Жұма, 3 Мамыр 2024
Әріптестің әңгімесі 1661 4 пікір 16 Қаңтар, 2024 сағат 13:56

Қызыл теңіздегі соғыс: Хуситтер қайдан шықты?

Өткен жұма түні АҚШ пен Ұлыбританияның ұшақтары, корабльдері мен су асты қайықтары осы елде әлемдік қоғамдастық мойындамаған және Иранмен тығыз байланысы бар «Ансар Алла» шиит тобы дейтін хуситтер бақылайтын Йемен аумағына әуе шабуылын жасады.

Соңғы бірнеше ай бойы хуситтер Қызыл теңіз бен Аден шығанағындағы сауда және әскери кемелерге шабуыл жасап, АҚШ пен ЕО-да террористік деп танылған ХАМАС тобын Израильмен қарама-қайшылықта қолдайтындарын айтты. Дегенмен, Израильге қатысы жоқ кемелер де хуситтер шабуылының нысанасы болды.

1705314714937342.jpg

ХУСИТТЕРГЕ ҚАРСЫ СОҒЫС: УКРАИНА-РЕСЕЙ СОҒЫСЫНА ҰҚСАСТЫҒЫ

19 қарашадан бастап хуситтер Қызыл теңіздегі сауда кемелеріне 25-тен астам шабуыл жасады. 9 қаңтарда, британдық «HMS Diamond» эсминеціне қасақана жасалған шабуылды да осыған жатқызуға болады. Бәлкім, АҚШ пен оның одақтастарының шыдамдылығына тап осы сәт сызат түсірген шығар?.. Олардың мұндай операцияны бұрын бастамауының көптеген себептері бар, әскери сарапшылардың талдауы көрсеткендей, хуситтермен соғысу оңай емес әрі ұзаққа созылып, 100 пайыз табысқа жетуге кепілдік бере алмайды.

Батыс елдерінің Йемендегі әскери операциясының басталғаны туралы хабардан кейін, «бұл мемлекет көптеген сыртқы ойыншыларды өзіне тартатын тағы бір ірі халықаралық қарулы қақтығыстың себебі мен алаңы болуы мүмкін» деген жорамал әлемдік нарықтардағы мұнай бағасына бірден әсер етті. Парсы шығанағы елдерінен Еуропаға теңіз танкерлерімен мұнай жеткізуі екі тар бұғаз арқылы жүзеге асырылады – «Ормуз», Иран мен Араб түбегі арасында және «Баб-эль-Мандеб», Йемен мен Африка арасында. Әлемдік экономика үшін әрқашан стратегиялық маңызы бар (және әскери тұрғыдан өте осалдау) екі бұғаз да бүгінде теориялық тұрғыдан ұрыс қимылдарының аренасына айналуы мүмкін.

Хуситтермен қақтығыста Батыс елдерінің коалициясы Ресей-Украина соғысында да, Израильдің ХАМАС-пен соғысында да қылаң берген проблемалармен бетпе-бет келеді. Хуситтер пайдаланатын қару, оның ішінде ирандық дрондар мен баллистикалық зымырандар оны ұстап алуға және бейтараптандыруға болатын құралдардан бірнеше есе арзан түседі.

1705314780476496.jpg

ҚОРҒАНУДАН ШАБУЫЛҒА КӨШУ

BBC журналисі Фрэнк Гарднердің бағалауынша: Қызыл теңіздегі кемелерге жаппай шабуыл жасау кезінде хуситтер пайдаланған дрондардың әрқайсысы шамамен 20 мың доллар тұрса, ал британдық «HMS Diamond» эсминеці жабдықталған бір «Sea Vipe»r зымыранының құны миллион доллардан асып жығылады. Жеке шығындану тармағына бұдан бөлек кемелерге арналған отын және қайта жарақтандыру үшін порттарға қайтару қажеттілігі кіреді. Ресей-Украина соғысына ұқсастық – хуситтердің көп жағдайда Ираннан үйренген тактикасынан да байқалады. Атап айтсақ, қарсыластың ӘШҚ жүйесін «жүктеуге» арналған зымырандардың не болмаса дрондардың басымдығымен бір мезгілде шабуыл жасау.

