Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әдебиет 1793 8 пікір 29 Қаңтар, 2024 сағат 15:04

Құдайберген Сәйдуақасұлы. Қырғын

Сурет: Google іздеу жүйесінен алынды

Басы: Аңдысу

Жалғасы:                                        

Қарақолдағы қырғынның хабарын естісімен Диқанбай өз ауылы Сырымбет руынан қырықтай жанұяны бастап, ата қоныстан ауылды қайта қозғап қалың нулы Қарағайлы сай деген жерге барып бекінгендей болды. Біраз уақыт ішінде артқы жақтан іздеген адам, анық хабар да жоқ, ауыл әуелгісіндей мамыражай күннің шуағына малынып, тыныштықта бейқұт күндерін көңілді өткізіп жатты. Бірлі-жарым жолаушылардан естуге қарағанда, Қарақолдағы Николай солдаттары быт-шыт болып бытырап, қаланы тастап кеткен де, Албанның басқа аталарынан бір талай адамдар сүйек иелерімен бірге барып өлгендерді көріп, әр ру өз сүйектерін әкеліп жерлеп те қойған көрінеді. Қарқарадағы дүрбелеңнің дүбірін естігені болмаса, өз ауылынан нақтылы бір адамның онда болғаны беймәлім. «Пәлен ауылдан бәленше дүрбелеңді көзімен көріп, сатуға алып барған малын сата да алмай жанын сауғалап, малын тастап зорға қашып келіпті. Шатырлардың шәк-шәлекейі шығып, жәрмеңке тарап кетіпті» деп, естіген шын-өтірігі белгісіз хабар ғана бар. Қалтырап құз түбіне  құлау алдында тұрған өкіметтен күдерін үзіп, жаңа өкіметке жылдамырақ бағыну мен өз елін құтқарып қалуды ойлаған Диқанбай батыр, бір жағынан аз күн сабыр сақтап, сақтықпен күте тұруды жөн санаса, енді бір жақтан кішкентай Қарақолды алдаусыратып әдейі тастап кеткен болар. Біресе тарттырып қойып, біресе қайта тартып алатын соғыс айласының бірі шығар. Кәрі сайқал Николай әлі құлай қоймаған болар, уақтылы тауға арқа сүйеп, күшімді топтап, мылтығымды оқтап, сабырмен сақтана тұра тұрайын деген оймен, «енді өзім ешкімді де іздеп бармаймын, егер қара ниеті қабынып өздері іздеп келіп жатса, аулымнан тосып айқасуға бармын» деп, ертеректе сатып алған көнелі-жаңалы алты бесатардың оғын санап, қара мылтықтарға қорғасын оқ құйып, дәрісін құрғатып, пыстандарын жаңалап, өз баласы Мышанды бастық сайлап, сай аузынан жоғарылатып ұрымтал тұстарға қарауыл қойып, сайлауат жігіттерді барынша қаруландырып, сақадай сай тұруларын тапсырған болатын.

Ауылдың осы бір тыныштық кезінде, «Кіші жүз деген елден болам, руым – шала қазақ. Мені солдатқа алмақшы болғанда қашып кеттім. Биыл жаңа мұғалім болып, елдің сауатын ашатын жылым еді, өкінішке орай жан сауғалап осында келіп қалдым. Құдай оңлап большевиктер жеңіп, заман тынышталса еліме қайтіп кетемін», – деп, ауылда оншақты күн жүрген жігіт, домбырамен өлең айтып, қарттардан өлең-қиссалар жазып, тарихи әңгімелерді түрткіштеп жүреді де, бір күні қайда кеткені беймәлім ізім-ғайым жоқ болады.

Өзгенің сөзіне өлердей сенетін ауылдың ақ жүрек, аңқау да аңғал адамдары баяғы оны келді-кеттілердің біріне санап: «Байқұс-ай, жалғызбын деп жүруші еді. Қайда жүрсе де аман болса екен өзі», – деп соңынан жандары ашып, тілеулестігін білдіріп жатты.

Көп кешікпей келген мына хабарды: «Оны қуғындап, соңына түсіп қолға түсіру, қарсылық көрсетсе табанда атып тастап, бар малын қазынаға алу, жалғыз ол ғана емес, бұл іске кесе көлденең болып кедергі келтіргендер болса, оларда атып тасталсын» деген қатаң бұйрықты алған Қарқара Оязы Ақжелке, Қарқара гарнизонынан дереу отыз солдатты таңдап алды да Мирайовтың басшылығында, батыр болыстың аулына аттандырды.

Алып таудың қай шатқалында екенін  ақын жігіттен анықтап алған Мирайов солдаттарын бастап, сарқыраған өзенді өрлеп, «әлі жете қоймадық-ау», – деп, бейжай келе жатқанда, ұрымтал мүйістерде бекініп отырған Диқанбайдың сайлауат жігіттері солдаттардың алдын өрге таман өткізіп жіберіп, алдыңғы қарауыл дәлдеп тұрып «тарс» еткізгенде, солдаттардың біреуі жалп етіп атынан құлап түсті. Бойын босқа салып беймарал келе жатқан Мирайов солдаттары жөпелімде оқтың қай жақтан шыққанын аңғара алмай, қалай болса солай атқылап, «сасқан үйрек артымен жүзеді» дегеннің кебін келтіріп, сасқалақтап сай аузына қарай қайта тартты. Қарап отырған мерген жоқ, орайды қолдан жіберсін бе, сай аузына шыққанша жан-жақтан сатырлатып атқылаған жігіттер талайын жамсатып, соңдарынан қуалай атқылап, ес таптырмай сол қуғаннан жол-жөнекей тағы да бірталайын жер құштырып Тұзкөлге дейін қуып барды. Аттары мықты бірнешеуі ажалдан аман қалып  зорға қашып құтылып кетті. «Қарақолда қайтыс  болғандардың қандары сендердің мойындарыңда» дегені ме? Ешқандай аяушылық жасамады. Жолда жаралы болып жалынғандардың да жандары жаһаннамға жіберілді.

Бұл жолғы жеңістің жемісі боларын болашағы білетін болса да, қазірше  жиырмаға жақын солдаттың бесатары мен қорамсақ толы оғына, казактардың шошақ басты ер тоқымды аттарына  ие болды. Мәйттердің бетін жасырып жүріп, әлгі ауылдан дәм татып кеткен зәнталақтың мүрдесін бірден таныды. Әрі мүрдесін басқалардан бөлектеу жерге жасырып, дәм-тұзға қойдық. «Қызталақ өз обалың өзіңе болсын, жалғызбын деп едің, анық жалғыздық саған осы иен далада сұраусыз, жоқтаусыз шіри бергін», – десті назаланып. Сайды өрлегенде әскердің артында кележатып қайта қашқанда әскердің алдына түсіп қашқан Мирайовтың өлігі сай аузында жатыр екен. Өлікті жиып жатқандар ішінен бір жігіт:

«Екі шенді Мирайов,

Өлігің жатыр тырайып.

