Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3204 0 пікір 26 Қаңтар, 2010 сағат 19:42

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ. Ненашев нені көксейді?

Құдайы көршіміз Ресейдегі кейбір тұлғалардың оқтын-оқтын айтып қоятын оқыс пікірлеріне қарап, "Ресей біздің дербес ел болып отырғанымызға әлі де сене алмай жүр ме?" деген ойға келесің.

Құдайы көршіміз Ресейдегі кейбір тұлғалардың оқтын-оқтын айтып қоятын оқыс пікірлеріне қарап, "Ресей біздің дербес ел болып отырғанымызға әлі де сене алмай жүр ме?" деген ойға келесің.

Бұл жолы қазақ еліне қарата айтылған өкпені Ресей Думасы Қорғаныс комитетінің мүшесі Михаил Ненашев айтып салды. Ол апта басында Дума қабырғасында өткен басқосулардың бірінде:
- Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігі Германия, Үндістан, Италия, Канада, Малайзия, АҚШ және Жапония секілді мемлекеттермен келіссөздер жүргізуде ресейлік әріптестерінің мүддесімен санаспайды және ғарышты игеруде бізге кедергі келтіреді. Талғат Мұсабаевтың әрекетіне қарасам, Қазақстан Ресейден бөлек ғарыш жолын таңдаған сыңайлы. KazSat-3-ті жасауды ресейлік кәсіпорын емес, Израиль мен Францияның фирмалары қолға алған көрінеді - деп салды. Ресей Думасы депутатының пайымдауынша, Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігінің жобасында орыстарға орын жоқ. Соның салдарынан ресейлік бағдарламалар іске қосылмай жатып, жарамсыз болып қалуда. Қазақстанның екі ұшты саясат жүргізуі салдарынан Ресей ғарыш нысанын мақсатты түрде пайдалана алмай жатырмыз. Біз Қазақстанға ғарыш айлағын 10 жыл пайдаланғанымыз үшін 1 млрд 265 млн АҚШ долларын төледік. Ғарыштық инфрақұрылым, тағы басқалай керек-жарақтар үшін жыл сайын 130 млн АҚШ долларын төлеуге тура келеді. Тіпті Қазақстанға соншама соманы не үшін төлеп отырмыз?" - деп сауал тастапты.
Ресей Думасы депутатын ашындырып отырған жайт Ресейдің уысынан шығып, француздарға ұзатылып кеткен KazSat-3 қана емес тәрізді. - Өткен жылы тек денсаулық сақтау саласына ғана 545 млн Ресей рублі жұмсалды. Соның 8 миллионы Ресей кәсіпорындарында жұмыс істемейтін, Байқоңырда тұратын Қазақстанның азаматтарына жұмсалды. Одан бөлек, денсаулық сақтау құрылымдарында жұмыс істейтін, Ресей бюджетінен жалақы алып отыратын мамандардың 77 пайызы қазақтар, - дейді ол.
Оның пікіріне «ҚазҒарыш» агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев салқынқандылықпен жауап берді.
Мұсабаев Михаил Ненашевтың пікірін негізсіз деп есептейді. Агенттік басшысының хабарлауынша, «КаzSat-2» дайындауға ресейліктер қатысты. Оның жасау-жабдығы дайындалып, ғарышқа ұзатылар күні де алыс емес.
Ғарыш саласындағы қазақ-ресей арасындағы келісімшарттар жайлы Т.Мұсабаев:
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісім бойынша Байқоңырды жалға беру 2050 жылға дейін ұзартылған. Ресеймен арадағы келісім-шартты бұзып, еуропалық компаниялармен жұмыс істеу туралы мәселені қозғау әлі ерте, - дейді.
Жалпы, ғарыш саласы басшылары ғарыш айлағын пайдаланудан түсетін пайданы бөлісудегі теңсіздік туралы соңғы кезде ашық айта бастаған. Талғат Мұсабаев журналистермен бір кездескен кезде «ресейліктермен бірлескен жобаларымыз жүзеге асса, біздің елдің де одан алатын үлесі болады. Алдымен келісімшарттар жасалуы қажет, ол күн де алыс емес» деп хабарлаған.
Ғарыштан түскен табысты бөлісу мәселесі Парламент қабырғасында да айтылды. Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Мұрат Әбенов:
- Пайдасы болу үшін біздің өзіміздің жұмыс істеуіміз керек. Мысалы, бүгінгі күні Америка жылына ғарышты дамытуға - 16,8, Жапония - 5, Қытай - 1,5, Ресей 1 миллиард доллардан астам қаржы жұмсайды. Өкінішке қарай, Қазақстан ондай мол қаржы салуға дайын емес. Ал қаржы салар болсақ, одан пайда тапқан болар едік. Өйткені Американың ғарышпен айналысатын компаниялары бір доллар 5-6 доллар пайда түсіретіндігін айтады. Ресейдің де жұмсаған қаржысы өз қайтарымын беріп отыр. Сондай-ақ бүгін Ресей және басқа да мемлекеттер мұнайға қарағанда, ғарыштан көбірек пайда табатындықтарын білдіруде. Неге десек, ғарыштың технологиялық тиімділігі жоғары. Сондықтан біздің ел де осындай пайда тапқысы келсе, қаржы салуына тура келеді. Ол үшін бұған мемлекеттік көзқарасты қалыптастыруымыз керек, - дейді.


"Айқын" газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 822
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 656
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 523
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 536