Бұл үрдісті өзгертудің жалғыз жолы - 12 қаңтарға қараған түні жасалған қорғанудан шабуылға көшу.

1705314843222938.jpg

ХУСИТТЕРДЕ ҚАНДАЙ ҚАРУ БАР?

Британдық Корольдіктің біріккен қорғаныс зерттеулер институтының, сондай-ақ Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының деректері бойынша хуситтердің иелігіндегі негізгі құралдар мыналар:

*Иранның «Бадр-1» радиолокацияға қарсы зымырандары,

*«Буркан-1» баллистикалық зымырандары,

*Солтүстік Корейдің «Хвасон-6» зымырандары (ұшу қашықтығы 500 км және салмағы 750 килограмм жауынгерлік бөлігі модификациясы),

*Салмағы 500 килограмм және ұшу қашықтығы 400 километр болатын Иранның «Асеф» авиациялық қанатты зымырандары,

*Жерүсті қанатты зымыраны – «Quds-1»,

*Өз кезегінде кеңестік «X-55» зымырандарының көшірмесі болып табылатын ирандық «Soumar» зымырандарының модификациясы,

*1990 жылдары Қытай Иранға сатқан және осы елде «Noor» атауын иеленген қытайлық «С-802» зымырандарының көшірмесі болып табылатын «Аль-Мандеб 2» кемеге қарсы қанатты зымырандары. Олардың қашықтығы шамамен 120 километрді құрайды, ал артықшылықтарының бірі - жүк көлігін шанақтан ұшыру, бұл ұтқырлықты және қондырғыны қарсы соққыдан тез шығару мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

*«Самад-2» және «Самад-3» дрондары, олардың соңғысы 1500 шақырымға дейінгі қашықтыққа ұшуға қабілетті су үсті құралдарымен жарақтандырылған. Украина Ресей Федерациясының Қара теңіз флотының корабльдеріне шабуыл жасау үшін пайдаланатын су үсті дрондарына ұқсас.

Дегенмен, хуситтердің басты қаруы – Сауд Арабиясымен және осы ел басқаратын әскери коалициямен қарсы тұруда жинаған тәжірибесі болып табылады. Бұл қарсылық АҚШ, Ұлыбритания және олардың одақтастары үшін Аден шығанағындағы, Баб-эль-Мандеб бұғазындағы және Қызыл теңіздегі кеме қатынасына шабуылды тоқтатудың қаншалықты қиын екенін көрсетеді.

2021 жылы хуситтер Сауд Арабиясына ай сайын сауд коалициясының 600 соққысына қарамастан, 340-тан астам зымыран мен оқ-дәріні атты. Бұл соққылар дәл осы зымыран мен басқа да қару-жарақ өндіретін инфрақұрылымға бағытталған болатын. Таяудағы «RUSI» сарапшылары атап өткендей, Йеменнің солтүстігін бақылайтын ираншыл топтың негізгі әлсіздігі әскери мақсатқа бағытталған құралдардың жетіспеушілігі болып табылады. Көптеген жағалау радарлары, соның ішінде Йемен әскерінен қалған хуситтер 2016 жылғы соғыс кезінде жойылды. Қазір хуситтер ирандық барлаушы кемелердің барлау мәліметтерін пайдаланады деп есептеледі. Бұл азаматтық кемелерге шабуыл жасау үшін жеткілікті, бірақ әскери кемелерге тиімді қарсы тұру үшін жеткіліксіз.

АҚШ, Ұлыбритания және олардың одақтастары үшін тағы бір проблема - Йеменнің хуситтер бақылайтын бөлігі (Йеменді Израильден бөліп тұрған Сауд Арабиясы аумағынан айырмашылығы) таулы жер болып табылады. Соның ішінде жер астында іске қосу қондырғыларын тиімді жасыруға мүмкіндік береді. Жер асты іске қосу қондырғыларының үлгілерін хуситтер 2018 жылдан бастап кәдеге жарата бастады.

