Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3946 0 пікір 17 Қыркүйек, 2012 сағат 10:28

МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚ КІМГЕ БҰЙЫРАДЫ?

Қазір қазақ қаламгерлері арасында «Мемлекеттік сыйлықты кім алады?» деген сауал «қалықтап» жүр. Бірнеше дүркін бәйгеге түскен жүйріктеріміз жүлдесіз қалғандықтан, «қалай болар екен?» деген күдік те жоқ емес, әрине. Бәйге болған соң,  екі кемпір жарысса да бірі озары айдан анық. Бірақ дәл қазіргі таңда мынау жүлде алады деп әлдекімді саусақпен нұсқап көрсетуге әлі ерте. Бұл жолы біз аламанға ат қосып отырған екі ақынды қатар сөйлетіп, Мемлекеттік сыйлық жайындағы пікірін білген едік.

Рафаэль НИЯЗБЕК, ақын:
ҚҰЛАГЕРДІҢ ҚҰЛЫНЫ БӘЙГЕ АЛМАЙДЫ, БАТЫРАШТЫҢ ТҰҚЫМЫ ЖҮРГЕН ЕЛДЕ...
- Рафаэль аға, бұған дейін  Шешен Республикасының мемлекеттік сыйлығын алдыңыз.  Бірнеше мүшәйраның да жүлдегері болыпсыз.  Мемлекеттік сыйлықтың бәйгесіне ат қосуға сізді не итермеледі? Өзге ұлттың Мемсыйлығын алдым, енді өз елімнің сыйлығын алуға да лайықтымын дедіңіз бе әлде? Әңгімені осыдан бастайықшы...

Қазір қазақ қаламгерлері арасында «Мемлекеттік сыйлықты кім алады?» деген сауал «қалықтап» жүр. Бірнеше дүркін бәйгеге түскен жүйріктеріміз жүлдесіз қалғандықтан, «қалай болар екен?» деген күдік те жоқ емес, әрине. Бәйге болған соң,  екі кемпір жарысса да бірі озары айдан анық. Бірақ дәл қазіргі таңда мынау жүлде алады деп әлдекімді саусақпен нұсқап көрсетуге әлі ерте. Бұл жолы біз аламанға ат қосып отырған екі ақынды қатар сөйлетіп, Мемлекеттік сыйлық жайындағы пікірін білген едік.

