Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2511 0 пікір 13 Ақпан, 2013 сағат 07:48

Амангелді Кеңшілікұлы. Мәңгілік сәулесі (жалғасы)

Өмірім қалыпты арнасымен ағып жатқан әдемі уақытта Алматының мазасыз тіршілігі шаршатқандықтан ба, әлде үлкен шаһардың қапырық ауасынан тұншыққандықтан ба білмеймін, көңілімді кір басқандай болып, Күрең күздей көңілім жабырқап, жетімсіреген айдың мұңлы сәулесіндей сарғайып, үміттің оты сөнуге айналған күндерімнің бірінде аяқ астынан арманым орындалып, жұмыс бабымен  Астанаға ауыстым. Балаша қуанып, іштегі  құйын-сезімімді баса алмай, бір перизат күй көңілімді шалқытып,  бөктерден соққан самал желдей бойымды сергітіп тастады.
Әйтпесе, соңғы жылдары сайын даламның дидарын сағынғанда бір жұмбақ сезім жүрегімді елжіретіп, түн ұйқымды төрт бөліп, берекемді кетірген еді. Дауыл соққанда текемет қырдың шаңы аспанға көтеріліп, сабасына түсіп тынышталғанда, теңіздей  толқып  жататын Арқаның сахарасын  ойлағанымда  Абай атамды да есіме алып, шығармаларын қайталап оқып, жылдар өткен сайын оның рухын тануға жақындай бергенімді түсінгендей хәлді басымнан кештім. Ойлары бір-бір қаралықтай ұлы ақынның кітабын қолыма алғанымда сайын даламның  бір жұтым таза ауасы бөлмеме кіріп кетіп, жусан иісін қуып әкелгендей әсердің бесігіне бөлейтін. Шығармаларын оқыған сайын ылғи да менің көзіме Абай - ұзаққа созылған қараңғылықты мойындап қойған қазақ сахарасын кенеттен арайландырып жіберген, қапас түнекті жарып шыққан, жарығы көз тайдыратын нұрлы күндей болып елестейтін.

Өмірім қалыпты арнасымен ағып жатқан әдемі уақытта Алматының мазасыз тіршілігі шаршатқандықтан ба, әлде үлкен шаһардың қапырық ауасынан тұншыққандықтан ба білмеймін, көңілімді кір басқандай болып, Күрең күздей көңілім жабырқап, жетімсіреген айдың мұңлы сәулесіндей сарғайып, үміттің оты сөнуге айналған күндерімнің бірінде аяқ астынан арманым орындалып, жұмыс бабымен  Астанаға ауыстым. Балаша қуанып, іштегі  құйын-сезімімді баса алмай, бір перизат күй көңілімді шалқытып,  бөктерден соққан самал желдей бойымды сергітіп тастады.
Әйтпесе, соңғы жылдары сайын даламның дидарын сағынғанда бір жұмбақ сезім жүрегімді елжіретіп, түн ұйқымды төрт бөліп, берекемді кетірген еді. Дауыл соққанда текемет қырдың шаңы аспанға көтеріліп, сабасына түсіп тынышталғанда, теңіздей  толқып  жататын Арқаның сахарасын  ойлағанымда  Абай атамды да есіме алып, шығармаларын қайталап оқып, жылдар өткен сайын оның рухын тануға жақындай бергенімді түсінгендей хәлді басымнан кештім. Ойлары бір-бір қаралықтай ұлы ақынның кітабын қолыма алғанымда сайын даламның  бір жұтым таза ауасы бөлмеме кіріп кетіп, жусан иісін қуып әкелгендей әсердің бесігіне бөлейтін. Шығармаларын оқыған сайын ылғи да менің көзіме Абай - ұзаққа созылған қараңғылықты мойындап қойған қазақ сахарасын кенеттен арайландырып жіберген, қапас түнекті жарып шыққан, жарығы көз тайдыратын нұрлы күндей болып елестейтін.
Қызық! Астанаға қоныс аударғаннан кейін біраз уақыт өткен соң қайтадан Алматымды сағынып, тіпті, бауыр басып қалған Жетісудың асқар таулары түсіме кіріп, тағы да саябырсаған көңілімнің тыныштығы бұзылды. Енді мен Абайдан гөрі елесі  алыстағы жұлдыздай жылтылдаған Мұқағалиды жиі-жиі ойлап, бұрын-соңды болмаған толқулар санамды шырмап,  сағыныштың шын кәусарын татқызып, ақынға деген баяғыдан да күшті махаббат бойымда буырқанып оянып кетті.  Сүйікті ақынымның жыр жинағын сұратып алып, өлеңдерімен қайта сырласып, мауқымды басқанымда ғана өзегімді өртеген отты сөндіргендей болып, сабама түстім. Көңілім босап, Мұқағали өлеңдерінің қоңыр әуені жүрегімнің нәзік талшықтарын дірілдетіп, шерімді қозғап, тағы да жанарым жасқа шыланды.   

