Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Мәйекті 8066 0 пікір 7 Тамыз, 2014 сағат 14:22

АБАЙДЫҢ АТЫН АСҚАҚТАТҚАН АЛҒАШҚЫЛАР

Жалдық сипаттағы жұлдызды шаһардың тұңғыш қазақ мектебі еліміздің тәуелсіздігімен тұстас. Яғни қаладағы қазақстандық азаматтардың ұл-қыздарына ана тілімізде дәріс беріп, өрендердің бұла бойына ұлттық құндылықтарды сіңіретін бұл білім ордасының қалыптасқанына биыл жиырма жыл.

   Тарихи деректерді сараласақ ел егемендін алар тұста құпиясы көп құлыптаулы қалаға бауыр басқан қарулы күштердің құрамы кеңестік жүйенің ыдырайтындығын болжағандай өз отандарына  кері қайта бастаған-ды. Олар тастап кеткен көп қабатты тұрғын үйлердің пәтерлеріне жан-жақтан көшіп келген қандастарымыз көптеп қоныстанып, әскери бөлімшелер мен іргелі ұжымдардағы бос жұмыс орындарына үдере орналасты. Бұрын сегіз пайыздан аспайтын жергілікті ұлт өкілдерінің саны аз уақыт аралығында 28 мыңға жуықтаған. Нәтижесінде орысша оқитын шәкірттердің қатары күрт кеміп, ана тілінде білім алғысы келетіндердің тізімі еселей толыққан. Сол себепті атқарушы билік азайған оқушыларды ықшамдау арқылы қалған білім ордасына бөлген кезде түгелдей босаған бір мектепті тұрғындар талабына сай тұңғыш қазақ мектебі ретінде қайта құрылымдау қажеттілігін ұйғарады.

  Таңдау екі аусымда бір мың оқушыны қабылдауға мүмкіндігі бар және материалдық базасы жақсы әрі спорт залдары мен басқа да пән кабинеттері қажетті құрылғылармен жабдықталған үш қабатты ғимаратқа түсіпті. Қаланың орталығындағы бұл еңселі нысан 1968 жылы пайдалануға берілген екен. ВЛКСМ-нің 50-жылдығы атындағы №211 бұл білім ордасы алғашында сегіз жылдық білім бергенімен кейіннен орта мектепке айналған-ды. Жылнамаға жүгінсек сол сындарлы сәтте бұл мектептің бағына бес саны бұйырып, ресми құжаттардың толтырылуында бір таңбалы цифр негіз болған. Қазақстандық қала әкімшілігіне қарасты білім беру басқармасының бұйрығына сәйкес барлық білім ордаларының ескі атауына қоса реттік саны да өзгеріске ұшыраған-ды. Бұл бағытта басшылар ағарту саласындағы ғимараттар құрылысының салыну кезегіне басымдық бергенін білдік. Демек қазіргі қара шаңырақ жұлдызды шаһарда бой созған көп қабатты мектептердің бесіншісі.

    Осы орайда республика аумағында құрылған халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы қызметін атқарған марқұм Мақшат ақсақал Үйрековтің белсенді еңбегі мен басқа да ұлтжанды азаматтардың  жанашырлығын айрықша атап айтқан абзал.                - Биылғы жаңа оқу жылында балабақшалар жанынан қазақ тіліндегі топтар ұйымдастыруды аяқтау жоспарланды және қазақша бір мектеп ашуды қолға аламыз, - дейді кеңестік кезеңдегі қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Тәрбие Сарабекова осы қоғамдық ұйымның жергілікті басылымы “Ақжол” газетінің 1990 жылғы шілде айында жарық көрген алғашқы санындағы ”Тіл-халықтың тағдыры” мақаласында оқырмандарға арнау сөзінде.

