Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 6544 0 пікір 7 Тамыз, 2014 сағат 15:52

ЖЕРІГЕН БАУЫР, ЖЕР ҚАПТЫРҒАН ЗАҢ ...

Әдетте Редакцияға түрлі тағдыр иелері хабарласып жатады, әр қилы мәселелермен қоңырау шалады, хат жазады. Бұл жолы суреттегі көлдей қағаз құшақтаған кейуана редакцияға өзі келіп таусыла сөйледі, мұңын шақты, арызын айтты. Мәселе жер дауы, табанынан таусылған ана, қиянаттан қорланған кейіпкер. Қап толы қағаз арқалап, құзырлы орындардың қақпасына телміргелі біраз жыл болған.

 

Сұлтанқұлова Гүлнәр Мақатай(Мәкетай)қызының айтуы бойынша отбасының  Еңбекші қазақ  ауданына қарасты Рахат ауылында 20 гектар жер телімі болған.

2002 жылы Гүлнәрдің әкесі, жердің заңды иесі Сұлтанқұлов Мақатай Маякұлы қайтыс болады да, балаларына жерді мұраға қалдыру туралы өсиет қалмай қалады. Өзінің айтуынша Гүлнәр Мақатай қызы әкесінің қайтыс болуына байланысты құзырлы орындарға жүгініп, жерді өзінің атына заңдастырады. Алайда алаяқтық бабы бойынша бір рет істі болып, түзету мекемесінде болып келген Әпкесі Нұржахан(Нұршахан)Сұлтанқұлова 2009 жылы жалған құжат жасатып алады. Онда әке аруағын аттап, 2002 жылы қайтыс болған әкелерін 2004 жылы қайтыс болды деген жалған анықтаманы пайдаланып, өздеріне сенім хат алады және Гүлнәрдің атынан жалған қол қойылған сенімхатты пайдаланады. Талапкер Гүлнәр өз атынан қойылған жалған қолды сот сараптамасы арқылы дәлелдеген. (Редакцияда құжаттың көшірмелері сақтаулы)

Жер Ақбұлақ гольф клубы маңында орналасқан. Жалған құжат арқылы иемденген әпкесі жерді 1 миллион 700 мың долларға сатқан. Талапкерге "200 мың доллар ал да, тыныш отыр"- деген. Бірақ оған  кейіпкеріміз келіспепті. Жерге әзірге ешқандай құрылыс салынға қоймаған. Гүлнәрдің айтуына сай жерге әкеден қалған тоғыз бала(8 қыз, бір ұл) бірдей мұрагерлік етуі тиіс. Алайда Нұршахан Мақатайқызы қалған туыстарына аз көлемде ғана ақша ұстатып қалған ақшаны түгел өз қалтасына салып алған. Гүлнәр Мақатайқызы 2008 жылы сот арқылы жерді өзіне тиесілі екенін дәлелдеген. Оған төмендегі сот шешімі дәлел. Алайда айыпталушы Нұршахан бұл шешімнен ешқандай да зардап шеге қоймаған. Гүлнәр одан ері де талай орынның есігін қағып келеді, алайда оның арыз-арманын тыңдар құлақ жоқ. Ісін қарауды созған құзырлы орындар биыл шағымданушының ісін "уақыты өтіп кеткен" деп қарамай қойыпты. Тіпті кейбір шенділер "сен бәрібір ол жердің өзіңдікі екенін дәлелдей алмайсың, бос траштанба"- деп, столын түйіп "ақыл" да айтыпты.

Гүлнәр Мақатайқызы өзінің табанынан тозып, осыншалық сарсаңға түскеніне, заңнан әділдік таба алмағанына мына адамдарды кінәлі санайды:

1, Еңбекші қазақ ауданы РОВД тергеушісі - Күнтуов Қалжатбайды, Тұраров Айдынды алдарына жіберілген қылмыстық істі 8 ай созбалаңға салып, қысқартқаны үшін;

2, Жер комитетінің қызметкерлері – Байшекешев Эльмурзаны жалған жсалған құжаттарды көрсетпей жасырғаны, өз атына шешілген сот шешімін бүркемелегені үшін;

3, Аудан прокуроры – Төлеген Иманбаев Шонанұлын алдына барған қылмыстық істі қарауға құлықсыздық танытқаны үшін;

4, ІІД меңгерушісі С. Мұратбековты - 8 айға жуық уақыт істі ұстағаны, ІІД тергеушісі Дүйсенбинов Мәрленді - қылмыстық істің қылмыстық сипаты бар екенін біле тұра қылмысты жауып тастағаны, облыстық прокуратураны -  анық дәлел бола тұра қылмыстық істі қарамағаны үшін;

5, Алаяқтық бабы бойынша бір рет істі болып жазасын өтеген әпкесі Сұлтанқұлова Нұрмаханды, Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат ауылының нотариусы Мұқамбек Сағымбаев  Орнықпайұлын келісіп жалған құжат жасағаны үшін.

