Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әдебиет 2218 0 пікір 9 Ақпан, 2024 сағат 14:01

Көдек ақын Қытайда

Сурет автордың ұсынылуымен жарияланды

Қазақ халқының дарынды азамат ақыны Көдек Байшығанұлы Маралбай (1888 - 1937 ж.) Қытайға 1930 жылдың күзінде өтіп, қазіргі Моңғылкүре ауданының Ақдала деген жеріне келіп қоныс алды. Онымен бірге әйелі Мәтіп, ұлы Айтуғанмен Күлән деген қызы бірге келеді. Ол кезде Айтуған толық үш жасқа толмаған еді. Алғаш келгенді бірді-екілі міністік көлігінен басқа мал да, дүние-мүлік те болған жоқ. Өйткені өз отбасына жетерлік малы мен мүлкі, басындағы үйі сол қалпында жұртта қалған. Келісімен беткейге сүйеп жер үй қазып, төбесін шөп-шалаңмен жауып кіріп алған еді.

Мұны ақынның «Тышқан» деп аталатын, Қытайға келгеннен кейінгі жазған тұңғыш өлеңі де дәлелдейді. Бір күндері елінің алақанында әлпештеніп, сый-құрметіне бөленген, бәлендей бай болмаса да «ішкені – алды, ішпегені – артында» тұрмыс кешірген Көдекке бұл күн көріс өте ауыр тиеді.

«Біз көшіп Ақдалаға күзде келдік,
Бұрыннан жергілікті халықпыз деп,
Тышқан да араласты бізге келіп...
Рас бір аруақ атқыр «халық» екен,
Барлығын залалының білмеп едік
Бір қаптай жасап алған тарымызды
Жүріпті тасыпты да күнде келіп,
Жүргенін оның не қып байқамаппыз,
Емес қой ақылдасқан бізге келіп!
Әуелі онан ары ерегесіп,
Қашырды берекесін інге көміп.
Апырай, қорлығының өткенін-ай,
Ұйықтатпай қапты тескен түнде келіп!..» – деп, бір қыс тышқанмен айтысып шығады.

Былай қарағанда, бұл өлең әншейін бір күлкі үшін шығарылғандай болғанымен, шындығында бұрынғы өмірімен салыстыру мақсатында, өксіп отырып жазған өлең еді.

Қысты Ақдаланың ақ түтек боранымен алысып өткізгенімен мамыражай көктем туып, жадыраған жаздың лебі ескен соң Аттың тауына жайлауға шықты. Баяғы Шалкөдедегідей ақбоз үй болмаса да, басына бас қалқа – қоссымақ бірдеңені қалқайтып алды.

Қыс бойы Ақдалаға бұрын-соңды келіп қоныс алмаған біраз Айт туыстардан басқа, Албанның Қоңырбөрік, Шүйке, Биеке, Бәймен сықылды руларынан басқа табанды Албан Ақдалада тым аз болатын. Көбі моңғылдың Зұрған сұмылының (ауылының) адамдары, жазда қайтетінін кім білсін, қыста әр сайға екіден-үштен отбасы қыстайды екен. Әрі олар баяғыша киіз үймен қыстан шығады дейтін. Оны өзі де осы қыста көзімен көрді. Әр сай сол моңғылдардың қыстаған адамдарының атымен аталатын көрінеді. Мәселен, Үрімжілдің сайы, Мошқаның сайы, Неманың сайы деген сықылды. Тек Текес суының солтүстігі мен Аттың тауының екі арасын алып жатқан жалпақ жазық қазақша «Ақдала» деп аталады екен. Мұны сол жердің тұрғын қазақтары ақынға Ақдаланың қалың шиымен байланыстырып түсіндірген болатын. Шындығында Ақдаланың шиы қалың, қопа, мар-мар болып биік өскені сонша, ішіне кіріп кеткен атты кісі көрінбейді дейтіндей екен. Қар қанша қалың түскенімен мінісі жылқыдан бастап, сиырларға дейін осы шиге сүйеніп, қысқа жонын бермей шығатынын да осы қыста көзбен көрді.