Келесі жаңа оқу жылының қарсаңында қалалық халық депутаттары кеңесі бұл бағытта нақты әрі арнайы шешім қабылдап, қыркүйек айының 1-і күні барлық сыныптың оқушылары мен жаңадан жасақталған ұстаздар қауымы үшін алғашқы қоңырау соғылды. Алғаш қазақ мектебінің директоры болып Қазақ мемлекеттік университетініің түлегі, жас маман – Пазылбек Төлемісов тағайындалды. Оның алғаш ашылған ұлттық білім ордасының қанатын қатайтып, педагогтардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына қосқан үлкен үлесін қара шаңырақтың мұғалімдері әрдайым орынды мақтан тұтады.    - Бәрін жаңадан бастауды аса қажет ететін әрбір істің қиын да күрделі болатындығы баршаға белгілі, - дейді бұл күндері Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылындағы №99 білім ордасындағы ұстаздарға жетекшілік жасап жүрген ол бізбен әңгімесінде. – Тәуелсіздікпен тұстас табалдырықты аттаған оқушыларға еліміздің ұлттық негіздегі бағдарламасына сай білім беріп, тағылымды тәрбие дарыту үшін ұстаздар ұдайы ізденіп, жоқтан бар жасағаны да әлі есте. Себебі оқулықтар тапшы, көркем әдебиеттер де аз еді. Көршілес аудандардағы әріптестермен тәжірибе алмасып,    тұрақты байланыстар орнаттық. Дәуір алмасқан шақта партаға отырған жастарға қоғамның құбылнамасы жайында толыққанды түсіндіріп, ақталған алаш арыстарының мұраларын жадына сіңіру үшін еңбек сіңірген майталман мамандардың алғашқы легі қазіргі кезде құрметті еңбек демалысында жүр.       

1993 жылы № 5 мектепке Абай Құнанбаевтың есімі беріліп, жұлдызды шаһардың жылнамасына алтын әріптермен жазылғаны тарихи оқиға еді. Тоқтар Әубәкіровтің ғаламшараралық кеңістікке сапары алдындағы жұртшылықпен жүздесуіне осы мектептің озат оқушылары мен ұлағатты ұстаздары да қатысу құрметін иеленсе, арада он жыл өткен соң тұңғыш ғарышкеріміз, халықтың қайсар қаһарманы мектепке арнайы ат басын бұрғаны да басқаларға бұйыра бермейтін баянды бір бақыт.

  

ЮНЕСКО шешіміне сәйкес халықаралық қауымдастықтың шеңберінде өткізілген Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойы сәтінде кең де жарық кабиенеттің бірі ақынның мұражай ретінде жабдықталып, келуші қонақтарға есігін ашты. Бітіруші түлектердің бастамасымен үйлестірілген ұлағатты іс аймақтық деңгейдегі ғылыми-теориялық конференцияға ұласып, бүгінде жарасымды жалғасын тапқан. Жыл сайынғы ақынның туған күнінде басқа мектептің оқушылары мен ұстаздары және зиялы қауым өкілдері бас қосатын орын ретінде тұрғындарға танымал. Себебі қастерлі де киелі кабинетте мол мұрағат пен құнды жәдігерлер жинақталған. Мектеп ұжымы қаланың ортасында тұрған Абайдың ескерткішіне тағзым жасап, жырларын оқуды тұрақты дәстүрге айналдырды. Ұлт ұстазын ұлақтаудың үлгілі үрдісін басқа да мектептер мен отандық мекеме және кәсіпорын басшылары мен қоғамдық ұйымдар қуана қолдағандықтан қазіргі кезде қалалық дәрежеге көтерілгені кім-кімді де қанаттандырары хақ.                                                                                                       Қалалық білім басқармасының құзырындағы білім ордасы жергілікті атқарушы биліктің қаржылындырылуы арқылы материалдық базасын бұрынғыдан да барынша нығайып, оқу кабинеттерін бағдарлама талабына сай қамтамасыз еткенін көрдік.               Ұйымшыл ұжымда халық ағарту ісінің озық қызметкерлері мен еліміздің білім беру ісінің үздіктері, жоғары және бірінші санаттағы ұстаздарды қоса есептегенде жүзге жуық оқытушы еңбек етуде. Салиха Сағыбаева, Бақытжан Бақбергенов, Ранай Жанахметова, Адина Садықова, Фатима Нұрмұратова, Алмагүл Намазова сынды ардагер аға буын өкілдерінің өнегелі өмірі жас мамандарға үлгі.

Үрімхан апай Тәжібаева – осы құрметтілер құрамының қадірмендісі. Оның төл тарихымызды  зерделеудегі ширек ғасыр бойғы елеулі еңбегін үзеңгілестері мен ізбасарлары биік белестерді бағындырып, абыройлы алғысқа бөлене білгендігімен мәртебелі мақтан тұтады.      

