Жұма, 3 Мамыр 2024
Ғибырат 5686 9 пікір 17 Қаңтар, 2024 сағат 14:31

Шеттегі қазақты елге алғаш шақырған Қонаев

Ескерту: Бұл мақала қазақтың бір туар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте еңбек ері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың туған күні қарсаңында жазылған!


Бұл Димаш атаны, заманның тау тұлғасы Қонаевты ұлықтау күні. Бар өмірін еліне, туған жеріне, халқына адал қызмет етуге арнады. «Әділет жеңеді, бірақ ол кешігіп жүреді» -демекші, әділеттің ақ таңы атты. Қонаев есімі ортамызға қайтып оралды. Алматы облысында өзі қазығын қаққан Қапшағай қаласына Қонаевтың аты берілді. Алып жүректі үлкен адам Қонаевтың есімі мәңгі өшпейді. Бүгін Алматыда Қонаев атындағы саябақта, Қонаевтың ескерткіші алаңында туған күн құрметіне орай, көп адам қатынасқан шара өткізілді. 50-ден аса бейбітшіліктің ак көгершіні Тәуелсіз елдің көк аспанына ұшырылды. Бұл атаға деген шексіз құрмет. Сондай-ақ, Ыстанбұлда Қазақстан мәдениет және сауда орталығында Д. Қонаев фото-сурет көрмесі ашылды.

Мен Қазақ телевизиасында тілшілік, журналистік қызмет атқарғанымда Қазақстанның бірінші басшысы Д. Қонаевты телевизиялық түсіру тобында тілшісі болғанымды зор мәртебе санаймын.

Өткен бір тарихи кезеңді еске аламын. Түркия, Стамбұл әуежайы, 1992 жыл, 11 қазан. Дінмұхаммед Қонаев Анадолы жеріне қадам басты. Әуежай маңында қарсы алушылар Түркия үкіметінің басшылары емес, осындағы Стамбұлда тұратын қазақ қандастарымыз. «Ақсарбас, Ақсарбас» деп айқайлап, екі қошқарды құрбандыққа шалды. Тура әуежай алаңында. Міне, Димаш атаға деген халықтың құрметі, ағайындардың ықыласы. Д.Қонаевтың жанында, жеке дәрігері Ахат Мүліков, жиені Дияр Қонаев, Түркиядағы қазақ телевизиясының тілшісі Ержан Уәйіс болды.

Қазақ ағайындар көп тұратын Зейтінбурну ауданындағы Қазақ-Түрік қоғамы (Kazak-Turk Vakifi) үйінде Түркияда қоныстанған ел ағалары Халифа Алтай (құранды қазақ тіліне бірінші аударған кісі), Дәлелхан қажы (әкесі Шығыс Түркістанда қаржы министірі болған Жанымхан Жаналтайдың ұлы), әкелі балалы Тоқтабай және Фазыл Топлы, Мұхаммед Қылыш, Найман Хафыз, Шеризат Доғыру, ағайынды Жақып және Камал Добайлар, Қызырбек Ғайретұллах, Өмер Білгін, Мәнсүр Тәжи, Дәуіт Ашықкөз, Өмер Жігіт, Жақып Жан, Абдулуақап Қара, Шахмансур Деңіз және тағы басқа жүздеген азаматтар қарсы алды. Кездесу туысқандық, бауырмашылдық жоғары дәрежесінде өтті. Димаш ата Қонаевқа сөз берілді (жүргізуші Ержан Уәйіс).

«Құрметті ағайындар, бауырлар, бүгін сіздермен қауышқаныма Аллаға мың да бір шүкіршілік, өте разымын. Тағдыр тауқыметімен сырт елдерде өмір сүрдіңіздер. Осы кезең үшін Түрік елінің басшылығына, сол кездегі сіздерге қамқорлық жасаған премьер-министр Аднан Мендереске шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Біздің түбіміз Түрік, дініміз Ислам! Енді еліміз Тәуелсіздігін алды, көк туымыз желбіреуде, елге, Қазақстан деген Отандарыңа қайтыңдар. Ата-жұрттарың құшақ жая қарсы алады. Менің сіздерге берген ақбатам деп есептейсіздер», - деп жарықтық Димаш ата қолын жайған еді.

Қазақ кәсіпкері Фазыл Топлының басшылығындағы тері өңдеу зауытында әзірленген арнайы қой терісінен жасалған тонды Димаш атаға кигізді.

Бұл кездесуді бастан аяқ телевизия лентасына түсіріп, Қазақстан жаңалықтарына сол кездегі Комитет Төрағасы Шерхан Мұртазаға жіберген едім. Ал түсірген фото суреттер менің мұражайымда сақтаулы.

Сондай-ақ, Қазақ қоғамында Дінмұхаммед Қонаев атаны еске алу шарасы өтті. Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының Түркиядағы арнаулы өкілі, Стамбұлдағы Қазастан мәдениет және сауда орталығының басшысы Ержан Уәйіс «Алып жүректі үлкен адам – Д.Қонаев» деген тақырыпта баяндама жасады. Д.Қонаевтың суреттерімен әңгіме әсерлі болып отырды. Д.Қонаев ата рухына арнайы құран бағыштады, дұға етті.

