Сенбі, 4 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4338 0 пікір 14 Мамыр, 2014 сағат 10:36

«ШЫҒЫС БАРЫСЫ» «ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫНА» ЖОЛДАМА АЛДЫ

Қазақ күресінен  Ұлт Көшбасшысы  - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турнирінің төртінші маусымына іріктеу сыны аяқталып келеді. Бүгінде еліміздегі 14 облыстың жартысынан көбі жеңімпаздарды анықтап, финалда белдесетін балуандар есімін жария етті.

Былтыр «Қазақстан Барысы» турнирінің бас жүлдесін жеңіп алған Шығыс Қазақстан облысындағы  бәсеке биыл аса тартысты өтті. Өскемендегі «Жекпе-жек сарайына»  жиналған балуандар қатарында тәжірибелі Шалқар Жоламанов та бар еді. Өте қызықты өткен алыптар айқасында қазақ күресінен әлем чемпионы Мұхит Тұрсынов жеңіске жетті. «Шығыс Барысы» атанған Мұхит финалда Шалқар Жоламановтан басым түсті.  Осылайша, маусым айында өтетін «Қазақстан Барысы» додасының финалында Шығыс Қазақстан намысын үш балуан қорғайды. Олар: Мұхит Тұрсынов, Шалқар  Жоламанов және Айбек Нұғымаров. 2013 жылғы «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы саналатын Айбек биылғы финалға ешқандай іріктеусіз, тікелей жолдама алады.

Мұхит Тұрсынов, «Шығыс Барысы»:

 - «Қазақстан Барысының» екі маусымына қатысып, жүлдесіз қалдым. Ендігі мақсатым  - биылғы сында үздіктер қатарынан көріну. Сол үшін аянбай жаттығамын.


Шалқар Жоламанов, «Қазақстан Барысының» финалына қатысушы:

 - «Қазақстан Барысына» іріктеу сынын асыға күтеміз. Осы жолы облыста екінші орын алсам да, республикалық сынның финалына қатысу  құқын иелендім. Аздап жарақатым бар еді, финалға дейін құлан-таза айығамын деп ойлаймын.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы іріктеу сынында Жұманазар Ерсұлтанов пен Сабыржан Әбілдаұлына финал жолдамасы бұйырды. Аталған екі балуан былтыр «Қазақстан Барысының» финалдық бәсекесінде бақ сынап, Жұманазар  қола жүлдегер атанған болатын.

Солтүстік Қазақстан облысында Рустам Жұмаевқа тең келер ешкім жоқ. 2012 жылы «Көрермендер көзайымы» жүлдесін иеленген Рустаммен бірге, Дәурен Еслямов облыс намысын қорғайды.

Атырау облысы да өз үздіктерін анықтады. «Қазақстан Барысының» өткен маусымында  белдескен Сұңғат Закарияев бұл жолы да топтан озды. Сондай-ақ, күміс жүлде тағынған Бекболат Салықов та

 финалда бақ сынайды.

Маңғыстау облысында  жас балуан Мейрамбек Жаңабай жеңімпаз атанса, финалға берілетін екінші жолдамаға Манас Иманқұлов иелік етті.

Естеріңізге сала кетейік,  бүгінге дейін «Қазақстан Барысы» жобасының финалына Руслан Әбдіразақов пен Айбек Серікбайұлы (Қызылорда облысы), Арман Әбеуов пен Нұрғали Байтарақов (Астана қаласы), Бейбіт Ыстыбаев пен Дәулетхан Жақыпов (Жамбыл облысы), Асылхан Бәрменов пен Бекзат Ахметбеков (Қарағанды облысы), Нұрсұлтан Иманғазин мен Рүстем Бурбаев (Ақтөбе облысы) және  Дархан Жоламанов пен Батырхан Жүнісовтер (Павлодар облысы) жолдама алған болатын.

«Қазақстан Барысы» жобасының финалдық сыны 29 маусым күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді.

«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметі

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1026
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 895
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 675
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 752