Сенбі, 27 Сәуір 2024
Ақмылтық 4051 54 пікір 6 Қазан, 2023 сағат 12:45

Қазақстандық патриотизм: бар ма, жоқ па?

Соңғы уақыттарда қоғамда және еліміздің саяси өрісінде өте қызықты жағдайлар орын алуда: демалыстан соң жұмысын  жандандырған мәжіліс депутаттары ерекше белсенділік таныта бастады. Депутат Қазыбек Иса «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдайтын уақыт жетті деп мәлімдеме жасады. Келесі ретте депутат Ринат Заитов «85 мың теңге жалақы» бойынша әрбір қазақстандық отбасының дастархан мәзірі мен әлеуметтік жағдайын талдап берді. Оның алаяқтар туралы айтқан сөзі үлкен шу тудыры, Мәжіліс Ринаттың тәртібін майшаммен қарауға мәжбүр болды... Одан соң депутаттар Ермұрат Бапи,  Аманжол Әлтай, Қазыбек Иса еліміздегі жат діни ағым өкілдерінің қазақ халқының дәстүр‑салттарына шабуылы туралы, ел тұтастығы мен зайырлы мемлекет құрудың іргетасына қауіп төндіре бастағаны туралы мәлімдемелер жасады...

Қоғамды толғандыратын мұндай мәселелер бойынша депутаттардың және партиялық фракцияның ашық мәлімдемелер жасауы біздегі парламентаризм тарихында  сирек кездесетін оқиға десе болады.  Қоғам оны риза көңілмен қабылдауда. Себебі, қоғам таусылмайтын ырду‑дырдудан, құрғақ  уәдеден, өнбейтін тірліктен, берекетсіз жүрістен, жалған діннен әбден шаршаған сыңайлы...

Сонымен бірге, қазіргі қоғамдық пікірдің сипаты да өзгеше бола бастағандай ‑ «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек, Бұған ұйқасты өлең, сөз керек» демекші (Шәкәрім), енді қоғам пікірі тұрмыстық деңгейден асып,  мемлекеттілік мәселеге көбірек ойыса бастағаны анық байқалады. Бұл  ‑ халықтың ояна бастағанын, яғни, өз тағдыры мен мемлекетінің тағдырына алаңдай бастағанын білдіретін жағымды құбылыс. Енді, осы жағдайда біз де Қазақстандық патриотизмның қазіргі жайы туралы мәселені дер кезінде көтеріп, жұрт назарына ойымызды ұсынуды жөн көрдік.

Алдымен, «патриотизм» термині түсінігінің басын ашып алайық. Біз  терминді өзгертпедік, қазақша баламасын іздемедік. Себебі, «патриот+изм» әлдеқашан халықаралық термин ретінде тілімізде қолданысқа енген.

Патриотизм сөзі ежелгі грек тілінен аударғанда «отандастар» ұғымын береді. Онда «патриот» өз елінің жетістігіне мақтанатын, кемшілігіне күйзелетін, өзінің мәдениетін сақтауды, өзін осы мәдениет аясында сезінуді қалайтын тұлға мағынасында айтылады. Мәселенің бәрі осы түсінік шеңберінде тұйықталады: «патриотизм» ‑  ең алдымен, қоғамдық сипаттағы ұғым. Себебі, кез келген адамның өмір сүру аясы – оның өмірге келген ортасы болып табылады. Ол осы ортада (қоғамда) адам ретінде қалыптасады, орта мәдениетін бойына сіңіреді, осы ортаға түп‑тамырымен байланады.

Олай болса, әр адам өзінің үйреншікті ортасынан, бойына сіңірген қасиеттерінен бір сәтте үзілді‑кесілді бас тарта алмайды. Себебі, ол өз ортасынан тыс аймақта әруақытта өзін үнемі бөтен сезінетін болады. Иә, бұған қарсы пікір айтушылар да табылады, өйткені, адамзат тарихында өз Отанынан тыс жерде өзінің бар қабілетін аша алған тұлғалар жеткілікті. Бірақ, ол «патриотизм» түсінігінің жоғарыдағы біз айтқан мазмұнын өзгерте алмайды. Неге десеңіз, біз «патриот» ұғымын қалыптасқан тұлғаға қатысты айтамыз. Ондай адам, Абай сөзімен айтқандағы «толық адам» ‑ өз Отанын қайда жүрсе де ұмытпайды. Ол өзін үнемі Отанының бір бөлшегімін деп санаумен болады. Тіптен, ол шетте ұзақ өмір сүріп, өзінің тілінен, дәстүрінен, мәдениетінен жаттанса да, ол, бәрібір, өз санасы түкпірінде Отанға деген ықыласын жоғалта алмайды. Адам тауар емес, зат емес, не, «тойған жеріне» дейтін жануар емес. Адамда «түпсана» деген құдыретті нәрсе бар. Міне, сол түпсана адамда Отан туралы елесті үздіксіз жаңғыртып отырады. Мысалы, кезінде шет елдерге «асыранды»  боп кеткен балалар есейген шағында не себептен өзінің туған жерін, түп Отанын көргісі келіп аңсайды? Себебі, оның түпсанасында сақталған «тек» атты қасиеті оны осыған жетелейді...

