Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
2652 2 пікір 18 Қараша, 2022 сағат 16:03

Боррель келіп билікпен сөйлесті

Бүгін Астанаға Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі өкілі Жозеп Боррель келді.

Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеспестен бұрын, қазақстандық құқық қорғаушылар жиынына қатысты. Жиын қатысушыларының айтуынша, Еуроодақ өкілі Қаңтар оқиғасына көңіл бөлген, сондай-ақ Қазақстандағы адам құқығының сақталуына қатысты сұрақтар қойған. Тіркелмеген демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтың ісіне қызығушылық танытқан.

Мемлекеттік емес бірлестіктер өкілдерімен өткен отырыстан кейін Боррель Сыртқы істер министрі Мұқтар Тілеуберді мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.

Президент Жозеп Боррельдің келгеніне ілтипат білдіріп, оның сапары Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуда маңызы зор екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім барлық саладағы ынтымақтастықты тереңдетудің жаңа кезеңіне жол ашқанын айтты.

– Біз Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстарды қолдаймыз. Осыған байланысты Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишельдің өте табысты болған сапарын және Еуропалық Комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйенмен жүргізген келіссөзімді атап өткім келеді. Біз ынтымақтастығымыздың көптеген мәселесі бойынша өзара түсіністікке қол жеткіздік деп ойлаймын. Сондай-ақ Египетте Қазақстан Премьер-Министрі мен Урсула фон дер Ляйен қол қойған Меморандумды құптаймын. Бұл – өзара ынтымақтастық тұрғысынан өте нақты қадам, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Жозеп Боррель Астана мен Брюссель арасындағы өзара қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Еуроодақ пен Қазақстан – жақсы серіктестер. Біз өзара сенім мен құрмет көрсете отырып, ортақ сын-қатерлер туралы айтамыз. Сіздер Қазақстанды ашық, инклюзивті және демократиялық ел ету үшін өзгерістер жасауға бағытталған реформалар үдерісін бастадыңыздар. Менің сапарым осы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр, – деді Еуропалық Одақтың Жоғарғы өкілі.

Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайту перспективалары талқыланған.

Боррель кездесулерден кейін журналистермен өткен брифингке қатысты. Ол Қазақстанның Украинаға қатысты БҰҰ-ның мемлекеттің аумақтық тұтастық қағидасын қатаң ұстанып отырғанына алғыс айтты. Сондай-ақ «Еуропаның Ресейге салып отырған санкциялары Қазақстанға кері әсері бар ма?» деген сұраққа жауап берді.

"Ресейге қарсы салынып отырған санкциялар Ресейдің соғысты қаржыландыру әлеуетін әлсіретуге бағытталған, санкциялар басқа елге зиян келтіру мақсатын көздемейді. Санкциялар ауыл шаруашылығына немесе санкцияларға жатпайтын тыңайтқыштарға салынбайды. Сондықтан біздің санкцияларымыз бүкіл әлемді азық – түлікпен қамтамасыз етуге кедергі келтіріп отыр деген пікір шындыққа жанаспайды, сондай-ақ санкциялардың салдары мұқият зерттелуі тиіс", - деді Боррель. Еуропалық Одақ өкілі «егер санкциялар басқа елдерге зиянын тигізетін болса, біз оны өтейміз» дегенді айтты.

Жозеп Боррель Астанадағы жиыннан кейін Өзбекстанның Самарқан қаласына аттанады. Ол жақта Еуроодақ – Орталық Азия форматында министрлер кездесуі өтеді. Боррель сонымен бірге ЕО мен Орталық Азия арасындағы өзара қарым-қатынас мәселелеріне арналған конференцияға қатысады.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1765
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1742
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1464
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1376