Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әдебиет 2036 4 пікір 14 Қараша, 2023 сағат 15:46

Шыназдан шығып, Шымкентте шыңдалған шайыр

Мерей

ЖҮРЕК ЖЫЛЫТАР ЖЫРЛАР

«Ақын - болашақты сөзбен болжайды».
Француз әдебиетінің сыншыларынан қалған сөз.

                «Ақын - ақындығымен емес, адамдығымен қымбат».
Сергей Александрович Есенин.

                                    «Ташкентте туған ақынның бәрі қайда болса да Ташкентте, Ташкенттің табиғатында, өзбек жұртының тамырында болғанын сөзімен де, ісімен де дәлелдеп тұрады».
Зульфия ханым Исраилова,
өзбектің ұлы ақыны.

Сүндет Мұратбекұлы Сейітов 1998 жылғы 3 қазан күні Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Шыназ ауданындағы Көтерме ауылында дүниеге келген. Жаратылысынан сүндеттеліп туғандықтан ата-анасы өздерінің перзентін осылай деп атаған. Осылайша орыстың ұлы ақыны һәм жазушысы Сергей Александрович Есенин (1895), француздың ұлы ақыны һәм жазушысы Луи Арагон (1897), қазақ ақыны Сүндет Мұратбекұлы Сейітов (1998) үшеуі әр жылдардың бір күні өмірге келген екен. Атасы Сейіт 60 жыл ұстаздық қызмет атқарған. Өзбек, орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерінде емін-еркін сөйлеген. Әжесі мен әкесі қарапайым жұмысшылар болған. Анасы денсаулық сақтау саласында қызмет еткен. Нағашыларының арасынан  Талғат Серікбаев деген суретші, мүсінші шыққан. Сүндет жеті жасында  кіндік қаны тамған жердегі Амангелді Үдербайұлы Иманов атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған.

2007 жылы Сейітовтердің отбасы атамекенімізге, дәлірегі шырайлы Шымкент шаһарына  қоныс аударған. Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Сарыағаш ауданына қарасты Келес өңірінің (қазір өз алдына жеке аудан)  Сәмбет Саттаров атындағы ауылдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінде, Шымкенттегі №83 жалпы орта мектебінде оқыған. Шымкенттегі Батырбек Туғанбайұлы Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған «Өнер» мектеп-интернатының түлегі. 13 жасынан бері шығармашылық жұмыспен етене шұғылдануда. 14  жасында Ұлыбританияның астанасы - Лондонға оқуға арнайы шақырту алғанымен, отбасылық жағдайына байланысты оған бара алмай қалған. 2017 жылы Шымкенттегі Мардан Баймырзаұлы Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының «Парасат» колледжінің құқықтану факультетін, ал 2022 жылы Орталық Азия инновациялық университетінің  педагогика факультетін филология мамандығы бойынша бітірген.

Өзінің еңбек жолын 2015 жылы Шымкенттегі республикалық «Ел бірлігі» газетінің тілшісі ретінде бастаған. «Қызмет» газетінде қызмет істеген. 2016 жылдан бері қала кітапханаларындағы «ШАМ» (Шабат. Арман. Мазмұн)  әдеби шығармашылық орталығының төрағасы. 2017-2018 жылдары республикалық «Қазығұрт» әдеби-көркем, мәдени-әлеуметтік, тарихи-танымдық журналында тілші болып қызмет істеген. Жаңадан құрылған Түркістан облыстық  ішкі саясат басқармасында мемлекеттік қызметке араласқан. 2018 жылы Шымкент қалалық  Отбасы, балалар және жастар істері басқармасының «Жастар ресурстық орталығында» қызметкер, 2019 жылы Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз хатшысы болған. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлтық университетінде шығармашылық жұмыспен шұғылданған. Әдеби-көркем кітаптарды өңдеумен айналысқан. Бүгінде Шымкенттегі жасөспірімдер кітапханасында қызмет істейді..