Алып кепсің ауылға,

Екі тоғыз, бір айып.

Өлгеніңді естіген,

Қатының жылар мұңайып», – деп, жігіттерді  ду күлдірді.

Жігіттің бұлай айтуы, өлген он тоғыз солдаттың он сегізін бір тоғызға, Мирайовтың өзін бір айыптқа балағаны екен. Солдаттар сай аузына шыққанша мылтықтың қайдан атылып жатқанын біле алмай, қайта қашқаннан басқа амалы болмады. Тек  қана сай аузына шыққанда артына түскен оншақты адамның өздерін қуа соғып келе жатқанын көріп, айбарланып артына сес көрсетсе де, сасқалақтап сасқандарынан болар, оқтарын дарыта алмай, қазақтан шығын шығара алмады.  Аржағынан Совет қызыл армиясынан қырылып, арқа сүйері әлсіреп, жаны тырнақ ұшына келіп, абдырап тұрған Қарақол оязы «батыр солдат» деп атаған әскерінің қарабайыр қыр қазағынан аямай қырғын тапқанынан хабар алғанда, қатты шошып, сасып, өкініш өзегін өртеп, намыстан өле жаздады. Десе де өзіне-өзі басу айтып, қазірше уақытты біраз өткізе тұрып, қазақты алдаусырата тұру, орайын тауып кеткен кекті келістіріп отырып қайтару үшін, «Қашан менен бұйрық барғанша сақтықпен күте тұрыңдар», – деп Қарқара оязына тапсырма берді. Шынымен де арада біршама уақыт өткен соң, «Уақытты ұзарта бердіңіз ғой, бір уыс қазақты өстіп есіртіп, төбемізде ойнатып отыра береміз бе? Бұйрығыңызды беріңіз, секем алып бір жаққа ауып кетпей тұрғанда, тап беріп талқанын шығарайын» деген ашу-ыза кернеген Қарқара оязының талап хаты бойынша, «Қарақолдан тағы да бір бөлім солдат ажыратып, қалған күшті өзіңнен қосып, алдыңғы жеңілісіңді сөзсіз жеңіске айландыр. Барынша абай бол. Қала далаға, дала қалаға ұқсамайды», – деп қатаң тапсырма жіберді Қарақол оязы. «Міндетіңізді мінсіз орындаймын, бұл жолы менен сөзсіз жеңіс күтіңіз» деп қайта жауап хатын жіберген Ақжелке, тамыз айының бас шенінде, сақадай сайланған, мұздай қаруланған қырық солдатты Диқанбай батыр аулына қайта аттандырды.

Алғашқы ағаттықты аңғалдықтан тапқанын есінде берік ұстаған солдаттар бастығы жайбарақат жүріспен болыстың бір ауылнайы Келекенің үйіне келіп, «Ауыл бастығы мырза, біз мініске ат, сойысқа мал аламыз, өзің қарайтын болыстық жерден бізге жинап бересің, кәне атыңа қонғын», – деп үйінен ертіп шықты да, ауылдан анадай жерге ұзап шыққан соң, «Ей, оңбаған, иттің күшігі, сен бізге анау Диқанбай деген төбетіңнің аулын тауып бересің, егер тауып бермесең, көретінің мынау», – деп қоқиланып, қылышын қынабынан суырып алып, бұлғақтатып, астындағы атын аударып алды да, солдаттың бір жаман шолағына міндірді. Шарасыз алдына түсіп келе жатқан Келекені: «Сөйле қазақ, аузында тас бар ма?» – деп, жанаса келіп, қамшының астына алды.

– Тақсыр-ау, мен жаз болғалы болыстың аулына бармадым, себебі, болысқа біртүрлі қорқыныш бітіп, көрінген адамнан күмәнданып, секемшіл болып алды. Патшаның бұйрығы бойынша, болыстық жерімізден солдатқа бала берсек қайтеді? Дегеннің бірі мен едім. «Сен орысқа сатылдың, сатқын неме, ұрпақтың бетіне қалай қарайсың, әруақтан ұялмайсың ба?» – деп, мені бір жиналыста қатты янаттап кетті.  Батырлығына сеніп менен басқа да ауылнайлардың тілін алмайды», – деп, қорқып келе жатқан Келеке шыны ма, жалғаны ма әйтеуір өзін ақтағандай болып, құтылудың айласы деді білем, «Мен сіздерге болыстың шөп шауып жатқан адамдарын тауып берейін. Солар арқылы болыстың аулын табасыздар», – деп, жауап қатты. «Болыс батыр, сен не, қатынсың ба? Қорқасың, ә тағы », – деп Келекені онан әрі қорлай түсіп, тағы да қамшы мен бір-екі тартып-тартып жіберді.

Ауылнайды алдына салған сақырлаған солдаттар, аттарының сары желісі мен Кіндіктастағы шөп шауып жатқан Диқанбайдың он бір адамына бесін мезгілінде жетіп келді. Осы жаңа ғана келген екі мес қымыз бен пысқан етті ортаға қойып жеп отырған жігіттер, Айыркезеңнен көлбеңдеп шыға келген жалғыз атты көріп: «Анау кім болды екен», – деп отырған да сопаң-сопаң етіп бірінен соң бірі шығып, барған сайын көбейіп, алды еңістеп өздеріне қарай суыт жүріп келе жатқан шоғыры отыз-қырықтай адамның жүрістерінен, абыржып, аңырып отырғанда, таяп қалғандардың алдында кележатқан адамның Келеке екенін жазбай таныды. Үстіне ұзын пальто киіп, мылтықтарын тақымдарына қысып алған адамдардың бәрінің де солдаттар екенін енді ғана білген шөпшілер: «А!» – деп айтарға сөз, қыларға қайраты қалмай, состиып  үн-түнсіз тұрды да қалды.  Қаруларын серт ұстап тұра қалған солдаттар, «қозғалмаңдар!» басқаны айтпай, бірнешеуі жалма-жан аттан қарғып түсіп, қымыз алып келген жылқышы жігіттің атының ерін сыпырып тастап, бір солдат атын ауыстырып мінді де, анадай да арқандаулы тұрған бір биені жылқышыға мінгізіп, қалғандарды жаяу айдап Диқанбай аулына қарай тартты. Манадан бері осы жағдайды өз көзімен көріп тұрған, шалғышылардан алыстау жерде шөмеле салып жүрген болыстың кіші баласы Әлдибек пен Сүмен (екеуі де он алты жаста болатын) қапталдағы төте жолмен ауылға қарай зып беріп, құдай оңлаған да солдаттардан сәл бұрын ауылға жетіп үлгірді.