Махаббат па?
Махаббат болған менде.
Жиі барғам аққулар қонған көлге.
Ал, қазір тоңған жүрек, солған кеуде.

Ғашықтық па?
Ғашық та бола білгем.
Бір-ақ жанға ғашықпын бала күннен
Жанымменен сүйемін, жанарыммен.

Сағыныш па?
Қалай оны тауыса аламын.
Сағынғамын, шөлдегем, аңсағамын,
Ақыры шаршағамын, шаршағамын.

Арқаның апайтөс даласындағы сұлу шаһарда, ертегі өмірін есіне түсіріп өксіген көңілімді Мұқағалидың жырларымен жұбатып, Кеңсайда жатқан талай арыстардың аруағы қорғаған биік таулардың ортасында қалып қойған кербез қаламды сағынған күндерім сынаптай сырғанап өте берді.  
Қарашада іссапармен Алматыға баруға жолым түсті. Бала күнімде аяғым топырағына тигенде бауырына басып, аналық махаббатымен әлдилеген мекеніме жеткенімде көңілім  алып-ұшып, осы қалаға тұңғыш келе жатқан кезімдегідей толқығаным-ай!  Көзімді кіреуке мұңның кірбіңі шалып, қырықтың қырқасынан асқан шағымда әлі сәби кезімде кетіп қалған  мекеніме, данышпандай терең, әрі жомарт далама, ақ көделі әдемі өлкеме әкемнің аруағы шақырып әкелгенімен, анамның құшағындай ыстық, әрі мейірімді Жетісу жерінің қамқор шешемдей болғанын сонда ғана жан-тәніммен түсіндім. Көңілім қайтадан құлазып, жетімсіреген жүрегім абайсызда қақпанға түскен қасқырдай қиналып, ұлып қоя берді.

Толқын-көңіл тоқырап, таусылуы-ай,
Тасып-тасып басылған тау суындай.
Жетім жүрек жастықтың жұртында қап,
Ұлиды кеп бөрінің қаншығындай.

Қырық күздің қырқада бұлты аунайды,
Қырық көктем келсе де жылыта алмайды.
Қылын шертсең күмбірлеп күй төгетін,
Қырт көңілден бұл күнде дым тамбайды.

Қырқасына шыққанда қырық белдің,
Мойынымды артыма бұрып көрдім.
Жатыр екен жиырма мекенінде,
Мен несіне қырықты қуып келдім

Поездан түскенімде жаңбыр құйып, Алматы мені жылап қарсы алды. Күннің салқындығынан емес, көңілсіз қарсы алған қаланың суықтығынан денем тоңып, тұла-бойым қалшылдап кетті. Көшедегі сап түзеген ағаштар да, мұңайған үйлер де, құмырсқаның илеуіндей құжынаған халық та, шабақтай шоршыған көліктер де мені танымағандай өмір-өзеннің толқынымен ағып барады.
О, Алматы-анашым! Жүрегім қуаныштан жарыла жаздап, сонау балалық шағымда  құлыныңдай құраулап жеткенімде жаздың жаймашуақ күніндей жадырап қарсы алып, бауырыңа басқандағы ыстық құшағың қайда кетті? Неге салқын болып барасың жылдан-жылға? Талшыбықтай бұралған қазақтың ару қыздарының көркіндей әйбат келбетіңді кім айғыздаған? Жұпар исіңді кім ластаған? Мені көргенде қыршын кеткен қос ұлы есіне түсіп, көзінің жасына ерік беріп тоқтата алмайтын байғұс әжемдей жүрегімді ауыртып,  неге жылай бересің, Алматы?

