Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Айбын 2515 7 пікір 17 Желтоқсан, 2023 сағат 14:58

Абай жастары Тәуелсіздік туралы

Азаттық рухы сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз үшін асыл мұратқа айналды. Бабаларымыз аңсаған асыл мұратқа қол жеткіздік. Облыс дәргейіне жетіп жеке аймақ атанған Абай облысында Тәуелсіздік күніне арналған ерекше мүшәйра өтті.

Түркі әлеміне танымал «Абай» журналының редакторы, қазақ төл тума лирикасындағы өзіндік орны бар классик ақын Оспанов Мұратбек, «Егемен Қазақстан» газетінің облыс бойынша тілшісі Кәріпбаев Сәтжан, ғалым Әбікенова Гүлнат, «Abai.kz» порталының облыс бойынша тілшісі Әбіл-Серік Әбілқасымұлы және Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бахатова Маржан Аманбердіқызынан тұратын әділқазылар 14 жазба ақынның талантына баға берді. Біз кім жеңіп, кім қойғанын емес, осы 14 дүлдүлдің тәуелсіздік жайындағы жүрек жарды пікірлерімен «Abai.kz» оқырмандарын таныс етпекпіз.

Әлихан Айдарбек, мүшәйраға қатысушы:

– Қашанда дана халқымыз «Жас келсе – іске» дейді. Өйткені жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші болып табылады. Осы орайда Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осы мәселеге айрықша тоқталып, бізге, жастарға алға талпынатын зор қуат берді. «Өскелең ұрпақтың әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек» деген сөзінің астарына терең үңілуге тиіспіз.

Ахметкәрім Мәди, мүшәйраға қатысушы:

– Жасыратыны жоқ. Тәуелсіз елдің жастары жастық жалынымен алаулап, қай салада болсын күш-жігер танытып келетінін ерекше атап өткім келеді. Менің бұлай дейтінім, жастық – бұла күштің құрсауын бұзатын, жаңа бастамаларға жол ашатын шақ болып табылады. Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі осы жігерімізді жақсы істерге бағыттау мен қолдауға ұластыра білді. Міне, осы мақсатта қазақ өркениетінің аясы да кеңейе түскендігіне куә болып отырмын. Биылғы мүшәйра Тәуелсіздігіміздің 32 жылдығына орай жас таланттардың шығармашылық қабілеттілігін аша білгеніне разымын.

Арчин Дидар, мүшәйраға қатысушы:

– Ел тарихынан белгілісі 32 жыл бұрын 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданған болатын. Арғы тарихқа кеңінен сүңгісек, 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат – «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданған еді. Аталған құжат Қазақстанның нағыз тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама болып табылды. Тәуелсіздік күні әр қазақ үшін зор мереке! Тәуелсіздіктің 32 жылында Қазақстан елеулі жетістіктерге жетті және күрделі сын-қатерлерден өтті дегенді мақтанышпен айта аламын.

Бекұлан Алдияр, мүшәйраға қатысушы:

– Қазіргі заманауи қоғамда жас болу оңай ма? Оңай емес! Бірақ мемлекет тарапынан біз үшін барлық жағдайлар жасалғанын көпшілік замандастарымыз ұғына бермейді. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қазақ қоғамы біздің пікірлерімізге құлақ асады. Өйткені, Біз жаңашылдықтың қозғаушы күшіміз! Және осы орайда баса айта кетерім, Егемен еліміз 16 желтоқсанда салтанатты жағдайда Ұлттық мереке – Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Қазақстандықтар алмағайып өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Республикамыздың осындай биіктіктерді бағындыруына барлық адамдар сүбелі үлес қосып келеді. Ұрпақтарының ырысы ортаймасын, намысы тапталмасын деп көксеген ата-бабаларымыздың арманы орындалған осы шақта баршаңызға бақыт, байлық, береке тілеймін. Жастардың жалын рухы сөнбей алаулап, Еліміздің ертеңі жолындағы еңбегіміз жана берсін!