Бүгінгі таң намазының алдында Диқанбай бір сұмдық қорқынышты түс көріп, Құдайды аузына алып, орнынан ерте тұрып, таң намазынан кейін  шешесіне түсін жорытып, ауыл адамдарын таңертеңгі шайга шақырып, аруақтарға атап құран оқып, соңынан бір қойды құдай жолына арнап сойып, елге етін таратып беріп, біразын пішеншілерге қымызбен бірге жіберген болатын.

Түсінде ап-ашық сайды өрлей соққан бір құйын ауылға жетіп келіп, әр үйдің шаңырағын арлы-берлі шайқалтып, түңлігін желпілдетіп, қапталдағы қалың қарағайды апыра-жапыра ішінен бірталайын түбімен қопарып, қобыратып барып тоқтаған да, «Ой, тәубе, боранға жығылмаған қарағайдың құйынға жығылғаны несі?» деп есігінің алдында тұрыпты. Әлгі құйын ұшырған топырақ көзіне құйылғанда, екі қолымен бетін басып еңкейсе басынан тақиясы топ етіп жерге түсіпті, көзін уқалап ашса құйын сайды өрлеп кеткен екен, күн  әуелгісіндей шайдай ашылып қалпына келген. Түсін жорыған шешесі: «Әй, балам, солдаттар және де келіп қалар ма екен? Қарағайлардың құлауына қарағанда, олар тағы да бізден шығындайтын көрінеді. Шаңырақ шайқалғанымен үй жығылмаса, ауыл аман болады екен. Ата-бабалардың   аруағына  құран оқып, бір малды құрбандыққа шал!» – деген болатын. Қорқыныш пен қобалжу еркін билеген Диқанбай бүгін күндізгі  ұйқыны қойып, жоғарғы елге баласы Мышанды аттандырып, ел-жұрттың сақ тұруын тапсырды. Бесін намазын оқып, енді ғана далаға шыққан Диқанбай алқына жетіп, асыға-үсіге дірілдеп-қалтырап айтқан сұмдық хабарды естігенде сасып қалды. Жөпелімде не дерін білмей, бар аузына түскені: «Апыр-ай, Мышан. Қайда кетіп қалды» – деп, өз баласын бір-екі қайталап, соңынан: «Батырқан қайда? Төленді қайда?» – деп ес тұтып жүрген ауылдың бірнеше атпал азаматтарын жоқтап, қиялы қырыққа бөлініп, ойы тұйыққа тіреліп, қайтерін білмей сипалақтап тұрғанда алдарына жаяуларды жапыра айдап, мылтықтарын кезеп ауылға жақындаған сайын, айқайға басып, сатырлатып қуалап, ауылға  қарата тарсылдата оқ атқылап, одағайланған орыс солдаттары жетіп те келді. Оншақтысы дереу болыстың үйін қоршап, болысқа «қозғалма!» дан басқаны айтпай мылтықтарын кезеніп тұра қалды, қалған солдаттар ауылды айнала шапқылап қоршауға алды. Араларынан бірнешеуі аттарынан секіріп түсті де, табанда Диқанбайға қосып, айдап келгендерінің бәрін байлап бір үйге қамады да, басқа үйдегілердің барлығын тырп еткізбей, сыртқа шығармай, үйбас сайын қарауыл қойды. Әлгі аттарынан әлі түспегендері ауылды айнала шапқылап сес көрсеткенде, ауылдың бар иттері жабыла шулап, солдаттың шолақ құйрық аттарының шаужайына шапты, жұртын қорғамақ болған байқұс иттердің көбі атылған солдат оғына ұшып жер құшса, оқ дарымай қалғандары мен жаралы болғандары ауыл бетіндегі қалың аршаға қарай қашып шығып, жанына жарасы батқандары қаңқылдаса, саулары саңқылдай үріп, тауды азан-қазан басына көтеріп, мынау бір қанпезер-қанқұйлы қаңғыған албастыларға лағынет айтып, қарғыс жаудырып жатты. Айтпақшы солдат таяп қалғанда далада ойнап жүрген Кәкіжан қорыққанынан қашып, ауылдан алыстай бергенде атып тастаған болатын.

Бастығы Диқанбайдан тартып барлық еркек кіндіктіні түгел байлап керегеге таңып тастағанда, жіпсіз байлауда қалған жалғыз Келеке аяғы басудан, аузы сөзден қалып, дір-дір етіп, демі ішіне тартылып, екі солдаттың ортасында тұрды. Өзінің аталас туысқандарымен бірге үлкен жайлаудан жақында ғана көшіп келіп, орта жайлауда отырған болыстың жиырма шақты ауылы, айналасы бесін мен  намаздыгер арасында осындай бір көк мылтық астында жылаған баланың үні өшіп, үлкендердің жаны мұрының ұшына келіп, бейне бір ескі мүрдедей сүркейлі сұмдық күйге тап болды да қалды. Ендігі кезекте ауылдың қатын-қалашына, бала-шағаны қосып үш-төрт үйге жеке қамады да, үйлерге тінту жүргізе бастады.

Теңкиіп жатқан теңдердің арқаны қылышпен қиылып, сандықтар балтамен шабылды, өрелі ақ киіздер кескіленіп, жарамды деген мүліктер бір орынға жиналды, бар көрпенің тысы сылынып алынды да жүні ақтарылып тасталды.  Ши менен туырлық арасына, жүк артынан табылған оншақты мылтықтың ішіндегі жараған бес-алтауы мүлік қатарына қойылып, қара мылтықтар отқа салынды. Бірақ солдат мылтығынан әзірше бірде-біреуі қолға түспеді. Ауыл маңындағы сауын биеден тартып барлық мал бір жерге иірілді. Барлық үйдің қазаны бір орынға жиналып, бір орыннан ошақ қазылып дайындалды. Осыдан кейін он неше солдат Келекені алдына салды да өзенді өрлей жоғарғы ауылға қарай тартты.

