Жұма, 3 Мамыр 2024
Білгенге маржан 2641 2 пікір 10 Тамыз, 2023 сағат 13:12

Абайдың үйіне тінту

Ұлы Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп болмағаны белгілі. Биылғы жылдың ерекше көңіл бөліп, кейінгі зерттеушілердің есіне салып өтер бір жай – ақынның үйіне жүргізілген тінту.  Бұл оқиғаға да биыл 120 жыл толып отыр.

1903 жылдың қысында  Көкшетаудағы Науан хазірет ұстаған мешіт жанындағы интернаттың мұғалімі Шәймер­ден Қосшығұлұлы Баян­ауладағы Сәдуақас Мұса­ұлы Шор­мановқа, Семей­дегі Абайға және басқа да бе­делді ел ағаларына хат жазып, бүкілқазақтық мұсылман съе­зін өткізу туралы ақылдасады. Съезге дайындық ретінде қаражат жиналып жатқанын хабарлайды. Ол ұстазымен бірігіп, Ресейдің шоқындыру саясатына ашық қарсы тұрады. 1903 жылы Абай Құнанбайұлы сынды қазақтың білікті, сыйлы азаматтарына патшалық режимнің оспадар әрекеті туралы және осыған байланысты бас қосу жөнінде екі мәрте хат жазады.

Сақталған архив құжаттарына қарағанда, Шәймерденнің алғашқы хатына Абай жауап бермеген. «Ибраһим Құнанбайұлының атына Көкшетау жақтан тағы бір хаттың кеткенін тыңшылар арқылы білген патша жандармдары жедел қимылдап, аңдиды. Ертіс бұзылып, жол ашылғанын күтеді. Ақыры хаттың Арқат поштасына келгенін анықтайды. Пошта бастығынан хатты беруді талап етеді, тіпті әскери губернатордың бұй­рығын көлденең тартады. Бірақ, пошта қызметі өз заңына бағы­нып, хатты тек адресатқа ғана қол қойдырып беретінін айтады. Уезд бастығы Навроцкий 1903 жылғы сәуір айында Ибраһим Құнанбайұлының өзін Арқат пош­тасына жетектеп алып баруға мәжбүр болады. Поштаға бірге кіріп, хатты алғаны жөнінде қол қой­дырып, рәсімдеп, Абайдың қолы­нан тартып алады. Яғни, Ибраһим Құнанбайұлы бұл хатта не жазылғанын білмейді. Уезд бастығы Навроцкийдің Шәймерден Қосшығұловтан келген алғашқы хат туралы сұрағанда Абай: «Мен жөндеп оқыған да жоқпын, не деп жазылғаны есімде жоқ», деп жауап берген. «Ал, хаттың өзі қайда?» деген сұраққа, «білмеймін, Ізғұтты шылым орауға алды-ау, деймін» деп сүйрете жауап береді.

Жандармерия 1903 жылғы 2 сәуірде Көкшетаудағы мешітті, Науан хазірет пен Шәймерден Қосшығұлұлын жеке өздерін тінтті. Тінту нәтижесінде күдіктерін растайтын дәлел тауып, 3 сәуірде Қосшығұловты тұтқындады.  Аймақтағы ол хат жолдаған белгілі тұлғалардың аты-жөндері, мекен-жайлары анықталды. Бәрін де, соның ішінде Жидебайдағы ұлы Абайды да тінтті. Оның қасындағы адамдардың қойын-қонышынан дейін тіміскілей тексеріп жүріп,  Шәймерден жазған хатты тапты. «Қылмысты» хатқа байланысты олардың не ойлағандарын, не істемек болғандарын анықтауға тырысты. Назарларына алған зиялылардың үйлеріндегі түрлі қолжазбаларын, кітапханаларын тәркіледі.

Ақынның бойынан табылмаған сол бір хатты әйелі Еркежан ақыры өз қалтасынан шығарып, оязға берген екен. Алайда, естелікте хаттың нақты мазмұны, немесе одан туындаған зардаптар жайында ешқандай әңгіме болмайды.

Бұл мұрағат деректерінде жазылған хаттамалар негізі. Ал, Абайдың өмірбаянын жазған Кәкітайдың баласы Әрхамның естелігінде осы оқиғаны былайша жеткізеді.

«...1903 жылы жазғытұрым Кәкітай өзінің бір жұмысымен Семейге кеткен еді, жер қарайып кепкен соң қорадан аулақ киіз үй тігіп, соған үй ішін шығарып жатқан мезгіл түс кезінде Семейден Кәкітайға еріп кеткен атшы Көтібақ Бегдәлі деген ауылға шауып келді.

Жұрт үрпиісіп:

– Неге шаптың?- дегенде,

Бегдалы:

– Ойбай, Семейден тергеуші шықты. Абайдың ауылын, үйін тінткелі келеді. Соған хабар айт деп Кәкітай жіберді,- деп ентігіп аттан түсті.

