Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Билік 1419 2 пікір 6 Мамыр, 2024 сағат 15:11

Әскеріміз түрлі қатерге сақадай сай тұруға тиіс!

Коллаж суретері Ақорда телеграм арнасынан алынды

Президент мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты. Бұл туралы Ақорда баспасөзы хабарлады.

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және алда келе жатқан Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, осы екі мейрам жауынгерлік дәстүрдің сабақтастығын паш ететінін, батыр бабаларымыздың даңқты жолын қазір өскелең ұрпақ жалғастырып келе жатқанын атап өтті.

ЕРЛІК МАЙДАНДА ҒАНА ЖАСАЛМАЙДЫ!

«Бүгінде айбынды армиямыз – елдегі тұтастық пен тыныштықтың мықты қалқаны. Қуатты әскеріміз бейбітшілік пен берекелі өмірді қас қақпай күзетіп тұр. Олар қай кезде де қастерлі Отанымызды қорғауға дайын. Ерлік майданда ғана жасалмайды. Ерлікке бейбіт заманда да орын бар.

Биыл біз соңғы 80 жылдағы ең жойқын тасқынға тап болдық. Елге қатер төнген сәтте сарбаздарымыз алдыңғы шептен табылды. Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы антқа адал болудың үлгісін көрсетті. Алапат тасқынға төтеп беру үшін 9 мыңнан астам әскери қызметші жұмыла еңбек етті. Мыңнан астам техника жеткізілді. Сын сағатта халқымыздың асыл құндылықтары анық байқалады.

Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысында апатқа қарсы күрескен 300 сарбаздың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Олар күні-түні бөген салып, қаланы қарғын судан құтқаруға атсалысты. Жергілікті тұрғындар бұл сарбаздарға айрықша риза болды, оларды зор құрметпен шығарып салды. Міне, халық пен армияның мызғымас тұтастығы дегеніміз – осы. Мұндай мысалдар аз емес», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне әрқашан құрмет көрсетілетінін айтты.

«АЙБЫН» ОРДЕНІНІҢ ҮШ ДӘРЕЖЕСІНЕ ДАҢҚТЫ ҮШ БАТЫРДЫҢ АТЫ БЕРІЛДІ!

Осы ретте ардагерлерге мерекеге орай жыл сайын қосымша төлемақы берілетінін, ал биыл оның көлемі үш миллион теңгеге дейін өскенін жеткізді. Сонымен қатар өзінің бастамасымен биылдан бастап «Айбын» орденінің үш дәрежесі даңқты батырларымыз – Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың атымен аталатынын еске салып, ұлт перзенттерінің батылдығы мен батырлығы бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін үлгі-өнеге болатынына назар аударды.

Мемлекет басшысының айтуынша, геоосаяси тұрақсыздық белең алған қазіргі жағдайда мықты әрі дайындығы сақадай сай әскердің маңызы айтарлықтай арта түсті.

«Біздің әскери қызметшілеріміз БҰҰ аясындағы түрлі бітімгерлік операцияларға қатысып, өздерінің кәсібилігі мен жоғары деңгейдегі жауынгерлік машығын көрсетіп келеді. Жуырда Қазақстан Голан жоталарындағы миссиясын дербес орындау жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының мандатына алғаш рет ие болды.

Соңғы жылдары әлем елдерінің әскери қуаты туралы рейтингтегі орнымыз едәуір жақсарды. Бұл әскеріміздің дайындығы жоғары екенін әрі үйлесімді әрекет ететінін білдіреді. Қазақстан жер-жаһанға өзін бейбіт ел ретінде танытты.

Біз барлық мемлекетпен достық қатынас орнаттық. Кез келген шиеленісті сындарлы диалог арқылы шешу керек деп есептейміз. Бірақ арқаны кеңге салып, қамсыз отыруға болмайды. Қуатты әскеріміз түрлі қатерге сақадай сай тұруға тиіс. Мықты әскер – елдіктің тірегі», – деді Президент.