Күн бата бергенде байлаудан бес жігіт босатылып, қой-қозының семізінен сойғызып барлық қазанға ет салдырды. Бірнеше қазанға  малдың майы шыжғырылып, сылынып алынған көрпе тыстары майға матырылды да шәугім іліп жүрген мосылдардың темірлеріне оралып, ауыл айналасын айналдыра бекітіп от жағып қойды. Осы босатылған бес адамның екеуі Әлдибек пен Сүмен болатын. Құдай оңлағанда екеуін су тасуға орналастырып: «Сен екі бала да шатақ жоқ, бүгін жақсы істесең, ет жейді. Құрсақ тояды. Ертең атқа мінесің, мал айдайсың, тамаша жасайсың, егер қашсаң мынау бар», – деп мылтықты көрсетіп, артына солдат қосып сары ағашты бұлақтан су тасытты. Қалған үш жігітті жұмыстары біткен соң  қайтадан әкеліп өз орындарына байлап тастады. Ауылды толықтай билігіне алған солдаттар енді арсыздыққа басып, әр үйдегі жас келіншектер мен қыздарды сүйреп шығып, зорлап білгендерін істеп қорласа, қартаңдау әйелдерге ақырып-шақырып айғайлап, зыр жүгіртіп ет пісіртті. Ет піскен соң оларды да қайта қамап тастады. Піскен ет екі бала арқылы әр есіктегі күзетшілерге бір-бір ыдыспен таратылып беріліп, қалғандары қазанды айнала отырып ет жеуге кірісті. Дәл осы сәтте, солдат бастығы екі баланы қайта су әкелуге жұмсап, соңдарына жалғыз солдатты ертіп жіберді. От жарығы бірде жалындап, бірде солғындап, бұлақ басына ала көлеңкелеу болып тұрғанда, екеуі бірінші шелекті толтырып, екінші шелекті суға батырған болып еңкейіңкіреп барды да сайға қарай зып берді. Қараңғыда қараға алып үлгермеген солдаттың тарс-тарс етіп үш-төрт рет атылған оғы қара түнді қақырата қақ жарып, онсызда мұңға батып, мүлгіп тұрған тау ішін аңғаза-даңғаза жаңғыртып барып тынды. Жандарын қолдарына алып әзерге қашып шыққан екі бала сай аузына таман барып тоқтады. Кішкене ес жиған соң, жалға шығып жүре-жүре таң ала кеуімде ауыл басындағы шоқыға жеткенде, жоғары ауылдан қашып шығып, сол жерге келіп жан сауғалап отырған оншақты адаммен кездейсоқ кездесіп қалды. Екі ауылда болған жағдайды өзара ұғысқанда жоғарғы ауылға солдаттар жетісімен, «Үйден шықпаңдар, шыққаныңды атамыз», – деп Келекеге айқайлап айтқызып, анда-санда мылтық атып ауылды толықтай басып алған. Еркектерді байлап-матап далаға шығарып тастап, әлгінде ғана келіп отырған Мышанды Диқанбайдың өз баласы екендігін анықтап, қол-аяғын байлап бөлектеп ұстап отырғанын, өздерінің малдың кешкі әбігерімен ауыл маңында жүргендіктен ғана аман қалып, осында қашып келіп отырғандарын, одан соң ауыл  маңында мылтық даусының  қайта-қайта шығып жатқанын, әрі қарай не сұмдықтың болып жатқанын білмейтіндерін айтты.

Әлдибек пен Сүменде ауылдарының қандай ауыр күйде қалып отырғандарын егіліп отырып баяндады. Бірақ қазірше дәтке қуат болатыны адам өлімінің қазірге Кәкіжаннан басқа жоқ екендігі. Осыларды әңгіме қылып отырғанда, шығыстан жарықтың қылауы беріп, таңда атып қалған еді. Шеткеріректе отырған бір қария «ойбай келіп қалдыдан» басқаны айта алмай орыннан ырғып тұрғанда, «Тоқта, болмаса атамын», – деген екі солдаттың бастан асыра атқан мылтығынан, амалсыз барлығы орындарынан түрегеліп қолдарын көтерді. Тек, Әлдибек пен Сүмен жатқан бойда домалап етектегі қалың қарағайдың ішіне еніп кетті. Бастабында бәрі түрегелді деп ойлап қалған солдаттар жер бауырлап,  домалап бара  жатқан екі қараны ат үстінде тұрып тарс-тұрс атқылағанымен жап-жақын жердегі қарағайға әп-сәтте кіріп үлгерген екеуіне оқтарын дарыта алмады. Сөйтіп қазірше қалған елдің қалай болып жатқаны беймәлім, әйтеуір құдай сақтағанда екі бала тағы да, аман-есен жау қолынан сытылып шықты.

Жоғарғы ауылдағы шоқыға қашып шыққандарды түгелдей қырып салған солдаттар тек Мышанды байлаулы күйінде бір атқа мінгізіп, ат басын Келекеге жетектетіп Диқанбай аулына қозы түсте жетіп келді. Орындаған жұмыстарынан бастыққа доклад беріп, байлап келген адамның Диқанбайдың баласы Мышан  екенін айтып мақтанды.

Жарайды батыр солдаттарым деген солдат бастығы:

–  Сенің балаң ба? – деді болысқа.

– Менің балам, – деді Диқанбай.

