Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Болған оқиға 2326 3 пікір 12 Желтоқсан, 2022 сағат 12:07

Қырылған кеңес әскері: Ресей ұмытқан күн

Кеңес билігі шекаралас мемлекеттерді өзіне қосуды о баста жоспарлаған болатын. Олар басқыншылық әрекетін "мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін" деген сылтаумен іске асырды. Мәскеудің қанды тырнағына іліккен елдің бірі Финляндия еді. 

Қазіргі Мәскеу фин соғысын жиі еске алмайды. Оның себебі де жетерлік. Кремль бұл соғыста ресми 126 мың, бейресми 400-600 мың сарбазынан айырылды, ал Финляндия 25 мың сарбазын жоғалтқан болатын. Сол себепті де Мәскеу бұл соғыс тарихына көп тоқталмайды, теледидардан жиі көрсетпейді, "Ресейдің жеңілмес соғыс дәстүрі" жайлы айтқанда мысалға келтірмейді.

Кеңес билігі Финляндияға соғыс ашуының сан себебі бар дейді тарихшылар. Солардың ішінде Финляндияда советтік билікті орнату, Финляндияны толық КСРО құрамына қосу, Ленинградтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деген сылтаумен артиллериялық соққы жасай алмайтын жерге дейін Финляндия аумағын басып алу және басқа. Қай себеп болса да, басқыншы Мәскеу 1939 жылы, 30-қараша күні КСРО әскері Финляндия жерін артиллериялық соққы астына алды. Солайша соғыс басталды.

Финляндия әскері саны басым, қаруы көп Кеңес әскеріне қарсы шабуыл тактикасына қарағанда, мығым қорғаныс жүйесін құра отырып соққы беру тиімді деп санады. Тарихта Маннергейм шебі деген атпен қалған әйгілі қорғаныс сызығы құрылды. КСРО әскері өзі ойлағандай жылдам басып алуды іске асырмады. Суық қыс пен ойластырылған тактика КСРО әскерін әбден титықтатты.

1939 жылы, 12 желтоқсан күні КСРО әскері мен фин сарбаздары Толваярви көлінің бойында кездесіп, қиян-кескі шайқас басталды. Фин әскерін Аро Паяри басқарған 16-жаяу әскер полкі мен бірнеше жасақ құрады, жиынтығы 4 мың сарбаз. Кеңес әскері Николай Беляев басқарған 139-атқыштар дивизиясынан тұрды, жиынтығы 20 мың жасақ.

Фин әскері Кеңес сарбаздары көл бойына жеткенде, екі жақтан соққы жасап, қоршауға алып, жойқын соққы беруді ойластырды. Сол мақсатта 4 мың жасақты 2 мыңнан бөліп, екі позицияға жайғастырды.Таңертең солтүстік бағытқа орналастырылған фин жасағы кеңес әскеріне соққы берді, ал екінші позиция жол бойында жау жасағының пайда болуын күтті. Түсте екінші позициядағы әскер де шабуылға шықты. Фин әскеріне артиллерия көмекке келіп, бірнеше мәрте басқыншы әскері орналасқан позицияларға соққы жасады. Көл маңындағы демалыс орнына кеңес әскері бекінгенін білген Паяри, демалыс орнын шабуылдап, басып алды. Кешке КСРО әскері барлық позициядан шегініп кетті. Ұрыс даласында Финляндияның 100-120 сарбазының, ал КСРО-ның 2-4 мың сарбазының мүрдесі қалды. Бұл шайқас күллі фин халқын рухтандырған маңызды жеңіс болды.

Кеңес әскерін басқарған Николай Беляев шайқастағы жеңілісі үшін шенінен айырылды. "Оны лагерьге жіберу керек" дегендер де болды. Алайда Кремль "бірінші дүниежүзілік соғысты көрген тәжірибелі әскери маманның көзін жою қажет" емес деп тапты. Артынша ол екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. 1976 жылы өмірден өткен Беляев өз естеліктерінде өміріндегі ең қиын ұрыс 1939 жылы, 12-желтоқсанда болды дейді.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 520
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 274
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 295
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 294