1705314987640944.png

ҚЫЗЫЛ ТЕҢІЗДЕГІ ҚАНҚАСАПТЫҢ СҰЛБАСЫ

Қорғаныс зерттеулерінің біріккен корольдік институты сарапшыларының айтуынша, АҚШ басқарып отырған коалицияның бұл жағдайда қолдануға тиісті бірнеше жосығы бар:

*Қарсыласқа бағынуға мүмкіндік беру үшін бір немесе бірнеше маңызды емес мақсаттарға шектеулі соққы беру. 12 қаңтарға қараған түні одақтастардың жаппай шабуылынан және хуситтердің өздерінің шабуылдарын жалғастыру ниеті туралы мәлімдемелерінен кейін бұл сценарий шындыққа жанаспайды.

*Бір мезгілде хуситтер мен олардың тасасында тұрған Иранға талаптар қоя отырып, оларды орындаудың нақты көрсетілген мерзімімен ауқымды шабуылға ден қою. Жұма түніндегі сияқты, тіпті одан да ауқымды шабуылдарды күн сайын жүргізу мүмкін емес. Дегенмен, бұл Аден шығанағы мен Қызыл теңiзде азаматтық кеме қатынасы жағдайын белгiлi бiр шамада жеңiлдетуi мүмкiн, одан кейiн жаңа эскалация орын алады.

*Үшінші нұсқа - ең көп соққы болмаса да, ең маңызды нысандарға шоғырландырылған соққы, хуситтерге қарсы жұмылдырылған жұмсалған күштермен неғұрлым кең ауқымды әскери кампания жүргізбей,  неғұрлым тиімді соққылар жасай алу.

Институт сарапшыларының пайымдауынша, осы мақсаттардың ішінде басқару және бақылау тораптары, сондай-ақ ирандық зымырандарды «бөлшектеп» құрастыратын зауыттар болмауы тиіс, себебі олар халық көп шоғырланған жерлерде, мысалы, Йеменнің астанасы Сана қаласында орналасады.

1705315061240845.jpg

Қарсылас тараптар қандай стратегияны таңдаса да, әсіресе қақтығыстың шиеленісуі шын мәнінде хуситтер мен Иранның мақсаттарының бірі болып табылса, Қызыл теңізде жиналған Құрама Штаттар мен оған қосылған елдер Иран-Ирак соғысы кезінен бері ең қуатты топтардың бірі және оның 1984 жылғы «танкерлер соғысының» бір бөлігі болып табылады деп сеніммен айтуға болады.

Бұл – «USS Carney», «USS Laboon» және «USS Thomas Hudner» эсминецтері, «Ohio» сыныпты атомдық су асты қайығы, британдық «HMS Diamond» эсминеці және Франция теңіз флотының «Languedoc» көп мақсатты фрегаты.

Желтоқсан айының соңында британдық «The Times» газеті жазғандай, Аден шығанағында үш сүйемелдеу кемесі бар «USS Dwight D. Eisenhower» авианосеці, «Los Angeles» сыныпты атомдық су асты кемесі орналасқан. Бұдан басқа, Шығыс Жерорта теңізінде бес сүйемелдеу кемесі бар «USS Gerald R. Ford» американдық авианосеці және «USS Mount Whitney» АҚШ Әскери-теңіз флотының штабтық кемесі қалып отыр.

Операция құнының қымбаттығына қарамастан, АҚШ пен президент Жо Байден мұндай қадамды қолайлы деп есептеуі мүмкін. Ең күрделісі теңгерімді сақтау болады: Қызыл теңіз пен Баб-эль-Мандеб бұғазының сауда кеме қатынасы үшін әрекетсіздігі мен іс жүзінде жабылуы логистиканың күрделенуіне және көптеген тауарларға әлемдік бағаның өсуіне әкеледі, қақтығыстың өршуі де қымбат болады.

