Жұма, 3 Мамыр 2024
Әдебиет 2626 2 пікір 7 Қараша, 2023 сағат 13:40

Ұлы Плевако және қазақтар

Суреттерде: Ф.Н. Плевако және оның анасы Өлмес Алдарқызы (Екатерина Степановна)

Тарихи миниатюра

Төртбақтау, қысыңқы көзді, шықшытты, қазақы өңді атақты сот адвокатын Таврия сарайындағы Думаның мәжіліс залы толы жұрт – депутаттар, сенаторлар, министрлер,  сарай маңындағылар, үкіметке түрлі лауазымда қызмет ететіндер, парламенттік журналистер, бәрі-бәрі – сілтідей тұнып тыңдады. Ол мінбеге адвокат емес, Мемдума мүшесі ретінде көтерілген...

Ол, депутат Плевако, Үшінші Думаның ашылуына орай император ІІ Николай жолдаған құттықтауға жауап-хат әзірлеу жөніндегі комиссияның баяндамашысы болған-тын. Сосын сол баяндамашы мінберден жария еткен адрес мәтінің жобасы қызу пікірталас туғызған. Ақыры, міне, жарыссөзге жазылған түрлі фракциялардың өкілдері түгел сөйлеп болған. Мемдума Төрағасы  залға қарады.  Басқа сөзге сұранушылар жоқ  секілді. Сонда Төраға айтылған ұсыныстарды қорытуы үшін жауап-адрес жобасын әзірлеген комиссияның баяндамашысы, ІІІ Мемлекеттік дума мүшесі Плевако мырзаға сөз берді...

Зал тым-тырыс. Кезінде ұтымды да әсерлі дәйектер келтіруі арқылы небір күрделі сот үдерістерін өзі қорғауына алған жандардың пайдасына бұруымен күллі Ресейдің аузын аштырған, зиялы қауымды тәнті еткен әлемге мәшһүр қорғаушы, сот шешені енді осында өзі жасаған баяндамадан соң бұрқ-сарқ қайнап, кемерінен асып төгілген саяси ой бұлқыныстарын халық өкілі ретінде қалай қорытар екен? Баршасын бір арнаға бағыттай алар ма екен? Сарай күмбезінің астындағы жалпы мәжіліс залында отырған думашылардың қилы ұстаным тұтынған өкілдері оған осы тектес сауалдарына жауап іздеп, көз алмай  қадалғандай.

Осынау әйгілі адамды өздеріне жиен ретінде жақын тұтатын, жалпыимпериялық өкілдік жиынға өз өкілдерін сайлау құқынан айрылған, енді осы жаңа тәртіппен жасақталған Думада мүдделерінің қорғалуына көмегі тиер деп айрықша үміт артып астанаға келіп жүрген өз туыстарының ішкі ойын білетін Өтеміс те оған ширыға көз тікті. Ол достарымен бірге өзге де пресса жазармандары арасында отырған. Үміт арта қарап отыр. Оның, осынау қазақ жиенінің қорытынды сөзінен дәмегөй көңілге дем берерлік леп сезілер ме екен?

ІІІ Мемдумаға «17 қазан одағы» партиясының беделді бір мүшесі ретінде сайланған, тиісінше, қазаншылардың, яғни октябристердің думалық фракциясында да өзіне лайықты орын алған атақты сот шешені екі қолын мінбердің екі жақтауына қойып, сөзін қоңыр үнімен, асықпай:

– Халық өкілі мырзалар, осы мінбеден депутаттардың кейбіреулері өздерінің Думаға аманаттар алып келгендерін айтты, – деп, қарапайым ғана бастады.

Одан кейін, әлдекімдердің енді соларды сұрыптап талдайтын шығар деп ойлаған ішкі болжамын ақтамай, мәскеулік депутат Фёдор Никифорович Плевако:

– Ал бізде, Ресей Тағы алғаш орын тепкен  тұңғыш астананың өкілдерінде, аманат болған жоқ, – деді. – Бірақ біз аманатсыз-ақ, еліміздің аңсағаны, тілейтіні, күтетіні – бейбітшілік пен тыныштық екенін білдік. Халықтың көкейіне түйген сол қалауын өзіміздің көзімізге түскен жанарлардан көрдік, жиындарда айтылған сөздер мен тілектерден естідік. Осынау аңсаулы бейбітшілік пен тыныштықтың елімізге өте қажеттігіне сеніп, сол тілекке шама-шарқымызша қызмет ету ниетімен, біз осында келдік. Келдік те, сіздердің араларыңыздан орын алдық.

Зал тым-тырыс. Не айтпақ бұнысымен қазір өздерімен әріптес болып отырған әйгілі сот шешені? Айтылған пікірлер мен ұсыныстарды қайтіп қорытпақ екен өзі? Дегенмен ол әзірге пікірталасты қорытуға асығар емес...

– Бірақ егер біз Думаға сәл кешірек, сіздердің дебаттарыңыз қызып жатқан кезде келсек, біз мұнда не болып жатқанын білмеген болар едік, – деп бір қойды.

Сосын сөзін жайбарақат үнмен жалғастырып:

– Осында  ұзақты күн бойына соншалықты құштарлықпен буырқанып дуылдаған сөз сайысын көргенде, осы адамдар шынымен-ақ   бейбітшілік пен тыныштық іздеп келді ме екен деген ойға батқан болар едік, – деді.

Одан әрі тыңдармандарын тіпті аң-таң қалдырып:

– Шынтуайтында, мәселе үлкен күреспен үш қайнаса сорпасы қосылмайтындай-тын. Өйткені, мырзалар, айтыс-тартысқа тиек еткен  мәселеміз қарапайым ғана жәйт секілді еді, – деген сөздермен қызық пайымын аян етті.

Оһо! Дума комиссиясының баяндамашысына пресса ложасынан достарымен бірге жіті құлақ түріп отырған Өтеміс шегін тартты. Көз қиығын қасындағы пікірлес достарына – Слава мен Жасайға тастады. Жарыссөз барысында қилы саяси көзқарастардан буырқана туындаған пікірлерді тыңдай келе, үшеуі де соларды бұ кісі тәрізді қарапайым ғана жәйт деп ойламаған-тын. Үйлестірілуі қиын шығар, баршасын ескеріп сараптау да, қорыту да оңай болмас деп шамалаған...

Алайда сондай күрделі жүк артқан мәселенің түйінін тарқатуды қазіргі арнайы комиссия баяндамашысы, кешегі атақты заң қызметкері қарабайыр іске балайтындай. Міне, ол думалық әріптестеріне белгілі жәйттерді қайталады:

– Ұлы Государь орыс жерінің таңдаулы адамдарын құттықтады, – деді сабырмен. – Ұлы Государь сіздердің заңнамалық еңбектеріңізге Құдайдың оң шапағаты тиюін тіледі. Осы  ретте бұл жұмыстың заңдылықты, тәртіп пен берекетті бекемдеу үшін қажет екенін атап айтты.

Мұндай бастау Өтемісті қанағаттандырмады. Ол елінен Питерге осы үшінші шақырылымның ашылуы қарсаңында ат арытып жеткен кісілердің Думаға артқан үмітін бөлісіп жүрген. Сол себепті де, қорытынды сөз айтуға тиіс шешеннен басқаша ой тосқан сықылды-тын. Алайда ол патша құттықтауына нендей жауап беруге болатынын және оның өздері әзірлеген адресте қалай көрініс тапқанын күйттеп кетті.

