Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3167 0 пікір 13 Желтоқсан, 2013 сағат 05:16

Тайыр Күлтелеев – заң ғылымының заңғары

Ұлт тарихы – ұзын сонарлы, түрлі кезеңдерден, қилы жолдардан өткен, қиямет замандарды бастан кешкен тұғырлы тарих. Соның ішінде қазақ зиялыларының өмірбаяндарымен тығыз байланысты Алаш тарихы, Алаш қозғалысы – ұлт тарихының толғақты, тағдырлы кезеңі. Тәуелсіздік алған жылдардан бері бұл барыста жүйелі зерттеулер жүргізіліп келеді. Соның арқасында талай жылдар мұрағат сөрелерінде сарғайған көптеген тың деректер, құнды материалдар жарық көрді.

ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында бірқатар қазақ жастары, Алаш зиялыларының алғашқы легі Ресейдің ең басты білім ордаларының бірі Санкт-Петербург университетінде білім алғаны белгілі. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының өрісіне сәйкес біз аталмыш оқу орнында арнайы болған едік.  Мақсатымыз оңғарылып, осы ұлағатты білім ұясында білім алған Алаш қайраткерлері жайлы, қазақ зиялыларына қатысты тың деректер таптық.  Ұлы Шоқаннан кейін туған қуатты толқын Ж.Ақбаев, Б.Сыртанов, А.Тұрлыбаев, Р.Мәрсеков, Ж.Сейдалин т.б. қатысты осындағы мұрағат қорында сақталған материалдар баспасөз беттерінде жарияланды.

Ұлт тарихы – ұзын сонарлы, түрлі кезеңдерден, қилы жолдардан өткен, қиямет замандарды бастан кешкен тұғырлы тарих. Соның ішінде қазақ зиялыларының өмірбаяндарымен тығыз байланысты Алаш тарихы, Алаш қозғалысы – ұлт тарихының толғақты, тағдырлы кезеңі. Тәуелсіздік алған жылдардан бері бұл барыста жүйелі зерттеулер жүргізіліп келеді. Соның арқасында талай жылдар мұрағат сөрелерінде сарғайған көптеген тың деректер, құнды материалдар жарық көрді.

ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында бірқатар қазақ жастары, Алаш зиялыларының алғашқы легі Ресейдің ең басты білім ордаларының бірі Санкт-Петербург университетінде білім алғаны белгілі. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының өрісіне сәйкес біз аталмыш оқу орнында арнайы болған едік.  Мақсатымыз оңғарылып, осы ұлағатты білім ұясында білім алған Алаш қайраткерлері жайлы, қазақ зиялыларына қатысты тың деректер таптық.  Ұлы Шоқаннан кейін туған қуатты толқын Ж.Ақбаев, Б.Сыртанов, А.Тұрлыбаев, Р.Мәрсеков, Ж.Сейдалин т.б. қатысты осындағы мұрағат қорында сақталған материалдар баспасөз беттерінде жарияланды.

Бір айта кетерлігі, жоғарыда аталған оқымысты қазақ жастарынан кейін, ХХ ғасырдың 10-20 жылдары аралығында ұлтымыздың озық ойлы ұл-қыздарының ілім-білім қуып, алыс жерлерге сапар шегуі, оқуы біршама уақыт үзіліп қалған. Оған сол кезеңдегі аласапыран оқиғалар – бірінші дүниежүзілік соғыс, одан кейінгі ұлт-азаттық көтерілісі, қазан төңкерісі, т.б. себеп болған деп топшылаймыз.

Біз бұл бағыттағы ізденістерімізді әлі де жалғастыру үстіндеміз. Санкт-Петербург қаласына, университетіне жасаған соңғы сапарымызда тағы бір тың тарихтың бетін ашқандай болдық. Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ ұлттық заң ғылымындағы тұғыры биік тұлға Тайыр Молдағалиұлы Күлтелеевтің 1936-38 жж. осы оқу орнының аспирантурасында оқығаны, ғылыми жұмыстармен шұғылданғаны белгілі. Міне, осы уақыт аралығындағы ғалымның ғылым-білім барысы, қызмет өрісіне қатысты іс қағаздары мұрағат қорында толықтай дерлік сақталған екен. Соны оқырмандармен бөліссек дейміз. Бас-аяғы 129 беттен тұратын Істің ішінде ғалымның өнегелі өмір жолына, ғалымдық мұрат-мақсаттарына сәуле түсіретін құнды деректер баршылық. Оларды енді Т.М. Күлтелеевтің бұрыннан қолымызда бар өмірдеректерімен сабақтастыра отырып, алға тартқан орынды болмақ.