   - Байырғы баһадүр бабаларымыз бен алты алаштың арыстары және зар замандағы зиялылар азаттықты асыға армандап, жұртын жақсылықтарға жетеледі, - дейді ол. –Бостандыққа бұлқынулар барысына қаншама қырандарымыз құрбандыққа қиылып, қанатынан қайырылды. Желтоқсанда жазаланған жайсаңдар және жетерлік. Тәуелсіздігіміздің табалдырығындағы тағдырлы талмау тұста тығырықтарға тіреген келеңсіз құбылыстарды көргенбіз. Көшбасшымыздың қайраткерлік қабілеті халықты қиындықтардан құтқарып, баянды болашаққа бастады. Әлемге әйгілі айлақтың тағдыры толықсып, талан-таражға түскенде қаладағы қандастарымыздың күдігі көбейген. Бұл – 1992 жыл болатын. Алайда ғарышнама ғылымының ғажайып кереметін ресейліктермен бірге пайдаланудың тәртібі туралы ортақ келісім жасалған соң азаматтардың алаңдаушылығы азайып, тұрғындардың тіршілігі түзелді.        

2005 жылы барша байқоңырлық бауырлар ғарыштық кешен қалыптасуының жарты ғасырлық мерей тойын мемлекетаралық деңгейде ұйымдастыра білді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путин қатысқан салтанатты шара барысында еліміздің өркендеуіне үлес қосқаны үшін марапатталған бір топ ел азаматтардың арасында “Ерен еңбегі үшін” медалін Елбасының өзі кеудеме қадағаны ұрпағыма ұлықтайтын ұлағат.

Әділбек Жандосов – физика формулаларын қазақша сөйлеткен мықты маман. Кеңішкүл Тілеуқабылова – оқушылардың қазақ және орыс тілдерімен қатар ағылшыншаны жетік білуі бағытында еліміздің үштұғырлы ұстанымын ізденіспен ілгерілетуде. Зада Жақауова – оқушылардың сан алуан саз аспаптарында әсерлі әнді әуелетіп, күйдің құдіретін сезінуі жолында сазгерлікті үйреткен ұлағатты ұстаз. Сара Әбдібаева – қиын химияны оңайлатылған әдістермен оқытудың озаты.

Аманжол Ахметуллаев технология пәнінің мұғалімі. Ол зымыран сұлбасын жасап ұшырудың әуесқойлығынан кәсіби шеберлікее көтерілгендігімен дарабоз. Себебі оның    жетекшілігіндегі шағын топ халықаралық ракета-моделдеу сайыстарында әлденеше дүркін бас жүлдені олжалап, әлемдік деңгейдегі чемпионаттарда тәуелсіз жұртымыздың көк туын желбірете білді.     

Жеткерген Әбдіреев биология пәнінің оқытушысы һәм қолынан қаламын түсірмеген тума талант. “Ара“ республикалық журналына шымшыма әзілдері мен сатиралық шуақтарын жиі жариялап, белсенді авторларының біріне бағалағаны бар. Тәуелсіздік тұсында тың туындыларымен танылды. “Дидарласу“ жыр жинағы иесінің өршіл өлеңдері бірнеше ұжымдық кітап пен мектеп оқулығының хрестоматиясына да енгізілген.

- “Қазақ тілі” халықаралық қоғамы республикамызда сексенінші жылдардың соңында жасақталып, облыс пен аудан және қала бойынша бөлімшелері жедел ұйымдастырыла бастағаны белгілі, - дейді аудандық маслихаттың депутаттығы міндетін адал атқарған ақын ағамыз. – 1990 жылдың ақпан айында байқоңырлық белсенділердің бастамысымен жергілікті ұйым тіркеліп, құрылтай конференция өткізілді. Владимир Савченко қаладағы партия комиететінің бірінші хатшысы еді. Басқосуға арнайы келіп қатысқан ол тілді ұлттар арасындағы достықтың жаршысына балап, кеңқолтық халқымыздың қадірлі қасиеттерін қастерлейтіндігін көрсетті. Тәрбие апамыз Сарабекова лауазымдық қызметтегі екінші тұлға ретінде билік басшысының қолдауын құптап, жаңа оқу жылында балабақшалар жанынан қазақша топтар мен ана тіліміздегі білім ордасын ашу қажеттілігін алға тартты. “Ақжол” аймақтық алғашқы газет арқылы бұл баяндамалар ойлы оқырмандарға толықтай таратылды. Шакизада Әбдікәрімов жергілікті теле студияның аға редакторы және бірегей басылымның шығарушысы еді. Қалалық ұйымның жарғысы мен мұраты бекітілген жиында ол бірлестік басқармасының төрағалығына сайланып, тұңғыш қазақ мектебі мен бүлдіршіндер тобының жасақталуына жанын жалдады. Мақшат ақсақал Үйреков қоғамдық ұйымның келесі жетекшісі ретінде зор белсенділік танытумен тұрғандарға танылды. Тәуелсіздікпен төл құрдас алтын ұя шәкірттеріне соңғы он жылдан бері ұлттық бағытта дәріс дарытып, зейнеттік жасқа жеткен мен үшін поэзия падишахының асқақ аруағын аспандату адал абырой.

