Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Әдебиет 2664 19 пікір 13 Қыркүйек, 2023 сағат 14:04

Сәкен, Мағжан, Сәбит түйіні

Биыл Мағжанның 130 жылдығы еліміз бойынша кең көлемде аталынып өтті. Енді оның өкшесін басқан қаламдас інілері Сәкеннің – 130 жылдығы 2024 жылы, ал, Сәбиттің – 125 жылдығы – 2026 жылы бірінен кейін бірі тойланатын болады. Бұл арада осы үш тұлғаны бір-біріне жау етіп көрсеткен пікірлерден арылуға тиіспіз. Сонда ғана біз аса даулы Сәкен, Мағжан, Сәбит түйінін парасаттылықпен шеше аламыз.

Бәрімізге белгілі жайт белгілі бір әдеби әдіске сүйеніп жазылған әдебиет қазақ халқының өнер тарихындағы зор рухани құбылыс болған ұлы туындылар негізінде жасалды десек, оны дүниеге әкелген әдебиет алыптары қазақ әдебиетінің жетекші күші, сусындаушы нәрі ретінде өзін филологиялық кең ауқымда зерттейтін ғалымдар мүдделестігін, одақтастығын түзді.

Жалпыға аян, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы 30 жылы Сәкен Сейфуллиннің өнімді еңбек еткен шығармашылық алтын кезеңі болып, әрі ақынның қазақ романтизмін дамытуға өзіндік үлес қосқан шақтарынан хабар береді. Қазан төңкерісінен кейінгі он жылдықтардың әдебиетін тану, кей тұста Сәкенді танудан бастау алып отыратыны жасырын емес. Әлкей Хақанұлы Марғұлан – Шоқантануды, Ақжан Машани – Фарабитануды өмірге қалай әкелсе, Сәкентанутануды М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ.Тоғжанов, Ә. Қоңыратбаев, Қ.Жұмалиев, М. Қаратаев, Т.Кәкішев сияқты ұлт зиялылары үлкен күреспен бірте-бірте елге танытқанымен, ілім ретінде халыққа танытуда олардың ойға алған игілікті істерінің жүзеге асуына кеңестік темір ноқта, марксистік идеология мүмкіндік бермеді. Осылайша, әдебиеттану ғылымындағы әр түрлі сипаттағы Сәкен мұрасы жайындағы таным-түсінік Абайтану, Шәкәрімтану, Сұлтанмахмұттану ілімдерінің бірінен кеш, бірімен тұстас пайда болды. Сәкентану әуелі стихиялы түрде өрістеп, 1990-шы жылдардан бастап, Қ. Пазылұлы, С. Сүтжан, У. Қалижанұлы т.б. іргелі зерттеулері негізінде қазақ әдебиеттану ғылымының даму тарихындағы ең негізгі, ең ірі де, өзекті саласына айнала бастады. Қазақ филологиясында С. Мұқанов 1950-ші жылдары ақын Сталиндік зобалаңнан ақталған соң алты томдығын жұрт назарына ұсынса, толық шығармалар жинағын бастыру және ендігі жердегі осы бағыттағы  зерттеулердің қандай жолмен жүруін белгілеп берген Т.Кәкішев болды. Аталған екі әдебиеттанушының қол жеткізген алғашқы ғылыми табыстары – Сәкентануды әдеби айналысқа енгізулері болса, екінші ірі табысы – библиографиялық көрсеткіштер арқылы Сәкентанудың қалай басталып, қалай дамығанын, қалай жеке әдеби ілім ретінде  дараланып шығуын көрсетіп, Сәкентанудың тарихын жасады. Осыдан кейін әдебиетіміздің ең соңғы қол жеткізген табыстары негізінде жалпы ұлттық деңгейде Сәкен Сейфуллиннің мұралары түрлі аспектіде зерделене бастады. Осының барлығы Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінің тарихи-мәдени мұрасы және экскурсиялық-көрмесінде жұрт назарына ұсынылып, зор бағасын алып келеді.

Біз осы уақытқа дейін шығармашылығы өте көп зерттелінген қаламгерлердің бірі, әдебиетіміздің ірі өкілі – Сәкен Сейфуллин. Қазір туғанына 130 жыл толғалы отырған поэзия саңылағының артында қалған  мол мұрасы тәуелсіздік дәуірінде мемлекет қолдауымен шығарыла бастады.

Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығының ғылыми бағын тәуелсіздік дәуірі ашты. Иә, оған дейін, яғни, кеңестік кезеңде ақынның қазақ әдебиетінде алатын орнын Б. Кенжебаев, А. Нұрқатов, С. Қирабаев, С. Дәуітұлы және т.б. өз еңбектерінде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы әдеби процеске қатысты сөз еткені болмаса, оның кең ауқымды ғылыми-азаматтық шығармашылық ғұмыры арнайы зерттеу нысанына алынбай келді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басынан бастап ақын шығармашылығы жайында арнайы зерттеу еңбектері жазылып, диссертациялар қорғала бастады.

