Сенбі, 4 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3765 0 пікір 24 Қараша, 2009 сағат 11:19

ҚАНДЫ ПЫШАҚ

Батыржан Қазанда тұратын қазақ ұланы еді. Анасы айналып-толғанып өсірді. Өзіңді емес ұлтыңды сүюден айныма деді. Өзі де айрықша, қатарынан озық ойлы болып, он сегізге толып еді, иә, сәт деп ғылымға бет бұрған. Тірліктегі жамандық анталап тұрса да, әр ісіне абайлап қарады. Сақ жүрді, өзіне сенгесін абдырамады. Ел-жұрты "жол болсын, талап оң болсын" айтты, әлей болсыны томашадай жүрегінде жатты. Әуелеп ұшқан талап қанат қақты. Әрқашан да жоғалғанды жоқтап, соны табуды мақсат етті. Тарихтың бұрма жолын байқап ғылыми байламға ден қойды. Байыз таппады. Университетті бітірісімен татар елінің астанасындағы үлкен ғалым В.В.Ивановтың аспиранты атанды. Мінез-құлқы бапты ұстаз оған Қазан университеті тарихындағы қазақтардың білім алу жайын зерттегеніне қуанып қалды. Алғырлығын да таныды.

Батыржан Қазанда тұратын қазақ ұланы еді. Анасы айналып-толғанып өсірді. Өзіңді емес ұлтыңды сүюден айныма деді. Өзі де айрықша, қатарынан озық ойлы болып, он сегізге толып еді, иә, сәт деп ғылымға бет бұрған. Тірліктегі жамандық анталап тұрса да, әр ісіне абайлап қарады. Сақ жүрді, өзіне сенгесін абдырамады. Ел-жұрты "жол болсын, талап оң болсын" айтты, әлей болсыны томашадай жүрегінде жатты. Әуелеп ұшқан талап қанат қақты. Әрқашан да жоғалғанды жоқтап, соны табуды мақсат етті. Тарихтың бұрма жолын байқап ғылыми байламға ден қойды. Байыз таппады. Университетті бітірісімен татар елінің астанасындағы үлкен ғалым В.В.Ивановтың аспиранты атанды. Мінез-құлқы бапты ұстаз оған Қазан университеті тарихындағы қазақтардың білім алу жайын зерттегеніне қуанып қалды. Алғырлығын да таныды.

- Бастапқы кезі дейсің бе? Бұл оқу орны 1758 жылдары шаңырақ көтере бастаған. Бәлкім, содан бергі кезеңдерден білім алған қазақтарды табарсың, - деді профессор ғылымға берілген, әсіресе, тың тақырыптың бейнетінен қорықпайтын, шындық жолында бұйығып, қысылып-қымтырылуды білмейтін жасқа риза жүрегімен. Жүзіндегі жылы күлкі ойнақы ойлы мінезді жария етіп тұратын-ды. Болжам бар, шындығы, дерегі әріде. Бөгесін көп, буалдыр дерек те жетерлік. Бірақ сүйенеді сенімге. Күн мен түн, айлар, жылдар, Мәскеу, Петербург, Астрахань, Омбы қалаларындағы құжаттарды ақтару, қиналыс, шаршау, ізденіс үстінде өтіп жатты. Бір деректің ұшын ұстаса бұрылысы жұмбақ. Шешуіне білгірлік керек. Сарғайған қағаздар әр тарапқа бастайды. Батыржан Кенжетаев бәрібір жеңетініне сенеді. Өзі, өзі ғана, өз көзімен көріп анығына жету ғана. Адыра қалған кезеңдердің ізінде қайғы бар, отарлық езгі бар, кемсіту, менсінбеу де кездеседі. Қуанышты аңсау да бар. Білім жарығына қолы жеткен бар, арманда кеткен бар. Қараңғы қапастағы тірліктің жақсы-жаманын ажырату қиын-ды. Алау жалынын іздейсің, сөнген шаласын көресің. Күндердің күнінде Жәңгір ханның Қазан университет кітапханасына берген үлкен сыйлығын тапты. Соған орай оқу-ағарту ісінің "Құрметті мүшесі" атаныпты. Архив құжаттарынан табылған кітапханашы К.Фукстың 1852 жылы жазған: "1841-1845 жылдарда Жәңгір хан араб, парсы, түрік тілінде жазылған алты қолжазба, Нефистің медициналық шығармасын, Аль-Казвинидің 735 жылғы, Хабибтің 927 жылғы, Желал-Адин Румидің 661 жылғы және тағы басқа шығармаларды университеттің кітапха­насына табыстап, жаңа "Мекке" ғылымын ашқандай болды" деген дерегін тапқанда қатты қуанды. Қазақта жазба әдебиет болмаған ба? Демек, болған, қазақ кітапқұмарлықты ертеден бастаған-ау деп серпілді.

Сондай-ақ А.Б.Алекторовтың кітабында (Қазан, 1900, 366-б.) Қазан қаласындағы университетте 1877-1917 жылдар аралығында 37 қазақ оқып, оның 20-сы бітіріп шыққандығы жазылған. Ал "Кітап оқудан бас­қаға алаңы жоқ, аса білімдар, бола­шағынан үлкен үміт күтіледі" деп мінездеме бе­ріл­ген З.Құ­дай­бер­генов 1893 жылы оқу ордасын бітіре алмай өкпе ауруы­нан дүние са­лыпты.