Іргелі істі ілкімді ілгерілету қала басшылығы мен мектеп директорына оңай болмағанын білдік. Себебі бұрын соңды еш қазақша білім ордасы болмаған әскери тәртіптегі шағын шаһар жұртшылығы арасынан ана тілінде сабақ жүргізетін мұғалімдер табу шөптің арасынан ине іздегенмен тең-тұғын. Сондықтан қажетті мамандар іргедегі Төретам кенті мен Ақай ауылы және көршілес аудандардан арнайы шақырылды.

Айгүл Абдуллаева – қазалылық. Бастауыш сыныптың мұғалімі мамандығын облыс орталығындағы педагогикалық институтта тәмамдаған. 

- Жергілікті білім басқармасы ұйымдастырған қазақ және орыс тілі мұғалімдері арасындағы қалалық дәрежедегі алғашқы ашық сабаққа қатысу үшін әріптестерім мен ұжым басшылығы маған дара сенім артқаны әлі есте, - дейді жоғарғы санатты тәжірибелі тәлімгер. – Сан түрлі сайысқа түсушілердің арасында орыс мектептерінің майталман мамандары көп еді. Үкілеген үміткерлерінің атағы дүр. Әділқазылар алқасының мүшелері де мүдделестерінен құралған. Білім мен біліктілік байқауында бағымның басым боларын бағамдамадым. Бірақ намысты қамшылап, арымды биік ұстағаным рас. Қорытынды кезеңдегі салтанатты сәтте бас жүлдені иеленіп, арнайы белгімен марапатталдым. Абай атамыздың атағын абыроймен қорғаумен қоса оларды мықтылығыммен мойындатқаным үшін жылап жіберіппін. Кейін де талай семинарларда тәжірибе алмасып, ой бөлістік. Бір байқағаным қазақша білім беру үдерісі, жаңа технологияларды қолдану және ұстаздардың ізденісі орыс мектептерінен асып түспесе кем емес. Сондықтан ата-аналар арасындағы әр алуан алып-қашпа әңгімелер ақиқаттан алшақ.                                                                            Абай Құнанбаев есімін еншілеген тұңғыш мектеп бүгінгі биік белесінде ұлағатты ұстаздар мен майталман мамандардың шарболаттай шыңдалып шығатын шеберханасындай шұғылалы шуағын шашады. Себебі тәуелсіздік жылдарындағы байқоңырлық қара домалақтардың демографиялық дүмпуі қазақ тілінде білім беру мақсатымен қосымша ашылған басқа да үш орта және екі бастауыш мектептің сыйымдылығына сәйкес келмейтіндіктен ел бюджетінің қаржысына 1200 орындық заманауи оқу ғимараты мен 280 бөбекке арналған тәрбие орталығы салынып, пайдалануға берілді. Олардың басшылық буыны мен мұғалімдері де ақын атындағы ұйымшыл ұжымның сындарлы сәттегі бір-бір уығына айналғаны айдан анық. Тіпті ресейлік қала әкімшілігіне қарасты жергілікті білім басқармасындағы белгілі мамандар да алғашқылардың арасынан таңдалыпты.

-  Қорғаныс құрылымдарының уысынан әкімшіліктің басқару билігіне ауыса бастаған қиранды қалада бой бекіткен қазақ мектебінің педагогикалық әлеуетін күшейтіп, өскелең өрендерге сапалы білім берумен бірге саналы тәртіпке баулу бірнеше еселенген батпан еді, - дейді қалалық білім басқармасы бастығының орынбасары Жолмырза Құлмағанбетов.