– Бұл адресте бір партияны екіншісінен артық көру де, бір ойды екіншісінен көбірек бағалау да жоқ. – Плевако ойын нақпа-нақ сөздерімен дамыта түсты. – Бұл жауап хатта өгей де, тұтқын да, түрлі құқықсыздар да жоқ. Мұнда тек бодандар бар, орыс азаматтары, барша ұлт бар.

Өтеміс тағы тіксінді. Өз апаларынан, кәдімгі қазақ қызынан туған жиен, туыс, Алла нәсіп етіп күллі империяға әйгілі болған аузы дуалы заңгер шешен осынау жалпақ Ресей үшін ашылған халық өкілдігі жиналысының мүшесі ретінде бір ғана ұлттың мүддесін күйттей ме қалай... Мұнысы несі... Ал нағашы жұрты осынау атақты  адамға зор үміт артуда ғой... Көзінің қиығын қасындағы достарына, ложада иін тіресіп, мінберден шыққан сөзге үнсіз құлақ түрген өзге де баспасөз өкілдеріне тастап қойды...

Ал атақты жиен-шешен боса Думадағы осынау дау-дамайдың мүлдем орынсыз екенін айтып жатты. Не жөнінде дауласудамыз? Жарыссөздерді күрделілендіріп керегі не? – Залға осындай сауалдар қойды да, оларына өзі жауап берді. – Шындап келгенде, түрлі топ өкілдерінің осында соншама естері кете, жан салып айтқандарын тиісті партиялардың саяси бағдарламаларында көрсету жарасар еді деді ол. Немесе үкімет аузынан  естілген қанағаттандырарлықсыз сөздерге жауап қатқанда айту оңды болар еді. Сондықтан да арнайы комиссияның баяндамашысы думалық әріптестерін алдағы міндетке байыппен қарауға үндейді...

– Мен сіздерді өзіміздің адресте негізінен Государьдің құттықтауында айтылған сөздерге ғана жауап беруге шақырамын! – Шешен осы сөздерге ерекше екпін қоя айтты.

Содан кейін ол сөзін патшаға «осынау азаматтық бостандық храминасын» қасиеттілердің қасиеттісі ретінде сақтайтындықтарын айтайық деп сабақтады. Өздерінің бұл киелі орынды дау-дамайлар, айтыс-тартыстар, айқайлар, кейде тіпті қорлаулар естіліп жататын тәртіпсіздік аренасына айналдырмауға белді бекем буғандарын хабарлау ләзім деді. Мұнда жұмыс істеу күрделі болатынын түсініп, бұл жерді халық игілігі үшін құрбандыққа баратын қастерлі ғимарат санайтындықтарын императордың құлағына тигізген жөн деп білді. Осында баршаға ортақ парасат, ортақ ар-ұят және ортақ ар-намыс сезімі жетегімен болашақ ұрпақ үшін өмір сүру нормаларын жасайтындықтарын айтуды дұрыс санады...

Бұдан әрі депутат Плевако әріптестерін ел мойнындағы қарызды қайтаруға шақырды. Үшінші  Думаның ниеттеніп-ақ тұрғанын, бірақ халық қалаулыларының «шынайы орыстық алғысты» әлі тақ етегіне әкелмегенін еске салды. «Шынайы орыстық» дегені жалпы халықты мегзегені шығар деген ой келді Өтеміске, империяда барша өзге халықтың бәрі орыс атымен бүркелген ғой...

– Ал Патша оны тосуға қақылы, – деп жалғап жатты шешен, – өйткені Патша  аса ұлы жеңіске Монарх ретінде жетті! Ол билік әзәзілін жеңді! Сонау сиқырлы әзәзілді жеңді де, өзінің шексіз билігі мен қуатының ішіндегі түрлі құқтардан халыққа үлес бөліп берді. Патша халықтың болашақ бақыты жолында солай етті. Мұны ол болашақта халықпен бірге жұмыс істеуі үшін жасады!

Залдағы орта тұс пен оң қанат патша тарапына екпіндете айтылған сөздерге құрмет көрсетіп, алақан соқты. Плевако мінбеден оларға жағалай көз салып, сабыр сақтауды өтінгендей, қолын көтерді. Сосын ол әріптестерінен жекелеген сөздерге байланысты дау-дамай туғызбауды сұрады.  Залға: «Интеллигенттері тым көп  болып тұрған қазіргі қоғамда белгілі терминдерді қолдану қажеттігін айтып талас тудыру қажет пе?» деген сауал тастады. Қойған сұрағының жауабын өзі: «Оның орнына әлдебір заңнамалық актіде не айтылғанын толығырақ түсіндіру жағына тереңдеген болмас па?» дейтін басқа сұрақпен қайтарды.

«Шешендігіне сөз жоқ... Орынды тәрізді», – деп ойлады Өтеміс.

– Баршамыз естідік, халық бостандығы партиясының өкілдері осында біздің комиссия ұсынған адреске «конституция» немесе «конституциялық құрылыс» деген терминді енгізуге тілек білдірді. – Плевако жарыссөздердегі нақты ұсыныстарға назар аудара бастаған секілденді. –  Иә, адрес мәтінен ондай сөздер табылмайтыны рас, – деді басын изеп. – Өйткені біз оларды жазбағанбыз. Бірақ, дегенмен, онда біздің құқыққа деген, біздерге берілген құқтарға деген  өзіміздің көзқарасымыз айқын тұжырымдалған. Ал олар конституция деп аталатын кең ауқымды мемлекеттік іс-әрекетке толығымен сәйкес келеді.   Сіздерге бұдан артық тағы не керек еді?

Өтемістің іші жыли бастады: «Шынында солай-ау...» Шешен ойын дамытып жатты.

– Сіздерге міндетті түрде әзірге құлаққа сіңісті бола қоймаған, жаппай халықтық ұғымға айнала қоймаған сөздер қажет сияқты. Сіздер өздеріңіз халық бостандығы партиясының өкілдері бола тұра, жүз миллиондаған адамдарға олар үшін бейтаныс, олар мүлдем түсінбейтін сөздерді таңып байлап бергілеріңіз келеді. Ал олар сол сөздердің мән-жайын түсіндіруді өздеріңізден талап етер еді ғой.

Зал тым-тырыс. Мінбедегі әріптестері араларындағы кадеттерге арнауын түйіндеп- түйіндеп сабақтай түсті.

– Сіздер өз аттарыңызды ауыстырам деп тамаша үлгі көрсеттіңіздер емес пе, – деді ол салмақпен, залдағы кадеттер отырған тұсқа көз салып. – Конституционалист-демократ деген атаудың кәдімгі орыс адамы құлағына жағымсыз естілетінін, жүрегіне  түк жылылық бермейтінін сездіңіздер де, әйтеуір оны жұртшылыққа өте ұғынықты «халық бостандығы» деген тіркеспен алмастырдыңыздар...

Орта тұс және оң қанат алақандарын шапалақтады. Шешен басын білінер-білінбес изеп, жүзін кадеттерге қаратқан қалпы, тамағын кенеді. Сосын байсалды сарынмен:

– Шындап келгенде, сіздер халық бостандығы партиясы деп атануға тым асықтыңыздар, – деп нақыл айта сөйледі, – осында келгендердің басқалары да өз партияларының атына алуына құқы бар титулды сіздер өздеріңізге шапшаң иемденіп алдыңыздар. Алайда олар да орыс мемлекеті бара жатқан болашаққа қалтқысыз сенеді, тиісінше, бәрі де тап солай атануға әбден қақылы.