– Сен рас айтасың шайтан, сен айтасың, мылтық қайда? – деді Мышанға. «Үйімізде бірнеше ғана ескі мылтық бар. Одан басқа бізде мылтық жоқ» дегені сол еді, мылтық дүмімен төмпештеп-төмпештеп, Мышанды есінен аударып шала өлік қып талдырып тастады. Солдат бастығының бұйрығы бойынша, бес-алты жігітті босатып, түйені қомдап, Диқанбай мен Мышанның үйін арттырып, оған қоса жарамды мүліктерді алды да иіріліп тұрған жылқыны бір топ солдат айдап жолға түсті. Жүк артқандарды қайта байлап қатар тұрғызды да, қалған үйдегі еркетерді байлауымен сүйреп шығып, солдаттардың қатарына тізіп жатқанда бағанағы Ақшоқыда қашып кеткен Әлдибектті екі солдат байлауымен алып келіп, осы сойқанды қияметті қырсықтың үстінен түсті. Мышан тілсіз жатыр. Қатар тізілген елге қарап, байлауымен тұрғандарын көрген Әлдибек әкесіне қарап тілсіз ым қағып солқылдап жылай бастағанда, ерні жыбырлап ясын сөресін айтып тұрған Диқанбай Әлдибекке қарап, құрыдық дегеніме, не айтпа дегені ме әйтеуір басын шайқағандай болды. Әлдибектің қайта қолға түсіп қалуы мынандай бір жағдайдан еді. Азанғы Ақшоқыда қашып құтылған Әлдибек пен Сүмен Ақшоқыдан айналып өзенге түсіп, жоғарғы ауылға да қайрылмай, шығыс жақтағы жалға шығып жалдағы жалғызаяқ жолмен жүріп өз ауылдарының не болып жатқанын ең болмаса алыстан болса да бақыламақшы болып, бір-бірінен кәдімгідей аралық тастап еңістеп келе жатқанда, осы жолмен өздеріне қарата келе жатқан екі атты адамды көреді. Екеуі де қазақша шекпен киіп, бастарына қариялардың бүрмелі қара бөркін киіп алған солдат екенін білмей қалады. Бұл екі залымның мылтықтары тақымдарында жасырылған екен. Алдыда келе жатқан Әлдибек мойнаққа шыға келгенде, қарсы алдынан сопаң етіп шыға келген екі солдат: «Тоқта, қазақ!» деп  тақымдағы мылтығын суырып алып, кезеніп тұра қалады. Осы арада соңында келе жатқан Сүмен жалт беріп, еңіске қарай жанұшырта қашып, қалың бұта-бүргенге кіріп кетеді де Әлдибек қапыда қайта қолға түседі. Сүмен қашқан бойда шағыр ауылына барып, болған жайды хабарлайды. Кеше Келекенің бастауымен болыстың ауылына ат алғалы кеткенін естіген ел түнімен атылған мылтық даусын естіп, бір пәленің болғанын сезінсе де, жамандыққа жорығылары келмей, Аллалап жатқаны болмаса, болған нақты жағдайдан хабарсыз еді. Мына сұмдық хабарды естіген ауыл аңтарылып, шулап-шұрқырап жыласып, тапқан бар айлалары ауылды тастап жан-жаққа жапа-тармағай жан сауғалап қашты. Айтпақшы Әлдибекті айдап келе жатқан солдат:

– Сен кімнің баласы? – деді.

– Мен  болыстың тауда қалған бір қора қойын бағатын қойшының баласымын. Менде малай болып істеймін. Шөп шабысқа көмекке шақырған екен, мен соған кетіп барамын, – деді.

– Артында бір адам қашты ғой, сен оны білесің бе?

– Көрсем білер едім. Менен алыста келе жатқан бір адамды менде көрдім, – деді.

– Ол қалай қашты?

– Қалай қашқанын менде білмей қалдым ғой.

– Ол қайда барады?

– Өз үйіне  баратын шығар.

– Оның үйі қайда?

– Мен оның өзін көріп танымасам, үйінің қайда екенін қайдан білем, – деп келе жатқанда, қайдан келе жатқаны белгісіз бір қартаңдау әйел алдарынан жолығып қалып, киімдерін өзгертіп киіп алған екі солдатты байқамай: «Ой, сорлы-ау, сен қайдан жүрсің? Ауылдарыңның ойраны шығып, әкең мен ағаң байлауда жатыр деп естідік қой?!» – демесі бар ма. Елең ете қалған солдат: «Ей, қатын, бұл кімнің баласы?» – деді. Жанынан қорқып жалтаруға шамасы келмей зәресі ұшқан әйел: «Бұл батырдың баласы ғой», – деді. Солдат: «Батыр, батыр Диқанбай ма?» – деді. Әйел, сол дегендей басын изеді. Бағанадан бері бос айдалып келе жатқан (ішінен тағыда орайлы сәтті күтіп) Әлдибек қамшының астында байлауға қалып, сабалап қуалаған бойда келгені осы болатын.

Сырттан келетін қауіпті жолдарды тосып жүрген екі солдат Әлдибекті «Мынау болыстың баласы екен, тауда қашып келе жатқан жерінен ұстап алдық. Шынын айтпайды шайтан», – деп бастыққа тапсырды. Дәл осы кезде әр жолды тосқауылдауға жіберген солдаттардың да жиналып ауылға қайта келген уақыты еді. Солдат бастығының бұйрығымен сапқа тұрған солдаттар, байлаудағы адамдарды бірден сүйреп алдыға шығарып өздеріне қарама-қарсы қаратып тізді.

– Мылтық қайда батыр, табанда табасың? – деді.

– Менде мылтық жоқ, – деді Диқанбай.

– Онда Мышан біледі, ол айтады, – деп екі бүктеліп жатқан Мышанды тепкілей жөнеді. Осы қорлықты көргенде шыдамы шытынап, тағаты таусылған Диқанбай батыр: «Ой, әкеңнің аузына, жүн бас кәпір. Қаңғыраған қарақшылар! Орыстың сүмелек иттері, өлтірсең мені-ақ өлтір?!» – деп, байлауымен солдатқа тап берген де, сарт ете түскен қылыштан, лезде Диқанбайдың мойны қырқылып, басы кеудесіне түсіп, қиылмай қалған кішкене ет ұстап, бас емшектен өтіңкіреп барып салақтап тұрып қалды. Диқанбай шалқадан түскенде, басы бір жағына сылқ ете түсіп, бет-ауызды қып-қызыл қан жауып, адам танымастай мүрдеге айналды. Барлық есікте қақиған пос. Бірде бір жанның қыбыр етуге шамасы жоқ. Байлауда тұрғандардың көздерінен көлкіп тарам-тарам жас ағып, егіліп тұрғанымен, үндері ішіне түсіп, ендігі өлім кезегінің қасқағымда өздеріне келерін жүректерімен түйсініп, ауыздары  жыбырлап бір-біріне ең соңғы тірлікпен қоштасу сөздерін ымдап ұқтырып, ақ өлімге аттануға дайындалудан басқа амалдары болмады. Осы адамдардың ешбірінен мылтықтың қайда екенін біле алмаған солдат бастығы шала жансар жатқан Мышанның қасына Әлдибекті апарып: «Ағаңның құлағына айқайлап, мылтық қайда деп сұра», – деп, зорлады.  Амалсыздан Мышанның құлағына аузын тақап: «Аға мылтық қайда? Қайда деймін?» – деп айқайлаған да: «Мылтық төр жайлаудағы кертастың үңгірінде» деуге аузы зорға келіп, Мышан тіл қатты да соңғы демі үзді. Енді байлауда тұрғандарға келіп: «Жылқыны кім бағады?»  – деп сұрады. Кешегі шөп шабысқа қымыз апарған егделеу тартқан адам мен бағушы едім», – деді. «Онда шық бері» деп алдыға екі қадам шығарып: «Мынау рас жылқы баға ма?» – деп еді, бәріде рас дегендей бастарын изеді. Енді қалғандардың барлығын шығысқа қаратып қойды да: «Сендердің барлықтарың шайтан, солай барасыңдар» деген сөзді айтысымен, тарс-тарс атылған  мылтық боздақтарды топ-топ еткізіп баудай түсірді. Диқанбайдың басы кесілген денесі босаға сыртында жатыр. Қалғандардың барлығы  сапқа тізілгендей қатар-қатар жатқандықтан оқ тескен жерден ытқып шыққан қан бір-біріне қосылып, жосып келіп  Диқанбайдың қанына қосылды.