Осы айтылған ойлардан, әрбір адам, әрбір азамат, қоғам мен мемлекет үшін «патриот» ұғымының өте маңызды екенін көреміз: онсыз ‑ жеке адам өмірінде мән‑мағына жоқ, онсыз ‑ азамат өмірінде «тұяқ тірер тіреу» жоқ, онсыз ‑ қоғам өмірі кездейсоқ адамдардың хаосты, бей‑берекетсіз жиынтығы, онсыз – мемлекет бойында ешбір күш‑қуат жоқ! Сол себептен, әрбір мемлекеттің ең басты міндеті ‑  азаматтардың бойындағы жоғары патриоттық рухтың болуын қамтамасыз ету болып табылады. Ол тек қана тәрбиемен келмейді. Ол үшін әр мемлекет өз азаматтарының бойында «Отанын сезіну» қасиетін қалыптастыра алуы керек.

Отанын сезіну... Бұл өте күрделі мәселе. Адам туылғаннан өскенге дейін ата‑ана қамқорында болады. Сол себепті, оның бойында ата‑анасына деген ерекше сезім қалыптасатыны заңды. Ол тұрақты сезім болғандықтан ‑  адам ғұмырында еш өзгермейді. Тіптен, ата‑ана өмірден өтіп кетсе де, оларға деген  қимас сезім сақтала береді...

Ал, Отанға деген сезім ше?  Бұл сезімнің тұрақтылығы ондай емес. Ол көптеген өзге факторлардың ықпалында болатындықтан, оның болуы сол факторларға тәуелді. Егер, мемлекетте адам өмірі басты құндылық саналып, мемлекеттің әрекеті осыған бағытталатын болса ‑ онда оның азаматтары да Отанға осындай сезіммен жауап беретін болады. Ал, егер, мемлекет өзінің басты мақсаты ретінде жекелеген диктатордың, не олигархтар мен оның маңайындағылардың «жақсы өмірін» қамтамасыз етумен шектелсе ‑ онда оның азаматтары да Отанын сезінуден алыстай береді. Ондай Отан – «Өгей Отан» деп аталады!

Енді, осындай біршама философиялық толғаныстардан кейін, өз еліміздегі патриотизмге нақты тоқталайық: Қазақстандық патриотизм қандай, ол қай деңгейде, көріністері неде, шынайы ма, әлде, декорация ма, мемлекет пен қоғам дамуына ол қалай ықпал ете алады және т.т.

Біз оған бірнеше қырынан, ғылыми түрде айтсақ ‑ ракурстан қарағанымыз жөн.

Қазақстандық патриотизм.

Қазақстан тәуелсіздіктен кейін ұлтаралық қатынаста советтік моделді таңдап алды да, Қазақстанды «көпұлтты мемлекет» деп жариялап жіберді. Мемлекет атауы боынша пікірталас болды. Онда Қазақ Елі және Қазақстан аттары қатар аталып, ақырында әмбебап мағынадағы Қазақстн атауы таңдалды. Мұндай атау мен мемлекеттің көпұлттылық сипатқа ие болуы ‑ қазақ ұлты үміт еткен тарихи әділеттілікке сай болмады. Себебі, Конституцияда «Унитарлы мемлекетпіз» делінсе де, саяси практикада мемлекетті құрушы ұлттың статусы нақтыланбады. Сөйтіп, өзін осы мемлекеттің егесіміз деп санаған Қазақ ұлты өз мемлекетінде «көп ұлттың бірі ғана» болып қалды...

Мұндай жағдайда, әрине, «Осы мемлекеттің жауапкершілігі кімнің мойнында?» деген сұрақ туатыны заңды. Ұлттық саясат оған жауап бере  алмады. Қазақстан формалді түрде «Ежелгі Қазақ даласында құрылған мемлекет» делініп, «унитарлы» деген атқа ие болғанымен,  нақтысында қазақ ұлтының «мемлекет құраушы ұлт» ретіндегі жауапкершілікті өзіне жүктейтін тетікке, яғни, статусқа қол жеткізе алмады. Қазақтар мемлекеттегі «130 не 120 ұлт» деп саналған көп ұлттың  біріне айналды... Міне, елімізде «қазақстандық патриотизмге» алғашқы соққы осылай жасалған болатын! Мұның болашақтағы зардабы өте үлкен боларын, өкінішке орай, сол кездегі саяси тұлғалар мен зиялы қауым жеткілікті дәрежеде бағдарлай алмады...