2017 жылы Алматыдағы «ҚазАқпарат» баспасынан көршілерінің көмегімен шыққан «Тәубе», 2019 жылы Шымкенттегі «Қызмет» баспасынан Шымкент қалалық Отбасы, балалар және жастар істері басқармасы мен аталмыш баспаның директоры Бейсенкүл Нарымбетованың демеушілігімен жарық көрген «Мәрия», кейіннен «Икигай», 2022 жылы Алматыдағы «Мазмұндама» баспасынан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқаннның қолдауымен шыққан ерке қыр гүлімен аттас «Ұмытпас» деген жыр жинақтары жарық көрген. Соңғы жыр жинағы Алматыдағы «Меломан» деген республикадағы брендке айналған кітап дүкенінде сатылуда. Ақынның шығармашылығы жайлы Исраил Сапарбай, Мархабат Байғұт, Аманхан Әлімұлы, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушанов, Зылиха Тұрарқызы Жантасова, Әлібек Шегебай,  Бақытжан Алдияр, Қалқаман Айымғазыұлы Сарин, Абылай Есімбай сынды  қаламгерлер ыстық ықыласқа толы пікір білдірген. Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған. Келер 2024 жылы кезекті жыр жинағы Түркияда баспадан шыққалы тұр.

Бірқатар өнер-білім бәйгелерінде топ жарып, айрықша көзге түскен. Атап айтқанда, Мәскеудегі Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырған Мұхтар Омарханұлы Әуезов жайлы  жазылған шығармалар байқауында Халықаралық Құрмет грамотасымен; Түркия Республикасы Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы ұйымдастырған «Түркістан - ер түріктің бесігі» жыр мүшәйрасының жүлдегері ретінде аталмыш Халықаралық ұйымның Алғыс хатымен; Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған. Республикалық жазба ақындар жыр  мүшәйрасының жеңімпазы ретінде Қазақ Ұлттық университетінің грантын жеңіп алған. «Мен жастарға сенемін», «Шырайлым - Шұбайқызылым» деп аталған республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Жамбыл Жабаев атындағы республикалық жыр мүшәйрасы мен «Жұлдызға жол» байқауының  жүлдегері. Ақын Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев атындағы республикалық жыр мүшәйрасының төрт дүркін, Алматыда өткен республикалық «Алтын күз» мерекелік ән-би байқауының қос дүркін лауреаты атанған. Ақын, Физули атындағы  Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты Әбілда Аймақ атындағы облыстық жыр мүшәйрасының  жүлдегері. «Шымкент қаласының үздік жас ақыны» аталымының қос дүркін иегері.

Енді Шыназдан шығып, Шымкентте шыңдалған шайырдың шығармашылығы жайлы сөз қозғап көрелік. Оның өлеңдерінен туған жерге деген сағыныш сазы мен атамекенге деген аңсары мен ақжарылқап ниетін айқын аңғаруға болады. Бұған «Шыназ жыры», «Шыназ», «Шыназға арзу», «Ташкенттегі сезім»  деп аталатын өлеңдері куә. Мәселен, «Шыназ» атты өлеңінде:

Жағасында Бозсудың мал жүретін,
Жазуы сол - жадымның мен білетін.
Бергі бетке өтерде сол өзеннің
Қимай-қимай кеткенмін арғы бетін!.. - деп мұңаяды.

Сүндет Сейітовтің «Ташкенттегі сезім» деп аталатын өлеңі де сарытап сағынышқа толы:

Қатпар-қатпар қара жер, көше маңы,
Бұл көшемен ақындар көшеді әлі.
Шымқалада  ана көп бес балалы,
Тасқалада бала көп бес аналы...

Бір баланың кеңескен анасындай,
Бір ананың тел өскен баласындай.
Жолы ашылып қалыпты Шымқаланың...
Тасқаланың жүргенде бағы ашылмай.