Сандалғаны-ай санамның сан бөлініп,
Тамырымда тулайды қан желігіп.
Бара жатыр көлшіктер көлге айналып,
Бара жатыр төбелер тау көрініп.

Құмды құшқан қу тақыр баққа айналып,
Суық аяз күйдірген оттай қарып.
Әлсіз жүрек әл жиып алатындай,
Арагідік лып етіп, тоқтай қалып.

Тас көшеге табанмен сына қағып,
Қайда асығып барады мына халық?
Абыр-сабыр ағылған адамдарға
Айғай салғым келеді тұра қалып.

Отыз жыл өскен әсем қалама емес, басқа шаһарға, тіпті бөтен елге келгендей көңілім құлазып, жапырақтары тоналған ағаштай қамығып,  уақыттың улы тікенегі жанымның жарасына тиіп кетіп, сыздатып барады. Құдды бақыттың көбелегін қуған - балалық  шағым, бозбала дәуренімнің есігін қаққан- тағдырлы махаббатым болмағандай, заманның дауылымен алыстырып қойған жастық өмірімнің қызығы бұл қалада өтпегендей Алматы маған салқындық танытып тұр.
Жұдырықтай жүрегім ғана арман қуған жылдарымның бәрінің де осы қалада ұя салғанын ұмытпай,  сол әдемі  ғұмырымды көргісі келіп кеудемнің қақпасын ұрып қояды. Ыстық қонысына келгенін сезген қайран жүрегім ол қарлығаш-дәуреннің басымнан ұшып кеткеніне әлі сенбей,  мазамды алып дүрсілдейді. Салқын нөсер көшеде  емес, арман қуып шаршаған менің күзгі көңілімде құйып тұрғандай болып, сатырлап жауған моншақтары көңіл тереземнің әйнегін сындырды. 

Арман-ай, әкеттің-ау тым алысқа,
Әкеттің-ау!
Қайғы ма, қуаныш па?!
Әншейін әуре болып жүрмін бе, әлде
Әзіргі көңіл жықпас жұбанышқа?!

Арман-ай!
Орындалар болармысың,
Қолыма қалай етсең қонар құсың?
Әлде сен әр қиядан із соқтырған
Олжасыз, опығы мол сонармысың?

Құдайым-ау! Солығы бір басылмай, жүйрік тұлпардай жеткізбеген сол арман қайда жоғалып кетті? Неге жас күнімдегідей көңілімді алдап, ойнақтап шықпады алдымнан? Бетін әжім басқан Алматыммен бірге оның да дәурені өтіп, қартайғаны ма? Мүмкін  көңілімнің теңізінде кербез аққудай қалқыған әдемі армандарымның болғаны өтірік шығар? Мүмкін оның бәрі көрген түс шығар? Әлде осының бәрі бөтен біреудің басын мұнарлаған сағым бұлты ма екен?
Жо, жо, жоқ. Болғаны анық!  Әйтпесе, неге дүниенің жалғандығын, қоғамның қасіретін, заманның залымдығын, тағдырдың опасыздығын көре-көре бәрінен түңіліп шаршаған менің ғазиз жүрегім сені қайтадан көргенде ботадай боздап, жылап қоя берді Алматым? Әйтпесе, неге мен қаншама жылдар өтіп, талай үмітімнің шырағы сөнсе де өміріме алтын шуағын шашқан Мұқағали сәулесінің болғанын ұмыта алмаймын? Әйтпесе, неге мен түннің бір уағында, жарық іздеген жынды көбелектей, сол армандарымды сағынып ұлы ақынның ескерткішінің алдына келіп тұрмын? Әйтпесе, неге менің бүгінгі күннің қара суығынан мұздаған  жаным, сенің тас мүсініңнің алдына келгенде ғана жылып сала берді, ақыным? Айтшы, неге?
Денем жаурап, жаздың жылы шуағын аңсаған көңіл-күймен Мұқағали ескерткішінің алдында тағы да бір күзді шығарып салып тұрмын. Күннің кенеттен суып кетуі қыстың таяп қалғанын аңғартқандай. Тұла бойымды тоңдырған күздің салқын түнінде алысқа көзімді тігіп, таудың арғы жағына батқан жарық күн ғұмырымның барлық қуанышын өзімен бірге арқалап әкеткендей, келмеске кеткен ертегі өмірімді армандап қайта-қайта күрсініп қоямын.