Ортаңғы топ ду қол соқты. Плевако пайымдауын сабақтай берді.

– Сіздерге кінә артуға менің батылым бармайды, – деді, – бірақ тіліме оралып тұрған ойымды айтпай тұра алмаймын. Сіздер, шынында да, өз құлақтарыңызға жағымды естілетін терминді халыққа зорлап таңып бермексіздер, ал оларыңыз халық құлағында басқа мәнге ие болып тұрады. Сол жаңа сөздерді ести-ести құлағы сарсыған әр шаруа, бәлкім, қасындағысына былай деп те қалар: «Кадет мырзалардан мен көптеген ақылды сөз естіп-білдім, бірақ соның не нәрсе екенін және не үшін  айтылғанын білу менің маңдайыма жазылмаған-ау».

Қолшапалақ. Ақсақал сарынымен шешен:

– Бұлай етпеңіздер, – деді. – Орыс тілі қуатты.  Сондықтан да кез келген ұғым үшін, кез келген құқық жолын көрсету үшін біз сіздің ойыңызды, сіздің идеяңызды тас-түйін етіп ап-айқын тұжырымдап бере алатын сөзді таба аламыз.

«Ғажап, – деп ойлады Өтеміс, – ақсақал сарынды шешеніміз өзін күллі әріптестерінен жоғары қойып тұр, әрі онысы мүлдем табиғи шығуда. Ешкім қарсылық білдіретін сыңай танытпайды...»

– Оңшылдарға да арнап айтарым бар, – деп жатыр Мемдума мүшесі Плевако. – Сіздер де, оңшыл мырзалар, өз талаптарыңызды соншалықты дұрыс қойып отырсыздар дей алмаймын. Егер сіздер адреске түзету енгізуді, бізге 17 қазан Манифесін сыйлаған Государьдің Самодержавиелік титулы Негізгі Заңдарда сақталып қалғандықтан, соған сәйкес сұраған болсаңыздар, онда сіздердің тілектеріңізге қарсы ештеңе де айтылмаған болар еді. Негізгі Заңдарды сыйлайтын адамдар, өздерінің құқтарын соларға сүйеніп түсініп жүрген адамдар оны өз пайымдары жетегімен, заңға қайшылық жасап  өзгерте салуға, әлдебір заң сөзін сызып тастауға бара алмайды ғой.

Шешеннің сенімді үні мен келтіріп тұрған қисынында бір тылсым  бар тәрізді, ұнатсын-ұнатпасын, залдағы барша жұрт ұйи тыңдап отыр.

– Титулы бойынша Самодержавиелік деп аталатын Орыс Государі өзінің самодержавиелік ерік-жігерімен құзырындағы есейген халқына 17 қазан Манифесінде белгіленген құқтарды бар уақытқа және бұлтарыссыз пайдалануға бөліп берді, – дейді ол Таврия сарайының шартараптан халық өкілдерін жиған күмбезі астында дауысы күмбірлеп.

Бұл хабарымен Плевако екі жылдан бергі оқиғалардың қозғаушы күшіне айналып кеткен баршаға мәлім актіні өте ұғынықты түрде тағы еске салды.

– Сіздер  осы жайында дауласамын деп, бізбен емес, орталықпен емес, оң қанаттағылармен емес, – менің сөзімді айып етпеңіздер – сіздер елеусіз түрде Мемлекет Басшысының Өзімен дау-дамайға келіп тұрсыздар!

Осы айтқанының жорамал емес, ақиқат екеніне көз жеткізу үшін, ол думалықтардың Негізгі Заңдарға көз салуын өтінді. Қарасын, көрсін өздері, Мемлекеттік дума мүшелеріне не берілген екен, болашақ бақыттың негізін бекемдей түсу мақсатында халық өкілдеріне және күллі орыс халқына қандай құқтар берілген екен, жаңа құқық нені құрайды екен, мұқият байқасын.

Солай деп алды да, оларды өзі тізбеледі: заңнамалық бастама жасау құқы берілген, заңды бекіту құқы берілген, халық өкілдері бекітпейінше, заңның одан ары жылжуы мүмкін болмайтыны атап айтылған...

– Осы уақытқа дейін заң әнебір қызық та оғаш тәсілді еске салатын еді, – шешен көзін сығырайтып, төбеге қарап алды, – айталық, табиғи заңдарды құдды физика мұғалімі белгілеп, табиғат соларды  мұқият орындап жататындай күйді көрсететін.

Зал қозғалақтап қалды. Депутат Плевако әсерлі теңеуін соншалықты жеріне жеткізе айтқан-ды. Содан соң ол жайбарақат үнмен:

– Енді жаңа іс бастау алды, – деді. – Табиғат табиғи түрде өз жаратылысын, өз заңдарын алға тартады. Ал физика мұғалімі енді соларды аңдап, байқап, ықтияттап жазып алып, қатаң сақтауға және орындап жүруге тиіс. Міне, жаңа қозғалыстың мәні осында!

Шешеннің түсіндіруінше, тап әлгіндегідей табиғи ретпен,  белгілі жағдайда өмір сүріп жатқан халыққа қазір де, болашақ ғұмырына да қажет құқтар сыйланды, тіршілікте сақтап жүруге тиіс нормалар көрсетілді. Қорықпасын осынау халық қалаулылары, бұлардың Самодержавие туралы пікірлері тек қана Оның Императорлық Ұлылығының бекітуімен ғана қолданыс табады. Ендеше қобалжитын не бар? Осы  жұртқа  одан артық не керек? – Ол өзінің басу-сөзін:

– Менің ойымша, – деп сабақтай түсті, – егер біз халыққа құқықтың бір бөлігін беріп отырған 17 қазан заңынан бас тартуды ойымызға ала қалсақ, онда сол құқтарды бізге сыйға тартқан адам аң-таң қалар еді.  Сөйтер еді де, ол, тіпті, бізге құлақ та салмас еді. Мырзалар, ол адам біздерге былай деген болар еді: «Мен сіздерді кәмелетке жетті деп, жас тоқтатты деп санаған едім, сөйтсем, сіздер бала екенсіздер. Мен сіздерді есейді деп санап, сіздерге ер-азамат киімін – есейгендікті білдіретін салтанатты киім кигізген едім, ал сіздер қайтадан сәби жейдесін сұрап тұрсыздар». Міне, Ол сіздерге осылай деген болар еді!

Қолшапалақ. Бейнелі және әсерлі сөз болды. Небір присяжныйлар сотын өз уәжімен аузына қаратып алып жүрген бұл адам шешендік өнердің қыр-сырын әбден меңгергенін осынау халық өкілдігі жиналысында да іс жүзінде көрсетіп тұр...

– Монархқа деген биік те аса зор құрмет сезімін, мырзалар, мен де сіздермен бірге бөлісемін, – деді депутат Плевако, – бұл орайда мен барша Думамен бір ойдамын. Сонымен қатар, тап осы құрмет тұрғысынан, мен сіздерге мынаны айтамын: Жаратқан Құдайдың Өзі таңдаған, Жаратқанның қасиетті майы жағылып патшалық тәж киген Божий Помазанник тұлғасына тым жұғыспаңыздар! Ол – бір өзі би. Билікті, өкіметті бөлудің уақыты келді ме, жоқ па, білмеймін, әйтеуір, имандай шыным, оның Патшалық Ерік-жігеріне қарсы наразылық білдіруге менің еш құлқым жоқ. Құдайдың биіктен аян беруі нәтижесінде, Патшалар пайғамбарлар секілді әрекет ететін минуттар болады. Ол біздің ақылымызға сыймайды, оны біз сөз ете алмаймыз.