Ақдала моңғылдарының ең мықтысы Үрімжіл деген бар деп естігені болмаса, көрген жоқ. Отырықты қазақ жігіттерімен нәжі (тамыр) болып араласып тұратын Тұда, Әлік дейтін жігіттер шала қазақшалап: «Сізді қазақтар үлкен ақын деп жатыр, бізге өлең айтып берші» деп бірнеше жол келгені болмаса, олармен басқалай барды-келді жасаған жоқ. Тұрғындардың айтуынша, қазақтар Аттың тауының әрбір сайын бір тайыншаға беріп майлап (жалдап) отырады екен. Бұл ақы сол сайдың басындағы жайлау-қонысты да өз ішіне алатын болып келісіпті.

Қыс бойы аттың тауының күнгейіндегі ел Көдек ақынды ерулікке шақырып, сый көрсетіп еді. Бірақ ақын елдің бұл ақ ниетіне адал көңілмен ризашылық рақыметін айтқаны болмаса бұрынғыша шешіліп, ақтарылған жоқ. Артта қалған елін, жерін, туыстарын ойлап өзегі өртеніп, жабығумен өтті...

Жайлауға шыққан соң таудың арғы бетіндегі елден амандаса келгендердің аяғы үзілмеді. Бәрі-ақ ақынды көрсек, сөзін, жырын естісек дейтін секілді. Қоңырбөріктің Құланбек зәңгісі (зәңгі – мәнсап аты), Қожбатбеттің Нақысбек болысы, Жетібайдың Әбдірақман зәңгісі қатарлы кісілерде азық-түлігін, бір-жар сойысын алып келіп қайтты. Бәрінің де тілегі ақынның көңілін орнықтырып, осындағы тұрғын елмен етене тұрмыс кештіріп, бірге болу еді.

Дәл сол жұртта отырғанда қазақтың ғұлама ақыны, діни ғалым Жүсіпбекқожа Шайхыслам келді, ол кісі де шекарадан Рамазан деген адамның көмегімен қашып өткен екен. Сол Рамазанға рақыметін айту үшін, әрі Аттың тауында отырған Көдек ақынғада жолығып қайту үшін арнайы келген екен. Екі ақын Аттың тауындағы ел-елдің сыйлы қонағы болып, аптаға жақын бірге болады.

Дәл осы кезде ел ішінде: «Қашқынды қайта өткізіп береді екен» деген қауесет тарап еді. Екі ақынның көп ойласқаны да, ақылдасқаны да осы жөнінде болды. Жүсіпбекқожаға: «діни уағызшы», «Кеңес өкіметіне қарсы халық жауы» деп ат қойып, айдар тағып қолға алатын болған соң әйелін, інісін бала-шағасымен алып қашқан еді, Көдектің де өз жайы өзіне белгілі еді. Енді Кеңес одағына қайтып барса, оларға жақсы күннің жоғы белгілі еді. Сондықтан олар ақылдаса келе: «Советке қайтпау керек, ол үшін тездетіп арызданып Қытай азаматтығына өту керек» деген бекімге келеді. Содан көп ұзамай олар өз тұрғылықты орындағы үкімет орындарына өтініш тапсырып, сол 1931 жылдың қазанында бұл тілектеріне жетті. Мұны естіген қалған Албан босқындары да арт-артынан осы жолмен Қытай азаматтығына өтіп тындым болады.

Осыдан былай Көдек ақынның да, барлық босқын елдің де күдігі арылып, елмен, жермен танысам деген ой түседі. Қасына ағайындас туысы Керімқұлды ертіп алып Текестің екі жағасындағы тұрғын Албанды, олардың болыс (ақылақшы), мампақ, зәңгілерін аралап шықты. Бірақ бұл сапарда ақынның көрген-білгені көңілінде қалғаны: ақын ойынша мұндағы тұрғын ел Ресейдегі Албандар сықылды зор көлемді босқындықты, бүліншілікті, зорлық-зомбылықты бастан кешірмеген, судың тұнығын, шөптің шүйгінін жайқап, тыныш қана жатқан ел еді. Қайырымы, мейірімі мол болу керек еді, бірақ...