- Қазақ аспа­нының арманда кеткен, ағып түс­кен жұлдызы, - деп Батыржан те­біренді (Өзі де мезгілсіз сөнетін жұлдыздай бола­рын ойлады дей­мі­сің). Тынымсыз ізденіспен нақты­лап Қазан универ­ситетінде оқыған қазақтарды тө­мен­дегіше тізбеледі. Халқын шын сүй­ген, ұлт тарихын­дағы бабалар аты-жөнін атағанның өзін аруаққа сауап деп түсінген Ба­тыр­жанның тізбе­лерін тұтас жаз­ғанды жөн көрдім (Бәлкім ұрпағы оқып-біліп қуанар). 1877-1911 жыл аралығында білім алғандар: А.Алдияров, Г.Арғынғазиев, С.Аманжолов, Ш.Бекмұхаме­дов, А.Бірім­жа­нов, А.Балғожин, Г.Ибрагимов, А.Еді­гин, М.Қаратаев, И.Қашқынбаев, М.Қара­баев, Б.Мәметов, С.Нұрлыханов, Ж.Сейдалин, С.Сүйінішқалиев, О.Танашев, М.Шомбалов, М.Шолтыров.

Батыржан осындай деректі дәйектей оты­рып, әрбіреуінің өмір жолын зерттеуді, олардың бүгінгі ұрпағын іздеуді де мақсат еткені анық. Ал, Қазан мал-дәрігерлік институтында оқығандар: М.Ақтанов, У.Базанов, А.Боштаев, Г.Бердеев, М.Бекетаев, М.Жасмағамбетов, С.Ибра­гимов, Т.Есенқұлов, Д.Ізбасаров, Ш.Құс­бағылиев, И.Құлпейісов, Қ.Сермұ­хаме­дов, А.Сейдалин, М.Сызықов, Н.Жақыпов, Б.Жанқадамов, Ф.Иманбаев, Ж.Рүстембаев, т.б. Бұлар да 1877-1913 жыл аралығында білім алған­дар екен. Олардың біразы Торғай облы­сында қызмет еткен. Одан кейін Батыржан Кенжетаев мұғалімдер семинариясын бітір­ген­дердің кімдер екенін, қазақ жерінің қай түкпірінен келгенін анықтайды.

- Зерттеуімді бітірдім, бірнеше томдық шығарма жазатын еңбектің нұсқасы бар. Ұлтымның тарихына үлес қосар, - деген Ба­тыр­жанның көз жанарынан болашағын болжа­ғыш­тығы байқалатын және зерттеу жолына түсе­тінін айтатын. Бірақ... Иә, бірақ бір бас­бұ­зар, қаскөй қапыда ту сыртынан пышақ са­лып ол өкінішпен дүниеден өтті. Орны толмас өкініш, - деп Қазандағы мәдени орталықты басқаратын техника ғылымдарының докторы Сағит Жақсыбаев жан дүниесі күйзеле сөз етті.

Батыржанның уақыт құрғатпай мешітке баратынын жоқтаушысы күйзеле сөз етеді. Ол жас жігіттің Қазандағы екі мыңдай қазақтың қайғысы екенін біледі. Батыржан Еділ өзенінің жағасына барып ерке толқындарды тамашалайтын. Оның сол кезін желмен бұлғаң қаққан тентек толқын жоқтар ма екен? Талай өртке оранып халқы қырылған Қазан қаласы ше? Батыржан оның кең көшелерінде еркін де еркелей жүруші еді. Тылсым табиғатпен сырласып, бабаларымның осы жерде ізі жатыр, соны бұлдыр сағымнан алып шығам деуші еді. Мылқау табиғат жауап қатпайды.

Жақсылыққа жау көп пе? Табиғат тағы да үн­сіз. Ұлт тарихының тың парақтарын жұлып әкет­кендей жаның күйзеледі. "Ісімді ұрпақ жалғастырар", деп соңғы сөзін айтып дүниеден озды жас ұлан. Қаскөйдің, қарғыс атқырдың қан­ды пышағы... Табиғат шаң-тозаңды тазар­тар, қылмыс тазармас. Жақсылық жалғасар, жа­мандық та тоқтамас. Ақылды, ақылсыз тұрғанда солай болмақ. Көз алдыңнан Батыржанның ақ­жарқын ашық жүзі "мәңгілік өмірдің жырымын" дегендей, "мен қазақ ұлтының азаматымын" деп құлағыңа сыбырлағандай... Өлімге қимайды екенсің.

- Ата-анасы ұлтыңның ұлы бол, қажетсінсе құлы бол, деген аманатын айтыпты, - деді досы Астанадағы Диқан Хамзабекұлы.

...Батыржанды өлтірген қанішер есірткіге еліріп, балконнан құласа, анасы қайғыдан жылға жетпей дүние салған-ды.

 

Табыл ҚҰЛЫЯС, Қазан қаласы.

«Егемен Қазақстан», №386-388 (25785) 24 ҚАРАША СЕЙСЕНБІ 2009 ЖЫЛ

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1027
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 897
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 675
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 755