12 қаңтарға қараған түні Батыс коалициясының хуситтерге соққы беруі АҚШ-тың осы топқа қарсы он жылға жуық уақыттағы ірі әскери операциясы болды. 2016 жылы Құрама Штаттар Қызыл теңізде бірнеше әскери-теңіз кемелері мен сауда кемелерін атқаннан кейін «Томагавк» қанатты зымырандарымен хуситтердің үш зымыран қондырғысына шабуыл жасады. Сол кезде хуситтердің шабуылы тоқтатылды. Бірақ қазір «Ансар Алла» Батыстық елдердің ультиматумына бірден қарсылық білдіріп, ештеңеге қарамастан шабуылды жалғастыруға уәде берді.

1705315095387419.jpg

ХУСИТТЕР НЕ ДЕЙДІ?

Хуситтер Құрама Штаттармен соғыстың келешегін зор қуанышпен қарсы алды. 10 қаңтарда, Батыс елдерінің соққыларының осы сериясына дейін, топтың қазіргі көшбасшыларының бірі Абдулмалик әл-Хути кез келген шабуылды «қатыгез жауап» ретінде қарсы алуға уәде берді: «Біз, йемендіктер, АҚШ-тан қорықпаймыз. Бізді американдықтармен тікелей конфронтация қанағаттандырады», - деп мәлімдеді.

«Аңсар Алланың» тағы бір өкілі Мохаммед Абдулсалам да: «Біз Йеменге қарсы бұл агрессияны ақтаудың мүлдем жоқтығын атап өтеміз, себебі біздің тарапымыздан Қызыл және Араб теңіздерінде халықаралық кеме қатынасына ешқандай қауіп төнген жоқ. Бірақ АҚШ пен Ұлыбритания соққы беруі Йеменнің Палестина мен Газаны қолдауын тоқтатады деп санайды», - деді.

1705315125122008.jpg

БАЙДЕН НЕ ДЕЙДІ?

АҚШ президенті Джо Байден Таяу Шығыстағы соғыстың шиеленісуінен үш ай бойы құтылуға тырысып, 11 қаңтарда кешке Йеменде соққы беруге бұйрық бергенін айтты. Америкалық және басқа да теңізшілердің өміріне және навигация еркіндігіне қауіп төндірген әлемдік сауданың 12 пайызы өтетін маңызды теңіз көлік дәліздерінің біріндегі «ойсыз шабуылдарға» қарсы соққыдан кейін жариялаған жазбаша мәлімдемесінде Байден 50 мемлекеттің мүддесіне әсер еткен хуситтердің «бұрын-соңды болмаған» шабуылдарын жан-жақты сипаттады.

«АҚШ пен оның одақтастары хуситтердің әскери нысандарына ұзақ уақыт шабуыл жасай алады, бірақ олар ешқандай іргелі нәтижеге әкелмейді. Батыстық коалицияның «Аңсар Алла» қозғалысының жауынгерлерін толығымен жеңу өте қиын болады», - деп есептейді Араб түбегінің білгіші, әскери-саяси талдаушы Михаил Шерешевский.

«Қазіргі уақытта Йемендегі операция туралы ешкім айтпайды. Ол өте қауіпті болар еді. Йемен осы мағынада Ауғанстанды еске салады. Әңгіме елдің солтүстігіндегі жауынгерлік тайпалар қоныстанған таулы жерлер туралы болып отыр, олардың бір бөлігін хуситтер - тайпалық ақсүйектер біріктіре алды. Онда партизан соғысы үшін тамаша жағдай жасалған, ал хуситтер - жер бетіндегі ең үздік партизандардың бірі. Олар күрделі рельефі бар өз аймақтарын жақсы білетін шебер, қажырлы және аяусыз жауынгерлер», - дейді.