Т.М. Күлтелеев 1911 жылы Астрахан губерниясының Марфинск (қазірде Володар) ауданының Шагано-Кодаковка селосында туған. Еңбек жолын ерте, тоғыз жасында бастаған. 1926-30 жылдары Астрахандағы орыс-қазақ интернатының тәрбиеленушісі бола жүріп, бірінші дәрежелі мектепте, кейіннен Астрахан медициналық институты жанындағы жұмысшылар факультетінде оқиды. 1931 жылы ВЛКСМ Марфинск аудандық комитетінің жолдамасымен Саратов қаласындағы адвокаттар курсын бітіреді. Одан соң 1931-32 жылдары бастапқыда Марфинск аудандық халық соты құрамында, кейіннен Нижне-Волжск өлкелік сотында адвокат болып қызмет етті.

1932 жылы жас, қабілетті қызметшіні Саратов заң институтына оқуға жібереді, оны ол үш жылдан соң үздік дипломмен бітіріп шығады. 1935 жылы алғыр да алымды түлекті Ленинград заң институтының аспирантурасына жіберуге шешім қабылданады. Онда ол қылмыстық құқық кафедрасында кандидаттық диссертациясын жазып шығады.

Міне, Санкт-Петербург университетінің мұрағатындағы деректер ғалымның осы жылдардағы қимыл-қозғалыстарын баян етеді. 1936 жылдың 14 мамырында басталып, 1938 жылдың 21 тамызында аяқталған №34 істе қалаулы аспирантқа қатысты қатынас қағаздар, қаулылар, оның жұмысына берілген пікірлер, анықтамалар, оқу жоспарлары, т.б. хатталған. Айталық,  1936 жылғы 9 сәуірде ҚазАССР Оқу-ағарту ісі жөніндегі халық комиссариатына институт директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары В.Догадов жолдаған қатынас хаттың мәтіні мынадай:

«Ленинград құқық институты Сіздерге 1-курс аспиранты Т.Күлтелеевтің оқу үлгерімі туралы мынадай мәліметтерді хабарлайды.

Т.Күлтелеев жолдас наурыз айында жалпыметодологиялық пәндерді оқып тәмамдап, олар бойынша сынақтарды ойдағыдай тапсырды, төмендегідей бағалар алды: мемлекет және құқық тарихы – 4, философия тарихы – 3, саяси экономика – 4, неміс тілі – 5.

Қазіргі уақытта Т.Күлтелеев қылмыстық құқық саласында жұмыс істеп жатыр. Жетекшісінің пікіріне сүйенсек, Т.Күлтелеев мамандығы бойынша барынша жауапкершілікпен, табысты еңбек етуде.

Барлық мәліметтер бойынша Т.Күлтелеев аспирантурадағы жұмысын сәтімен жалғастыра бере алады.

Т.Күлтелеевтің жұмысындағы бір кедергі оның орыс тілін жетік меңгермегені болып табылады. Бұл кемшіліктің орнын толтыру үшін, басқа да осыған мұқтаж аспиранттармен бірге, оларға орыс тілінен қосымша сабақтар ұйымдастырылатын болады».

Ал аспирантураны бітірер қарсаңдағы берілген мінездемесінде мынадай жолдар бар:

«Т.Күлтелеев жолдас Ленинград заң институтының ІІІ курс аспиранты болып табылады. Қылмыстық құқық саласына маманданып жүр.

Жетекшісінің пікірі бойынша, Т.Күлтелеев өзінің теориялық тұрғыда дамуы барысында батыл қадамдар жасады, ол оның болашақта биік жетістіктерге жететініне кепілдік береді. Қылмыстық құқық бойынша барлық тақырыптарды «өте жақсы» деген бағаға игерді.

