Сенбі, 27 Сәуір 2024
Алыстағы бауырым 2493 9 пікір 29 Қараша, 2022 сағат 14:10

Ресейдегі қандастар қай жолды таңдайды?

Жан-жағынан жау іздеп, аласұрып, тиісерге қара таппай отырған, айналып келіп бірге туғандай болып кеткен украин халқын қырып жатқан Ресей атты көршіміздің дәл қазіргі таңдағы сойқан істері бәрімізді де алаңдатып отыр. Бізге, әсіресе, сондағы тұрып жатқан миллиондаған кандастарымыздың хал үстінде тұрған тағдыры қатты алаңдатады. Өйткені осы жақында ғана өз көзқарасын үнемі ашық білдіріп отыратын бір ұлтжанды блогеріміздің «PolitKaz» деп аталатын ютуб-каналынан қабырғама қатты бататын көріністерді көріп, болашаққа деген сенімім сұйылып барады.

Онда Бурятияда тұратын әп-әдемі бурят қызы орыстың бір журналисіне еш қымсынбай сұхбат беріп отыр. Ресейдің Украинаға қарсы шабуылынан алдымен сондағы аз ұлттардың өкілдерінің қырылып жатқандығын ашық айтып отыр. Соғыс басталғанда, сол қанды қасапта барлық қырылған солдаттардың ішінде буряттардың саны ширекке дейін жетіп қалыпты. Ал Ресейдегі буряттардың саны жалпы халықтың 1 пайызын да құрамайды. Сонымен қатар, қазіргі таңда онда татарлар, башқұрттар, якуттар да бостан-босқа өлім құшып жатыр. Мұның ішінде қазақтар да жетіп артылатын көрінеді.

Міне, буряттың жап-жас қызы Путиннің де қаһарынан қорықпай, сол елде тұрып-ақ, буряттарды қорғайтын қоғамдық қозғалыс құрып, ешкімнен тайсалмастан соғысқа қарсылық танытып жатыр. Сөйте тұра, сондағы қазақтарға да жаны ашып, олардың неге ешетеңе де болмағандай, үн-түнсіз жатқандығына таң қалады.

Бұған біз де таң қалдық. Ондағы қандастардың бұнысы не тіршілік? Өрімдей жастары әділетсіз соғыста қырылып жатқандағы не қылған үнсіздік? Соғысқа қарсы дауыс көтеру қайда? Кіп-кішкене бурят қызы жан-жағына қаһарын төккен жалмауыз Путиннен қорықпағанда, өздерін ылғи батырлардың ұрпағы санайтын қазақтар қоян жүрек қорқақтарға айналып кеткен бе? «Жаным арымның садағасы» деп қанды қасапқа бармайтындығын айтып, бас көтеретін бір азаматтың қалмағаны ма? Жарайды, жандары өзгелерге қарағанда тым тәтті-ақ делік. Алайда бұлар сол өзгелер істемейтін жаман істі бастап, бір топ қазақ жастарының соғысқа емес, бейне бір тойға баратындай өзара мәз болып, майданға аттанатын автобусқа таласа-тармаса мініп жатқан бейне таспасын ютубқа салғандары несі? Намыс дегеннен жұрдай болған ба? Өзге, татар мен башқұрт халықтары тәрізді мұншама дабырайтпай-ақ, «Құдай салды, біз көндік» дегендей, ұрандатпай-ақ, үн-түнсіз аттанып жатқан жоқ па? Ең болмаса соны істеуге де ақылдары жетпегені ме? Дүрліге көтерілген Дағыстан халқынан неге үлгі алмайды?

Өзгелерді білмеймін, мен дәл осы бейне кадрларды көргенде жерге кіргендей күй кешкенім анық. Сонда енді не істейміз? Әлде баяғыда-ақ, сүйрегі қурап қалған Шыңғысхан атамызды шақырамыз ба? Бақа-шаян болып кеткен ұрпақтарына көмектесер, бәлкім. Одан басқа бізде не үміт қалды?

Айтпақшы, жаңа жылдан соң Путин тағы да мобилизация жасамақ көрінеді. Бұл жолғысы өте ауқымды болмақ. Тіпті, жаппай мобилизацияға дейін бармақ. Ал Путин тұрғанда бұл соғыстың тоқтамайтындығы айдай әлемге аян. Сонда не істемекпіз? Айдаладағы украин жұртын ата жау санап, ата-бабамыздың әруағын шақырып, аттандап жөнелеміз бе? Әлде «ата жұртым қайдасың» деп, Қазақстанға қарай үдере көшеміз бе? Қазіргі таңда ондағы қандастардың алдында тек осы екі жол ғана қалды. Олардың қайсысын таңдайды, оны енді өздері шешер.

Жайберген Болатов

Abai.kz

9 пікір