1705315189231436.jpg

ХУСИТТЕР МЕН ОСМАН ИМПЕРИЯСЫНЫҢ СОҒЫСЫ

ХХ ғасырдың басында Осман империясы Солтүстік Йеменді (болашақ Йемен Мутаваккили корольдігі) бағындыруға және онда зейдиттердің кезекті көтерілісін - қазіргі хуситтердің идеялық ізбасарлары мен бабаларын тыныштандыруға тырысты. Бұл әрекет әскери сәтсіздікпен және Стамбул мен Йемен билеушісі имам Яхья арасында шарт жасасумен аяқталды. Осман сұлтаны Солтүстік Йеменнің толық автономиясын мойындады, дегенмен империя Осман пашасы мен әскери гарнизондардың елде болу құқығын сақтап қалды. Кейін Түркияда бір ғасыр бойы Йемендегі үмітсіз соғыс туралы, КСРО-да Ауғанстан ардагерлеріне ұқсас қайғылы әндер шырқалды.

1705315249411330.png

ХУСИТТЕРДІҢ САУДИЯМЕН СОҒЫСЫ

Сауд Арабиясы да осы жолмен жүруге тырысты және 2015 жылы Біріккен Араб Әмірліктерімен бірге Йеменге қарулы күштер енгізді. Бірақ хуситтермен болған соғыс Эр-Рияд үшін үмітсіз іс болып шықты. Осы жылдар ішінде хуситтер Йеменнің жартысына жуығын және оның астанасы Сана қаласын бақылауда ұстап, саудиялықтарға үлкен шығын келтірді. Бұл ретте олар Сауд Арабиясының қалаларын зымырандармен және дрондармен атып, олардың аумағына рейдтер жасады. Олар соншалықты тиімді болғандықтан, Сауд Арабиясы басшылығы бейбітшілікті қалады, «Ансар Алламен» келіссөздер жүргізеді, тіпті АҚШ-тың хуситтерге қарсы ауқымды әскери операцияларына да қарсы.

1705315348250786.jpg

ХУСИТТЕР «ИРАННЫҢ ПРОКСИ КҮШІ» МЕ?

Хуситтер туралы «Иранның прокси күші» деп жиі жазылады. Бұл толығымен дұрыс емес. Бұл арада әңгіме жергілікті байлар басқаратын, тамыры терең дербес қозғалыс турасында болып отыр. Алайда, егер оларға келіп түсетін ирандық қарудың үздіксіз ағыны болмаса, хуситтер осыншама тиімді соғыса алмас еді. Сондықтан олар өздерінің басты сыртқы және әскери тірегі - Тегеранға өте тәуелді. Иран хуситтерге зор ықпал етіп, АҚШ тарапынан санкциялар режимін жеңілдету бағытында оның уәдесін алу үшін оларды пайдаланып қалуға тырысуы мүмкін.

«Вашингтон үшін қазіргі басты проблема оның түбіне алмайтындығында. АҚШ-тың жаһандық қағанат мәртебесі оған әлемдік сауда бағыттарында, құрлықтағы және теңіздегі тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы әлем үшін теңіз саудасының орасан зор маңызын ескере отырып, егер АҚШ бүкіл әлемдік сауданың 12 пайызы өтетін Қызыл теңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаса, онда олар бұдан былай өздерін үлкен қағанат деп атай алмайды», - деп ескертеді Михаил Шерешевский.

ХУСИТТЕР АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Йеменде XIX-XX ғасырлардың басынан бері әрекет етіп келе жатқан хуситтер (хути) немесе «Аңсар Алла» қозғалысы жергілікті қуатты этноконфессиялық тайпалық әскерилендірілген тобы (ел халқының шамамен 25 пайызы) 2004 жылы сол кездегі үкіметке қарсы қарулы көтеріліс жасады. «Хуситтер» атауының өзі осыдан 20 жыл бұрын, сол 2004 қыркүйегінде Йемен әскерилері өлтірген қозғалыстың негізін қалаушы Хусейн әл-Хусидің құрметіне пайда болды.