Төменде Шағымданушының Бас прокурорға жіберген ашық хатын ұсынамыз және құзырлы орындардан заң аясында жұмыс істеуін өтінеміз.

***                   ***                         ***

                                                     ҚАЗАҚСТАН      РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

                                                     БАС ПРОКУРОРЫ А.Қ.ДАУЫЛБАЕВҚА

 

                                                      Султанкулова  Гульнар  Макатаевнадан

                                                      м/ж:    Еңбекшіқазақ  а/ы,  Рахат ауылы,

                                                                 Молодежная   көшесі  35  үй,

                                                                 Алматы  облысы.                     

 

                                              АШЫҚ  ХАТ

 

            Мен  2012 жылдың көктемінен бері Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасына арызданып әкемнен қалған 20,0 гектар жерді  Султанкулова Нұршахан мен Султанкулова Ултуар деген әпкелерім сатып жібергені туралы жаздым. Содан бері бір жарым жыл құқық қорғау орындарының жұмысына қанық болдым. Қанық болғанда істі созбалаңға салып адам құқығын аяқ асты етудің шеберлері екеніне көзім жетті.  

2012 жылдың сәуір айында жазған арызым бойынша тек 2012 жылдың 29 қыркүйек күні Еңбекшіқазақ аудандық ІІБ-сы ҚР ҚК –нің 325 бапымен қылмыстық іс қозғады. Сол қылмыстық іс әлі тергеліп келеді. Міне бір жыл бір ай уақыт өтті, бірінен кейін бірі ауысқан тергеушілер  ешқандай нәтиже шығармай, қылмыстық істі сотқа жібермей отыр. Бес тергеуші тергеді. Аудан прокуроры мен полиция бастығы істі әдейі жүргізбей отыр.

Осы 2013 жылдың мамыр айының аяғында қылмыстық істі  Алматы облыстық ішкі істер  департаментінің тергеу басқармасы өздерінің өндірісіне  алған, бірақ тергеу мен ойлағандай болмады. Істі қолға алған адам неге екені белгісіз тергеуді басқа жаққа бұрып, немесе тоқтатып қояды. Департаменттің тергеушісі С.Муратбеков салған жерден қылмыстық істі бұра тартып әлгі әпкемнің сөзін сөйлеп, қылмыстық жауапқа тартатын адам жоқ деп істі қысқартып тастады. Ол қаулы бұзылып еді енді істі мүлдем қысқартып тастады.  

Істің мән жайына келсек әкем Султанкулов Макетай 2002 жылы қайтыс болды. Артында 20,0 гектар  шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жер қалды.  2007 жылы осы 20,0 га жер құжаттарын іздегенімде 2004 жылы жалған құжаттармен сатылып кеткенін біліп қудаладым. Әпкелеріме әкемізден қалған жерді қайтарып алайық дегенімде ол жердің керегі жоқ, тіпті иегіміз қышымайды деп жатып алды. 2008 жылы сот шешімімен жалған құжаттардың күші жойылып, жерді қайтарып алып өз атыма жер актісін алдым. Мұрагерлікке құқық беретін куәлік алу үшін бауырларымның құжаттарын дайындадым.  

Сол кезде иегі қышымаған әпкелерім өзгеріп сала берді. Бірінші кезекте үлкен әпкем Султанкулова Нұршахан мен Султанкулова Ултуар екеуі үйіме қайта-қайта келіп жүріп 2009 жылдың көктемінде менің атымдағы жер актісін сұрап алды. Құжаттардың бәрін өздері дайындап қолыма салып берем деді. Бәріміз бірігіп сатып ақшаны теңдей бөліп алатын болдық. Жерді қайтарып алғаным үшін үлесіме ақша қосып береміз ант-су ішті. Бірақ іс жүзінде олай болмады. 

2012 жылдың көктемінде әкемнен қалған 20,0 гектар жерге тоғыз мұрагер бар бола тұра Талғар қаласының тұрғынына сатылып кеткені белгілі болды. Сол кезден бастап мен аудандық ІІБ-на арыздануға мәжбүр болдым.

Жерді қазіргі уақытта иеленіп отырған сатып алушы Есмаханов Есіркеп  деген азамат екен. Жерге қазық қағып иеленіп отырғанын біліп сөйлескенімде,  бұл жер менікі 2012 жылы мемлекеттен алдым деді. 1997 жылдан бері әкем малын жайып, шөбін шауып алып жүрген жер, 2008 жылы сот шешімімен қайтарылған жер, 2012 жылы басқа адамға берілуі мүмкін емес. Мен құжаттарыңызды көрсетіңіз деп едім көрсетпеді.