Аржақтан келетін жолдарды тосқан солдаттардың айдап келген жылқыларына, ауыл маңындағы  көрінген  жылқыны  қосып, бір асау биеге Құсайынды жайдақ мінгізіп, ат бауырынан аяғын шандып байлап, жылқымен қоса айдады. Әуелі Келекеге жылқыны айдатты да біраз ұзап шыққан соң: «Ауылнай мырза, сен енді өз аулыңа қайтасың, осы болған жайды адам баласына айтпайсың, болыс сені шынымен жаман көреді, ол өлді. Енді сен қорықпайсың және ешқайда қашпайсың, құрметті Ояз кейін саған үлкен  сыйлық береді», – деп, аузынан уәдесін алып, өз атын беріп аулына қайтарады. Қос қолымен асаудың жалына жабысқан Құсайын  сірескен сірі жаны айғыр жалға барғанда шыдас бермей, онан арыға барудың қажеті жоқ, не болсам да туған топырығымды искеп жатайын  деп ойлады да: «Тақсыр, жаным қиналып кетті, енді мені босатыңыз, айтқаныңызға айнытпай жауап беремін», – деп,  ашу-ыза аралас үн қатты. Солақ екен: «Сен тағы да сөйлейсің ә, шайтан!» – деп Құсайынның езуін қылышпен тіліп жіберіп, табанда тарс еткізіп атып тастады солдаттың біреуі. Ауылды қанға бөктірген солдат бастығы қалған істерді қайта орналастырып, жылқышының қасына екі солдат қосып, әлгі атыста қазақтарға олжаға түскен әскери аттарды тауып келуге жіберді. Әлдибекті айдап келген екі солдатқа тағы бір солдат қосып, төр жайлаудағы тығылған мылтықты тауып келуге жүргізді де, ауылды күзетуге бес солдат қалдырып, қалғандары жылқы айдағандардың соңынан кетті.

Әлдибекті жаяу айдаған солдаттар төр жайлаудағы бір қора қоймен қалған малышың үйіне жеткенде, әудем жерден шәуілдеп үріп шыққан итті жалып еткізіп атып тастады. Мылтық даусынан үрейі ұшып, он жасар шамасындағы бала (Кенжиман) далаға жүгіріп шықты (әсілінде үйде басқа адамда жоқ болатын): «Ей, бала, сен қорықпа. Сен жуас болсаң бізде тимейміз. Енді сенімен мына бала сөйлеседі», – деді солдат. «Бауырым, атамдардың тыққан мылтығы қай жерде? Білсең айтып берші, менде өлетін болдым», – деді. Әлдибекке, ол: «Кертастың үңгірінде емес пе?» – дегенде: «Анау біледі, сен неге білмейді, шайтан?!» – деп солдаттың біреуі Әлдибекке мылтығын кезенді. «Тақсыр. ол бала білмейді, ол қой бақпайды. Мен қой бағып жүріп, жауында тас үңгірін ықтағанда көргемін»,  – деді, бала. «Бала шайтан, сен жақсы білесің ә, жүр» деп, екі баланы айдап мылтық жасырынған  үңгірге  келді. Үңгір аузындағы қалқалап қойған тасты екі балаға алдырып, барлық мылтықтың замогын шығарып, оқтарды алып тері қоржынға салды. Көңілдері көншіген солдаттар екеуін қайта айдап жаңағы бала шыққан үйге қайта келді.

– Бала, сенің әкең қайда? – деді.

– Әкем шөп шабысқа кетті.

– Сенде ат бар ма?

– Ат бар. Жақында емес, алыста шөп жеп жатыр.

– Тауып келсем бола ма?

– Керегі жоқ

«Онда сен жүр», – деп, Әлдибектің екі қолын артына қайырып байлап, өзендегі жолмен жүрмей жалдағы бағанадағы жалғыз аяқпен алдарына салды да айдап жүріп отырды. Аласа бір мойнақтан аса бергенде, үш солдат аттарын кілт іркіп, алдарына көлденең ұстап келе жатқан мылтықтарын апыл-ғұпыл алды да, астыңғы қаптал жолға  қарай көлденең қараға алып тұра қалды. Жаны тырнақ ұшында келе жатқан Әлдибек, осы сәтте, жалма-жан жалт беріп, жан ұшырта сүрініп-жығылып домалай қашып, бұта-бүргенді қалың тік бетке қойды да кетті. Мылтықта артынан тасыр-тұсыр атылып, ат үстінде шоқшиып отырған солдаттар жөнді қараға ала алмай, қаңғырған оқ шырпыларды қырқа-мырқа барып үні өшіп тынды. Құдай оңлап өлімнен үшінші рет аман қалған Әлдибек қашқан бойда Сүменнің ауылын тауып, басынан өткен, қалған хабарды өзегі өртеніп отырып, өксіп баяндады. Осы жолы өлімнен аман қалуына үлкен септігін тигізген жағдай, мынандай болған іс еді.

Алдыңғы барған Сүменнен жағдайды білген ауыл адамдарынан төртеуі атқа қонып, батыр аулының нақтылы жағдайын білмекке жолға шығып, ауыл тұсындағы кезеңге жеткенде тоқтап, осы жерде баспалап қарап тұрғанда, бұқпантайлап тұрған солдаттың біреуі төрт адамның біреуін атып тастайды. Қалған үшеуі қайта қашып қаптал жолмен ұшыртып келе жатқан да, Әлдибекті айдап келе жатқан солдаттар үшеуін көріп қалады да, оқтың астына алады. Ат  үстінен еңіске қарай атылған оқ оларға дарымай, үшеуі де аман-есен құтылып, мойнақты айналып барып, ердің артына мініп, еңіске қарай құйғытып, солдаттардың көзінен ғайып болады. Сөйтіп ауылдарына аман барады.

