Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Не дейді?! 2219 7 пікір 5 Сәуір, 2023 сағат 13:23

Трамп тәубеге келді ме?!

Өткен аптада «Есеп-қисап тарихын өзгертті, сауда алаяқтығын жасады» деп айыпталып, Америка тарихындағы үстінен қылмыстық іс қозғалған алғашқы президентке айналған Трамп кеше Нью-Йорк қаласы Манхэттен районының сотына өз еркімен келді. Сот тыңдауы 2 сағатқа созылды. Трамп тағылған 36 түрлі айыптың бірде-біреуін мойындамады. Қолына қылмыскерлердей кісен салынған жоқ. Төреші сот іс барысын видеоға түсіруге де рұқсат бермеді. Санаулы журналисті ғана сот залына кіргізіп фоторепортаж жасауға келісті. Келесі сот отырысы желтоқсанның 4 күні өтетін болып белгіленді.

Трамптың жақтастарынан қаймығып қалған құқық қорғау орындары ол сотқа келіп-кеткенше күзетті күшейтті. Нью-Йорк қаласының әкімі: «Қала біздің үйіміз, ойын алаңы емес»,-деді. Соттан шыққан Трамп өзін сотқа берген қара нәсілді прокурор Элвин Брэгке шүйлігіп, оны «хайуан», «нәсілшіл» деп сипаттады. Өкілдер партиясының төрағасы Кевин Маккарти да оны сынға алып: «Федаралды сот арқылы демократиялық жүйемізге кедергі жасады, Трампқа саясиланған айып тақты. Конгрес Брэгтың сотты құралға айналдырған әрекетіне шара қолданамыз»,- деді. Өз кезегінде Брэг: «Заң алдында барлық адам тең. Мейлі қанша байлығы, қанша билігі болсада Американың ежелден келе жатқан құндылығын ешкім өзгерте алмайды»,- деді.

Істің төркіні Трамптың 2017 жылдың ақпан айынан бастап, жыл соңына дейін жалақы ретінде бұрынғы жеке адвокаты Майкл Коэнға төлеген қомақты сомадан (460 мың доллар) шығып отыр. Трампты айыптаушы прокурор ол ақшаның адвокатқа заңдық көмегі үшін емес, 2016 жылы порножұлдыз Сторми Дэниелске ауыз бастырық үшін берген 130 доллардың қарымтасы деп санайды. Әрі 2016 жылғы президент сайлауына жиналған қаржыдан төленген деген дәлелсіз айып тағады. Заңгерлер Трамптың сайлау заңын бұзды деп айыпталғанымен ол айыппұлмен құтылады, түрмеге отыру қаупі жоқ деп отыр. Президенттік сайлауға түсуіне де еш кедергі жоқ екен. Американың заңында сотталған адам түрмеде отырып та кандидатурасын ұсына береді екен. Трамп сотының 2024 жылғы сайлау біткенше сағызша созылатын түрі бар. Сот барысынан гөрі оның заңдық, саяси негізі Америка қоғамын қызу талқыға салып отыр. Кейбіреулер оны кері кету деп бағаласа, енді біреулері АҚШ-тың сот тарихындағы бетбұрыс санайды.

Биліктің үш тармағы(әкімшілік, парламент, сот) бір-бірінен тәуелсіз Америка қоғамы үшін президентті тәубеге келтіру түк те емес. Трамп президент болып тұрғанда, Демократтар партиясы оның құзіретін тоқтату туралы екі рет шағым түсірген. Бірақ Сенат мақұлдаған жоқ. Былтыр да «құпия құжаттарды үйінде жасырды» деп Федералды тексеру мекемесі тұрағына тінту жүргізді. Қазіргі президент Байден де айыптардан кенде емес. Оның да үйінен жыл басында құпия құжаттар табылып, тексеру жүргізілді. Республикашылдар партиясы алдыңғы аптада Байден әулетінің жемқорлығы туралы айғақтарды жинағанын жария етті.

 

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1788
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1777
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1494
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1395