ЕЛІМІЗДЕ ЖАҢА АВИАЦИЯ БАЗАСЫ АШЫЛДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның айбынды армиясы кәсіби тұрғыдан білікті әрі заманға сай озық болуы үшін Қарулы Күштерімізді одан әрі нығайту жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

«Күні кеше ғана елімізде жаңа авиация базасы ашылды. Бұл – ұлттық қорғаныс жүйесінің әлеуеті арта түсті деген сөз. Біз армияның беделін көтеруге айрықша мән береміз. Отан қорғау – баршамызға ортақ парыз. Мұны, әсіресе, өскелең ұрпақ терең түсінгені абзал. Мемлекет жас сарбаздарға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Оларға арнайы білім гранттары бөліне бастады. Несиені өтеу мерзімі кейінге шегерілді.

Енді армияда жүріп, нақты мамандық алуға болады. «Ер жігітке жарасар, қолындағы найзасы» деп әйгілі Бұқар жырау батырлық пен ерлікті ерекше дәріптеген. Шын мәнінде, әскер – мемлекеттің аса маңызды символы. Мен сарбаздарымыздың жауынгерлік рухы жоғары болғанын мақтан етемін», – деді Мемлекет басшысы.

ҮШ БАТЫР АТЫНДАҒЫ ОРДЕНДЕРДІ КІМДЕР АЛДЫ?

Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін еліміздің бір топ азаматы наградталды:

І дәрежелі «Даңқ» ордені:

1) Қамалетдинов Сұлтан Бүркітбайұлы – Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы;
2) Дәуешов Халидулла Зиноллаұлы – Ақтөбе облысының прокуроры.

ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені:

1) Раисов Ұлан Ермұханұлы – Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бірінші орынбасары;
2) Далматов Қанатай Жорабекұлы – Қорғаныс министрлігі
әскери бөлімінің командирі;
3) Әбдіров Нұрғалым Мәжитұлы – Жамбыл облысының прокуроры.

Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» ордені:

1) Головин Олег Павлович – Петропавл қаласының
полиция басқармасының инспекторы;
2) Таңатаров Бауыржан Омарұлы – Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштері Штаб бастығының орынбасары;
3) Доскенов Амангелді Серікұлы – Ақмола облысының Ерейментау ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы;
4) Сақ Ұлықбек Мұратұлы – Қорғаныс министрлігінің
әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары;
5) Ғалымов Жандос Жанатұлы – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аға жедел уәкілі;
6) Насихан Роман Серікұлы – Атырау облысының Құрманғазы ауданы полиция бөлімінің инспекторы;
7) Оразов Дінмұхамед Ғабитұлы – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің аға жедел уәкілі;
8) Омаров Диас Кәкімұлы – Жетісу облысының Талдықорған қаласы полиция басқармасының инспекторы.

Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені:

1) Тәжіғұлов Нұрболат Тастемірұлы – Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі.

«Құрмет» ордені:

1) Кубекова Аина Жадырақызы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің департамент басшысы.

«Ерлігі үшін» медальі:

1) Топалов Әміржан Мерекеұлы – Қостанай облысының
Қарабалық ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілі;
2) Құсман Әділ Думанұлы – Абай облысының полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медальі:

1) Өтеуов Ерлан Өтеуұлы – Бас прокуратура Қызмет бастығының орынбасары;
2) Стрелков Федор Николаевич – Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты бастығының орынбасары;
3) Ілияс Серік Аманкелдіұлы – Мемлекеттік күзет қызметінің басқарма бастығының орынбасары;
4) Ақарбеков Мейірхан Сапарханұлы – Қорғаныс министрлігі әскери бөлімінің рота командирі;
5) Өтенов Сәкен Сексембайұлы – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің аға жедел уәкілі;
6) Ирубаев Ренат Маратұлы – Мемлекеттік күзет қызметінің аға офицері;
7) Мұратбеков Дулат Тілемісұлы – Қаржылық мониторинг агенттігі Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі;
8) Серіков Әділет Алмасбекұлы – Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің аға жедел уәкілі;
9) Әбдікәрімов Тілек Думанұлы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2150
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2557
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2380
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661