1992 жылы 12 қаңтарда 80 жылдық туған күнінде Дінмұхаммед Қонаевтан жеке сұхбат алғаным тарихи құбылыс.

Осыдан 5 жыл бұрын Қызылорда телеарнасынан көрсетілді.

Ержан Уәйіс,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Д. Қонаев қорының алқа мүшесі. Стамбұл.

Ескерту: Суреттер Ержан Уәйістің жеке мұрағаттарынан алынды!


Автор туралы анықтама:

УӘЙІС ЕРЖАН ҮБӘЙДАҰЛЫ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Маяқұм елді мекеніндегі орта мектепті алтын медальмен және С.М. Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналист мамандығы бойынша бітірген.

Журналист – дипломат. Еңбек жолын Алматы қаласында Республикалық Қазақ телевизиясында режиссердің көмекшісі қызметінен бастаған. 1969 жылдан 1992 жылға дейін «Қазақстан» ақпараттық бағдарламасында тілші, редактор, диктор, экономика шолушысы, Үкімет пен Парламенттегі арнаулы тілші, саяси шолушысы, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.

Мәскеу қаласындағы КСРО Мемлекеттік Телерадио комитетінің жанындағы білімін жетілдіру жоғарғы курсында және Қазақстан сыртқы істер министрлігінің арнайы дипломатиялық білімін жетілдіру жоғарғы курсында оқыған.

1978 жылы Куба елінің астанасы Гаванада өткен жастар мен студенттердің бүкіл дүниежүзілік фестиваліне Қазақстаннан делегат болып қатысты.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң шетелде аккредитацияға тіркелген Тұңғыш Қазақ Журналисі, Қазақстан телевизиясы мен радиосының Түркия Республикасындағы тұңғыш тұрақты арнаулы тілшісі болды.

1992-1993 жылдары Стамбул қаласындағы республикалық «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі», «Түркістан» газеттері мен КазТАГ агенттігінің, Германиядағы «Азаттық» радиосының Түркиядағы тұрақты тілшісі қызметін қоса атқарды.

1993 - 1999 жылдары Түрік республикасындағы Қазақ елшілігінде дипломатиялық қызмет атқарып, Стамбул қаласында Қазақстанның тұңғыш Бас консулы қызметтерін атқарып екі ел арасындағы әріптестік, туыстық қарым – қатынастың қалыптасуына айырықша қызмет етіп, достық көпірінің негізін қалауға үлесін қосты. Дипломатиялық ерекше шендері бар.

Қазақстан Республикасы Ұлттық - баспасөз клубының вице – президенті болып бұқаралық ақпараттық құралдары жұмыстарының дамуына ықпал етті.

«Қазақ ССР – нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері», «ҚР мәдениет қайраткері», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Журналистер Одағы сыйлығының иегері. Қазақстан Республикасы Президентінің 5 желтоқсан 2008 жылғы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды.

Қазақстанның Тәуелсіздігі, сыртқы қатынастары, Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстар және  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы арнайы түсірілген телевизиялық деректі фильмдердің, Тұңғыш Президентпен Қазақстан туралы көркем суретті бірнеше фотоальбом – кітаптардың  (Түркияда басылып шығарылған) авторы.

1997 жылы Қазақстанның Стамбул қаласындағы Бас консулы қызметінде Сауд Арабиясында Мекке, Мәдинада Қажылық парызын орындады.

2007 жылдан бері Қызылорда облысы әкімінің арнаулы тапсырмалар жөніндегі кеңесшісі, облыс әкімінің орынбасары.

2013 жылдан Қызылорда облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры.

«Хорасан Ата» республикалық қоғамдық қорының президенті.

Қазіргі таңда облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» ММ-нің бөлім басшысы, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы.

Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» сыйлығының лауреаты, Дінмұхамед Қонаев Орденінің иегері. Халықаралық Д.А.Қонаев қорының мүшесі.

Ержан Уайс – Қазақстан басшысы болған Д.Қонаевті телевизиялық түсіру тобының мүшесі – жеке тілшісі, Н.Назарбаев 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан Президенті болып сайланғанда бірінші сұхбат жүргізген журналист. Шетелде аккредитацияға тіркелген (Түркия) тұңғыш қазақ тілшісі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Сыртқы істер министрі кезінде (Түркия. Стамбулдағы қазақ бас консулы) 6 жыл бірге қызмет еткен дипломат.

Әкесі Убайдулла Уайсов – қарапайым еңбек адамы, Маяқұмда Өзбекәлі Жәнібековпен бір мектепте, бір сыныпта бірге оқыған. Атасы Уайс ақсақал Отырардағы Арыстан баб әулиеде көп жыл шырақшы болған, араб, парсы тілдерін жетік білген дін ғұламасы. Туған ағасы Нұржан Уайсов Түркістан қалалық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы – бас дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты. Жолдасы Анар Мұхамеджанова Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеті, орыс тілі мен әдебиетінің маманы.

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 634
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 401
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 372
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 375