«Аңсар Алла» басқа да ымыралы және радикалды исламшыл топтармен және қозғалыстармен бірге 2011 жылғы Йемен төңкерісіне белсенді қатысып, соның нәтижесінде президент Али Абдалла Салех доғарысқа кетіп, 2017 жылы «Аңсар Алла» бақылауындағы жергілікті ІІМ-нің күшімен өлтірілді. 2015 жылдың басынан бастап, хуситтер Йемен астанасы Сананы басып алып, өздерінің ресми басқару органын, Революциялық кеңесін құрғаннан кейін, «Аңсар Алла» іс жүзінде бүкіл елді басқаратын күшке айналды. Бұл ретте «Аңсар Алла» ливандық «Хезболла» сияқты Иран мен оның одақтастарының тікелей әскери және қаржылық қолдауына ие. Қазір хуситтердің революциялық комитеті негізінен бүкіл Хуси отбасылық кланының көптеген мүшелерінен тұрады және 2004 жылы өлтірілген Хусейннің туысқаны «Ансар Алланың» жоғарғы көшбасшысы Абдул-Мәлік әл-Хуси шын мәнісінде Йеменнің президенті болып есептеледі.

Бүгінде «Эль-Масира» телеарнасы бар хуситтер шиизмді Йемен халқының көпшілігі ұстанатын суннизмнің ықпалынан және жалпы исламның тазалығын көршілес сунни және ибадат монархиялары сияқты барлық «қанағаттанарлық» ықпалдардан қорғайтынын айтады (бірінші кезекте Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері, сондай-ақ Оман - әлемдегі ибадаттар халқының 75 пайыздан астамын құрайтын жалғыз мемлекет). Сондай-ақ «сионистік Израиль мен құдайсыз Батыс» тарапынан да. 2018 жылғы шілдеде хуситтердің революциялық кеңесі Ресей президенті Владимир Путинге 2014-2015 жылдардан бері тоқтамайтын елдегі азаматтық соғысты және «араб альянсы» тарапынан Йеменге қарсы агрессияны тоқтатуға жәрдемдесуді өтінді. Өтініш жауапсыз қалды. Путиннен көмек сұрайды. Ресей тағы бір соғысқа араласуы мүмкін.

1705315390788548.jpg

ЙЕМЕНДІ ИМАМАТҚА ҚАЙТАРУ

Соңғы жылдары хусит қозғалысы мен оның идеологиясы мен сыртқы саясаты қатты өзгеріп, радикалданды. «Аңсар Алла» әлемдік жихадқа және «батыстық империализм мен сионизмге» қарсы «құдайға лайықты күреске» қатыса бастады. Бірақ осыдан 10-15 жыл бұрын бұл тек қана йемендік қозғалыс болатын. Елдегі «салафиттердің рөлін күшейтуге қарсы» қозғалыс болды. Бұл ретте «салафиттік» деп бүкіл салафизм исламдағы бір ілімнің бір түрі ретінде емес, ең алдымен Саудия ықпалын білдіреді. Сондай-ақ бір кездері хуситтер Йеменді 60-шы жылдардың басында төңкеріс салдарынан құлаған имаматқа қайтаруды және жаңа теократиялық патриархалды мемлекет құруды жақтаған. Сондай-ақ, Йеменде идеологияның және «Мұсылман бауырластар» қозғалысының болуына қарсы, бірақ олар қазір өздерін «Мұсылман бауырластардың» бір тармағы болып табылатын Газа секторындағы ХАМАС тобының ең жақын одақтастары деп санайды.