«Бірауыз өлең қылдым тұрғын елді,
Қашып келіп тұрғын елде тұрдым енді.
Байқасам Ресейде болған екен,
Албанның жүйрік шешен бұлбұлы енді.
Солардан айырылған соң, қайран елім,
Кеттің ғой тоз-тоз болып жүнжіп енді.
Тоналып жаңа келген қай біреулер
Аз қап тұр көрінуге тұрмығы енді.
Болғанда үйі жаппа, түзі мынау,
Жұлмалап кім алмады біздің елді!
Бір жарым мініп келген жылқысына
Жолықты ел ішінен ұрлық енді.
«Жүргенде мұртқа өкпелеп, сақал шықты»,
Мұнысы жақсылық па сұмдық енді.
Ел болмай осы бойдан кетерме екен,
Қолына тимей тізгін, шылбыр енді?!

***
Бұрынғы бұл жақтағы тұрғын Албан,
Қараған бір ауызға бірлігі енді,
Аралап соны шөпті дүзіп оттап,
Тұнығын ішіп жүрген судың енді.
Аралас қашқын, тұрғын – бәрі бір ел,
Ішіне араластым нудың енді.
Қойыпты тұрғын Албан есік ашып,
Бір шеттен келдім дағы кірдім енді.
Суырша жерді қазып кіріп алып,
Келісіп тұрған кезі сұрдың енді,
Ерулік жөні келсе сұрайын деп,
Аралап келейін деп бірқұр елді,
Ақылақшы, мампаң мен зәңгісіне
Бір өлен желі тартып құрдым енді....» деп жырлаған ақын  «Тұрғын елді аралау» деген ұзын толғауын жазады.

Бұл сапардың көңілсіз болғанын барған адамдарының жөнді ерулік бере алмағанына көңілі толмағандығы ғана деп қарауға болмайды. Мұнан да маңыздысы, бұл елдің жоғарыдан төменге дейін әділетсіз түзімнің шырмауынан арыла алмай, әлеуметтік теңсіздік жайлап жатқандығы еді. Мұны ақын «Тұрғын елді аралау» сапарынан кейін жазған «Кең Текес» атты толғау жырында өте әділ көрсеткен... Өйткені бұл кез Шинжаңдағы милитарис Жин Шурын билеп-төстегеніне екі жылдан енді ғана асқан кез еді.

Тарихтан белгілі болғандай, Шин Шурыннан бұрын Шынжаңдағы әр ұлт халқы ежелден қоныс етіп келген бұл өлке 1911 жылы Сұн Жұңшан басшылық еткен Шинхай төңкерісінен кейін 1912 жылы Яң Зыңшынның қолына өткен болатын. Ол 1928 жылы өзінің қарсыласы Фан Яунанның қастандығымен атып өлтірілгенге дейін 17 жыл дара билік жүргізіп, билеп төстеді. Бұл барыста ішкі өлкелерде бір сыпыра өзгерістер болып демократялық ағым өркен жайып, қыруар өзгерістер болғанымен Шынжаң бәз-баяғы қараңғы түнекте тұншығып, ешқандай жаңалыққа бет алмады. Яң Зыңшын өз билігін ғана сақтауды көздеп, сыртқа қарата томаға-тұйық, ішке қарата бірін бірімен тізгіндеп, шаужайлаумен айналысты. Яң Зыңшынды өзінің әскери істер меңгерушісі, қосымша байланыс жасау мәнсаптысы Фан Яунан атып өлтірді. Бұл 1928 жылы шілденің 7-күні еді. Яң Зыңшын өлген соң оның орнына Жин Шурын таққа отырды.