Биқатаева Диана, мүшәйраға қатысушы:

– Өз елімнің патироты болғандықтан өз басым Қазақстанда болашақта ешқандай ұлтаралық қақтығыстар мен кикілжіңдердің, лаңкестік әрекеттер мен азаматтық араздықтардың болмайтынына кәміл сенемін. Бірақ, ол үшін қоғам өз ұлтына қалтқысыз берілген, өзінің рухани адамгершілік құндылықтарын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілін, діні мен ділін сыйлайтын, өзін мақтанышпен «Қазақпын» деп айтатын лайықты ұрпақ тәрбиелеуі керектігін баса айтқым келеді.

Ғазизов Жалғас, мүшәйраға қатысушы:

– Жасырып жабары жоқ, Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан ол үйде тұрған ана тілін не орыс, не қазақ тілі деп танитын әрбір жас азамат ортақ ұлттық мүдде үшін бұра тартпай, жақсы орта қалыптастыруға міндетті. Мен тілдік бөлінуге мүлде қарсымын! Еліміздің гүлденуі де өз қолымызда!

Ерланов Әлижан, мүшәйраға қатысушы:

– Мемлекет басшсы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арқасында сақталынып отырған бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін Отанға деген адалдық пен үлкен махаббатқа толы милетшілдік, мәдениетті, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу жолында Абай облысы қыруар жұмыс атқарып жатыр. Оның жарқын куәсі – біз бүгін қатысып отырған Облыстық жыр мүшәйрасы. Осы аталған жастарға қатысты көп қырлы мәселені шешу жолында Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бахатова Маржан Аманбердіқызы толымды жұмыстар атқарып жатқан сыңайлы. Тәуелсіздік мерекесімен барлық Қазақстандықтарды құттықтаймын! Еліміз өркендеп, халқымыз бақуатты да салауатты өмір сүре берсін дегім келеді.

Ұлан Нұрболұлы, мүшәйраға қатысушы:

– «Abai.kz» сайты қашанда жас таланттарды мұқым қазаққа таныту үшін қыруар жұмыс атқарды. Біздің ойымыз бен пікірімізді жалпы алашқа паш ете білді.  Елімізді әлеуметтік жаңғырту үдерісіне қатысу үшін «Шәкәрім атындағы Университет» студенттері кең ауқымды ұлттық  жобалардың баршасына белсенді атсалысып келеді. Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бахатова Маржан Аманбердіқызының және Қазақстан жазушылар Одағының Абай облыстық бөлімшесінің төрағасы Мерей Қарттың әрбір өткізетін іс-шарасы студенттердің Әдебиет пен Өнерге деген қызығушылықтарын арттыруға қызмет етеді дегенді ашып айтқым келеді.

Орынбеков Ерасыл, мүшәйраға қатысушы:

– Сіздерді Республикамыздың әр азаматы үшін айтулы – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Еліміздің жалынды жастары бастарын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған қыршын ерліктері бүгінгі Тәуелсіз Еліміздің жарқын істерімен жалғасын табуда. Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні Сізге игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілеймін. Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын!

Тәуелсіздік – азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтуі. Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел болып танылғанына үш ондықтан асты. Тәуелсіздік сияқты ұлттық мерекені бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры ол қоғамның, сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Басты байлық жай ұлттық мүдде емес, азаматтардың мүддесі мен қажеттілігі. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күшті ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Қазақстан үшін  ХХI ғасыр тарихының парағы парасат пен пайымға толы.

Қазақстан біздің ортақ үйіміз. Сондықтан ол үйде тұрған әрбір азамат жақсы орта қалыптастыруға міндетті. Бәрі де өз қолымызда!