Қол соғылды. Өтеміс достарымен баспасөз ложасындағы барлық газет тілшілері қатарында Думадағы көңіл-күйді жіті бақылап отыр. Соттарда танытқан шешендігі баяғыда-ақ аңызға айналып кеткен адвокаттың  халық өкілдігі жиналысында өзінің дәйекті сөзімен күллі зал ықыласына бөленгені көзге ұрады.  Күллі зал ықыласына бөлене тұрып, ол өзінің сиқырлы өнерімен арбалған тыңдаушыларына фәлсафалық әм құқықтық пайымдар тоқылған ойларын одан әрі жайып сала берді.

Депутат мырзалар оны тыңдай келе, баршаға берілген өмір формалары ішінде өздеріне арналған ұлан-ғайыр жазира барын жадтарында жаңғыртты. Ғұмыр да, ақыл да, бақыт та, игілік те, егер өздерінен соларды құрбандыққа шалуды талап ететіндей  бір тарихи сәт туа қалса,  басқаға емес, тап сол талап еткенге арнап шалынатынын шешен  екпін қоя  ескертті. Азаматтық ізгі істерде табысқа жету жолында орыс адамдарын («тағы да сол тіркес... неге империя адамдарын демеске» деп қынжыла ойлап қойды Өтеміс) жаңа заң бөгемейді дегенді айтты. Жаңа заң, шешеннің ойынша, тіпті, конституциялық және  конституциялық емес жолмен жүріп келе жатқан көптеген елдерді артқа тастап, ерекше қарқынмен өркендеуге де кедергі келтірмейді.

Дума мүшесі мырзалар өздерінің отаншылдық сезімдеріне әлдебір шек қойылар-ау деп еш қорықпасын: олардың патриотизмдерінің толық мәнінде шалқуына кеңістік айқара ашылып, ғаламат мүмкіндік беріледі.  Сонда Россияда Монархқа деген сүйіспеншілік сарқылып барады-ау және патша мен отанды жақсы көру нәтижесіндегі асыл ұмтылыстарды жүзеге асыру жолы таусылып келеді-ау  деп ешкім де айта алмайды, бұл хақ. – Ойын осылай бір түйіп тастап, Мемдума мүшесі Федор Плевако:

– Сондықтан, мырзалар, факт пен ақиқат жайында бекерге дауласпаңыздар, – деді. – Патшаның Ерік-жігеріне бағыныңыздар. Ол  1905 жылғы 17 қазанда: «Менің халқым өсті. Мен өзіме тиесілі құқтардың бір бөлігін енді сол халқыма оның бақыты үшін сыйлаймын. Ал  ол бұл құқтарды теріс пайдалануға жол бермейді. Керісінше, өз елін бақытқа алып келетін болады. Мен  бұған сенемін», – деген болатын.

Патшаның атышулы манифесінің мәнін осылай түсіндіріп, думалық әріптестеріне бажайлай қарады. Ұзақты күнгі ой сайысын қолдамайтынын дәйектеп болғаннан кейін:

– Одан да, бір аяғымен ғұмырының ақырында тұрған, жасы ұлғайған адамның сіздерге айтатын кеңесіне құлақ асыңыздар да, соны орындаңыздар, – деді.

«...бір аяғымен ғұмырының ақырында тұрған...» – Өтеміс дір ете түсті. Бір қарағанға сондай бір қартайып кеткен кісі емес, иә, тасыған қуаты көзге ұрады, жігерлі тәрізді, бірақ сөзі шынымен өмірінің бітер шегін көріп тұрған ақсақал сыры секілді естілді...

– Осы уақытқа дейін сіздердің жүректеріңізді өкімет билігін ұстағандарға деген қорқыныш алып келген болса, бұдан былай ол жойылады. Сонау үрейдің орнында біршама бос кеңістік пайда болады. Соны әрқайсыңыз Монархқа деген махаббатыңызбен толтырыңыз. Халқына сенетін, халқына бостандық сыйлаған Патшаның орыс жеріне берген ұлы тартуын сіздер осылай өтей аласыздар!

Ду қолшапалақ ұзаққа созылған күйі, әсіресе, залдың орталық бөлігінде, көпке дейін толастамады. Баршаның жүрегін жаулаған сөзге Өтеміс те  сүйсінді, бірақ көкейіндегі күдіктен арыла алмады: ол ұлан-ғайыр қазақ даласын да орыс жері деген атауға сыйғызып жіберген бе? Неліктен бұлай?!

***

Баспасөз ложасының тереңінен әлдекім сүйсінген сарынмен:

– Ух, неткен сиқырлы да тартымды қисын! – деді. – Қалай ғана иланта, мойындата сөйлей біледі!

– Оның үнінің өзінде тыңдаушысын білдірмей матайтын, есін алып арбайтын қасиет бар, – деп, тағы бір дауыс оны қостай тіл қатты.

Атағы жер жарған әйгілі адвокатты парламент шешені ретінде тыңдаудың реті келгеніне біздің достарымыз да айрықша разы. Астанаға кейіннен келген Жасай мен Өтеміс түгіл, осында туып-өскен, первопрестольныйда, яғни Москвада да жиі болып тұратын Славаның өзі ешқашан Плеваконы сот залында тыңдап көрмеген еді. Бірақ ол мәскуліктердің даңқты жерлес адвокатты қалай қадір тұтатынынан жақсы хабардар-тын. Бірде, Дума дәмханасында үзіліс кезінде шәй ішіп отырғандарында:

– Білемісіңдер, достар, Белокаменныйда москвалықтар айрықша мақтаныш тұтатын бес ең басты көрікті нысан бар, – деді ол. – Білесіңдер ме? – деп, бәріне қулана көз жүгіртті.

– Сен, Преображенский, бізді бүйтіп сынап әуреге түспе, – деді Жасай немқұрайды сарынмен, – одан да білетініңді бірден айта бер.

Преображенский күліп жіберді.

– Құп, Джасай Куватович, тыңда, ендеше: думашыларды аузына қаратып отырған депутат Плевако мәскеу жұртшылығы көкке көтере мақтанатын сол бес ғажайыптың бірі.

Джасай Куватович қаршыға қабағын керді. Үндемеді. Есесіне Өтеміс шыдамсыздана сұрақ қойып қалды.

– Басқа төртеуі кімдер, Слава?

Слава ықыластана жауап берді. Алдымен ол төртеудің кімдер емес, нелер екенін ескертті. Сосын оларды: «зеңбірек-патша, қоңырау-патша, Василий Блаженный соборы, Третьяков галереясы» деп  санамалап шықты да, әрқайсысына қысқаша сипаттама берді. Сипаттамасын:

– Міне осы кереметтер қатарында аса көрнекті сот шешені Фёдор Никифорович Плевако аталады! – деп түйіндеді. – Ол мәскеуліктердің айрықша құрмет тұтатын мақтанышы!..