- Бірақ бірлігіміз бұзылмады. Сол ауырлықтардың жауапкершілік жүгін қайыспай көтеріп, ұлтымыздың ұландарын қоғам қозғаушы күші қатарына қосқандардың қажырлы қызметі жұртшылық жадында. Саңлақ спортшылар сапындағы түлектеріміз байрақты бәсекелерде көк туымызды көтерсе, өнерлі өрендер  ән-жырымызды әлемге әйгіледі. “Дарын” республикалық ғылыми тәжірибе орталығы байқоңырлық ұстаздарға арнаған қызметін он жылға жуық уақыттан бері адамзаттың ардағына айналған айбарлы ақын атындағы шуақты шаңырақта ұтымды үйлестіруде. Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығында мектептің ауласына ғұлама хакімнің қола бюсті орнатуылуына қолдау мен көмек көрсеткен білікті басшылар мен жанашыр жандарға алғыс айтамыз.    

Байқоңырдағы білімнің бағаналы бәйтерегіне баланатын білім ордасының материалдық базасы уақыт ұзаған сайын барынша нығайып, оқу кабинеттері бағдарлама талабына сай қамтамасыз етілуде. Кітапхана қоры мол. Спорт залға жаттығулар жасайтын жаңа жабдықтар орнатылған. Компьютер сыныптары жасақталып, жаһандық желі жүйесіне жалғаныпты. Нәтижесінде қашықтан оқытудың көкжиегі кеңейіп келеді. Оқушылардың ізденгіштігін арттыру аясында  интеллектуалдық білім марафондары жиі өткізіледі. Үзіліссіз жұмыс жүргізетін асханадан төменгі сыныптың оқушылары тегін тамақтануда. Алғаш ашылған кездегі кедергілерге қарсы келіп, қайыспай көтерген тұңғыш директор Пазылбек Наурызәліұлы жеті жылда ерен еңбек сіңірсе, қазіргі басшы Аманжан Әменұлы тағайындалғалы бергі он бес жылдан астам мерзімдегі жемісті жетістіктер биік белестерді бағындыруға қапысыз қосылған үлкен үлес. Ол ағылшын және француз тілдерінің пән мұғалімі ретінде де әріптестерінің арасында биік беделді. Тәуелсіздік табыстарын тұмарындай тағынған ұлық ұжымның талай түлегі байрақты бәсекелерде спорт саңлағы танылса, өнерлі өрендері ұлттық әуендерімізді әлемге әйгіледі. Дархан Сержанов – самбодан талай мәрте халықаралық бәсекелердің үздігі атанып, әлемдік деңгейдегі жоғары жетістіктерді жеңіп алған. Төренияз Төлепов – қазақша күрестен дүние жүзілік жарыстардың жүлдегері. Ержан Құлымбетов -  бүкілресейлік саз байқауының бас бәйгесін олжалап, тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінен жиналған барша майдангерлерге ән айту құрметін иеленді.   

Мәртебелі марапаттаулар мен жарқыраған кубоктарға қоса сыңғырлаған медальдар мектепке кіре берістегі көрмеге қаз қатар қойылған. Келуші қонақтар мен арнайы делегация мүшелері жанарды жаулайтын жаһұттарды таңдана тамашалаудан жалықпайтындығы жан жадыратады.

Жазғы еңбек демалысы мен тұрмыстық тіршіліктерден босаған уақыттарын тиімді пайдалана білген ұстаздар мен оқушылар ұлт ұстазының туған күні қарсаңындағы жыл сайын қалалық деңгейде ұйымдастырылатын шығармашылық және мәдени шараларға ерекше ықыласпен, қызу дайындықты күшейткені хабарланды.

Абайдың атын алғаш асқақтатушылардың атап айтуынша келесі жылы абыз атаның 170 жылдық мерейтойын лайықты табыстармен қарсы алу үшін сан саланың бағыттары бойынша жауапты жұмыстар мен білім біліктер мәртебелі мақсатта ұтырлы үйлестіріліп, жаңаша жоспардың жобасы жасалуда.  

                    

Нұрлан МЕРАЛЫ, журналист.

Астана қаласы.

06. 08. 2014 жыл

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 377
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 198
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 211
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 207