Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Ақмылтық 1206 17 пікір 13 Наурыз, 2024 сағат 16:18

ҰҚШҰ-ның ыдырау процесі басталды

Сурет: dzen.ru

Армения басшысы Никол Пашинян өз елінің НАТО-ның ресейлік баламасы болып табылатын – ҰҚШҰ-дан шығатынын мәлімдеді. Армения Мәскеуге ультиматум қойып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) шығамыз деп қоқан-лоқы жасады. Қандай талаптарды қоятындығы премьер-министр Никол Пашинянның аузынан шықты.

Пашинян Арменияның ҰҚШҰ-ға қатысуының тоқтатылғанын растап, республика өкілінің ұйымнан шақыртылып алынғандығын, ал армяндардың бұдан былай осы ұйымның жиналыстары мен кездесулеріне қатыспайтынын баса атап өтті.

«Қазір біз ҰҚШҰ-дағы құрметті әріптестерімізден Армениядағы ҰҚШҰ-ның жауапкершілік бағыты қандай деген сауалға жауап беруін күтеміз һәм талап етеміз», - деді Пашинян.

Осы ұйым Арменияны қандай шекарада қорғауға дайын һәм мүлде дайын ба деген сауалға жауап бергісі келмей отырғандығына тоқталып өтті.

Пашинян егер ҰҚШҰ Әзірбайжанмен арадағы қақтығысында Арменияның мүддесін елемейтін болса, онда бұл ел бұл ұйымға мүшеліктен бас тартатынын ашық айтты. «Осылай болмаса, Армения Республикасы ҰҚШҰ-дан мүлдем шығады», - деді премьер-министр. Бірақ оның қай кезде болатын мерзімін айтуға Пашинянның еш батылы бармады.

Ресейлік сарапшы Эль Мюрид (Анатолий Несмиян) Арменияның ҰҚШҰ-дан шығуы қазірдің өзінде сөзсіз деген пікір білдірді. Ереван ұйымнан шығу мүмкіндігін күтіп отыр. Бұл ресейлік блок өзінің толық дәрменсіздігін көрсеткендіктен, басқа елдер де одан шеттей бастайды деуге негіз бар.

«Шамасы, Армения ҰҚШҰ-дан шығу туралы шешім қабылданып қойған сияқты. Барлық мәселе бұл шешімді қандай да бір түрде ресімдеу және оған сенімді себеп жасау ғана қалып отырғаны жасырын емес. Мәселе бұл арада басқа: ҰҚШҰ үшін бұл оқиға басқаларға сабақ болып, оның құрамындағы басқа елдер де шығу немесе тарату мәселесін уақыты келгенде көтереді», - деп жазды ресейлік сарапшы.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

17 пікір