Үшінші Мемдума депутаттары алғашқы сессиясына жинала бастаған шақта Петербургке Еркіндікпен бірге келген кісілердің бірі, ана жылы Троицкіде «Қазақ газетін» екі тілде шығарушылардың бел ортасында болған Жетпісбай мырза:

– Шодырдың қызыл тілді еркін толғауының түп-тамыры нағашы жұртына тартқанында жатыр, – деген-ді. – Біздің атамыз Алдар бай шешен болған кісі екен. Ал мәйекті сөздің түбін түсіретін, әділ билігіне дүйім жұрт тәнті болған түпкі атамыз Шеген биді білмейтін исі қазақ жоқ. Шодырға ғаламат қасиет сол аруақтардан ауысқан...

Солай ма, жоқ па, қалай болғанда да, депутат Плеваконың асқан шешендігі жаппай мойындалған қасиет-тін. Егер оны қан жағынан жақын тұтып, жиеніміз деп мақтан ететін туыстары әлсін-әлсін Мәскеуге арнайы іздеп барып, тіпті апалары Өлмес Алдарқызы дүниеден өткеннен кейін де онымен туыстық байланысын үзбеуге тырысып жүрген болса, онда тұрған да оғаш дәнеңе жоқ. Ең бастысы, осынау атақты адамның өзі де оларды кері итермейтін.

Ат арытып, қыста шанамен, жазда арбамен келіп тұратын қазақ туыстарының алдарынан еңселі, орта тұсындағы әсем қондырмасы екінші қабат боп тұрған әсем үйі ауласының қақпасын жайдары көңілмен айқара ашатын. Даладағы тыныс-тіршілікті сұрастыратын, қазақтардың  балаларын оқытуға арналған мектептер ашылып, ағарту саласының дамып келе  жатқанын естігенде қуанатын, олардың өмірін білім алумен ұштастыруға құштарлығын қатты құптайтын. Өзі де  сирек болғанмен, туған өлкесіне барып тұратын. Оның осыдан бірер жыл бұрын Троицкіге келген сапары жайында Жетпісбай мырза қызық әңгіме айтқан еді.

– Біздің жақта ертеде әлдеқалай, мүлдем кездейсоқ жағдайда мол олжа тауып, үлкен байлыққа кенелген Жаманшал деген кісі өтіпті, – деген-ді ол. –  Оның балаларының ішінен екеуі осы күндері нағыз шынжыр балақ, шұбар төс озбыр байлар ретінде  қара халыққа кеңінен мәлім...

Осылай бастап, Жаманшал балаларының жайына көшкен.  Сымайыл дейтін бірі алпауыт көпеске айналыпты, Троицк түбінде астық сақтайтын қамбалары бар екен. Осыдан бес-алты жыл бұрын солары өртеніп кетіпті. Өрт апатына байланысты сақтандыру компаниялары   Сымайылға мол қаржы төлесе керек. Соны көре алмағандықтан ба екен, әлде іштерінде нақты дерек білетіндері болған ба, әйтеуір бақталастары тиісті орындарға: «Сымайыл Жаманшалов өзінің алдын ала сақтандырылған астық қамбаларын тиісті компаниялардан көп ақша алу үшін өзі әдейі өртеді» деген шағым түсіріпті. Қоғамдық пікір де белгілі дәрежеде солардың жағында болса керек. Соған байланысты осыдан үш-төрт жыл бұрын Троицк қаласында үлкен сот үдерісі өтеді.

Айыпталушыны қорғауға Мәскеуден патшалықтағы ең атақты және ең қымбат адвокат келетін болыпты. Ол Троицкіде туып-өскен, даңқ шыңына шыққалы бері көптен туған қаласына соқпай жүрген ұлы адвокат Фёдор Плевако еді. Соның тілін тауып, шалғайдағы бұратана айыпкерді сотта қорғауға көндірген Жаманшал балаларының өздері десетін. Жетпісбай мырзаның айтуына қарағанда, әуелде Сымайыл келіссөз жүргізу үшін інісі Жүсіппен бірге оған барып қайтқан сияқты. Жүсіп Жаманшалов Қостанай үйезінде болыс басқарушысы болып істейтін. Қорғаушының келісімін алғаннан кейінгі шаруаларды – көлік қамдау, жол жүруді ыңғайлы ету, Троицкідегі қонақүйді бар жағынан қолайлы, жайлы етіп даярлау, тағысын тағы  мәселелерді   інісі жайғастырады.

Округтік сот мүшесі Жансұлтан Сейдалин жүргізген ұзақ процестің төрт күніне қатысып, адвокат Плевако астық қамбаларының өртенуіне Жаманшаловтың қатысы жоқтығын дәлелдеп шығыпты. Бұл жайында Жетпісбай мырза сүйсіне әңгімелеген-ді. Ұлы қорғаушының басты ұстанымы бір адамның өмірі барша заң мен тәртіп біткеннен артығырақ деген ойда жатқанына көзіміз жетті деді ол, – адвокат Плеваконың шешендігі, түйген ойына келтірген дәлелдері присяжный заседательдердің баршасын ұйытты...

***

Үшінші Мемдума мүшесі Фёдор Плевако өзінің сүйікті анасы, әуелі үлкен ұлынан, одан күйеуінен айрылып, талай тағдыр тауқыметін көрсе де, мойымай, небір қиындықты шыдаммен жеңіп, екінші ұлы Фёдорды – мына өзін оқытуға өлшеусіз көп еңбек сіңірген қымбатты шешесі  Екатерина Степановнаның, яғни шоқындырылғанға дейінгі қазақы ныспысы бойынша Өлмес Алдарқызының алыс туыстарымен, алыс та болса етжақын бауырларындай көрінген қазақтармен Дума орын тепкен сарай қабырғасында жылыұшырай қауышты.  Шүйіркелесе сөйлесті.

Оларды өзі ертеректен танитын нағашысы, ана жылы Троицкіге қорғаушы ретінде барғанында сот залында тұрақты жанашыр боп тапжылмай отырған, қазақ ішінде би болып жүріп соңғы жылдары газет шығару шаруасына ауысқан Жетпісбай Андреев бастап келген еді. Ол сөзін әуелі Плевако қорғаушы болған процесте судья болған Жансұлтан Сейдалиннің өзіне сәлем айтқанынан бастап, сосын оның студенттік жолдасы, оралдық заңгер Бақытжан сұлтан Қаратаевпен және сырдариялық заңгер Серәлі Лапинмен таныстырған. Қазіргі сәтте Питерде жүрген мақсаттарын қысқаша айтқан. Сонда, әңгімелесе келе, осы азаматтардың Үшінші Думадағы қарасы аз, мүшесі саусақпен санарлық қана мұсылман фракциясы жанында кеңесшілік, көмекшілік қызмет атқару үшін, бірі қазақ елінің Жайық, екіншісі Сырдария іспетті ұлы сулары аймағынан әдейілеп келгендерін естіп, түсіністікпен мақұлдаған-ды.

Одан кейін де олар қаны жартылай қазақ, әділетсүйгіш атақты заңгер, беделді  октябрист Плевакомен әлденеше мәрте кездесті. Қазақ үшін аса өзекті боп тұрған жер-су мәселесі хақында қандай заңнамалық бастама көтеруге боларын ақылдасу орайында бас қосты. Солардың сұхбаттасулары барысында жақсы ой қорытылса керек. Ұлы адвокатпен пікірлері жараса сұхбаттасулары қиялдарына қанат бітіргені сондай, іле-шала ұлт мүддесін көздейтін құжат жасауға  бекіген ғой.

