Жұма, 3 Мамыр 2024
Ақмылтық 2246 4 пікір 14 Қыркүйек, 2022 сағат 13:22

Қостанайдағы өрт: Байларымыз неге үнсіз?

Қостанайдағы алапат өрт пен оның ауыр зардаптары жайлы құлағдар болмаған адам жоқ шығар. Мұны естіген қалың жұртшылық та одан сырт қалған жоқ. Бәрі де тайлы-таяғы қалмай қолдан келген көмектерін беріп жатыр. Біреулер ақшалай, біреулер киім-кешекпен, ал біреулер азық-түлікпен дегендей.

Осы орайда, қалталы азаматтардың ішінде Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қорының игі ісін ерекше атап өткім келеді. Ол өз қорынан облысымыздағы сол өрттен айрықша азап шеккен Әуликөл жұртына анау-мынау емес 1 миллиард 100 миллион теңге аударған. Оның үстіне үйлері өртеніп кеткен әр отбасына 1 миллион теңге көмек берген. Сонымен қатар мұнда тағы да инсульт орталығын салмақ. Айтпақшы, осы азамат әр облыста «Аналар үйін» ашып, соларды өз қаржысымен ұстап тұр. Мұның өзі отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдердің аз уақыт болса да паналайтын орны болып тұр. Бұл сауап емес деп кім айтар?

Ал енді халықтың байлығын әртүрлі қулық-сұмдықпен қалтаға басқандар, сол мол дүниесінің бір шағын ғана бөлігін қарашаның басына күн туғанда осылайша бөліссе, ең болмаса халықтың қарғысына да қалмас еді. Өтемұратовтың осы бастамасын бәрі дүр етіп қолдап ала жөнелсе ғой, шіркін. Әй, қайдам. Өзгесін былай қойғанда осы өлкеден шыққан қалталылар да тып-тыныш. «Сен тимесең, мен тимеспен» алаңсыз өмір сүріп жатыр. Өзгесін былай қойғанда, осы облыстың Қарабалық ауданының тумасы, еліміздегі байлардың алғы шебінде жүрген Әділбек Жақсыбеков кезінде сол ауданда мәрмәрдан керемет мешіт салып, оған шешесінің есімін берумен аты шыққан. Қазір ол да үнсіз.

Бұл үнсіздік бүкіл Қостанай облысын жайлап алған. Біздің мүмкін ана мемлекеттің есебінен салынған, аумағы ат шаптырым резиденцияда тұрып жатқан облыс әкімі Архимед Мұқамбетов 2 миллиондық айлығының жартысын беріп, қалған бір миллионымен бір ай шыдай тұрып, өзгелерге үлгі көрсете ме деген үмітіміз де желге ұшты. «Жаман әдет жұққыш келеді» емес пе, Архимед үндемеген соң, қалғандарынан не үміт, не қайыр?

Мәселен, мына көршіміз - Ақтөбе облысындағы «Ақтөбе» футбол клубы бір матчынан түскен 7 миллион теңгені осындағы өрттен запа шеккендерге аударуға бел буыпты. Ал осындағы Архимед бюджет есебінен миллиардтаған қаржы аударып, ерекше мәпелеп, легионерлерді байытып отырған «Тобол» футбол клубы тас керең бола қалыпты. Оларға жан күйерлер тек матч кезінде ғана керек секілді.

Мінекей, кімнің кім екендігі адамның басына қиын кезең туғанда ғана байқалады. Жай уақытта бәрі де мырза, бәрі де Атымтай жомарт. Ал қараша қиналғанда біздің ұрлықпен байыған «Форбс» журналының кейіпкерлері сәнді сарайларынан сыртқа шығуға жүректері дауаламайды. Міне, еліміздің бүгінгі жағдайы осындай.

Айтпақшы, соңғы жаңалықты айта кеткен орынды секілді. Осы жақында ғана бір кездері облысымызда осы Архимед секілді 7 жыл басқарған Сергей Кулагин осындағы баспанасынан айырылған жандарға деп, өз қалтасынан 7 миллион теңге аударыпты. Сөйтіп, өзге ұлттан болса да азаматтығын байқатыпты. Ал қазақшаға судай, өз ұлтымыздың өкілі - Архимед мырзадан мұндай жанашырлықты байқамадық.

Жайберген Болатов

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 693
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 492
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 420
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 429