Қазақ мәдениетінде, оның ішінде әдебиет саласында дау-дамайы, айғай-шуы басылмай келе жатқан мәселе – Сәкен-Мағжан-Сәбит түйіні. Бұлардың қым-қуыт қарым-қатынасы әшейінгі қазақи әңгіменің ауқымынан шығып, әдеби шығарма, эссе, ғылыми зерттеу, монография, мақала деңгейінде ел-жұртқа жария болып, дабыраға айналған өте қиын мәселе. Кім болса да, бұған құлақ түрмей өте алмайтын, реті келсе өзінің бояуын қоспай тұра алмайтын құбылыс.

Осы түйінге әділ бағаны Т.Кәкішев: «Еңбекті жазу барысында ешқайсысына іш тартпай, тарихи шындық, құжат, мұрағат деңгейінде артығын артық, кемін кем, уақытша жеңіс пен жеңілісті түгелге жақын қамтыған сияқтымын. Тарихты жалғыз өзім ғана білемін деп өрекпу әрине ешкім-ге, оның ішінде ғалымдарға жараспайтын қылық. Осы салада соңғы кезде пайда болған жаман әдетті білмей жатып білем деушілерді, өсек-аяңды малданушыларды, атақ шығару үшін атыстыра-шабыстыра сөйлеушілер мен өркөкірек қуыс кеуделерді де сынай кетуге тура келді. Осы шешімі қиын мәсе-лелерді суыртпақтап отырғанда Сәбит тағдырына қатты алаңдадым» деп берді.

Осылайша біз музей қызметкерлері Сәкен сияқты алып тұлғаны жұртқа танытқанда Т.Кәкішевтің шешкен «Сәкен-Мағжан-Сәбит түйінін» үнемі басшылыққа аламыз.

Ақын шығармалары М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ.Жұмалиев, М. Қаратаев, Б. Кенжебаев, А. Нұрқатов, С. Қирабаев, Т.Кәкішев т.б. зертттеулерінде тек стиль, жанр және әдеби дәстүр тұрғысынан сараланды. Сәкеннің тұстастарының ұстанған азаматтық романтизм ағымдары Дулат пен Махамбеттен бастау алатындығы М. Бекбосынов монографиясында кеңінен сөз етілді.  Көркемдік әдіс аясында ақын туындыларын Абай, Шәкәрім, Мағжанмен бірілікте алып қарастырған белгілі әдебиеттанушы Қ.П.Мәшһүр – Жүсіп өзінің «Қазақ лирикасындағы стиль мен бейнелік» монографиясында біршама сөз қылды. Аталған ғалымның пікірін басшылыққа ала отып, ақынның өз шығармашылық ғұмырында романтикалық сипатта жазылған шығармаларының шығу төркіні мен әдеби дәстүр байланыстылығын оның лирикасы мен поэмалары негізінде зерделенді.

Ескеретін жайт, Сәкен Мағауия, Әсет және Мағжан т.б. сияқты таза романтикалық туындылар жазған қаламгер. Өзінің шығармашылық процесінде романтизм әдісін тұтынып, оны өзі сенген әділетті қоғам құру мүддесіне қызмет етеді деген ойда болды.

Сәкеннің шығармашылығындағы дәстүр жалғастығы үлкен-үлкен төрт арнадан тұрады: біріншісі – ауыз әдебиеті үлгілерін жаңартып, оны өз туындыларында молынан пайдалануы; екіншісі – ақын – жыраулар үрдісін жаңа тарихи жағдаймен байланыстыра трансформацияландыруы; үшіншісі – шығыс классиктерін шығармаларына серік етуі; төртіншісі – орыс әдебиетінің романтиктері: Жуковский, Рылеев, Одеевский т.б. түп нұсқадан оқып білуі және өз шығармашылығында ондағы идеяларды жөнімен орынды кәдеге жаратуы.

Махамбет, Дулат, Абайлар көзі тірісінде өз жинақтарын қолына ұстамай кетсе, олардың ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы әдеби ізбасарлары өз шығармаларын кітап қылып шығарып, елге таратты. Біз осы кезеңдегі әдеби процесте орын алған әдеби дәстүрлерге тоқталар болсақ, олар төртеу:

1) Ақын жыраулар мен фольклор үлгісі;

2) Шығыс әдеби үлгілері;

3) Еуропа әдебетінің әсері мен ықпалы;

4) Абай өнегесі.

Осының барлығына біз Сәкен Сейфуллин туындыларын оқу барысында көз жеткіземіз. Ең бастысы ақын мерейтойы қарсаңында әдебиет саласында дау-дамайы, айғай-шуы басылмай келе жатқан мәселе – Сәкен-Мағжан-Сәбит түйініне дұрыс пікір айтатын уәжді мақалалар мен ғылыми топшалаулар жасауды әдебиеттанушылар қауымынан асыға күтеміз.

Қарлығаш Бекқалиқызы Жұмаханова,

Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінің тарихи-мәдени мұрасы және экскурсиялық-көрме жұмысы бөлімінің басшысы

Abai.kz

19 пікір