Бес ананың қағылез кенжесі едім,
Бес баланың бәрімен теңдес едім.
Құбыланы бағытқа ап жол жүретін
Құрбан болды арқама еңсергенім...

Ғайып болды жан анам  осы жылы,
Ал төрт анам қайғырды есі құрып.
Екінші анам – Отаным, мені өсірген,
Үшінші анам – қазағым, есімі ұлы!

Төртінші анам – сағыныш, болар бәлкім,
Бесінші анам – өлеңім, болар бәлкім...
Бірінші анам келе ме қайта өмірге
Тасқалаға мәңгілік оралған күн?!.

Барсакелмес шақырса барған адам,
Шақша басы ін іздеп сауғалаған.
Бірақ та бірақ, бірақ, бұл өмірге
Қайта кеткісі кеп тұрар келген адам.

Енді бір сәт Шымкентте жазылған жыр шумақтарына назар аударатын болсақ, оның тақырып ауаны әр алуан екенін көреміз. Махаббат, табиғат, қоғам өмір хал-қадерінше суреттейді. «Көшедегі өлең», «Қасым Аманжолов көшесі», «Менің көршілерім», «Игорь», тағы басқа өлеңдерінде өмір шынайылық байқалады. Мәселен, «Менің көршілерім» деп аталатын өлеңінде:

...Міне, менің көршілерім, жанашыр һәм өлермен,
Бірі осында бағзы тұрғын, бірі келген өр елден.
Өмір деген режиссер бар, көркемдегіш жетекші,
Көршілерім – ұлы актер,
Ал біздің үй – көрермен! – деп көршілерінің мінез-құлқына үңіле түседі. Осы өлеңді оқу арқылы арақ-шарапқа үйірсек Игорь көкесі, қолын итке жалатып, нан беретін Гала апасы, отызында орнын таппай отырған шешен қызы Оля, Өзбекстан мен Қарақалпақстаннан көшіп келген кешегі оралман, бүгінгі қандастарын кәдімдігей көріп, танып, білгендей боламыз.

Қазақтың аса ірі ақындарының бірі  Қасым Рақымжанұлы Аманжоловтың баспана тауқыметін көп тартқанын бәріңіз жақсы білсеңіздер керек. Ол тым торыққан сәтте:

Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,
Сонда да тастамаспын астанамды,
Өлеңнің отын жағып  жылытармын
Өзімді, әйелімді, жас баламды... - деп қолына қалам алған шығар, бәлкім. Өмірінің соңғы жылдарында Қасым ақынға Алматыдағы Виноградов көшесіндегі үйлердің бірінен пәтер берілген екен. Кейіннен  сол тұрғын үйдің бұзылғанын өз көзімен көрген ақын, журналист,  қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Молдашұлы Ерман «Ақынның үйі немесе Қасым Аманжоловтың үйін қирату» деп аталатын мұңды өлең жазған:

Дегені қайда - басылды құйын?
Ақылым жетпей, ашиды миым:
Виноградов көшесіндегі
Қиратып жатыр Қасымның үйін.

Қайтейін, кембақ астана сені
Тиетіндей-ақ басқаға себі.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Қиналып тапқан баспанасы еді...

Шақыр да шұқыр шаққанда әйнегін
Ажалдың сездім ақпандай лебін.
Біртіндеп сөгіп қабырғаларымды
Кеудемді бұзып жатқандай менің!

Жырды қорғаудың кешікті ережесі,
Қирады, сынды есік-терезесі.
Сәби жырлардың бесігі еді,
Бар екен сонша бесікте несі?

Шашылды жерге - шамдары сыңғыр,
Тағы да үйсіз  қалды арысың бір.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Қатыгез жандар, қолдарың сыңғыр!

Жүйрігім еді жыр көшіндегі,
Бауырын жазып бір көсілмеді.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
...Біздің үй соның іргесінде еді!