Рафаэль НИЯЗБЕК, ақын:
ҚҰЛАГЕРДІҢ ҚҰЛЫНЫ БӘЙГЕ АЛМАЙДЫ, БАТЫРАШТЫҢ ТҰҚЫМЫ ЖҮРГЕН ЕЛДЕ...
- Рафаэль аға, бұған дейін  Шешен Республикасының мемлекеттік сыйлығын алдыңыз.  Бірнеше мүшәйраның да жүлдегері болыпсыз.  Мемлекеттік сыйлықтың бәйгесіне ат қосуға сізді не итермеледі? Өзге ұлттың Мемсыйлығын алдым, енді өз елімнің сыйлығын алуға да лайықтымын дедіңіз бе әлде? Әңгімені осыдан бастайықшы...
- 1994 жылы орыс-шешен соғысында 7 жасар бала беліне граната байлап, елін қорғау үшін танкінің астына түсті. Сол оқиға жүрегімді қозғап жіберді. Туысқан халық шешендер күйзеліп жатқан кезде олардың рухын көтеріп, еңсесін тіктеу мақсатында «Шешендер» атты поэма жаздым. Мен жалғыз шешендердің  ғана емес, Ресей империясының боданында болған бүкіл халықтың тағдырын жаздым.  «Шешендер» атты жыр-дастаным «Жібек жолы» баспасынан 10000 данамен жарыққа шықты. 2000 данасы қазақ тілінде, 8000 данасы орыс тілінде. Ол кітапты күйзелген халыққа қазақ елінің демеуі болсын деп тегін тараттық. Шешендер өздерінің ең жоғарғы Мемлекеттік сыйлығы «Ұлт намысы» орденімен марапаттады. Бір жылдан кейін поэмамның көркемдік ерекшелігі үшін Мемлекеттік сыйлық берді.  Ол бәйгеге түрлі ұлттардан 120 ақын атқосты. 120 ақынның үшеуіне ғана Мемсыйлық бұйырды. Соның біреуі мына менмін. Жаңа сен айтып отырған өзге ұлттың мемлекеттік сыйлығы маған осылай келген. Ал өзге елдің мемсыйлығына лайықты болғанда, өз елімнің сыйлығына неге лайықты емеспін? Мемсыйлықтың бәйгесіне сондықтан да түстім. Мен шешендер туралы бір-ақ кітап жаздым. Сол бір кітаппен шешендердің батыры атандым. Ал өз еліме арнап отыз үш кітап жаздым. Мемсыйлық алуға тұрарлық еңбегім бар ғой деп ойлаймын.
- Жөн екен. Сіздің поэзияңызды оқығанда өлеңдеріңіз  адамды рухтандырып  жібереді.  Поэзияңызда қайраткерлік  бар, өршіл рухта жазылады.  Ұсақ тақырыпқа, «күйдім-сүйдім, махаббатыма жетпей қор болдым» дегендей күйректікке бара қоймайсыз. Бұл жолды саналы түрде таңдадыңыз ба?
- Менің тақырыбым әу бастан азаматтық рух, патриотизм, ел мен жер, тәуелсіздік. Бұл жолды саналы түрде таңдадың ба дейсің, мені өмір осы жолға өзі әкелді. Жетім өстім, киындық пен қиянатты көп көрдім. Жастайымнан біреуге біреудің тісі батып, қиянаты өтіп жатқанын көрсем араша түсетінмін. Кейін есейе келе үлкен халықтық арнаға түсіп, халықтық сипат алды ғой деп ойлаймын. Өзімді өзім мақтағаным әбестік болар, бірақ  марқұм Есенбай Дүйсенбаев менің поэзиямды «рух қашып кеткен заманда рух шақыру дастаны» деп көрсеткен. Қазір біздің рухымыз төмендеп кетті. Қоғамда қым-қиғаш ойлар қақтығысы жүріп жатыр. Қазақта іштен ірітуге тырысып жүргендер де бар. Сыртқы жаулардан гөрі ішкі жаулардан сақтануымыз керек.  Тәуелсіздігімізді қорғамасақ бізді бабаларымыз да, ертеңгі ұрпақ та ешқашан кешірмейді.
- Махамбеттің 200 жылдығына 200 өлең жазғаныңызды білеміз. «Кемеңгер» атты кітабыңызда Дiнмұхамед Қонаевқа 300 өлең арнапсыз. «Тамұқ отына жанбаған» деген шер-дастаныңыз Асанбай Асқаровтың қызыл империяның кесапатына ұшырап, азап шеккен қилы тағдырына арналған. Осындай ірі тұлғаларды, ірі қайраткерлерді өлеңдеріңіздің кейіпкері етіп алуыңыздың себебі неде?
- Олар - ел үшін қызмет етті. Қонаевтың кемеңгерлігін, Махамбеттің ерлігін жырламағанда кімді жырлаймыз?! Өлеңдеріммен Махамбеттің, Дінмұхамед Қонаевтың, Асанбай Асқаровтың әлемін аштым, сол заманның тынысын  бердім деп ойлаймын.  Бауыржан Момышұлы жайлы «Бауыржан - алты алаштың ар намысы» атты циклді өлеңдер жаздым. Бұл тұлғаларды жырлау ең алдымен ұрпаққа керек. Олардың бәрі бір-бір алатау, кемеңгерлерімізді ұрпаққа үлгі етуіміз қажет.