Тергеушілерге сатып алған адам міне деп айтып бердім. бірақ аудан тергеушілері де облыстың тергеушісі де куә ретінде жауап алмады. Сондағы айтатыны ол аудан мәслихатының депутаты дейді.

Ал құқық қорғау орындарының осы жағдай бойынша не істегені немесе керісінше ешқандай әрекет жасамай отырғаны, адам құқығын, мұрагерлік құқық, жәбірленушінің құқығы деген сөздерді естімегені және естігісі келмейтіні бөлек әңгіме. Әңгіме емес адамның жан айқайы, құқық қорғау орындарының қызметкерлері  отырған орнын тек өз пайдасына пайдаланып, адамгершілікті ысырып қойып, жең ұшынан жалғасып, жемқорлыққа батуы дер едім.    

Тергеу басталғаннан соң аудандық тергеу бөлімінің іс-әрекеттеріне шағымданып барып едім аудан прокуроры Т.Иманбаев мені қабылдамай қуып шығарды. Ал облыс прокурорының қабылдауында төрт рет болдым. Одан кейін облыс прокурорына төрт рет кірдің енді кіруге рұхсат жоқ деп кіргізбей отыр.    

 20,0 га жерді бұрын ҚР ҚК-тің 177 бапымен сотты болып өтеп шыққан әпкем Султанкулова Нуршахан мен екінші әпкем Султанкулова Ултуар екеуі нотариус М.Саганбаевтың куаландырған жалған сенімхаты арқылы сатып жіберген.

                Осыдан соң 2012 жылдың сәуір айында аудандық полиция және прокуратураға арыздандым. Олар тексере келе 2012 жылдың 19 қыркүйек күні ҚР ҚК-нің 325 бапының 1 бөлімімен қылыстық іс қозғады.

                 2013 жылдың мамыр айының аяғында 2012 жылдың қыркүйек айында қозғалған қылмыстық істі  Алматы  облыстық ІІД Тергеу жүргізу басқармасының аға тергеушісі С.Муратбеков алып осы № 12194003101002 санды қылмыстық істі 05.07.2013 жылғы қаулысымен заңсыз тоқтатты. ҚР ҚК –нің 325 бапының 1 бапымен қозғалған қылмыстық іс бойынша 10 ай тергеу жүріп аяғында қылмыстық жауапқа тартатын адам жоқ болып шықты. Ол қаулы бұзылып сол С.Муратбековке ҚР ІІМ тікелей нұсқау беріп қылмыстық істі жан-жақты қарап, тергеуін бітіріп, сотқа жіберу туралы айтқан.

                Алайда тергеуші С.Муратбеков 09.09.2013 жылы қылмыстық істі мүлдем қысқартып тастады. Қылмыстық істі қайтадан сол С.Муратбековке бергенде мен сенбегендіктен тергеушіден бас тарту туралы арыз жаздым. Соған қарамастан тергеуші С.Муратбеков қылмыстық істі қысқартып, дәлелденіп отырған қылмыстық істі жоқ етті.

                2013 жылдың қыркүйек айының соңында Бас прокурордың бірінші орынбасары И.Д.Меркелдің қабылдауында болдым. И.Д.Меркел мырза қылмыстық істі алдыртып заңдылығын тексеріп, мені шақыртып тексерудің нәтижесімен таныстыратын болған. Алайда олай болмады. ІІМ-нің тергеу бөлімінің нұсқауымен шектелді. Мен министрліктің нұсқауынан кейін заң талабы орындалар дедім. Бірақ олай болмады.

                Тергеуші С.Муратбеков ҚР ІІМ-нің нұсқауын орындамақ түгілі, пысқырып та   қарамады.