Жин Шурынның ұстанған жолы өлкені әскери күшпен басқару болды. Сондықтан ол таққа шығысымен әскери қосынды ұлғайтып, оған қажетті қаражатты халықтан зорлық арқылы жинатты. Бұрыннан кедейлесіп, күйреуге айналған халық тұрмысы онан ары төмендеп кетті. Сондықтан жер-жерде үкіметке қарсы қарулы көтеріліс көбейді. Жан-жақты қыспаққа қалған Жин Шурын үкіметі қалт-құлт етіп бес жылға таяуөмір сүріп, 1933 жылы 12-сәуір күні орнын босатуға мәжбүр болады да, оның орнын орайдан Шың Шысай басты.

Өзінен бұрын өлке тағына отырған екі милитаристің халықтың күшті наразылығына ұшырап, тарих сыпырындысына айналғанын байқаған Шың Шысай өз орнын бекемдеу үшін «6 үлкен саясат» дегенді жолға қояды. Бұл ашығырақ айтқанда: империялимге қарсы тұру, Кеңес одағын жақын тарту, пәк болу, бейбітшілікті жақтау, құрлыс жүргізуді өзек еткен саясат еді, мұны бейнелеу үшін алты бұрышты жұлдызша сызылып, ол Шиң Шысай үкіметі мен армиясының белгісі ретінде қолданылды. Сонымен бірге ол өзін «Дубан» деп атады.

Шиң Шысайдың бұл саясаттары а дегенде халықтың көңілінен шықты, әрі үлкен реформа болды. Шынжаңның аспанын торлап тұрған қара бұлт айыққандай болды. Ұлттық оқу-ағарту, мәдениет және ғылым-білімнің алдында тосып тұрған бөгет ағытылғандай бір жаңа жағдай жарыққа шықты.

Көдек ақынның «Кең Текес» толғауы осы кезде туылып, осы заманды дұрыс бейнеледі. Сөйте тұра ол Шынжаң жағдайында тұтқиыл пайда болған бұл құбылысқа сенімсіздікпен қарады. Ең соңғы нәтже ақынның күдіктегеніндей болып шықты, Шың Шысай дүниежүзілік екінші соғыстағы фашистердің үстемдік алудай уақтылы құбылысты түбегейлі жеңіс деп теріс айналып, халыққа, дамуға, төңкеріске қарсы шықты. Шынжаңда фашистік қырғыншылық жүргізіп, екі қолы халықтың қызыл қанымен боялды. Ал мұның соңы Шынжаңдағы әр ұлт халқының ұлт азаттық күресінің өрлеуіне апарып соқтырды. Ақыр соңында ол Шынжаңнан зытып беруге мәжбүр болады. Бірақ тағдыр Көдекке сол ойының шынға айналғанын көруді нәсіп етпеді.

Дегенмен, сол санаулы сағаты келгенше ол бір талай жұмыс тындырды. Ақдаладағы жер қопада, майшамның жарығында отырып өзі сол ерте күннен бері шығарған өлең-жыр, дастандарын ойында қалғаны бойынша қағазға түсіріп, бес-алты дәптерді толтырады.

Кең Текес

                    І

Хат жаздым қалам ұстап өрнекпенен,
Жақсыны әркім құмар көрмек деген.
Жаратқан он сегізмың ғаламың бар,
Бір Алла қалыбынан өрлетпеген.
Бұрынғы білермендер айтпады ма,
Заман жоқ екі айланып келмек деген.
Сайманы түгел келіп, бұзылмаса
Жүреді мәшине де шөлмекпенен.
Жақсының жүзі жылы болады екен,
Жылымық ашық күндей желдетпеген.
Жүйрік те әр алуан болады екен,
Қай біреу жарысқанда шендетпеген.
Жүрісі жақсы жылқы әуес болар,
Жорғаны кімдер мініп терлетпеген.
Кісіге біткен мінез қалмайды екен,
Қалжың сөз әлі айтамыз ермекпенен.
Балалар, өлен жазып жіберейін,
Болады сөз қызығы білмек деген.
Бір қатар замананы бізде көрдік,
Бала едік ол уақытта ержетпеген.
Жауынмен жер, батамен ер көгерер,
Адамның бүрленбегі перзентпенен.