«Батыр аулын қырғындаған солдаттар жылқыны айдап, жарамды жүктің бәрін түйеге артып кетіп қалыпты, пәлен-пәнедер көріпті, мәйттері далада жатыр екен, бірлі-жарым көңіл айтуға ат қойып барғандарды да аямай солдаттар атып тастапты. Ой, сұмдық-ай, бұл неткен қорлық, недеген зомагерлік» деген сияқты гу-гу сөз, ауылдан-ауылға таралып жатты. Шын мәнінде, әскери аттарды жинауға шыққан жылқышы, аттардың он бесін тауып айдап әкеліп берген. Қалғаны тарап кеткен екен, оған солдаттар да қарайламай, найзағай түскендей жылдамдықтағы бұл қырғынның  үшінші күні кешқұрым солдаттың барлығы қайтып кеткен болатын. Сойқанды солдаттардың бәрінің кетіп қалғанын, үй ішінде қамауда отырған ел керегедегі шиді тіліп, киізді қиғылап тесіп, бірінен соң бірі сығалап жүріп анық көздері жеткен соң, мелшиген меңіреу түнді бастарына көтеріп, еңіреп езіле жылап, «қойыңдар!» деп, ең болмаса басу айтар жан жоқ, азан-қазан, улап-шулап тағатсыздана таңды да атырды.

Таң атысымен жусап жатқан өліктерді анық көргенде, үрейлері ұшып, қатқан қанды басып қастарына бара алмай, әр қайсысы өз үйлерінің алдына келіп, естияр балалар далада, әйелдер үйде отырып, беттерін тырнап, шәштарын жайып жіберіп, қайтадан дауыс айтқан да тау күңіреніп, тас шайқалып, жер зілзала қозғалғандай қорқынышты бір үрейлі күйге енді.

Бір болыстық елдің ат жалын тартып мінерлері түгел атқа қонып, ауылға ой бауырымдап ат қойғанда, «Мекем, бауырларым-ай, боздақтарым-ай, арыстарым-ай, асыл азаматтарым-ай!» – деген сай сүйегіңді сырқыратып төбе құйқаңды шымырлататын айғайға-айғай, шуға-шу қосылып, өзен іші қайтадан қайғылы бір астаң-кестең күйзелісті күйге түсті. Біріне-бірі сабыр-тоқтау айтысқан ел бір бөлім адамдарды орналастырып, қаптал шанаға өліктерді арқанмен таңып, ауыл маңындағы бір беттің бауырынан шамкөр тәрізді екі үңгір қаздырып, өлілерге біртұтас шейт жаназа намаз шығарып, намаз, дұғасына әр адамның әкесінің атын қосып айтып, беттерін сипады. «Ең болсама Диқанбайдың сүйегі Шәлкөденің кер жолындағы әкесі Жанпейістің мүрдесіне апарып, әкесінің шам көріне қойылса» деп, Диқанбайдың шешесі мен әйелінің айтқан талабын да орындау басқаларға қиын болды. Өйткені, үш тәулікке айналған тәннен кесілген бас орнынан қозғалғанда-ақ, шапқан қылыш қара құстан өтіп, кішкене ғана ет ұстап тұрған жерінен сылқ етіп бөлек түсіп қалды. Ата-баба зиратына жалғыз Диқанбай ғана емес, немерелес, шөберелес болған осы атаның құрбан болған барлық әулеттері апарылуы керек еді. Мынандай кезде оларды апаратын күш, уақыт қайда.

Өмірге бүтін келген дененің бүтін күйде қайтқанына не жетсін! Кеудесі талқандалып,  қанға малшынып жатқан боздақтарды бір-бірінен ажыратып қайда апарамыз? «Өлсек бір шұңқырда, тірі болсақ бір төбеде боламыз» деген елдің ежелгі тілеуі бар емес пе? Топрақ өз жерімізден бұйырып, осы жерде шейт болды, сондықтан осы орынға жерлегеніміз жөн болады деп, ауыл қариялары пікір бірлігін айтып, Диқанбайға жеке ақымды көр қазып, жеке жерлеп, екі үңгірге қалғандарды жерледі. Іргедегі қан жайылған жерлерді күрекпен қырып, бір жерге төбе қылып мүрдеше үйді де, әр  үйдің есік алдындағы өздерінің ат байлап жүрген мама ағаштарын әкеліп, мүрдені айналдыра қада қылып бекітіп қоршап қойды. Бірақ осы мәйіттер ішінен Мышанның сүйегінің жоқ болғанына барлығы да таң болды. «Жоғарғы ауылдан тірідей айдап келіпті деп естіп едік, әлде қашып құтылып кетті ме екен?» десіп жатты біреулер. «Оларыңыз рас. Мені үш солдат жоғары жаққа айдаудың алдында, ағамды және Келекені жылқы айдағанда бірге айдап кеткен болатын. Одан кейін не болды ол жағын білмеймін», – деді жылауын тоқтата тұрып Әлдибек. Келекенің аты аталысы сол-ақ екен, «Құдайдан жетіп дәм-тұзы ұрғыр Келеке, солдатты ауылға бастап келмесе, осы қырғын болмас еді. Ақыретте обалдары саған болсын, шейттердің қандары мойныңа жүктелсін! Ауылдан тірі кетіпсің, өлсең өлдің, өлмесең құдайдың қарғысына, елдің сілесіне жолығып нақ келекеге жолығарсың» деп біреулер қабат-қабат қарғыс жаудырса, енді біреулері: «Оның жаны осылардан артық емес, енді көзімізге көрінсе өлтіреміз, оңбаған опасыз сатқынды» десіп шулай жөнелді. Ауылдан шыққан соң «Болыс бастаған ел қозғалмаған соң елге мұрындық болмайыншы деп едім, өйтпесе менің қимайтындай нем бар еді, қатын баламды алып бірақ түнде жоғалар едім ғой. Елге қараймын деп қанды қарғысқа қалдым, деп еңірепті», – деп қалды тағы біреуі. «Қарашы, иттің  ауылына барып жамбастап жатып алуын, інге кіріп кетседе қоймаймыз, жүріңдер көпшілік, қазір-ақ барамыз. Мойнына қыл арқан салып ауылға алып келіп, мына шулаған бейкүнә жетім бала-шағаның алдында өлтіріп, жалғыз өзін анау төбенің басына көміп, жалғыз мола атандырып, соныңда бала-шағасының боздағанын көрейік те» деушілерде болды.

