Сенбі, 27 Сәуір 2024
Маңызды 2178 1 пікір 24 Мамыр, 2023 сағат 12:36

Шетелдегі активтерді Мәжіліс қайтара ала ма?

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бес заң жобасы қаралып жатыр. Олар:

«Прокуратура туралы» конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңының жобасы;

«Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу;

«Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде;

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде;

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде.

Депутат Магеррам Магеррамовтың айутынша, аталған 5 заң жобасы «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №3 жарлығын орындау үшін Мәжіліс депутаттары әзірлеген.

«Негізгі заң жобасы активтерді анықтау және қайтару үшін қажетті заңнамалық негіздер мен жаңа құралдардың болмауына байланысты активтерді қайтарудың тетіктерін айқындауға бағытталған.

«Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын әзірлеудің негізгі  мақсаты – заңсыз сатып алынған және шығарылған активтердің сақталуын, басқарылуын, өткізілуін және мемлекетке қайтарылуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдаумен, қамтамасыз ету шараларын қолданумен, шығу тегін растаумен, іздестірумен (ашумен) байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Хатшысы.

Сондай-ақ Магеррам Мамедұлы ілеспе заң жобалары негізгі заң жобасының ережелерін жүзеге асыру үшін әзірленген әрі қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзету енгізуді көздейтінін айтты.

«Атап айтқанда, «Прокуратура туралы» конституциялық заңға, Азаматтық, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Салық, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстеріне және басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар қарастырылады. Жалпы саны 11 кодекс және 13 заңға түзутулер көзделеді», - деді ол.

Депутаттың сөзінше, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, заңсыз сатып алынған және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару арқылы Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру, активтерді ерікті түрде қайтаруды ынталандыру, активтерді заңсыз сатып алуға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға болады екен.

Сонымен қатар мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания құрылады.

«Қайтарылған активтерді Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағыттауға және осы процесте ашықтық пен тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, активтерді қайтару саласындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмысының нақты және ашық тетігі құрылады», - деді мәжіліс депутаты.

Abai.kz

1 пікір