында кедейлік деңгейі 60 пайызға жеткен. Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу бұл елдер үшін тәуекелсіз болды деп айту қиын. 1996 жылдан бастап ұйымға қосылған елдердің көбіне ауыл шаруашылығы бойынша экспортты субсидия берілмеді де. Бірақ Қазақстан үшін халықаралық экономикалық ұйымның талабы әлсіз болды деп айтуға келмейді. Керісінше,  экономикасы тұрақтанған әрі дамуға бет алған шағында, әлем елдерінің алдында инвестициялық тартымды ел болып отырған кезінде Қазақстанға қойылатын талап та қатты, алыс-жақын елдердің назары да көп болды.

«Осы он тоғыз жыл ішінде Қазақстанның экономикасы өзгерістерге бет алды: ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көлемі 18 есе артты, сыртқы саудамыз 120 млрд.  долларды құрайды. Егер  де 1990-шы жылдары біз бұрынғы кеңестің елдермен ғана сауда жасассақ, бүгін әлемнің 185 (!) елімен сауда қарым-қатынасын орнаттық»,-деді Н.Назарбаев Қазақстанның ДСҰ-ға қосылу туралы келіссөздер оңтайлы аяқталғаннан кейінгі жиын барысында.  Сондықтан, бұл 19 жыл уақыт ұтылып кетті деуге болмайды, керісінше осы 19 жыл ішінде Қазақстанның экономикасы да, саясаты да, қоғамы да көп дүниеден ұта түсті. 

Ең бастысы, Қазақстан ірі экономикалық ұйымға мүше бола отырып, елдік мүддені барынша сақтап қалуға тырысты. Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжанованың айтуынша, соңғы бес жылда ДСҰ мен Қазақстан арасындағы келіссөздер негізгі төрт бағытта жүріп отырған. Атап айтсақ, Қазақстан ауыл шаруашылығына қолдау көрсету, басқа жүйелі мәселелер, қызметтер мен тауарлардың нарығына қатысты Қазақстан үшін тиімді шарттарды «ұстап» қалуға тырысқан. Нәтижесі жаман емес. Бір ғана мысал келтірсек. «Соңғы бес жылдағы келіссөздердің арқасында Қазақстан  ауыл шаруашылығы саласына ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы құнының 8,5 пайызы көлемінде мемлекеттік қолдау көрсете алатындай мүддесін сақтап қалды. Ал, бұл  көрсеткіш ДСҰ-ға мүше елдер үшін бір стандартта, яғни, 5 пайыздық деңгейде сақталған»,-дейді Ж.Айтжанова. Ендігі мақсат, Елбасы айтқандай, ДСҰ нормалары бойынша жұмыс істеу. «ДСҰ-ға қосылу ықпалдастықтың талаптарына сай, Қазақстанның қаржы секторына қосымша мүмкіндіктер ашады. Бұл ретте айта кететін жайт, экономикалық ықпалдастық саты-сатысымен жүзеге асып отырады.  Қазақстан - өңірлік интеграцияның локомотиві. Біз алдағы уақытта да ашық қарым-қатынастарды ұстана отырып, елдің экономикалық саясатын ДСҰ нормаларына сай жүргізетін боламыз. ДСҰ беретін артықшылықтарды пайдалана алатынымызды дәлелдеу керек. Бұл Қазақстанның қолынан келеді»,-деді Мемлекет басшысы халқына кезекті мәрте сенім білдіре отырып. 

Күнімжан Жанат

ҚазАқпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1752
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1723
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1447
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1368