Сенбі, 11 Мамыр 2024
46 - сөз 2686 7 пікір 30 Қараша, 2022 сағат 15:55

Құлдың арманы - құл ұстау!

 

Екібастұздықтардың тістері тістеріне тимей, түнімен жаңғақ шағып жатқандарына аптаға айналды. Осы жағдайға байланысты қазақ Үкіметі тыпырлап-ақ жатыр. Тыпырлағаны сол - Үкіметтегілердің бәрі сантехник Дәдімишаға (дядя Мишаға) айналып кеткендей. Еститініміз "жүйелер әбден тозған, Клебанов дегеннің меншігіндегі жылу орталығының пәлен шақырым құбыры шіріп кеткен, жөндеуге келмейді" деген сөздер ғана.

Жұттың жеті ағайынды екендігі рас екен, қазір бір айналдырған қырсық Қазақстанды шыр айналдырып жатыр. Жаураған Екібастұз жұртына қай күні өскемендіктер де қосылды. Ол аз болғандай Астананың іргесіндегі Көктал дейтін елді мекеннің жұрты да "үйден дала жылы" дегенді айтып қалды.

Бір қызығы, осының бәрі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өте салысымен іле-шала басталды. Сол ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы "шетелге кеткен активтер қайтарылады" дегенге ерекше екпін түсіріп айтқан. Шетелде кімнің активі бар? Әрине, сенің, менің шетел түгілі нәйеті Қазақстан банктерінде басы артық 50 теңгеміз жоқ. Шетелдегі активтердің бәрі Қазақстанды 30 жыл билеген ірілі-ұсақты шонжарлардың "табан ақы, маңдай терлері". Осындайда Екібастұздағы орын алып жатқан төтенше жағдайлардың бәрі сол жуандардың диверсиясы емес пе екен деген де ойға қалады екенсің. Өйткені олар өздері құрған Қазақстанның түгел шіріп жатқанын, сол шіріктерді қыс ауасында қайсысын бірінші кезекте қолдану керегін өте жақсы біледі! Ал, ол шіріктерді түп-тамырымен жоқ қылуы тиіс билік бар болғаны қанша шақырым құбырдың жарамайтынын есептеп әуре.
Осы апта күнде Парламенттің қос палатасында тізіліп отырған депутаттардың осы салаға жауапты министрлік басшысын, Павлодар облысы әкімін, Екібастұз қаласы әкімін, қыл аяғы Клебановты шақырып алып жан алқымға алып жатқанын көрдіңіздер ме? Немесе Бас прокурорға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласы басшысына, ҰҚК төрағасына "адамдарға жасалған мына қылмыс жазасыз қалмай ма?" деп сұрау салғанын естідіңіздер ме?

Қазақстанның жалғыз жылу жүйелері ғана шіріп жатса, бір қысқа қоянның да терісі шыдар. Алайда, шіріп жатқан сала жалғыз коммуналдық сала емес қой. Жоғарыдан төменге, төменнен жоғарыға қарай барлық жерде проблема. Ал, сол проблемалардың үлкені тізгіннің нағыз өз ісінің мамандарына берілмеуі. Кім көрінгеннің министр, кім көрінгеннің әкім, кім көрінгеннің сенатор, мәжілісмен бола беретіні!

Бірді айтып, бірге кетті демеңіздер, Алматыда досым бар. Шүкір, малды жігіт. Таудың қойнауын төрт түлікке толтырып тастаған. Сол досымның бірде "сенесің бе, менің қойшыларымның өзі қойшы ұстайды. Және олар мендей емес, қойшыларына өте қатал. Аямайды. Менің қатал бола алмайтыным бай болғаныммен малдың жағдайын, мұндағы шаруаның жағдайын ұңғыл-шұңғылына дейін біле бермеймін. Сондықтан олар мені алдай алады. Ал, бұларды қойшылары алдай алмайды. Себебі бұлардың өздері де қойшы ғой, қойшыны қойшы алдай алушы ма еді?! Бір күні осылар бір-бірін өлтіріп қояр ма екен деп қорқамын" дегені бар еді.

Осы әңгіме менің ойыма бүгінгі Қазақстанды салады. Бәрі бастық, бірақ, нағыз маманның қолында билік жоқ. Тірлікке тастайлығымен емес, өмірдегі пысықайлығымен өскен шенеунік бірінші кезекте жұмысты жүргізуді емес, өзінің сөзін сөйлеп отыратындарды іздейді. Бүкіл өмірлік мұраты құл ұстау болады. Ондай құл тез табыла кетеді. Сосын оны әлеуметтік желіге отырғызып қойып, өзі барғысы келетін креслода отырған шенеунікті ұрғызады. Әрине, ақысын жемейді, ол құлына жаңа кәстөм-шалбар кигізіп, үлкен жиындардың төріне шығарады, тіпті Президенттің ұлықтау рәсіміне дейін апарады. Құл ол жиынның мәнісін түсінбесе де елдің игі жақсыларының қатарына қосылғанына мәз. Сорақысы бұл да емес, сорақысы - әлгі құлдың да құл ұстағысы келетінінде! Бұл құл да өзіне құлды тез таба қояды. Құлына әлеуметтік желіде өзінің сөзін сөйлетіп отырады. Өйткені мұны жарылқап жүрген шенеунік-құлдың да, мұның да көргені осы-ақ қой. Құлдың арманы қашаннан құл ұстау!

Міне, Қазақстан өз ісінің мамандарының қолында емес, негізінен осындайлардың қолында. Сосын жүйе шірімегенде не істейді?! Осы бетімен кете берсе, бүгін Екібастұз бүрсең қақса, ертең бүкіл Қазақстан бүрсең қағады.

Екібастұз - ертеңіміздің не болатынының белгісі! Менің түйгенім осы болды.

Абай Балажан

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1923
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2056
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1711
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1522