Жарқырап шығып,
Қалтырап барып батар күн.
Қысқарып қалар тәулігі ұзақ сапардың.
Күн батқан жерге,
Қосымды мен де апардым,
Күнменен бірге дамылдап мен де жатармын.

Өмірім менің!
Күнменен бірге жылжыған,
Өте бер жәйлап,
Несіне саған қынжылам.
Ашылып күнмен,
Күнменен бірге тұнжырап,
Күнменен күліп,
Жыласа бірге тұр жылап.

Әрине, жасым ұлғая бастағандықтан дәл бүгін маған Абайдан ыстық, әрі жақын кемеңгер жоқ. Шамасы поэзия патшасы тек менің ғана емес, кемелдікке жетіп, жүрек сабырлылығына, жан тазалығына сусаған, ақылында сәулесі бар кез-келген қазақтың  өмірінің өліарасында іздеп баратын - рухани мешіті болса керек.
Дегенмен Алланың жүрегіндей нұрланған сол ұлы ғибадатханаға кірерімнің алдында, жастығымды арайландырып, таңғажайып шуағын  шашқан Мұқағали сәулесінің менің өмірімде болғанын қалайша ұмыта аламын? Қалайша? Тіпті, алапат сезімнің тасқынымен тереңде жатқан  мұңымды қопарып тастаған Мұқағалиды, елжіреген жастық жүрегіммен Абайдан да артық сүйген кездерімнің де болғаны рас қой.
Мұқағалиды жұлдыздардан да жоғары көтерген көңілім мен сол жылдардағы ақынды құлай сүйген махаббатым үшін менің байғұс жүрегімді жазғыруға бола ма? Неге мен бұл шындықты жұрттан жасыруға тиіспін?  Сезімімнің  бақшасында қауызын ашқан әдемі гүлдерімді Абайдан бұрын рухының нұрымен аялаған да Мұқағали поэзиясының сәулесі емес пе еді?
Енді сол сағым-бақыттың аспандағы елесі аяулы ақынымды есіме түсірткізіп,  алыстан қолын бұлғап, көңілімді алдап мені өзіне шақырғандай болады. Сол әдемі сағымға телмірген көңілім, соның бәрінің де өтірік елес екенін біле тұра, неге алдана бергісі келеді оған?  Түсінбеймін.

Алдама мені, ақ сағым,
Арбама мені алыстан,
Өзімше мен де патшамын,
Өзімше мен де данышпан.

Алдағын, мені арбағын,
Жалғанды кезер жоқ жайым.
Сыбаға сенен алғанмын,
Ілессем енді оңбайын!

Алданып саған тау асып,
Алданып саған құм бастым.
Хайуандарменен санасып,
Айдаһарлармен сырластым.

Тұяғы күйген құланның
Шөлдерде мені қалдырдың,
Ысқырған улы жыланның
Уымен сусын қандырдым!

Арбама енді,
Алдадың!
Алданып саған барамын.
Адасып саған барғамын.
Адасып өлмей жапанда,
Қалайша тірі қалғанмын?!

Батыстың данышпаны Эмерсон бір сөзінде адамды тазарақ,  әрі қаһарман ететін дүниені ғана поэзияға жатқызуға болатынын қадап айтыпты. Ақиқат солай болса, неге біз Мұқағали  жырларының - сәбидің көз жасындай шынайылығымен тазалыққа тәрбиелеген, ақындық қуатымен - бойымыздағы қаһармандық рухты оятқан заманымыздың ең ұлы сәулесі болғанын айта алмай келеміз?
Әсіресе сұлулықты іздеп басы айналған біздің ұрпақтың аяулы ақынды  бауырмалдық махаббатпен сүйіп, жас жүрегіміздің талпынып саусағын жайып, оны ең жақын адамымыздай жақсы көргеніміз өтірік емес қой. Енді оқырманға, өлеңдерінің сиқырымен жанымызды арбаған Мұқағали поэзиясын менің және менің замандастарымның неге ерекше сүйгенінің себебін, шамам жеткенше түсіндіріп беруге тырысып көрейін.
(Жалғасы бар)
ABAI.KZ

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 763
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 580
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 476
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 484