Жетекшісі жұмысқа жоғары жауапкершілікпен қарайтын Т.Күлтелеевтің диссертациясын да ойдағыдай қорғап шығатынына сендіреді».

 

ҚазССР Әділет халық комиссариаты кадр бөлімінің бастығына жолданған бұл қатынас қағазға институт директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, белгілі ғалым Шаргородский қол қойған.

Одан кейінгі бір дерек Т.Күлтелеевтің аспирантураны ойдағыдай тәмамдап, Алматы қаласына қызметін жалғастыру үшін жолданғанын айғақтайды.

Жоғары оқу орнындағы педагогикалық қызметін ол Алматы мемлекеттік заң институтында қылмыстық құқық кафедрасының доценті болып бастайды. 1940 жылғы 10 қарашада СССР Халық комиссариаты жанындағы Жоғары мектеп істері жөніндегі Бүкілодақтық комитеттің Жоғары аттестациялық комиссиясы Т.М. Күлтелеевті доцент ғылыми атағына бекітеді, ол осы жылдың сәуір айынан бастап Алматы мемлекеттік заң институтының директоры лауазымында болды.

1941 жылдың 28 қарашасында СССР Халық комиссариатының қаулысымен Алматы мемлекеттік заң институты және Алматыға көшірілген Москва заң институтының базасында СССР Әділет халық комиссариаты жанындағы бірінші мемлекеттік заң институты құрылды. Тайыр Молдағалиұлы осында қылмыстық құқық кафедрасының доценті болып қала берді.

1943 жылы Алматы мемлекеттік заң институтының қайта құрылуына байланысты Т.М. Күлтелеев қайтадан оның директоры болып тағайындалды. Бұл қызметте ол 1946 жылдың қарашасына дейін істеді.

СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалының қайта құрылуына байланысты Қазақ ССР Ғылым академиясында Қазақстандағы бірінші ғылыми-зерттеу заң мекемесі – Қазақ ССР Ғылым академиясының құқық секторы құрылды (кейінде Философия және құқық институты, тіпті бертінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының Мемлекет және құқық институты болып қайта құрылды). Құқық секторының меңгерушісі, оның бірінші жетекшісі Күлтелеев болды. Мұнда көрнекті ғалым-заңгер өмірінің соңына дейін еңбек етті.

Ғылыми-педагогикалық қызметті ол тәжірибемен берік ұштастырды. Республикалық әділет халық комиссариатында жұмыс істеді, Қазақ ССР Жоғарғы сотының мүшесі болып сайланды. Бұл ретте құқық секторындағы көптеген міндеттерін ғылыми ізденістерімен тиімді сабақтастыра білді. 1951 жылы оны СССР ҒА құқық докторантурасына жібереді. 1952 жылдың желтоқсанында докторлық диссертациясын ойдағыдай жазып бітеді. Оны қорғау 1953 жылғы ақпанның аяғына белгіленеді. Бірақ 15 ақпанда Т.М. Күлтелеев қайғылы қазаға ұшырайды...

Т.М. Күлтелеев туралы, оның республикадағы заңтану саласын дамытуға қосқан үлесу туралы айтқанда, Қазақстанның заң білімі мен құқық ғылымының негізі оның дарынды ұйымдастырушы, педагог және ғалым ретіндегі қызметімен тығыз байланысты екенін сеніммен айтуға болады.

Біз үшін оның республикадағы ғылым мен білімнің қалыптасуына арналған «Қазақстандағы заң ғылымы мен білімі және біздің міндеттеріміз» (1948), «Қазақстандағы заң ғылымдарының маңызды міндеттері» (1951) т.б. мақалаларының мән-маңызы ерекше.

Т.М. Күлтелеев жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындау ісіне көптен көп еңбек сіңірді.  Республиканың кең танымал ғалымдары – ҚР ҰҒА академигі С.Зиманов, ҚазССР ҒА-ның мүше-корреспонденті А.Еренов, заң ғылымдарының докторлары М.Биндер, С.Досымбеков, В.Ким, М,Масаевич, заң ғылымдарының кандидаттары У.Құдайбергенов, А.Филимонова және т.б. – өз кезінде ғылымдағы алғашқы қадамдарын Тайыр Молдағалиұлының басшылығымен немесе тікелей қолдауымен бастаған.