Ақыры, Екінші Думаның депутаты Бақытжан Қаратаев пен оның демократиялық қозғалыстағы үзеңгілесі Серәлі Лапин екеуі бас болып, бір топ зиялы Дала ережесінің  120-шы бабындағы қазаққа сор боп жабысқан ескертпесін қолданудың жөн-жобасын реттейтін  заң жобасының алғашқы нұсқасын жасауға кіріскен. Көпке созбай, құжат нобайын мұсылмандар фракциясына әкелді.

Соны  жетілдіріп Думада қарату, тиісті заң қабылдату олардың арманы еді. Екінші Думаны таратып, қазақтарды сайлау және сайлану құқынан айырған Үшінші маусым манифесінің қаһарына ұнжырғаларын түсірмей, жаңа шақырылымға қазақтан өкіл сайланбаса да, сайланғандар қолымен жер-суы тоқтаусыз отарланып жатқан халыққа керек заң шығартуды қиялдағандарының жемісі.

Өтеміс бұл әрекеттің бәріне қуанып жүргенмен, іштей күдігі бар болатын. Соны тіпті  де сейілте алмайтын. Ал күдігі, әрине, ең алдымен, әйгілі депутаттың ұстанымына қатысты еді.

Рас, оның Думадағы беделі зор екеніне шәк жоқ. Адрес бойынша жарыссөздер аяқталған шақ әлі көз алдында. Баяндамашының қорытынды сөзі жақсы қарсы алынғаны белгілі болса да, адрес мәтіні депутаттар тарапынан толығымен қабылданды ма, жоқ па, анықтай түсу қажет болатын. Сондықтан оны Дума төрағасы толық оқып шығуды ұсынды.

Мінбеге Мемлекеттік дума хатшысы көтеріліп, талқылаудан соңғы мәтінді мәнерлеп оқып шықты. Жұрт дүркірей қол соқты: Плевако жария еткен жоба сол қалпы қабылданған-еді. Құдды Бірінші Думада кадет Набоков оқыған адрес секілді болды. Үшінші Думада октябрист Плевако аян етіп, талқылаулардан кейін қорғап сөйлеген адрес те еш өзгеріссіз, бір ауыздан қабылданды.

Алайда, Өтемістің көңіліне келген, миының бір қатпарында бекем ұялап, қайта-қайта шүбәлі сұрақ туындатқан мәселе – атақты, беделді депутаттың поляк колосы атынан айтылған мұсылмандарға да қажет сөздердің адрестен орын табуына қолдау көрсетпегені болатын. Әрі, Өтеміс қанша мәрте аңғарды – депутат Плевако үнемі орыс мемлекеті мен орыс жұртының мүддесі тұрғысынан сөйледі. Ал Екінші Думада осындай мәселемен сөйлеген депутат Милюков бұл тұрғыда қандай әділ еді!..

Бірақ көпшілік көкейінен шыққан жәйт – тарихи тұрғыда әділетті болуға тиіс атау емес... Сондағы  шабыттана өткізілген баллотировка Өтемістің көз алдында, өзгертусіз қалдырылған адреске халық өкілдерінің баршасы орындарынан тұрып дауыс берді. Жиналыс төрағасы адрестің бір ауыздан қабылданғанын Мемлекеттік думаға хабарлауға рұқсат сұраған бетте, Бессарабия депутаты Крупенский орнынан ұшып тұрып, бар даусымен:

– Государь Император жасасын! – деп айқай салды.

Депутаттардың бәрі түрегеп кетті.

– Ура! Ура! Ура! – десті Мемлекеттік дума мүшелері.

Осындай ахуалда өзге тектілер мүддесін жаны патшашыл боп кеткен жиеннің қорғауы ықтимал бола қояр ма... Қайдам...

Алайда, Еркіндік көкесі бастаған ел адамдары ықтимал деп қана емес, солай боларына еш күдік келтірмейді.   Онымен өздерінің мұсылман фракциясы жанында істемек заңгер өкілдері арасында жанды бекем байланыс орнату қамында жүр. Бірақ...

Әй, қайдам, Өтемістің шәгі бар...

***

Алайда  Жасаған Жалғыз тағдыр сынды ғаламат шытырман ішіне үйлестіре сызып қойған жолдарды тірі жанға алдын ала біліп болмайды...

Алда Өтемісті небір таңданыстар тосып тұрған...

Ол елден келген көкесі мен ағасын – Еркіндік пен Шәймәрденді Борағанлы мәһкамасына ертіп апарды.  Онда олар баспахана мен газет бастықтарына жолығып, сұхбаттасты.

Бұлардың бәрі де былтырғы тамызда, шартараптан жиналған мың қаралы жан қатарында, Бірінші Мемлекеттік дума тарқатылғаннан кейін шақырылған үшінші мұсылман съезіне қатысқан еді. Сондағы басты тұлғалардың бірі болған, сонау жылдардағы қазақ өлкесінде атқарған діни қызметіне сай, құрметпен  Рашид қази аталатын саясаткер, қайраткер, көсемсөзші Әбдірәшит Ибраһим  мырзаны Еркіндік ақсақалдың содан бері көріп отырғаны осы болатын. Бұл оқымыстыдан оның көп нәрсені сұрап білгісі келген-ді.

Егер Ресейдегі революцияның бастапқы күндері және сонау тамаша күндер әкелген бостандық сезімі былтырға шейін баршаны жақсы үмітке бөлеп келген болса, сол үмітті үстемелеушілердің бірі осы Рашид қази екендігі анық-тын. Оған да, басқаларға да былтырғы жазда шетін пікірлері үшін қуып жіберілген Бірінші Думамен бірге революция сынды жасампаз бастау ақырына жеткендей әсер етті.

Бірақ үміт үзілмеген-ді. Өйткені, дегенмен, Екінші Дума шақырылған, ал онда, бәрібір, халық мұңы барша зәрулігімен, өзекті түрде өткір қойыла бастаған. Алайда оны да қуып таратқан ақ патшаның тоғыз жүз жетінші жылғы үшінші маусым манифесі революцияның толық жеңіліске ұшырағанына  нақты көз жеткізген еді.

Дала халқының депутат сайлауға құқы болмай қалуы байырғы көтерілісші Еркіндіктің ойын сан саққа жүгірткен. Көкейіне көп сауал оралған еді. Соның шешімін табу мақсатымен осында келген жайы бар. Думада қазақ сөзін сөйлейтіндердің қатарын көбейтеміз бе деген тілекпен әлгі әйгілі адвокатқа жақын адамдарды жылы орындарынан көтеріп ертіп әкелген. Солардың қатарында қасындағы жас серігін – халқы үшін қарумен емес, рухани жолмен күресем деп, сонысы үшін Еркіндікше итжеккен дәмін татуға мәжбүр болып, жазықсыз жазасын өтеп оралған, одан халық сеніміне ие болып, алғашқы екі Думаға да депутаттыққа сайланған Шаһмарданды, кәдімгі Көкшетау медресесінде Өтеміс те дәрісін тыңдап, сабақ алған Шәймәрден молданы ерте келген. Осында келгелі қилы дәрежедегі кісілермен түрлі пайдалы әңгіме-дүкен құрып жүргендері анық. Дегенмен, Рашид қазимен арнайы сұхбаттасу бір ғанибет те...