«Қойыңдар, жігіттер! Бұл бір құдыретпен болып тұрған іс болды ғой. Байқұсты аулынан алдап алып шығып, зорлықпен қару астына алып, болысыңды қайтсеңде тауып бересің деп, қорқытып айдап келсе, оған не шара бар? Міне, мен деп көзіңе нұқып тұрған көріну өлімнен кім қорықпайды? Жаны құрғыр тәтті емес пе, бұлар ел үшін, ұрпақ үшін, қасиетті туған жерлері үшін, өздерін құрбан еткен шейттер. Келекені біз өлтірсек, мойнымызға біз де қан жүктеген қаныпезер болып, ұрпақтарымыздың ортасына от тастап, жүректеріне кек қалдырмаймыз ба? Бағанағы сөздерің дұрыс. Оны аруақ атып, дәм-тұз ұрсын. Зауалы Құдайдан жетсін» деп қазыналы қариялар тоқтау айтып, қайта солдаттар болыс ауылынан шықпай, қалған елдің аман қалғанына шүкіршілік қылайық. Заманның соңы қалай болады, қазірше оған көз де көңіл де жетпей тұр ғой. Егер Николай қайта орнай қалса, солдатқа бала бермегенсіңдер деп, әлі талайымызды қырғындар. Марқұмдардың ажалдарына тура келіп тұрған тағдыр болды, болмаса Қарақолда ел басыларымыздың қырылғанын естіп тұрып, не жылдамдатып Қытай асып кетпей, не таудағы қолға түсірген мылтықтарды, азаматтарға үлестіріп бермей, бейжай отырғанын қарашы. «Батыр аңғал деген осы да, жазмыштан озмыш жоқ, тағдыр солай болып тұр. Болмаса Әлдибек хабарды жеткізген мезетте, ауылды тастап кетуден намыстанып тұрып алғанша, дереу қалың қарағайға қашып кіріп кеткен болса, солдаттар жер соғып-ақ қалар еді ғой десіп, сүйек бетін жасырып болып, енді қалған бала-шағаға қайта көңіл жұбатуларын айтып қайтуға ыңғайланып тұрғанда, ат шаптырым жерден он-он бес адаммен бірге озандатып ат қойып келген Келеке: «Ой, бауырым, қайран арысым-ай, ержүрек батырым-ай, жақсыдан қалған жайсаңым-ай, арманда кеткен боздақтарым-ай, амалсыз айдауда  келіп ажалдарыңа арымды сатқаным-ай, маған деген кектерің кейінгіге кешірілмес борыш қалдырды-ау, тірілердің бетіне не деп қараймын, өліге зарымды қалай жеткіземін?! Мені де жер жұтсын! Өлігім қастарыңда қалсын, күнәмді кешіріңдер елім?!» – деп еңіреп, ботадай боздап, бауырын жаза алмай атынан құлап түсіп, сенделектеп барып Диқанбайдың шешесінің аяғын құшақтап: «Кешір әжетай, кешіре гөр әже, құт қолыңнан дәм татып балаңдай болып кетіп едім, амалсыздан айдауда келіп аулыңды қанға бөктірдім», – деп онсыз да қуатынан үзіліп талықсып жатқан кісіні мазасын алып зар еңіреді. «Бәсе, біздің естігеніміз дұрыс болды, болмаса болыста алалмай жүрген өші бар дейсің бе, айқұстың?!» – деп,  қариялар Келекенің тірі келгеніне қарап енді бірге кеткен Құсайыннан хабар сұрайық деп тұрғанда, жаңа ғана көңіл айтуға келген жігіт, кеше кеште айғыр жалда Құсайынның сүйегінің жатқанын көрген адамнан нақтылы естігенін айтты. Ел қайта дауыс шығарып, Құсайынның әйелінің басына қаралық жапты.

Бұл оқиғаны: 1969 жылы үйіме қайын атам Қали Тасыбайұлы қыдырып келіп біраз күн тұрған болатын. Сонда қария зерігіп қалмасын деп, бізге көрші тұратын Мырзақан деген үлкен кісіні үйіме шақырып әкеліп, екі қарияны әңгімеге салып отырғам. Қариялардың әңгімесі қыза-қыза келіп, Мырзақан қария: «Е, Қақа, естігенім өтірік болар, көргенім шын ғой», – деп Диқанбай батыр аулындағы қырғыннан өзінің қалай аман қалып қалғанын, тәпіштеп тұрып егжей-тегжейлі баяндаған болатын. Қарияның  айтуы бойынша: «Біз Сырымбет ішінде Диқанбай мен аталас туысқан болғандықтан қысы-жазы іргеміз ажырамай бірге жүретінбіз. Сол жұртта ауырып қалдым да, шөп шабысқа бара алмай жатып қалғанмын. Біздің тұрмысымыз да нашарлау еді. Дәл сол күні жейдемді жуып қойған екен. Мойныма бет орамалымды байлап жатқан едім, бесін кезінде ауылды солдат басып қалды, ішінде Келекеде бар екен деп, үй ішіндегілер бірінен соң бірі даланы сығалап, әбігер болып жатты. Мылтықта тыным таппай үсті-үстіне атылып жатты. Басымды көтере бергенімде, мылтығын кезенген екі солдат үйге кіріп келді. Бірден айтқаны: «Мылтық қайда?» – деді. Ойыма келгені: «Тақсыр, мен работа істейтін малаймын, ауырып жатырмын, мен кедей шаруамын», – деп жалаңаш кеудемді көрсетіп ары қарай сөйлей бергенімде, біреуі иегімнен сарт еткізіп теуіп қалды. Мен жығылып қалыппын. Аузы-мұрнымнан қан кетіп  көп жатқан көрінем. Сонда әлгінің біреуі қарап тұрыпты да, біреуі өреше ши мен киіздің арасын тінтіп, жүкті құлатып, теңдердің байлауын қылышымен қырқып, ішінен алты кез бәтесті алып қолтықтап тұрғанда, даладан осыларды шақырған орысша дауыс естіліпті. Екеуі асыға-үсіге далаға шыға бергенде қолтығындағы бәтес табылдырыққа түсіп қалыпты. Ауырып әрең жатқан адам мені, ауыз-мұрнымнан қанжоса болып жатқан соң, өлді деп ойласа керек. Қайта қайырылып қарамапты. Есімді жисам қараңғы түсіп кеткен  екен, аузым дорбиіп ісіп кетіпті, сөйлеуге келмейді, тілімді тістеп құлаппын. Үйге қатын-қалаш, бала-шағаны қамап сыртынан бекітіп тастапты. Бәрі солқылдап жылап отыр. Әлгі солдаттың мені тепкені, ұшықтағаны ұқсайды, байқасам  кәдімгідей сергіп қалыппын. Үшінші күні елмен бірге менде таяқ ұстап жылап тұрдым деп, сондағы болған уақиғаны бүкпесіз бүге-шігесіне дейін тарамдап таратып айтқан болатын.

(Жалғасы бар)

Құдайберген Сәйдуақасұлы Бақы би тегінің «Мен таныған шындық» кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

8 пікір