Ғалымның өткен ғасырдың 40-жылдарына дейін жарияланған бірқатар мақалалары күні бүгінге дейін өзінің танымдық және ғылыми маңызын жойған жоқ. Оған, айталық, мынадай мақалаларды жатқызуға болады: «Қазақстандағы кеңестік құқықтық заңнамалардың дамуы тарихына қатысты» (1948), «Кеңес қылмыстық заңнамасы Қазақстан әйелдерін басыбайлылықтан азат етуге қатысты қылмыстармен күресте» (1948), «ХVІІІ ғасырдағы және ХІХ ғасырдың басындағы қазақ әдет-ғұрып заңдарындағы қылмыстық құқық мәселелері» (1950), «Мұхтар Әуезовтің «Абай» романындағы қазақ әдет-ғұрып құқығы мәселелері» (1950) және т.б. Тағы бір айта кететін мәселе, заң терминдерінің ең бірінші нұсқасын тізбелеген де Т.М. Күлтелеев болатын. Білікті ғалымның тұңғыш заң терминдері сөздігінің бір данасы ұлттық кітапхана қорында сақтаулы тұр (Н.О.).

«Т.М. Күлтелеев қазақтардың әдет-ғұрып заңдарын жүйелі түрде зерттеу ісінде бірінші жол салушы болды» (С.Зиманов. «Қазақтың әдет-ғұрып заңдарының проблемалары». – Алматы, 1989. 20-б.). Оның зерттеушілік ұстанымы және ғылыми жетістіктері  көп жағдайда келесі зерттеушілер үшін үлгі, бағыт-бағдар болды. Қазақтардың әдет-ғұрып заңдарын оқып-зерттеу және жүйелеу жұмыстарының нәтижесінде 1948 жылы Алматыда Т.М. Күлтелеевтің басшылығымен, көрнекті орыс ғалымы С.Юшковтың жалпы редакциясымен, құқық секторының қызметшілері М.Масевич пен Г.Шакаевтардың табанды еңбегінің арқасында «Қазақтың әдет-ғұрып заңдары бойынша материалдар» атты жинақ даярланып, басылып шықты.

Т.М. Күлтелеевтің ұзақ жылдарғы зерттеу жұмыстарының қалаулы қорытындысы оның докторлық диссертациясы еді, бірақ ол оны қорғап үлгере алмады... 1955 жылы З.Зиманов, С.Булатов, Л.Дюков бастаған шәкірттерінің күш салуымен диссертация монография түрінде жарық көрді. Бір өкініштісі, кітап аз таралыммен шыққан.

2004 жылы осы жолдардың авторының редакциясымен  Т.М. Күлтелеев монографиясының екінші басылымы жарық көрді.  Кітапты дайындаған соң алғысөз жазып берсеңіз деп, заң саласының тағы бір саңлағы, академик С.Зиманов марқұмға тілек білдірдім. Ол кісі қуана келісті. Бірер күннен кейін баласы Ш.Т. Күлтелеевтен рұқсат алып, оқырман қауымға жеткіздік. Жоғарыда айтқанымыздай, бірінші басылым аз данамен жарық көрген еді. Екінші басылымында сол олқылық жіті ескеріліп, кітап мол данамен, жақсы сапамен басылып шығарылды. Сондай-ақ библиографиялық сирек кітап ретінде қалың оқырмандарға, заң-құқық саласына маманданушы, ізденуші тұлғаларға, мамандандырылған кітапханаларға т.б. тегін таратылды.

Академик С.Зиманов жазған алғысөзде мынадай жолдар бар: «Монографияда 20 жылға жуық уақыт аралығындағы зерттеу нәтижелері жинақталған. Бұл мұндай көлемдегі бірінші еңбек. Әлбетте, оның бірінші басылымынан кейінгі өткен уақыт ішінде ғылым қарыштап алға қадам басты, бірқатар мәселелерді түсіндіруде жаңа ұстанымдар пайда болды. Дегенмен, соған қарамастан Т.М. Күлтелеевтің кітабы өзінің мән-маңызын жойған жоқ. Төңкеріске дейінгі Қазақстанның саяси және құқықтық тарихын зерттеуші бірде бір ғалым-маман кеңестік Қазақстандағы ғылымдық-құқықтық дамудың бастапқы кезеңін айшықтайтын бұл еңбекті айналып өте алмайды».