                 Қазіргі уақытта тергеуші С.Муратбеков істі қайта өзіне алған. Мен тергеушіге сенбейтінімді айтып облыс прокурорына да, ІІД-не де, ІІМ- тергеу бөліміне де арыздандым. Бірақ С.Муратбековке ешкімнің күші жетпейтін сияқты. Тергеуші министрліктің нұсқауын орындамасада өз ойынан нұсқау шығарып алған. Іс бойынша сараптама тағайындап отыр. Сараптама тағайындау туралы ешбір нұсқауда жазылмаған. Облыс прокуроры сараптама тағайында деп ауызша айтқан деп, өз бетіншеқылмыстық істі құртудың амалын істеп отыр. Себебі  қылмыстық істің қозғалуына негіз болған екі бірдей сараптама қорытындылары. Султанкулова  Нұршахан  Султанкулова  Ултуармен  келісе  отырып  менің  атымнан  сенімхат  алған. Бұл сенімхатты  Еңбекшіқазақ  ауданы  Рахат  селолық  округінің  нотариусы  Саганбаев  Мұқанбек  Орнықбайұлы  Султанкулова  Ултуардың  атына куаландырып  берген. Менің атымнан сенімхат жазылғаны  туралы  олар  маған айтпаған. Осындай  жалған  сенімхатты  менің  атымнан  екі  рет  алған. Осы  жалған  сенімхат негізінде  мемлекеттік  актіні  Султанкулова  Ултуардың  атына  алған. Ал Султанкулова Нуршахан екінші  сенімхатты  пайдаланып жер телімін, менің және  басқа әпкемнің үлесімді  қоса сатып жіберіп, ақшаны  бас  пайдаларына  жаратқан. Тергеуші әкемізден қалған жер бойынша азаматтық тәртіппен шешіп алу керек деп көрсеткен. Алайда ҚР ҚК –нің 325 бапы бойынша қылмыстық іс не үшін қозғалған.

 Менің атымнан сенімхатқа қол қойғанын Султанкулова Нуршахан мойындап отыр. Сенімхатты менің қатысуымсыз куаландырғанын нотариус М.Саганбаев мойындап отыр. Бірақ тергеуші қаулыға олардың да менің де куәлердің де жауаптарын жазбаған және менің атымнан қол қойған адам тергеу кезінде анықталмаған деп көрсеткен. Қол қойған адам мойындап тұрсада тергеуші қолды кім қойғаны белгісіз деп көрсеткен.

Менің басқа арызым бойынша Рахат аулы, Құмарова көшесі 47 үй орналасқан үйдің жер телімін сыйға тарту туралы келісім шартқа менің атымнан басқа адам қол қойғанын және кімнің қол қойғанын анықтау мүмкін емес деп 11.03.2013 жылғы № 7118 санды сараптамада көрсетілген. Тергеуші әдейі сол сараптаманы 20,0 га жер теліміне шығарылған сараптаманың орнына қойып отыр. Яғни қызметтік жалғандық жасап отыр. 20,0 га жер телімі бойынша қол қойған Султанкулова Нуршахан екені 13.09.2012 жылғы № 1068 сараптамада көрсетілген.

                2012 жылдың көктемінде әпкем маған хабарласып жер сатылғанын және 200 000 АҚШ доллары менің үлесім екенін айтты. Мен оған келіспей жерді арзанырық сатқанын және менің үлесім одан көбірек болу керек екенін айттым. Сонда үлкен әпкем Султанкулова Нуршахан маған алмасаң олда жоқ деді. Мен жерді қанша ақшаға сатқанын білмекші болып едім айтпады. Құжаттарды сұрап едім бермеді. Аудандық жер комитетінен менің атыма берілген жер актісінің көшірмесін алайын деп едім, басқа жер актісі шығарылғанын және ол Султанкулова Ултуардың атында екенін және менің атымнан сенімхат бар екенін білдім. 

                2012 жылдың 19 қыркүйек күні қылмыстық іс қозғалған соң бірнеше күн өткеннен кейін белгісіз адамдар менің үйімнің қақпасына бензин төгіп өртеді. Ертеңіне үйдегі телефоныма бір ер адам телефон соғып, арызыңды қайтып алмасаң үйіңді өртеймін деп қорқытты. Мен аудандық байланыс бөлімінен үйге телефон соққан адамның ұялы телефонының нөмірін анықтап, полицияға арыз жаздым. Полиция арызымды учаскелік инспекторға берді. Ол қураған шөп өртенген екен, ұялы телефон өшіп тұр екен деді де қойды. бұл туралы аудандық және облыс прокурорына шағымданып едім ешкім зардап шекпеді, адам өлген жоқ деді де қойды.

            Султанкулова  Нұршахан  маған былай  деп айтты, «сенің  ақшаң  жоқ, мен мына  прокурор  мен РУВД-ны, бүкіл Қазақстанды сатып  аламын» деп. Осы  қылмысты  жасаған үшеуі, Султанкулова  Нұршахан Макетайқызы, нотариус Саганбаев Мұқанбек  Орнықбайұлы  және Султанкулова Ұлтуар Макатайқызы. Осы  үшеуінің жауапқа тартылуы тиісті. Мен заңға сеніп отырмын. Ал заң орындары басқалай жасап отыр.

                Құрметті Асхат Қайзоллаұлы менің осы ашық хатымды аяқсыз қалдырмай бір жыл бұрын қозғалған қылмыстық істің заңды шешімін табуына көмектесуді және мені қабылдауыңызды сұраймын.    

                                                                         Султанкулова.Г.М.    

***                    ***                       ***

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір