Сенбі, 27 Сәуір 2024
Талқы 2545 3 пікір 30 Тамыз, 2022 сағат 11:19

Ердоған Еуразия кеңістігіндегі үлкен ойыншы

Жағрафиялық орналасуы Түркияның басты мүмкіндігі. Азия, Африка және Еуропа құрлықтарымен тұтасып жатқан, Қара, Мармар, Егей, Жерорта теңіздеріне оранған, стратегиялық маңызы зор Босфор бұғазын уысына алған, батысы еуропа өркениетімен, оңтүстігі арап-парсы, шығысы түркі, солтүстігі славян әлемімен шектесетінТүркияға қызыға да, қызғана да қарайтындар жетерлік. Бұл ерекше жағрафиялық кеңістік – Түркияға үлкен мүмкіндіктер сыйлаумен қатар, әлемдік геосаяси құбылмалы ойындарда тосын қауіп-қатер де төндіріп тұратыны шындық. Түркия - Шығысты Батысқа жақындата алатын маңызды өткел. Батыс пен Шығыс арасындағы өркениеттер қақтығысының екпінін бәсеңдетеп, сүзгіден өткізер тоспалы бекет іспетті. Осындай ерекше географиялық мүмкіндіктер Анкараның Еуразия геосаяси кеңістігіндегі стратегиялық орнын бекемдей түсуде.

Соңғы жылдардағы әлемдік саяси, экономикалық құбылыстар Түркияны да айналып өткен емес. Әсіресе Курд мәселесі, діни сенім-наным және кісілік құқық т.б. мәселеде мізеді, Ердоған мен Батыс арасындағы келіспеушілік Түркияға экономикалық санкция салуға дейін жеткізсе, әлемді шарпыған пандемия да негізгі табыс көзі болған туризиміне үлкен соққа болды. Нәтижесінде өндіріс ошақтары қысқарып, жұмыссыздық көбейді, зат бағасы шарықтап, лираның құны үш есе арзандады, халақтың тұтыну өресі төмендеді, экономикалық өсуі тоқтап, тоқырауға бет алды. Ердоған билігіне наразылар қарасы көбейе түсті. Миллиондаған Сирия мен Ауған босқындарын қабылдаған Анкара билігінің «жалпақшешейлігі» де ішкі наразылар санын көбейтер факторлардың біріне айналуда. Келер жылы Түркия республикасының ғасырлық датасы, әрі кезекті президенттік сайлау жылы. Ердоғанның Әділет және Даму партиясына қарсы төрт партиядан құрылған альянс алдағы сайлаудың көрігін қыздыра түспек. Олар сайлауда Ердоғанды жеңетіндеріне сенімді. Қысқасы дәл қазіргі Түркияның ішкі саяси һәм экономикалық жағдайы мәз емес.

Ердоған үшін алда тұрған ішкі мәселелерді шешіп, кедергілерді толық еңсере алмаса қалыптасқан халқаралық һәм аймақтық геосаясатта Түркияның ұлттық мүддесінің салмағын арттыру, қауіпсіздігіне баса мән беру, геосаяси тартыстар мен өзгерістерден экономикалық, әрі саяси тиімділіктерге қол жеткізу болмақ. Бұл Ердоған үшін үлкен тарихи мүмкіндіктер болмақ. Осы мақсатта, ол қыруар жұмыстарды еңсеріп, батыл қадамдарға баруда. Бұның келер жылғы сайлауда жеңіске жетуіне кепіл болары белгілі.

Түркия жұмрияты үшін «жарғақ құлағы жастыққа тимей» жүрген, болмысы күрескер, өр мінезді Р.Ердоғанның өткерген негізгі геосаяси қарекет ауқымын жинақтар болсақ былай тізуге болатын сияқты:

1. Сирияның солтүстігіне әскер енгізбек. Анкара билігі Сирияның солтүстігіндегі Курд қарулы жасақтарын Түркия қауіпсіздігіне қатер төндіруші күш ретінде санап, шекара асып, оларға әлсін-әлсін жазалау операцияларын жүргізіп келеді. Түркия «қауіпсіздігі» үшін Сирияға әскер кіргізуді жоспарлағанмен, оған АҚШ пен Еуропаның түсіністігі керек болғанды. Ердоғанның осы өтінішіне Еуропа мен АҚШ оң қабақ танытқанымен іс жүзіндегі қолдауы жеткіліксіз күйінде қалып келеді.

Сирияға әскер кіргізу үшін де Путинмен келісуге тура келді. Олар «террорға» қарсы күрес - ортақ мүдделерде сәйкесетініне уағдаласқаны айтылуда. Тамыздағы Сочидегі кездесуінде бұл тақырып толық шешілген болуы бек мүмкін.

Сирияға әскер енгізуде, аймақ қауіпсіздігіне мүдделі Израильмен де келісіп алуды жөн көрсе керек, оны оншақты жыл бұрын Пәлестин халқына араша түсуден туған арадағы араздықты доғара тұру мақсатында, Анкара СІМ-ін Тель-Авивке жібергенінен аңғаруға болады. Қысқасы, Ердоған билігі Сирияның солтүстігіне, екі елдің ортақ шекарасында, курдтер орналасқан аймақта, ені отыз шақырымдық бос аралық орнатуды көздейді. Бірақ та аты шекара қауіпсіздігі болғанымен, түп мақсаты Сириядан Түркияға өтетін энергия құбыр жобасының қауіпсіздігі болса керек. Экономикалық мәні зор, энергия логстикалық бұл жобаның Анкара үшін маңызы өте зор екені анық. Табиғи ресурстарды Сириядан Түркия жері арқылы Жерорта теңізімен Еуропаға тасымалдайтын жобаның қауіпсіздігі үшін Сириянің солтүстігіндегі Курд қарулы күштерін ауыздықтауға тура келеді. Түркияның ықтимал оперециясына Батыстың түсіністік танытуы да энергиялық мүдделеріне дөп келгендіктен болуы мүмкін. Яғни бұл Еуропаны Ресей энергиясына балама энергиямен қамтамасыз етуді көздеген жоба ретінде саналса керек. Осы жолдағы кедергілерді жою жолындағы Ердоғанның саяси тактикалық жүрістері біртіндеп жылжыу үстінде. Бұл жобаға көптеген тараптар да мүдделі;

2. Каспий теңізі ресурстары түркі дүниесінің өзара ықпалын арттырмақ. Каспий энергия логистикалық жобасындағы Түркияның салмағы өткен ширек ғасырда жеңіл болды. Назарбаев жүйесі барлық жылы-жұмсақтарды Кремль қожайынының өңешіне салып келді. Яғни, тек мұнай экспортымыздың 80%-ы Ресей жері арқылы Еуропаға өтетін жүйе орнаған. Бүгінгідей геосаяси тартыс кезінде, Кремль осы мұнай құбырымызды өзімізге қарсы бопса ретінде қолдануда. Бұдан шығар жалғыз жол – қазақ энергиясын экспорттаудың балама жолдарын жедел қарастыру. Міне осы стратегиялық жобаның маңызды бөлігін Каспий мұнайын Әзербайжан-Грузия арқылы Түркия жерімен Еуропаға жеткізу. Осы тарихи мүмкіндік Ердоғанға бұйырып отыр. Осы жобаны сәтті іске асыру арқылы Анкараның ОА-дағы экономикалық және саяси салмағы артып, аймақ елдеріндегі ықпалын күшейтуге мүмкіндік ала алады;

3. Қара теңізде тоғысқан стратегиялық мүдделер. Қара теңісдегі мүдделер қақтығысы Осман империясы мен Ресей патышалығынан бері жалғасып келеді. Бүгінгі Р.Ердоған мен В.Путин бұл тартысты заңды жалғастырушылар деуге келеді. 19 ғасырда, Қырым түбегін уысынан шығарып алған Түркия іштей тынумен келе жатқанды. Ресейдің Украинге басқыншылығы Анкара үшін Кремль мүддесіне қарсы қарекет етуге мүмкіндік туғызуда. Р.Ердоған Украинды ашық қолдап қана қоймай, Bayraktar TB2 ұшағын ұсынды. Бұл күнде ұшқышсыз бұл соғыс үшағы басқыншылардың зәреқұтын қашырған негізгі қарудың біріне айналған. Екінші жағынан, экономикалық, геосаяси екі жақты ортақ мүдделер - Анкара мен Мәскеудің байланысын үздірмес себеп екені тағы шындық. Соғыс басталысымен Р.Ердоған бірден Ресей кемелерін Босфор бұғазынан өткізбеу арқылы Батыстың санкциясына үн қосты. Байрақтар ұшағын Украинге сату арқылы соғыстағы ұстанымын айқындады. Ресей әскерінің Қырымды қамтыған Украин топырағынан толық кету керек екенін ашық айтты. Ол, БҰҰ-мен бірлікте Украин астығын әлемге шығару арқылы ашаршылықтың алдын алу, Ресей басып алған Запорожье АЭС-да туындаған қатер мен ықтимал апат үшін жанталасуда. Әрине, соғысып жатқан екі елге дәнекер болып, Станбулды келісөз мінбері еткен еңбегі тағы бар. Р.Ердоғанның осы мінезі Батыстың да көңілінен шығып жатқаны байқалады. Яғни, Батыс пен Ресей арасындағы дәнекерлік ролды бүгінде осы Р.Ердоған ғана атқаруда. Қарымтасы, Қара теңіз аймағындағы қалыптасқан геосаяси ақуал бүгінде Анкара үшін таптырмас тарихи мүмкіндіктерге айналар түрі бар. «Ердоғанның Сочидегі Путинмен кездесуі -Түрік елдерін сатып кетуі, Ресейдің құшағына еніп кеттуі» деген уайымның негізсіз екені таяудағы Р.Ердоғанның үлкен делегатциясын бастап Украинге жасаған сапарыда дәлелдеді. Онда Р.Ердоған В.Зеленскиймен соғыстан кейін Киев, Харков сияқты үш қаланы қайта салып шығу туралы уағдаластық құжаттарға қол қоюдан тыс, ең маңыздысы «Қырымды қамтыған Украин жерінен Ресей толық шығу керек, ондағы әр уыс топырақ тек Украиндікі» деп тағы қайталады. Міне бұл Р.Ердоғанның өр мінезі – өз мінезі. Кешігі асқақ тарихты бар, бүгінгі мүмкіндіктерге зор, шәшілмаған, шаршамаған, рухы өр оғұз ұрпағының азып, әлсіреп бара жатқан Ресей құшағына сия қоюы мүмкін еместі. Әнине, Р.Ердоған өзінің Сирияға жасайтын ықтимал операциясы үшін тактикалық тұрғыда В.Путинмен санасып, келісуге баратыны анық. Жалпы алғанда, Түркия өзінің ұлттық мүддесі үшін «сайтанмен де» келісімге бара алатын, әлгі «мәңгілік достықтан, мәңгілік мүдде артық» дейтін, соны шынайы өмірде қолдана білетін іргелі мемлекет. Түп мақсаты түгел түріктердің басын қосуды көксейтініне де күмән жоқ. Оған кедергі Ресей болып келе жатқанын жадыда сақтауға тиістіміз...

4. Мүдде жолында Иранмен тіл табысу. Аймақта Түркия мен Иран ықпалды елдер. Екі ел араларындағы қатынас - бәсекеге де, ымыраға да толы, әрі жиі қайталанып тұратын күрделі сипатқа ие. Иранның географиялық орналасуы мен бай энергиялық ресурстары, Парсы шығанағының логистикалық патенциялы, Сириядағы саяси, әскери ықпалы, сондай-ақ Курд мәселелерінде Анкара Тегеранмен есептеспеуге шарасыз. Түркия Иран, тұтас Парсы шығанағындағы энергтя ресурстарды Түркия территориясымен Жерорта теңізі арқылы Еуропаға тасымалдауға ниетті. Әрі Түркияның Сирияға жасар ықтимал әскери іс-қимылы үшін түсіністік танытуын қалауда. Курд мәселесінде де ортақ ұстанымда болуын тілейді. Қайтарымы үшін Анкара Батыс пен Тегеран ортасында дәнекер болып, Батыстың Иранға салған санкциядарын алып тастауға, Ресей газының орнын басар балама жобада Иран энергия ресурсының маңызды рол атқаруына, оны Еуропаға тасуға күш шығармақ. Осы мақсатты, тездетіп жүзеге асыру үшін Р.Ердоған Иранға сапарлап та қайтты. Егер Иран энергиясы Түрік жері арқылы Еуропаға жетер күн туар болса, онда Анкараның экономикалық, саяси һәм қауымсіздік жақтарында ұтары мол болмақ. Бұл өз кезегінде Р.Ердоғанның абройын да асқақтатпақ. Іске асуы қиында-ау болса да бұл жобаның Орта Азия үшін де қайылы болар еді;

5. Реал мүдде Сауд Арабиясымен тілтабыстыруда. Түркия мен Сауд Арабия арасында Таяу Шығыс пен ислам әлемінедегі жетекші орынға деген бәсеке бүгін де жалғасып келеді. Сауд Арабия шейхтерінің Сирияда ИГЛ-ді қолдауы, Курд жасақтарына бүйрек бұруы, Түркия жерінде жорналшы Кашужиді жауыздықпен өлтіруі Р. Ердоғанның жүйкесіне тигелі қашан! Екі ел арасындағы қалыптасқан күрделі ақуалды ескеріп, Түркияның ішкі жағдайы мен сырытқы мүдделерін саралай келе, Сауд Арабия билігімен тілтабысуды шешкені байқалады. Осы мақсатқа жету үшін де соңғы жылдары Ақ үйге салқын қабақ танытып жүрген Салман ханзадамен бетпе-бет жолығу үшін, сәуір айында Р.Ердоған Сауд Арабиясына өзі барғаны белгілі. Көздегені өкпе-назды қайыра тұрып, аймақ тыныштығы мен экономикалық мүдделерге мән беру болғанымен, Анкараның Сирия солтүстігіндегі Курдтар ықпалындағы аймаққа әскер енгізу операциясына қолдау сұрау да маңызды мақсаты болғаны анық. Аталған осы аймақта тыныштық болған жағдайда ғана Сириядан түрік территориясы арқылы Жерорта теңізімен Еуропаға арап, парсы энергия ресурстарын қауыпсіз жеткізуге болады. Осылайша Еуропа құрлығын қамдайтын Ресей энергиясының орнын алмастыруға тырыспақ. Бұл жобаның әсіресе Түркия үшін саяси һәм экономикалық пайдасы шәш етектен;

6. Израильсыз Таяу Шығыста бейбітшілік орнамайды. Иран мен Израиль арасындағы жауластық аймақтағы қатерлі ісік. Иран мен Сауд Арабия арасындағы алауыздық ислам үшін ғана емес, өңір дамуы мен тыныштығына да кері әсерін тигізуде. Сириядан тартылар энергия құбырының қауыпсіздігі үшін де Израильдің көңілін табуға Р. Ердоған барын салмақ. Р.Ердоған осыдан оншақты жыл бұрып Палестин халқына араша түсіп, Израильмен араздасқанды. Міне сол салқындықты түзеуге СІМ-рін аттандырды. Қалайда Сириядағы қауыпсіздік пен жобалар үшін түйткілдерді Израильмен мүдделесе шешпей болмайды. Ол аймақ қауыпсіздігі мен энергиялық жобалардың сәтті іске асуы үшін бәсекелестері алдында бір қадым кері шегінуге әрқашан әзер екенін байқатады. Сирияда жұргізер ықтимал әскери қимылы мен Сирия арқылы арап-парсы энергия ресурстарын түрік жері арқылы Жерорта теңізімен еуропаға тасымалдауда Израильдың түсіністік танытуы Р.Ердоған үшін аса маңызды еді;

P.S: Батыс үшін басты мәселе – Ресейдің еуропаны газбен бопсалауы. Және Еуразия кеңістігінде Ресей, Иран және Сирияның Батысқа қарсы «одағы». Осы түйінддерді шешуде Батыс Түркияның мүмкіндігін барынша пайдалануды көздейді. Осы тарихи мүмкіндікті пайдаланып, Еуразия құрлығында қалыптасқан геосаяси һәм экономикалық түйіндерді шешуде басты рол ойнау, әрине Р.Ердоғанның көксегені. Бұл әрине Түркия үшін де тарихи мүмкіндік. Сочиге барып Путинмен ұзақ сөйлесуі қалыптасқан геосаяси, экономикалық мәселелерді талқылаудан тыс, Р.Ердоғанның Батыс алдындағы салмағын арттыру үшін, Батыстан әлдебір қалағанына қол жеткізу үшін әдейі құрылған тактикалық жүріс екені анық. Р.Ердоғанның шынайы бейнесін тамыздағы Украинге барған сапары көрсетті. Р.Ердоған В.Зеленскийге «Ресей басып алған бір сүйем жері де Украиндікі. Қырымды қамтыған Украин жерінен басқыншылар толық кетуі керек» деді. Міне бұл Р.Ердоғанның өзі, әрі сөзі. Орта Азияны өзек еткен, Еуразия кеңістігінде Р.Ердоған жетегіндегі Анкараның атқарар үлкен істері мен асар асулары әлі алдыда. Оның бұл геосаяяси стратегиялық бағыттын жалпы алғанда бірінші кезекте Батыс қолдайтыны дәтке қуат.

Бақан Берікжан

Abai.kz

3 пікір