***

Ат тауы шөбің шүйгін, суың нашар,
Ежелден бір қатар ел жерлеп келген.
Бұл жерде туыстарға араласып,
Құмар қанды жұрттың шөлдеп келген.
Мысалы, қойға қозы жамыраса,
Оңай ма ажыратып бөлмек деген.

Іледе төрт түбірік әулие бар,
Жер екен қонысынан ел кетпеген.
Тағдырдың жазуында солай ма екен –
Ырызғы адамдарға тең жетпеген.
Шыр етіп жерге түскен уағында,
Ешкім жоқ дүниесін теңдеп келген.
Болғанда аспанда тор, жерде қақпан,
Осылай осы Ілені шеңбектеген.
Меншікті жермен судың иесі бар,
Кедей мен кембағалға жер жетпеген.
Қысы-жаз, күндіз-түні тыным алмай,
Өмірі барады өтіп бейнетпенен.
Жалғасып осы бойдан кетерме екен,
Бақыт жоқ тұрмысында зейнеттенген.
Қаптаған жаз айында қалың маса,
Бар екен бір пәлесі «безгек» деген.
Селкілдесе жан терін шығарады,
Бар-жоғына өзі де көз жетпеген.
Белгілі ірі дохдыр болмаған соң,
Айтқаны бақсы-балгер шендеспеген.
Ішек түйіп қыстырып шаңыраққа,
Біреуінің дауасы емдеп көрген.
Кедей байқұс әр жақта азапта жүр,
Құрт ауруы сияқты жемдес келген.
Кезіккеннің ұғынсам ахуалын,
Көзінен жас, көңлінен шер кетпеген.
Жоқ жомарттың байлар деп екі қолын,
Кедейшілік кімдерді дендетпеген.
Байлық пенен пұл күшті осы күнде
Тілді-ауызды адамды сөйлетпеген.
Өр көңіл де, өктем сөз осыларда,
Жақындаса жаныңа «ей!» деп келген.
Оңайлықша бұл азап арылмайды,
Нөсер бұршақ алмаса сел боп келген.

ІІ

Кең Текес шөбің шүйгін суыңменен,
Тентегің басылмады-ау қуыңменен.
Жылқының мандам болған арқасындай,
Мәнсаптың байланысты ұрыңменен.
Албанда ақалақшы алтау екен
Бұл жаққа дәм бұйырып бұрын келген.
Жиылыс пәлен жерде болады деп,
Тарқайды әңгімесі сыбырменен.
Жақсы боп жұрттың бәрі тең туама,
Болады әрқайсысы сыныменен.
Аралап кәрі-жасын көріп едім,
Бұл елдің сұрасаңыз сырын менен.
Жақсының қатарына бара алмайсың,
Жақпасаң қолыңдағы пұлыңменен.
Күйі ауған нашар байқұс толып жатыр,
Кетіпті есеңгіреп шығынменен.
Күн қақты қарашалар көп-ақ екен,
Жылқының жауырындай шыбын жеген.
Не жақсы, не жаман бар жұрт болған соң,
Біреудің біреу алдап пұлын жеген.
Абайлап жөнді білген су кешеді,
Болама таяз бірдей жылымменен,
Бұрынғы білермендер айтпады ма,
Жақсы деп түсі жылыдан түңілмеген.
Ашуы кемеңгердің болмайды екен,
Байсалды, түсі жылы күлімдеген.
Бар болса сүйегінде, күйі келсе,
Жарыста күлік емес жүгірмеген.
Айтар сөз ырғағына енді келер
Үш түрлі сөйлегенде буынменен.