ХУСИТ СОҒЫСТАРЫ

1990 жылға дейін тайпалық қағидат бойынша екі мемлекетке бөлінген Йемендегі азаматтық соғыс, шын мәнінде, ұзақ уақыт бойы бір жағынан хуситтер мен екінші жағынан бұрынғы үкіметтік күштер мен әртүрлі әскерилер арасындағы қарулы қақтығыс болды соның ішінде «Әл-Каида» мен «ДАЙШ», оңтүстіктегі сепаратистер мен жай бандиттер. Осы азаматтық соғыстың тарихы соңғы жылдары өте күрделі болды және көптеген кезеңдерден тұрды. Оның барысында түрлі күштер бір-бірімен альянсқа түсіп, кейін басқа жаққа көшті, бірақ ешкім жеңіске жете алмады. 2011 жылы Эр-Риядқа «араб көктемі» салдарынан құлатылғаннан кейін 22 жылға жуық билік құрған бұрынғы Йемен президенті-диктатор Әли Абдалла Салехтің мысалы айқын. Ол Йемен астанасы Санаға оралып, олармен одақ құрды, содан кейін оған адал Республикалық гвардияның көптеген бөлімдері «Аңсар Аллах» жағында соғысқа кірісті. 2017 жылдың күзінде Салех одақтастарын алдап, қайтадан ислам коалициясының жағына өтуге шешім қабылдады.

2015 жылдың көктемінен бастап оларға қарсы тұрған барлық ішкі күштер 2020 жылға қарай белсенділікке қол жеткізген хуситтерге қарсы Сауд Арабиясы бастаған ислам коалициясы елдің ішкі ісіне жасырын түрде араласу үшін діндарларды қолдайтын Иранның ықпалын таратуға қарсы тұру сылтауын алға тартты. Сауд Арабиясы армиясы мен оның коалиция бойынша серіктестері (Египет, Иордания, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Бахрейн, Марокко және Судан) айқын материалдық-техникалық басымдыққа қарамастан, хуситтермен болған шайқаста ешқандай жеңіске жете алмады. Керісінше: соңғы жылдары «Ансар Алла» Саудияның мұнай инфрақұрылымына аса сезімтал зымыран соққыларын жасады.

Жалпы алғанда, мұнай мен табиғи ресурстарға кедей Йемен Қызыл теңізден Үнді мұхитына, Азия мен Африка арасындағы стратегиялық тұрғыдан аса маңызды жерде орналасқандықтан соңғы он жылда бүкіл Таяу Шығысты басып алған шииттік Иран мен сунниттік Сауд Арабиясының әскери-саяси қақтығысы аймағының біріне айналды. Сол себепті, мысалы, БАӘ әскерлері өткен жылдың сәуір айында Үнді мұхитындағы Йемендегі Сокотра аралын Иран солардан бұрын басып алады деген қауіптен біраз уақытқа «алдын ала» басып алды.

1705315442871537.jpeg

«ИЗРАИЛЬДІ ЖЕК КӨРЕТІН ҚОЗҒАЛЫС»

Қазiргi кезеңдегi хуситтер - бұл едәуiр дәрежеде Тегеранның тууы, бiрақ бiр мезгiлде соңғы онжылдықтар iшiндегi iшкi дамуының заңды жемiсi де. Қалай болғанда да, ирандық қолдау - хуситтер үшін мүлдем экзистенциалды мәселе. Сондықтан олардың көшбасшылары өздерін Иранмен, оның сыртқы саяси мақсаттарымен және оның Таяу Шығыстағы жағдайға көзқарасымен барынша сәйкестендіруге тырысады.  Саясаттанушы-арабист Андрей Остальский:

«Иранда уағыздалып жатқан Израильге деген өшпенділік енді бала кезден бастап хусит мектептерінде оқытылып келеді және ол бүгінгі таңда хусит қоғамы құрылатын идеологиялық өзекке айналды. Ал ол әлі де болса Йеменнің сунниттерімен соғысудағы көп жылдар бойы өршіп келе жатқан және көп адам қаза тапқан азамат соғысы аяқталған жоқ.