Рахатбек Ерзат, мүшәйраға қатысушы:

– Қазақстандағы әлеуметтік жаңғырту үдерісіне қатысу үшін облыс студенттері кең ауқымды түрлі мемлекеттік жобаларға белсенді атсалысып келеді. Аймақтың студенттерінің Әдебиет пен Өнерге деген қызығушылықтарын арттыруға қызмет ететін барлық жобалардың басы –қасында  Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тұрады. Сонымен қатар қалалық мүшәйраның ұйымдастырылуы да студенттер арасында үлкен мәнге ие болды. Жастардың гуманитарлық бастамасын қолдау, сондай-ақ студенттерді «рухани-мәдени» алға жылжыту процессіне белсенді қатыстыру мақсатында ұйымдастырылған бүгінгі мүшәйра «Семей – Рухани астана» жобасын жүзеге асыру жолындағы жобаның құрамдас бөлігі болып табылады.

Сағимоллаева Еркежан, мүшәйраға қатысушы:

– Егмендіктің төл перезенті болу – біз үшін үлкен жауапкершілік. Сол себепті Семей қаласында білім алып жатқан біз, жастар қай кезде де қателесуге, жаңылысуға хақымыз жоқ. Бар күш-жігерімізді жұмсап, Қазақ еліне адал қызмет етуіміз керек дегенді жар сала айтамыз. Тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында әр атар таңымыз шуақты, татулығымыз тұрақты, тәуелсіздігіміз тұғырлы да ғұмырлы болсын деп тілеу тілейміз.

Сейітқазинова Толғанай, мүшәйраға қатысушы:

– Жастар қазақтың тағдыр кілтін қолға ұстаған шағында үлкен жетістіктерге жетіп, өз мамандықтары бойынша егемен еліміздің ертеңгі елеулі табыстарға жетіп, Тәуелсіздігіміздің алдағы 40-50-60 жылдықтарында да еліміздің экономикасымен әлеуметтік жетістіктеріне өз үлесін еселеп қосатын білікті кадрлар болып жетілуіне шын жүректен сенімдімін. Егемендік тарихын парақтайтын болсақ, қай жылғы жастар болсын, жастық жалынмен, ыстық жүрекпен, нұрлы жігермен өз саласының маманы болса, еліміз алға қарай өркендеп дамитынына сенімім аса зор!

Слямшайықұлы Мирас, мүшәйраға қатысушы:

– Еліміз түгіл, түркі тілдес халықтарға танымал «Abai.kz» порталы алыста жатсақ та, Абай облысының жастарының шығармашылығын еліміз бен әлемге танытудан еш жалыққан емес. Сол үшін қазақ саиттарының бастау көзінде тұрған «Абай.кз» алғысым зор.

Бүгінгі күн деңгейінен қарасақ, қазақ жастарының тәуелсіздік үшін күрес жолында сіңірген еңбегі орасан зор, бірақ бұл тақырып әлі толық зерттелмей отыр. Атап айтсақ, XX ғасырдың 60-80-ші жылдарындағы қазақ жастарының ел тәуелсіздігі үшін күресін зерттеуге ден қойғысы келеді. Қазақ зиялы қауымының өткені, бүгіні, болашақтағы сабақтастығы идеясы біз сияқты жас талап зерттеушілер үшін тың тақырып болып табылады.

Тұрарбек Мерей, мүшәйраға қатысушы:

– Өз басым КСРО дәуіріндегі қазақ жастарының тәуелсіздік үшін күресі - толық зерттелмеген тақырып деп санаймын. Сондықтан да біз осы салада тыңғылықты зерттеулер жүргізіп, сол дәуірдегі атаулы есімдерді қазақ жұртына таныта білуге тиіспіз. Сөз соңында айтарым, тап осындай игі шараны өткізген  Бахатова Маржан Аманбердіқызы басқарып отырған Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы  ұйымына мың алғыс айтқым келеді.

Санасына құлдық таңбасы басылмаған Абай облысының поэзияға өз талпыныс бар оқушы және студент жастары Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған мүшәйрадан зор рухани қуат пен жігер алып қалды.

Түйін: Ұлттық қасиетіміз бен Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, Ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай!

Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы,

ақын, журналист

Abai.kz

7 пікір