Ал шымкенттік жас  ақын Сүндет Сейітовтің «Қасым Аманжолов көшесі» деп аталатын өлеңінде мынадай жолдар бар:

...Жер сазынан естіледі байырғы ән,
Лапылдайды санамда от.
Көшесінде баспанасыз шайырдың
Баспаналы адам көп.

Заманында алдын орды қилы адам,
Тасқа айналған жүрегі.
Қараша елге қара шаңырақ сыйлаған
Қасым қандай ұлы еді!.. – деп тамсанып, таңырқайды. Бұдан біздің  қоғамымызда Қасымдай ақиық ақынға деген көзқарас әр кезде әр  қилы болғанын айқын аңғарамыз. Енді мұны парадокс демей, не дейміз?!.

Сүндет Сейітовтің «Дүнияқарас» деп аталатын өлеңіндегі:

...Өмір, өмір деймін-ау, өмір, өмір,
Оны да бір сынаған, мені де бір.
Өмір деген - қасқырға таланған қыз,
Өмір деген - қаншықтан жеріген ұл...  - деп сынағы, қайғы, қасіреті  көп өмір шындығын алдымызға жайып салады.

«Рәсуа» атты өлеңіндегі:

...Жүрегімнен лавадай бір шықты өлең,
Өлеңімнен мұң толы мың шық көрем.
Бақыт деген – тәп-тәуір өлең жазу,
Рәсуа
Сол бақыт пен өлеңді быт-шыт деген... - өлең жолдарынан Сүндет ақынның өлең жазудан бақыт табатынын анық аңғарамыз. Ал оны қалай қабылдау -- әркімнің өз жеке шаруасы дер едік.

Нәзік сырлы сезімге толы махаббат жайлы өлеңдерінің арасынан «Сыйлық», «Көркем», «Райхан гүл», «Сені...», «Қызға», «Махаббат бар...», «Волшебница»  кафесі» өлеңдерін бөле-жара айтуға болады. Мәселен, «Райхан гүл» атты өлеңінде:

Сен - райхан гүлсің,
Сен - райхан жырсың.
Мыңдаған жанға иіс беретін,
Тек бір-ақ рет иіскелетін! - деп ағынан жарылады.

Жас таланттың Сергей Александрович Есенин, Мағжан Бекенұлы Жұмабаев, Әбілда Аймақ секілді ақындардың туындыларын көп оқып, оларға еліктейтінін айрықша  атап өтуіміз керек. Ал «Чарли Чаплиннің күнделігінен» деп аталатын өлеңінің оқиғасы тым қызық. Кәсіпқой қалта ұрысы метрода бір дәулетті адамның алтын сағатын қақшып кетеді. Сөйтіп, соны төрткүл әлемге атағы жайылған Чарльз Спенсер Чаплиндей ағылшын актері, режиссер, кинопродюсер, сценарист  қалтасына білдірмей салып жіберген екен.

...Сағат сыйлап алтыннан қалта ұрысы,
Түгенделіп ырыспен жарты ырысы...
Чаплиннің бақытты шағы да осы,
Бәрі досы марқұмы һәм тірісі...

Осылайша Сүндеттің өлеңінен өнер адамына деген сый-құрметті көреміз.

Жас ақынның аударма саласындағы еңбегі де елеулі дер едік. Хорезмде дүниеге келіп, Ширазда бақилық болған Абдулрахим Хафиз Хорезми (XIV-XV ғасырлар) түркі тілінде мол әдеби мұра қалдырған шайыр. Өлеңдерінен диуан жинақ, топтама түзген. Оның диуанында 1052 ғазал, 9 қасида һәм муқаммас, аударма, зерттеулер мен рубаидан бөлек 37264 жолдан тұратын өлең-жырлары бар. Ал Орта ғасырдағы Бұхара хандығының билеушісі, ұлы Қасым ханның бөлесі Әбу-л-фатһ Мұхаммед (Мұхаммед Шайбани хан, 1451-1510) та бірнеше ғазал жазған. Өзбек ақыны, Шайбанидтер мемлекетінің шенеуниігі һәм тарихшысы Мухаммед Салих (1455-1535) шайырдың шығармаларын да қазақ оқырмандарымен қауыштырған. Сол үшеуінің шағатай (көне өзбек) тіліндегі ғазалдарын Сүндет қазақшаға тәп-тәуір тәржімалап шыққан.