Сөйтіп, тұңғыш қазақ заңгер-ғалымының классикалық еңбегі Қазақстан мемлекет және құқық тарихы бойынша, осы саладағы одан кейінгі зерттеулердің бағытын анықтап берген, бірқатар мәселелер бойынша осы күнге дейін маңдай алды, озық үлгілі, негізгі қайнар көздердің бірі болып қала береді.

Аталмыш кітап мынадай негізгі тараулардан тұрады: Феодалдық Қазақстанның қоғамдық-саяси құрылымының негізгі сипаттары; Қазақстан қылмыстық құқығының қайнар көздері;  Қазақ әдет-ғұрып құқығындағы қылмыстық құқық туралы жалпы түсінік; Қазақ әдет-ғұрып құқығындағы қылмыстық құқықтың ерекше бөлімінің мәселелері. Оның ішінде, ғалым халқымыздың тылсым замандар қойнауынан тамыр тартатын әдет-ғұрып заңдары туралы, оның қайнар көздері, қылмыс пен жаза түрлері жан-жақты талданып, жіктеліп, жүйеленіп берілген. Ғылыми негізделген.

Қанша дегенмен, өткен ғасырдың 30-шы жылдары ойға тұсау, тілге тиек салынған аумалы-төкпелі кезең еді ғой. Соған қарамастан, социалистік құрылыс қатты қарқын алған, өткеннің «сарқыншақтарына» қарсы ашық күрес жарияланған қаһарлы жылдары ғалымның ұлтымыздың асыл мұралары – ата-бабадан ауысып келе жатқан әдет-ғұрып заңдарымызды жеріне жеткізе зерттеп, тұтас ғылымға айналдыруы көзсіз ерлік деп бағалауға лайық еңбек. Әлбетте, Т.М. Күлтелеев бірқатар мәселелерді сол заманның ығына орай, астарлап айтып, тұспалдап жеткізген. Және де уақыт, қоғам талаптарына сай бірқатар заңдардың көнеріп, қолданыстан, сұраныстан шығып отыратыны да қалыпты құбылыс. Автор осы жайларды да батыл сөз етеді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, ұлттық ұлы мұраттарымызды жаппай мансұқ етпей, қажеттісін, қадірлісін ақтап, елдің болашағына, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне жаратуды алға тартады.

Қорыта келгенде, көрнекті ғалым Т.М. Күлтелеевтің артында қалған мол мұра, жоғарыда С.З. Зиманов айтып кеткендей, әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Тіпті бүгінгі Тәуелсіздік талаптарына сай құқықтық мемлекет құру барысында бағасы арта түскен сияқты.

Қазірде республика көлемінде жаңа Қылмыстық кодекс, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасын талқылау басталып кетті. Түрлі ғалымдар, іс басындағы мамандардың осыған байланысты ой-пікірлері баспасөз беттерінде үзбей жарық көріп жатыр. Сондай-ақ осы тақырыпқа арналған конференциялар, басқосулар, пікір алмасулар жиі ұйымдастырылуда. Алдағы жылы Парламент қабырғасында да сөз болады деп күтілуде.

Осы орайда қоғам үшін аса маңызды сол істі атқару барысында Т.М. Күлтелеев мұраларына да айрықша назар аударып, бүгінгі талап тұрғысынан қайта бағамдап, қажетке айналдырса нұр үстіне нұр болар еді.

2011 жылы заң саласындағы біртуар тұлға Тайыр Молдағалиұлы Күлтелеевтің туғанына 100 жыл толды. Өкінішке орай, осы айтулы дата тіпті де атаусыз қалды. Игіліктің ерте кеші жоқ. Ендігі жерде зерделі ғалымның мұраларына жиі қайрылып, оны кеңінен насихаттай беруден басқа мұрат болмаса керек.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,

заң ғылымдарының докторы,

ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 618
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 367
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 361
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 367