Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаһан жаңғырығы 2198 6 пікір 12 Қаңтар, 2024 сағат 15:08

Трамп Ақ үйге қайта келсе...

Президент Байденнің алдында 4 жыл Ақ үйді басқарған Трамп «Американы тағы да құдіреттендіру» ұранымен келгені белгілі.

Ол кезінде НАТО-ны, БҰҰ мен ДДС ұйымын Америкаға «масыл» болып отыр деп айыптап, олардан шығатынын мәлімдеген еді. Америкадағы биылғы президент сайлауында Трамп Байденге тағы да бірден-бір қарсылас болайын деп отыр.

«Қайта сайлансам кезінде қытайға қарсы бастаған «сауда соғысын» ақырына дейін жеткізіп, Қытаймен экономикалық байланысты бір жолата үземін», - деп отырған Трамптың сайлау алды бағдарламасынан Еуропада іш тартып отыр екен.

Амерканың «Саяси хабарлар» сайтының жазуынша, Еуропаның дүрлігуіне Еуроодақтың әскери өндірісін дамытуға 100 миллиард еуро бөлу керек екенін айтқан Еурокеңестің ішкі сауда комитетіндегі лауазымды тұлғаның Трамптың 2020 жылғы «Давос» экономикалық форумында Еурокеңес төрағасына: «Мынаны біліп қойыңдар, Еуропа шабуылға ұшыраса біз мәңгі көмектеспейміз, қолдау да білдірмейміз. НАТО өлді, біз одан шығамыз. Сендер әскери ұйымға міндетті қаржыны аудармадыңдар, бізге 400 миллиард доллар қарызсыңдар» деп айтқан сөзін ел есіне салғаны себеп болған екен.

Оған бірден жауап қатқан Байденнің сайлау комисиясының басшысы: «Трамптың сайлауға түсуге лайық емес екені осыдан-ақ белгілі. Оның бүл сөзі Американың қауіпсіздігі мен әлемдік беделіне нұқсан келтіреді» деген. Сайлаушылармен кездесуден қолы босамай жүрген Трамп бұл дауға байланысты: «НАТО-ға көмек беруді олардың келешекте бізге ұстанған позициясы шешеді» деген.

Еуропа басылымдары «Трамп билікке келсе Украинаға көмекті тоқтатып, геосаяси жағдайды қиындатады, АҚШ экономикасын қорғау шараларын күшейтіп, өздеріне басымдық береді» деп жарыса жазып жатыр екен.
Америкадағы соңғы мәліметтер бойынша Байден мен Трамптың сайлаушылар арасындағы қолдау көрсеткіші қарайлас болып, 48 пайыздан иеленген.

Abai.kz

6 пікір