Былтыр, мұсылмандардың Төменгі Новгородта өткен үшінші құрылтайында шартарапқа танымал «Тәржіманды» шығарып келе жатқан ұлы ағартушы, қырымдық  Исмайыл Гаспралы қашанғысынша либерал көзқарасынан айнымаған. Сөйтіп ол баршаны   зу етіп өтіп бара жатқан революция мен өткінші саясатқа назар аудармауға, ағарту ісін жандандыра беруге шақырған-ды. Күллі түркі көсемінің пікіріне тәнті бола тұра, сонда,  съезде бірінші болып сөйлеген және ойының кең ауқымымен көпшілік көкейіне кірер сөз айтқан Рашид Ибраһим сынды ғұламаға Еркіндік ақсақал риясыз құлағандай-тын.

Одан бері бір жылдан астам уақыт өтті. Екінші Дума қуылды. Жаңа, Үшінші  Дума жиналды. Осынау үлкен саясаткердің ойында не жаңалық бар? Ана жылы каторгадан қашып келгелі санасы үлкен өзгеріске ұшыраған, күрестің өркениетті түрінің болашағына құлай сенген қарт соны білуге құштарлық танытты.

Өйткені оның көңілін құлазытқан тағы бір жәйт бар-тын. Былтырдан бері қырда қара шекпендер қаптап кетті. Ел ішіндегі  шұрайлы жер біткенді үкімет соларға бөліп беріп жатыр. Атақоныс, атамекен деген ұғыммен санаспайды. Қазақ қу далаға ығысып барады. Бұл осылай жалғаса бермек пе? Қазақтың өз өкілі жоқ Думадан қазаққа қайран бола ма? Не істеу керек?

Осындай сауалдар төңірегінде олар ұзақ пікірлесті.

Барлық  мұсылман  бірлікке ұмтылу керек, баршасы бірін бірі бауыр тұту керек. Рашид қазидың ұстанымы осы сөздермен тұжырымдалады. Оған Мұхаммед пайғамбар заманындағы алғашқы мұсылмандар өнегесі үлгі. Бірліксіз тірлік болмайды. Біздің дініміздің негізгі саясаты осы болуға тиіс. Ресей мұсылмандары күллі әлем мұсылмандарымен саяси бірлесу жолына түссін. Дін ислам жұрты бір милләт – ұлт, солардың иттихады – одағы ғана нағыз бауырластыққа, іс жүзіндегі умма исламияға – мұсылмандық бірлікке жол ашады.

– Бізге түркі жұртын мұсылман дінінен айыру үшін түрлі құйтырқылық жолмен әрекеттеніп жатқан миссионерлікке қарсы күресу ләзім. Бұл бір, – деді Рашид қази, бас бармағын бүгіп. – Мектеп, медресе  желісін көбейтіп, дамыту жөн, екі. – Сұқ саусақ бүгілді. – Оны реформалау басты міндет болуға керек. Бұл жерде Гаспралы әпенді пәлен жылдан бері уағыздап келе жатқан жәдидшілдіктің мейлінше дамытылуы керектігі түсінікті.  Имамдар мен улемдерге, олардың жағдайына назар аудару қажет. Бұларды үш дейік. – Ортан қол да басбармақ үстіне түсті. – Төртіншіден, – ол аты жоқ саусағын бүкті, – осы бағдарлар қаржыландырылу керек. Қаржы-қаражатпен қамтамасыз етілмейінше, ешбір жақсы ойың жүзеге аспайды. Сондықтан  соны шешу жөн.

«Бин бир хадиси шариф шархи» («Мың  бір қасиетті хадистің түсіндірмесі») деген кітабын баспахана бояуы аңқып тұрған қалыпта Еркіндік мен Шәймәрденге  сыйлады.

– Бізге өз ерекшелігімізді жоғалтпау керек, – деп шегеледі ол, – ал бас министр Столыпин осында мұсылман мешітін салуға оң көзімен қарап, қамқор болғандай түр көрсеткенімен, оның реформасы исі түркі үшін тұмылдырық іспетті. Жақсылыққа апармайды. Әсіресе, өздеріңіз шамалап отырғандай, қазақты қара шекпенмен бір қазанда қайнаттып, түбі тілі мен дінінен айыруға апарады. Сондай жұтылулардан аман болу үшін, бізге  қауіп төндіріп келе жатқан солардың өзінен үйрену керек. Олардан мұсылман өміріне қажеттің бәрін алу қажет. Барша жамағат болып саяси  тіршілікке бейімделу жөн. Өз ар-намысың мен абыройыңды, тиісінше, исламды қорғау үшін – әр мұсылман өнер-білімнің бәрінен, тіпті қазіргі әскери ғылымынан да хабардар болу ләзім.

Әбдірәшит әпенді мұсылман әлемінің социалисі еді. Қазіргі таңдағы ағарту ісінің міндеттерін қырдан өзінен ақыл сұрай келген ағайындарға ерінбей-жалықпай ұғындырды...

Өтеміс оларды елге шығарып салғаннан кейін, көп ұзамай, арттарынан барды. Ілияс Борағанлы мен Әбдірәшит Ибрагимнің тапсырмасымен, қазақ елі жағындағы газет пен өзге де баспахана өнімдерін тарататын өкілдерді аралап қайтты.

Ол оралғанша, мұсылман фракциясы жанындағы тіршілік қыз-қайнап, шарықтау шегіне жетіп қалған. Бөрікті  аспанға атқызған 1905 жылғы 17 қазан манифесімен рухтанулы мерейлі бостандықты тұншықтырып бара жатқан  1907 жылғы 3 маусым пәрменінің тұмылдырығынан құтылудың бір парасы тиянақталған еді. Осында  парламенттік күрес жолын дұрыс көретін ағалары депутаттармен, әсіресе өздеріне айрықша жақын тартқан Плевакомен және «17 қазан» фракциясының өзге де мүшесімен, кадеттермен де  ақылдаса отырып, қазақ үшін жаңа заң жасау жолында көп тер төккен.

Ынталы топты Бақытжан Қаратаев пен Серәлі Лапин бастағаны белгілі. Сол ынталы топқа Еркіндік пен Шәймәрден де, қазақтың өзге игі жақсылары да күйзелісі жан ауыртатын өзгеріске ұшыраған көшпенді тіршілік жайында көп әңгімелеген.  Ауылдарына қайтқанға дейін талай пікірлескен. Қажетті деректерді тауып, сараптап, қорыту және оларды болашақ заң тіліне айналдыру керектігін қай-қайсысы да зайыр ұққан.

Сондай жұмыстар кезінде ұйысқан заңгерлер тобында Бірінші Думаның мүшесі, уақытын башқұрт еліндегі иелігінен гөрі саясат оты лаулап тұрған Питерде көбірек өткізетін Сәлімгерей Жантөрин мен мұсылман қозғалысының белді қайраткері, думалық алғашқы мұсфракцияның құрылуына және оның жанынан ұйымдастыру бюросын ашу арқылы фракцияның елмен тығыз байланыста болуына ерекше мән берген, содан бері туған әзірбайжан елінде өрістетіп жүрген саяси күресін негізінен осы құрылыммен  сабақтастырып келе жатқан Әлимарданбек Топчибашев қазақ заң жобасына қатысты салмақты ойлар айтып көп көзге түсті.

***

Өтеміс намысқой, білімді ағаларының үкіметтің қазақ еліндегі жер-суға жайғастыру комиссияларын тағайындау жөнінде заң жобасын жасағанына қуанды. Заң жобасының шаруаларды қазақ жеріне есепсіз қоныс аудартуына тоқтау салуға бағытталғанын мұсфракциядағы талқылауда депутаттар атап айтып жатты, ұйымдастыру бюросында аз уақытқа қолына тиген жоба данасынан өзі де көрді.