– Қашан келеді, қай жерде келеді?- деп сұрағанда орыстар жолдағы ауылға ат жегіп жатқанда мен шауып өтіп кеттім, ендігі Қашқынбай аулына келген шығар,- деген соң ауыл кісілері қатты састы, біздің ауылдан екі шақырымдай жерде Мағауияның аулы бар еді, қойшының аты мен бір кісіні сонда хабар бер деп жібереді. Ол тез барып қайтып келді. Мағауия үйінде екен Жидебайдағы Абай аулына қос атпен Майқанды жібереді. Біздің ауылды да тінтер деп Мағауия дайындалып жатыр деді. Сонан бір сағаттай шамасында үштен ат жеккен екі арба орыс біздің ауылдың жанындағы жолмен шапқылатып өтіп Жидебайға қарай кетті. Мағауияның аулына бұрылған жоқ. Сол күні түнде Жидебайдағы Абай аулынан хабар келді. Абай киіз үй тіккізіп қорадан шыққан екен, барған тергеуші:

– Сіздің үйіңізді тінтуге келдік, рұхсат етіңіз,- депті. Абай:

– Рұқсат, тінт,- деген соң олар барлық абдыра, сандықты ашқызып қарапты. Төсек арасын, жүк арасын, қарамаған жері жоқ. Бірақ, ешнәрсе таба алмапты. Әбден шаршап бастық төренің өзі Абайдың жанына келіп отырғанда орындық әкеп қойып Абай:

– Тінтіп болдыңыз ба?- дегенде, төре:

– Қарап болдым, еш нәрсе таппадым,- депті.

Сонда Абай:

– Сіздің іздеп келгеніңіз мына хат болар,- деп кемзалының төс қалтасынан бір қағаз алып берді. Төре қарап:

– Осы еді,- деп күліпті. Сонымен, Абаймен көп сөйлесіп тамақ ішіп, қонақ болып қалды деп келді. Артынан естуімізше тергеушінің аты «Куприянов» деген екен. Абайға бір адамның патша өкіметін жамандап жазған хаты келді деп шағым еткен соң келгені осы. Сол хатын алып Абайдан жөнін сұрап, ұғынып қайтты. Арты тыныш болды».

Абай өмірбаяны М.Әуезов тарапынан төрт рет түбегейлі жазылып, әр нұсқа өз кезегінде көптеген тың деректермен толықтырылып, көмескі мағлұматтардан барынша арылып отырған. Мәнді мағлұматтарды мол қамтыған ақынның 1940 жылы латын әрпімен жарық көрген екі томдық шығармаларының екінші томында «Абай жайында Мадияр, Қатпа, Әрхам, тағы басқалардың айтқан әңгімелері» деген М.Әуезовтің жазбасы басылады. Осы жазбада патшалық билікке қарсы басқа жақтағылармен жазбаша байланысы бар саяси сенімсіз адам деген күдікпен 1902 жылы ақын үйі тінтіліп, Абай атына жазылған бөгде бір адамның хаты іздестіргені туралы қысқаша мәлімет береді. Мұрағаттық деректерге сүйенсек, ұлы ақын үйіне тінту, шындығында, 1903 жылы көктемде жүргізілген.

Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы архив қызметкері  Ғабит Зұлхаровтың мақаласында ақын өміріндегі оқшау оқиға 1903 жылы 8 сәуірде Ақмола облысы әскери губернаторының Семей облыстық губернаторына берген төмендегідей: «Қосшығұловтан почта қолхаты табылды. Ол 1902 жылы 6 маусымда Батовскідегі Садуақас Шормановқа, Зайсандағы Кеншиновке, 1903 жылы 7 наурызда Семейдегі Құнанбаевқа хат жолдапты. Тінту жүргізу керек. Романов,

Ақмола облысының әскери генерал-губернаторы, генерал-майор» деп жедел хат жариялайды.

Мұрағат деректерінде қазақ жұртының тіршілігі мен тағдырына қатысы  ел ағасы  Семейдегі Абайға пошта арқылы хат жолдау­шы – Көкшетау мешіті жанындағы интернат мұғалімі Шәймерден Қосшығұловты тінту барысында қалтасынан Семей губерниясында тұратын Абай атына жолданған хаттың түбіртегі табылады. Қатты дүрліккен олар, хаттың үкіметке қарсы әлдебір оғаш пиғылы бар ма деген күдікпен жанталаса әрекетке көшеді. Нәтижесінде Көкшетау мешітінің бас молдасы Наурызбай Таласов пен оның көмекшісі Қосшығұлов абақтыға жабылып, үстерінен қылмыстық іс қозғалады. Көкшетау молдасы Н.Таласов пен мешіт жанындағы интернат ұстазы Ш.Қосшығұлов және басқа би, молдалар патшалық Ресейдің отаршылдық озбыр саясатына қарсы дербес діни ұйым құрып, оны мүфтиге бағындыруға бағыттаған. Осы қимыл-әрекеттің ықпалын, пәрменділігін арттыру үшін Абай Құнанбаев сияқты жалпақ қазақ жұртына құрметті адамға да иек артқысы келген. Патша әкімдері Петербордан бері Абай ауылына дейін тыңшылық жүйесін құрып,  1903 жылы сәуірде ­Семей уезі басшысымен келген жасауыл­ ақын ауылына келіп, Абай­дың өзінен, балаларынан жауап алады. Мұрағат деректерінде Көкшетаудан Абай атына екі хат келгені туралы айтады. Бірінші – жоғарыдағы, 23 сәуірде уезд бастығы тінту жүргізіп, Рыздықбай болыстың қалтасынан тауып алынған хат. Көкшетауда тұтқындаған Қосшығұловтан табылған түбіртек ­бойынша 7 наурызда  жіберілген. Екінші хат Абайдың қолына әлі тимеген, Арқат почта-телеграф кеңсесінде «тұтылып» жатқан. Бұл екінші хатты кейін, бір айдан соң, 29 мамырда Абайға Семей оязының өзі ілесе келіп,  табыс етілген. Ақын оны сол жерде оқып шыққан соң, хатты қорабымен ояздың қолына ұстатқан. Ғ.Зұлхаровтың дерегі бойынша мұрағаттық құжаттарының ішінде осы екі хаттың түпнұсқалары сақталмаған.

Ұлы ақынның басынан осындай жайсыз оқиға өткен...

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 644
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 415
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 384
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 387