ІІІ

Заманнан бұл Дутұңның көріп едік,
Еңбегін бұқараның сіңірмеген.
Шабарман, шеріктері жүргенінде,
Жылқыда ат қалды ма мінілмеген.
Жарлының жалғыз атын мініп алып,
Арқасы жауыр болып іріңдеген.
Бір ауыз сөз қайырып жауап айтсаң,
Іліндің бір пәлеге қырын келген.
Нашарға өте-мөте қырын келіп,
Кім қалды ол уақытта сүрінбеген?
Тоңқайтып дүре басып кетуші еді,
Биенің құйрығындай құлын жеген.
Жаныңды ұрған сайын шығаратын,
Бұзау тіс қамшысымен жұмыр келген.
Құйрықтан қан аралас су шығатын,
Бекітіп тоқтатпасаң тығыныменен.
Көтіне көсеу таңба басылғаны көп,
Жігіттер, ұмыттың ба шыныңменен.
Тиген соң бұқараның жүрегіне,
Текестің көпіріндей дірілдеген.
Бір асқан бір тосқанға тура келіп,
Дутұң да өте шықты дүрілдеген.
Басқаша Шың Дубанның жолы одан,
Қармағы бұқараға ілінбеген.

ІV

Шың Дубан Үрімжіде тұрғанында,
Іле ұлығымыз Сылиң деген.
Бай, жарлы, жақсы, жаман бірдейсің деп,
Билеген боп жүр елді білімменен.
Жақысы оқыт балаларды деген сөз бар, –
Жетіліп өнер тапсын білімменен.
Қамшы ұрып, қатты айту жарамайды,
Ақырын айтқын депті тіліңменен.
Ашуды ақыл басар дегендейін,
Сөз жылы, жұмсақ болса жібір деген.
Бас қойып ескі ұлықтай тақсырламай,
Тізесі барған жанның бүгілмеген.
Әртүрлі пішіп қойған жорналы бар,
Жалғыз-ақ мәшинемен тігілмеген.
Жасатып жөнді жерге суға көпір,
Асуға жол шаптырып түзулеген.
Ілеге бес аймақ боп қарағалы,
Пәретке бұрын мұндай тізілмеген.
Еліңмен ақылдасқын деген сөз бар,
Бұрынғы жүрмеңдер деп ізіңменен.
Еліңнің бірлігіне көз сал деген,
Жақсарсын ынтымағы үзілмеген.
Қалмаққа киім жағын түзе депті,
Бұрынғы жүрмеңдер деп түріңменен.
Лама, кешілдер қатын алсын деген сөз бар
Секілді қызыл бұқа күжілдеген.

Жадағай жалқау өскен жұрт емес пе
Сықылды қатық айран сүзілмеген.
Жайдары ұлығымыз деп мақтанып,
Соған-ақ бай, жарлысы білінбеген.
Ұлықтың солай айтқан жарлығы бар,
Бұрынғы жүрмеңдер деп түріңменен.

V

...Түлкінің алпыс түрлі айласы бар,
Бұл сөзді жан ұқпайды үңілмеген.
Күн мен түн, жаз бенен қыс ауыс-күйіс,
Кешегің бірдей келмес бүгінменен.
Біреулер ақ патшаны әділ деген,
Адамдай болмады ма шыбын жеген.
Бұл Дубан болғанменен жайдары-ашық
Құпия аржағында білінбеген,
Болмасын ертеңгі күн кім біледі
Бурадай қаңтардағы жынын жеген?!

***

Аттың тауы – Текес, Моңғұлкүре аудандарының аралығындағы тау аты.

Төрт түбірік улие –  Төрт мазар.

Бу Дутуң – Яң Зышин үкіметінің Іле аймағының билеушісі.

Шың Дубан – Шың Шысай.

Сылиң – Ілені билеген әскери бастық.

Көдек Маралбайдың сағым суретін салған, белгілі суретші Әбдімәжіт Ертуғанұлы.

Белгілі баспагер, ақын-жазушы, әдебиеттанушы ғалым Тәліпбай Қабаевтың Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан шыққан «Көдек Маралбай» (2008 ж.) кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Жалғасы бар...

Abai.kz

0 пікір