Думаның екінші шақырылымы қуылу алдында болған жалпы мәжілісінде қазақ жер-суының зорлықпен отарланып жатқанына қарсы атақты сөзін биік мінберден бар дауыспен жария еткен Бақытжан Қаратаев сұлтанның сол сөзінің енді заңмен тиянақталатынына сенім артып, еліне, Оралға қайтар алдында жігерлі үнмен:

– Біздің бұл заңнамалық құжатымыз сәтімен Үшінші Думада қабылдана қалса, онда, үкімет тарапынан соншалықты озбырлық пен қорлық көрген қазақтардың өздері ата-бабасынан мұраға қалған жер-суына қожайын болады, – дегенін естіді.

Ұзамай Өтемісті бір жәйт қайран қалдырды.  Заң жобасын мұсылман фракциясы сараптама жасату үшін аграрлық мәселелердің үкімет мойындайтын білгірлерінің біріне жіберіпті. Бірақ бұған таңырқаудың реті жоқ-ты, бұл – жұмыс тәртібі. Сараптамашы барша жұртқа таныс, Бірінші Дума мүшесі Әлихан Бөкейханов сұлтан боп шығыпты. Ол жақсылық хабар еді, бірақ онда да таң қаларлық ештеңе жоқ десе болғандай-тын.  Шын аң-таң еткен, мүлдем қайран қалдырған мәселе – оның қазақ мұңын жыртуға тиіс заңның жобасын іске алғысыз қылып қорытынды бергені болды.

– Мұнда тұрған түсініксіз түк жоқ, – деді Слава. – Выборг үндеуіне байланысты өткен сот үдерісінен кейін Бөкейханов біздің либералдардың назарына шындап іліккен. Жадтарыңда сақтаңдар: ол түрме парызын елінде өтеп оралғаннан кейін, жақында ғана масондар ложасына қабылданды. Ал мұның, сөз жоқ, оған  артатын өзіндік жүгі бар...

Жасай қабағын кіржитіп:

– Бұл буржуалардан еш үміт күтуге болмайды, – деді. – Мейлі құпия әрекеті мол масон болсын, мейлі патша алдында беделді сановник болсын, бәрібір – олар қарақан бастарының мүддесінен аспайды, қарапайым халық мүддесін олар ойлай алмайды!

Жасай үшін социал-демократтардан артық саналарлық күш жоқ, оны Өтеміс біледі. Білгенмен, оның ойын бөлісуден аулақ. Өйткені,  Жасай қалай өзеуресе де, социал-демократтар қазақты қорғап жатыр екен деген сөз естілген емес. Тап қазір қазақты қорғайтын заңды жасаушылар да, оны даттаушы да – мұсылмандардың өздері...

Ғажап, Өтеміс шүбәланған, күдікпен қараған мәскеулік депутат – әйгілі Фёдор Никифорович Плевако, дегенмен, елден келіп өтініш айтқан туыстарының сенімін ақтап шықты!   Сараптамашының теріс пікіріне қарамастан, ол тиісті дәлелдермен тиянақтап, заң жобасын Думаның қарауына ұсынуға болады деп тапты. Оны фракциялас серіктері сөзге келместен қолдады. Атақты октябристің уәжімен кадеттердің де бірқатары келісті. Ақыры, алпыс шақты Мемдума мүшесі қол қойған заң жобасы парламентке ұсынылды.

Алайда мұндай заңды қабылдауға үкімет үзілді-кесілді қарсы болды. Биліктің ойынша, мұсфракция сарапшысы да дұрыс қорытқан дейді билік – қазақ халқы патша үкіметінің жеріне қожайын бола алмайды. Масқара, сарапшы пікірі үкімет алға тартқан көзқараспен бір ыңғайда болып шыққан екен! Кім ойлаған...

Қазақ көшпенді қалпымен, жаһанды кезіп жүре беруі керек... Үкімет, ауызша басқа ой айтқанымен, іс жүзінде  қазақты отырықшы етуге мүдделі болмай шықты. Өкініштісі, бұл жағынан онымен Әлихан мырзаның сараптамалық қорытындысы  шынымен де керемет үндес еді. Өтемісті осы жәйт көңілсіздендірді.

Алыстағы Еркіндік көкесі мұны естігенде қайтер екен? Сөз жоқ, қаһарына мінеді. Әттең, дәурені өтті, қуаты қайтты, әйтпесе, ана жылғыдай, қол бастап атқа қонар еді...

Өтеміс күрсінді. Қазақ ішінен депутат сайланбағанмен, жолын тауып, қазақ мүддесін Үшінші Думада да күйттеуді тоқтатпай, қилы әрекетпен бір жыл бойы өзге халық қалаулылары үнімен қорғауға тырысып келе жатқан азаматтардың жігеріне құм құйылды-ау...

Дегенмен күдер үзу ерте тәрізді, тәубе...

– Қазақтың жер-суды пайдалануын реттейтін заң жобасы Думаның қарауына қайта ұсынылып қалар деген үміт бар әлі де... – Сәлімгерей сұлтан осылай деп қалды.

Ілияс Борағанлының махкамасында әңгіме-дүкен құрып отырғандар оған қызыға құлақ түрді. Ол бұл үміт артарлық қуанышты хабарды:

– Құлұқайдан естідім, – деді де, мұсфракция төрағасы Құтлымұхамед Тевкелевтен білгенін айтып берді: – Октябрист Плевако мұсылман депутаттардың пікірін мұқият сұрастырыпты. Мәселені қайта көтеру ретін ақылдасыпты... Тұтас бір халықтың тағдыры оның мүддесіне кереғар жүргізіп жатқан үкіметтің саясатынан әлдеқайда маңызды деген ойын шегелей айтыпты, біз мұны Ұлы Государь алдында дәлелдейміз әлі депті...

Бұл бір жақсы хабар еді. Өтеміс қуанып қалды.  Әлимарданбек те, Ілияс та сұлтанның әңгімесін риза бола тыңдады. Таяуда Дума екінші сессиясын үзіп, қысқы демалысына шығатын көрінеді. Қайта жиналған бетте  Плевако мәселені төтесінен қоймақшы бопты...

Алайда мұны тағдыр нәсіп етпеді... Мемдума мүшелері каникулға шыққандарына бір апта ғана уақыт еткенде, Мәскеуден қаралы хабар жетті. Үйіне барып, отбасымен сағына қауышқан Фёдор Никифорович жүрек талмасынан оқыс дүние салыпты...

Өтемістің есіне былтыр Думаның пленарлық отырысында патшаның құттықтауына арналған жауап-хат мәтінінің жобасын қорғап сөйлеген Плеваконың өзі жайында «...бір аяғымен ғұмырының ақырында тұрған, жасы ұлғайған адамның...» деген тіркесті қолданғаны түсті. Тітіркеніп кетті. Жарықтық-ай... Неге асықтың екен бақиға...

Дүмді депутат қазақтың үзіліп бара жатқан үмітін қайта тұтатқан еді-ау...

Енді қалай болмақ? Парламенттік күрестің шынымен тоқырағаны ма? Азаттық үшін шайқас алдағы уақыттарда қандай бағытпен жүрер екен?..

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 969
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 829
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 635
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 699