Түр-түсі орыстың ұлы классик ақыны Александр Сергеевич Пушкиннен әсте аумайтын Сүндет Мұратбекұлы Сейітов Шымкентте өтетін сан түрлі ізгілікті де игілікті әдеби-мәдени шаралардың бел ортасында жүреді. «ШАМ» әдеби шығармашылық орталығының төрағасы ретінде Үшінші мегаполис кітапханаларында белсенді қызмет атқарып жүр. Құрамында алпысшақты мүшесі бар «ШАМ» әдеби шығармашылық орталығы көптеген жетістіктерге жетіп отыр. Атап айтқанда, Батырхан Сәрсенхан «Дарын» мемлекеттік  жастар сыйлығының лауреаты атанды. Жеті қаламгер Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Бесеуі «Жылдың үздік ақыны», тағы бесеуі «Жылдың үздік жазушысы» атанды. Төрт ақын республикалық әдеби сыйлықтарды иеленді. «Шам жарығындағы кездесу. Жүректегі көктем» поэтика-музыкалық қойылымына жаңа заманғы қазақ поэзиясының жас буын өкілдері Сүндет Сейітов, Арайлым Мұратәлиева, Ақбота Бейбітбек, Сезім Мергенбайдың өлең-жырлары арқау болған.

Сүндет өзінің «Қағай» деп аталатын өлеңінде:

...Ақын боламын демедім,
Ақынға еді күлгенім.
Сен маған жаным, қарашы,
«Ақындық өмір» ... сүргенім!

Әу баста ғажап өмірге
Кеп, кетемін деп ойлағам,
Қап қоярымды білмедім...
Өлең! - деп өзінің ақындық кредосын айқындай түскендей.

Қаршадайынан өнерге тым құштар болып өскен Сүндет Сейітов сегіз қырлы, бір сырлы сал сері жігіт. Ол мөлдіретіп өлең жазудан бөлек музыканы жан-тәнімен сүйеді. Домбыраның сүйемелдеуімен ән-күй, терме орындайды. Оркестрдің құрамында өнер көрсеткен. «Жайдарманда» да бағын сынаған. Кішігірім рөлдерді сомдап, актерлік қырын да танытқан. Шығыс жекпе-жегінен облыс чемпионы атанған. Бүгінде балаларды ережесіз жекпе-жекке баулып жүрген жағдайы тағы бар.

Сүндет аса арманшыл адам. Нобель атындағы Халықаралық сыйлықты алсам дейді. Енді бірде «Бір көшеге берілер біздің есім...», - дейді. Тағы бірде анасы бақилық болып кеткен ол әкесі, өзі, суретші інісі үшеуі Америка Құрама Штаттарына қоныс аударғысы келетінін айтады. Осы қысқа ғұмырында үш рет пышаққа ілініп, ота жасатқан көрінеді. Сол себепті де үш келіден асатан жүк көтере алмайды. Бірақ ерік-жігері өте мықты, қайратты  жігіт.

Шыназдан шығып, Шымкентте шыңдалған ақын Сүндет Сейітов бүгінде нағыз жігіттік шағы - жиырма беске толып отыр. Жалынды жырлары жүрек жылытатын жас талант поэзиясының бәсі жоғары екенін айрықша ілтипатпен тілге тиек етуге болады. Біз оның алдағы кезде де өлең өлкесінде биік шыңдарды бағындыра беретініне бек сенімдіміз.

Әбдісаттар Әліп,

Журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры - Бас редакторы.

Abai.kz

4 пікір