Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 480 1 пікір 16 Сәуір, 2024 сағат 15:55

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

Сурет: ҚазҰУ сайтынан алынды

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Конференция аясында университет факультеттерінде жүзден астам секция жұмыс істеді.

Секциялар қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жүргізілді. Конференцияға әртүрлі ғылым салаларының жас зерттеушілері арасында ғылыми идеялар алмасу алаңы түрінде 300-ден астам отандық және жақын, алыс шетелдерден келген жас зерттеушілер қатысты. Жалпы, «Фараби әлемі» конференциясы 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Конференцияны ұйымдастырудағы басты мақсат – студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу және оқу-ағарту қызметін дамыту, жас ғалымдардың ғылым саласындағы өзекті мәселелерді шешуге қатысты  ұсыныстарын тыңдау, әрі талантты жастарды қолдай отырып интеллектуалды орта қалыптастыру.

Конференцияда ғылымның түрлі салалары бойынша теориялық, эксперименттік және қолданбалы бағыттағы  секциялар бойынша баяндамалар тыңдалды. Заң факультеті Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы  да университетіміз үшін маңызды шараға белсенді атсалысты.Кафедра атынан қатысқан жас ғалымдар қазіргі таңдағы өзекті мәселе болып отырған заң саласындағы түйіні жоқ түйткілдерді айтып,сот жүйесіндегі маңызға ие тақырыптарды талдап өтті. Тұрақты даму мақсаттарының  бірнеше аспектілері де жас ғалымдар арасында баяндалып өтті. Дәстүрлі түрде өтетін шара шеңберінде студенттердің инновациялық жобаларының көрмесі  де ұйымдастырылған болатын.Көрмеге жиналғандар ҚазҰУ студенттерінің барлық салада жасалған заманауи инновациялық жұмыстарын тамашалады. Конференция жұмыстары қорытындысы бойынша материалдар жинағы жарыққа шығару жоспарланған. Конференцияға Индонезия, Корея, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. елдерден келген сарапшы-ғалымдар қатысты.Байқау жеңімпаздарын университет ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтап, жас ғалымдардан болашақта үлкен үміт күтетінін жеткізді.

Усеинова К.Р.,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты. 

Базартаева Е.Б.,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің магистранты.

Abai.kz

1 пікір