Сенбі, 27 Сәуір 2024
Ақмылтық 2731 54 пікір 12 Қаңтар, 2024 сағат 14:20

Тұрар мен Шерхан: Тұлғатанудағы үстірттік

Қазақтың тұлғатану ғылымы тәуелсіздік алған, идеологиялық құрсау жойылған соңғы 30 жылда кемелденудің орнына кері кеткендей.

Ғылыми, обьективті позицияны ұстанудың орынына, діни, бір жақты, субьективті көзқарасты ұстану белең алып барады. Оған мысал жетерлік.

Соңғы кездегі әйгілі Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Халық үні» газеті тілшісіне берген сұхбатында Сталидік тазалаудың құрбаны болған Тұрар Ырысқұловты «1918 жылдан бастап ашаршылықты ұйымдастырды» деп айыптағаны, қабырғалы қаламгерлер Шерхан Мұртаза мен Фариза Оңғарсынованы «жерді сату туралы заң жобасына дауыс берді» деп кінәлағаны да сол қатарда.

Халқымыздың тең жартысы қырылған аштықты Сталиннің уысындағы бір тұлғаның мойнына арту, «қазақтар егін егуді білмегендіктен қырылды» деген сияқты дәйексіз пікір.

Тасмағанбетов Үкіметбасы болып тұрғанда дайындалған заң жобасын марқұм Шерхан мен Фаризаның қолдауы екі тұлғаның «Күлтегін» ескерткішін елге алдырған Иманғалиге болған сенімімен байланысты болса керек.

Тұлғатануда обьективті пікір айтудан гөрі «шабытына» тізгін ұстатудан өзге танымал тұлғаларда кенде емес.

Әйгілі ақын Мұхтар Шақанов та мұрнағы жылдары «Жамбыл Сталиннің туфлиін жалады», «Мен «елім» деп еңіреп жүргенде Мұқағалидың арақтан аузы босамады, мен оны «Жұқағали Бұқатаевсің» деп бетіне айттым» деп көп талқысына қалып еді.

Мұндай тенденцияның кері әсері халық құрметтейтін тұлғалардың заман шындығын ескермей, жеке тұрғысынан айтылған біржақты, субьективті көзқарасын былайғы жұрт шынайы ақиқат ретінде қабылдауда. Әлеуметтік желідегі жазылған пікірлерге қарап, баяғы «таптық күрес» науқаны қайта басталғандай әсерде боласың. Әрине одан ұлт руханиятына келер пайда шамалы.

Халық қазір тарихи шындықты білуге зәру, көпті кінәлаудан аулақпыз. Тарихтағы «ақтаңдақтар» ашылғанымен, архивтер қол жетімді болғанмен оны ғылыми тұрғыдан саралау кемшіл болып жатыр. Күрделі, ауыспалы кезеңде өмір сүрген тұлғаларға да обьективті тарихи бағасын беру жағы ақсап тұр. Бұл салада ғылыми мамандардан гөрі ақын-жазушылар алдыға озып кетіп отыр. Оның жақсы жағы да, жаман жағы да бар.

Отарсыздану, ұлттық ояну барысын кешеуілдетеді. Алысқа емес, тәуелсіздік кезең шындығына бойласақ, өмірге, тарихқа ақындық көзқараспен қарайтын ескі әдеттің кесірінен нарықтық экономикаға көшкен 30 жылда аямай ұтылдық. Қазақтың бар байлығы өзгенің, келімсектердің меншігіне өтті. Біз рушылдық, жүзшілдік, жершілдіктің артында әлі жүрміз.

Сол үшін бізге тұлғатануда байыпты, жауапкершілікті көзқарас керек. Онсыз ұлт болып үйысып отыруымыз екіталай.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

54 пікір