Хуситтер билікте өздерін сенімді сезінбейді. Олар өздерінің ішкі істеріне араласа алар еді, бірақ бәрі керісінше болып жатыр. Олар Иранды сүннийлерді жеңіп, билікті иеленуге көмектескен шешуші күш деп санайды. «Ансар Алла» көшбасшылары Тегеранның сенімі мен қолдауын жоғалтса, биліктен айрылуымыз әбден мүмкін деп санайды. Сондықтан да олардың радикалды бағдарлары иран идеологиясымен үндеседі. Йемен халқын өте күрделі экономикалық проблемалар, орын алып жатқан аштық алаңдататындықтан хусит көшбасшылары қоғамдық пікірді өз пайдасына айналдыруға тырысып бағуда.

Мен солтүстік Йеменде саяхаттап көп уақытымды өткіздім. ХХ ғасырдың басында бұл жер ең алдымен діни емес, тайпалық қағидат бойынша бөлінген ел болатын. Адамдар бәрінен бұрын өздерін дінмен емес, қандай да бір тайпамен байланыстырды. Бірақ қазір бәрі түбегейлі өзгерді. Діни бауырмалшылдық бірінші орынға шықты. Ең алдымен, мұсылман немесе мұсылман емессің, сүннит немесе шиит, немесе әркім өздерін қалай атайтыны маңызды болып табыла бастады. Бір кездері Йеменде зейдиттер, әрине, ғасырлар бойы сунниттермен тату-тәтті өмір сүрген. Бірақ енді дұшпан атанған сунниттер - зейдит (шиит) билігімен татуласуға мәжбүр болуда.

Зейдиттер тарихи тұрғыдан Иран шииттерімен толығымен келіспен еді. Бірақ егер Иран бүгінде «Ислам мемлекеті» ұстанымынан идеологиялық тұрғыдан алыс кетпеген аса радикалды «ХАМАС» тобын қолдай алатын болса, онда исламның шииттік интерпретациясы бойынша Тегеранға өзінің «туыстарымен» татуласуға бағдар ұстана бастағандығын танытады. Осылайша, біз бәрін анықтай бастайтын діни-саяси факторлардың пайда болу үдерісін көріп отырмыз. Бұл енді таза дін емес, Батыс түсінігіндегі саясат та емес.

Қызыл теңіздегі кемелерді ату. Логикалық тұрғыдан алғанда, бұл бастама Тегеранға қатты ұнауға тырысатын «Аңсар Алла» тобының басшылығынан туындауы тиіс еді. Бірақ олардан бұған санкция алған шығар. Тегеран тарапынан «жасыл жарық» болмаса, олар мұндай тәуекелге ешқашан бармас еді. Мен қазір хусит көшбасшылары өздерінің Иран жақтастарына: «АҚШ пен оның одақтастарының соққысына соншалықты қатаң жауап беруіміз керек пе, бұл қақтығыстың одан әрі күрт өршуіне әкеледі ме?» деген сұрақ қоятынына күмәнім жоқ. Және, бәлкім, Йеменнің өзінде, Қызыл теңізде, Суэц каналында ғана емес, жақын маңдағы барлық аймақтарды қамтитын жанжал олармен жалын сияқты жүгіре бастайтын шығар. Егер Тегеран тарапынан «өздеріңіз шешіңіз» деген дүдәмал жауап берілсе, онда бұл шын мәнінде «аяқтарыңды аңдап басыңдар» дегенді білдіреді. Осындай қадам жасала қалса, онда айтарлықтай шиеленіс болмау мүмкіндігі де бар.

Бірақ қазір Иран режимінің ел ішіндегі ішкі саяси жағдайы өте күрделі. Иран билігі де монолит емес қой, оның ішінде түрлі фракциялар бар. Және Ислам революциясы сақшылары корпусына (ИРСК) жақын тұрған өте жауынгерлік қанаты қашанда қалыптасқан жағдайдың ушыға өршуін қалайды. Тегерандағы ақыл-есі саулар өз мақсатымызға қол жеткіздік. Осыған тәубә дейді.  Бірақ біз бұның бәрін жақын арада білеміз», - деп санайды Андрей Остальский.

Осылайша Ймендегі жағдай Тегеранның қандай ұстанымда болуымен тығыз байланысты.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 891
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 751
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 579
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 586