Дегенмен, сол кездің өзінде‑ақ, өзге ұлттар «тарихи әділеттілік осылай» деп мойындап,  , «Бұл қазақ елінің мемлекеті» дегенге жүгініп өз тарихи Отандарына көше бастады. Аздаған уақыттарда бұрындары азшылықта болған Қазақ ұлты саны жағынан басымдыққа ие болды. Елдің патриоттық сана‑сезімінің басты тірегі осы болды. Бірақ, ол көш тоқтады да, «көпұлтты Қазақстан» ұстанымы барлық ұлттардың құқын «мемлекет құрушы ұлт» деңгейіне көтерді. Енді әркім де «Мемлекет менікі!» деп айта алатындай дәрежеге ие болды. Осыған байланысты Отан ұғымы өз тұтастығынан ажырай бастады – өзге ұлттардың өз тарихи Отандары бар болса, қазақ ұлты өз мемлекетін «менің Отаным» деп толыққанды тану мүмкіндігіне саяси тұрғыда жете алмады.

Сол себепті де, және, қатты дағдарысқа түскен Отанын құтқаруға мүмкіндігі аз болуы себепті – қазақтарда «Отанын сезіну» толық болмады. Әрі, оны «сездіретін» орта – ауылдарды билігі қиратып тастағандықтан, осыған дейін локалді, яғни, оқшаулана орналасқан ұлт «Отанын сезінуді» генерациялай, басқаша айтсақ, жаңғыртып‑жан беріп  отыруға қауқары жетпей, ұлт тұтастығының іргесі сөгілді.  Барлық жерде депрессиялық миграция өріс алып, ұлт болмысы шашыраңқы күйге түсті. Сөйтіп, сол кезде әрбір адамға «Отанын сезінуден» гөрі, «жанбағыс» әлдеқайда маңызды боп шықты...

Біз үнемі де мемлекет туралы айтқанда, лдымен оның халқын еске аламыз. Барлық объективті даму заңдары бойынша осылай болуы тиіс. Мұнда Халық – субстанция, ал Мемлекет – оның мәні мен мазмұнын ашатын құрал не тетік. Халық – себеп, ал, мемлекет  ‑ салдар. Мәселеге осылай қарасақ, патриотизмнің қайнар көзі халықтың қойнауынан шығады екен. Бірақ, нақты өмірде ол басқа призма арқылы жүзеге асады. Себебі, Мемлекетті қуатты ететін де, Халықтың өмірін тұрақты етуші де – оның билігі! Ал, Халықтың өз Отанын жаппай «сезінуі», яғни, патриоттық сезімнің оянуы осыдан туындайды. Адамзат тарихында осы формула үзбей жалғасып келеді. Ондай оқиғалар Қазақ елінің де тарихында талай кездескен. Мәселен, қазіргі ұрпақ өз елінің тағдырында шешуші роль атқарған тұлғаларын әлі күнге ардақтауды еш уақытта тоқтатқан емес, ардақтай береді де. Екінші жағынан, ел  билігінің қандай болуы «лотерея ойынына» ұқсайды: «Билеуші таңдауда жолымыз бола ма, әлде сорымыз тола ма?» деген сұрақ халық санасында үнемі тұрады. Осыдан келіп, «Әрбір халық өз билеушісіне лайықты» деген қағида пайда болады.  Бірақ, терең мағынасында ол ондай емес. Әрбір халық тек қана «бақытты өмір сүруге лайықты» деген қағидамен өмір сүрулері керек. Ал, оны бірден‑бір қамтамасыз етуші рухани күш –  Патриотизм  десе болады.

Ұлттық патриотизм – «Ел билігінің қызметін реттеуші», сонымен қатар,  ұлттың өз болмысын үдемелі түрде дамытып отыруының басты детонаторы. Міне, осыған елде ұзақ жылдар билікті басып алған авторитаризм қатты зиянын тигізді. Тек қазіргі қауіпті геосаяси жағдайда ғана, Билік мемлекет іргетасы Халық екенін ұғып, өзінің бұрынғы қателіктерін түзеуге бет бұрған сыңайлы. Бұл оңайлықпен жүзеге аспайды. Бұл жолдан өту үшін де «Тар жол, тайғақ кешуді» бастан кешу керек. Бірақ, қазақ халқы үшін бұл алғаш көріп отырған құқайы емес екенін ескертеміз....

Р.S. Патриотизм туралы алғашқы мақаланы осы жерден тоқтатамыз. Келесі мақалада оның нақты өмірдегі көріністеріне, толқымалы жағдайына, нақты практикалық қадамдарға назар аударатын боламыз. Жалғасын күтіңіздер, құрметті оқырман!

Фото: ашық дереккөзден

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

54 пікір