- Ілгеріректе «Тас құдай», «Қызыл үй» деген романдар жазып, прозада біраз қалам сілтедіңіз. Кейінгі жылдары прозаңыз суып қалған жоқ па? Әлде біржола біржақты болып, поэзияда қалайын дедіңіз бе?
- Өлеңге сыймайтын тақырыптар болады. Кеңес заманында Үкіметтік жоспар үшін шолақбелсенділердің халықты қинағанын  жазғым келді. Сондықтан «Қызыл үй» романымды жаздым. «Тас құдайда» 1932 жылғы аштықты суреттедім. Бұл тақырыптар өлеңге сыймады, арқалаған жүгі ауыр болды. Сондықтан прозаға қалам салдым. Қазіргі кезде поэзияның рөлі күшті. Тәуелсіздігімізді қорғау үшін ел намысын ояту аса қажет. Сондықтан жүрегінде оты бар ақындардың қай-қайсысы да елдік рухта өлең жазғаны дұрыс. Еліміздің экономикалық қуаты артып, биікке көтерілгеннен кейін көлемді жанр прозаға ауысуға болады. Болашақта прозаға да қалам тартамын ғой деген ойым бар. Ертеңгі ұрпаққа қажет бүгінгі заман туралы роман жазу арманым.
- Қазіргі ақындар науқандық дүниелер жазуға мұрын шүйіретінді шығарды. Мұндай туындылар поэзияны арзандатып, публицистиканың жүгін арқалатып жібереді екен-міс. Кеңес өкіметі тұсында идеологияның өзі науқандық іс-шараларды жырлауға, насихаттауға бағытталғанын білесіз. Елімізде қандай жағдай орын алса, нендей жаңалық болса, оған ақындар міндетті түрде үн қататын. Халықтың мәңгі есінде қалатын, қайталанбас тарихи даталар, оқиғалар кезінде бүгінгі ақындар жыр арнаудың орнына, үнсіз үйінде жатады. Ұлттың жанына бататын істерде өлең жазып, үн қосатын шайырларымыз санаулы-ақ. Бұл неліктен? Ақындарымыздың азаматтық үні бәсеңдеп кеткені ме сонда?
- Рухты ақын ғана қашанда елдің, ердің ерлігін айтуға дайын тұрады. Мықты ақындар азамат болмай тұра алмайды. Ақын емес, алдымен азамат болу парыз. Сонда ғана ақын халықпен бірге күн кешеді. Халық сүйінсе - сүйінеді, күйінсе - күйінеді.
- Осы үдеден өзіңіз қаншалықты шыға алып жүрсіз?
- Мен Тоқтар Әубәкіров туралы көп жаздым. Тоқтар ғарышқа ұшқанда да, оппозицияға өткенінде де, оппозициядан кеткенінде де өлең арнадым. Шама шарқымша халықтың жүрегінен жол табуға тырыстым. Өзің айтқандай өлеңді уақытында жаздым, әр түрлі қоғамдық істерде үнсіз қалмадым. Халық қайғырса қайғырдым, жыласа жыладым. Көзім көрмей, көп жыл үйде отырдым ғой. Сонда мынадай өлең жазғам:
«Соқыр болған ақынмын,
Халқыма ғана жақынмын.
Қарсақтай үйге тығылып,
Іннен шықпай жатырмын
Бергенін ішіп қатынның.
Сөйлеген сөзін шындықтың,
Туған ел, менмін бір мықтың!
Оқыстан төнер жау болса,
Оқтаулы тұрған мылтықпын!» Бұдан  артық не керек?! Мен өлеңсіз өмір сүре алмаймын.
- Жәркен Бөдеш, Жүрсін Ерман, Несіпбек Айтұлы сынды ақындар да сіз сияқты Мемсыйлықтан үміткер. Бірі - әріптесіңіз, бірі - қаламдасыңыз, бірі - қатарласыңыз. Әйткенмен, айтыңызшы, осы ақындардың қайсысы алдыңызға түсіп, Мемсыйлықты қанжығасына байлап кетуі мүмкін?
- Жазушылар одағында 700-ден астам жазушы бар. Солардың әрқайсысы өзін бірінші нөмірлі жазушымын, классикпін деп санайды. Мемсыйлықтың бәйгесіне бірге түсіп жатқан ақындарға баға бермей-ақ қояйын. Әрқайсысының қаламының өзіндік қуаты бар. Ешқайсысын төмендетпеймін.
- Аға, дегенмен өз қабілет-қарымыңызды білесіз ғой. Кімнен озамын, кімнен қаламын деп ойлайсыз?
- Бұл - құпия. Поэзиямның қай ақыннан жоғары, қай ақынның жырларынан әлсіздеу екенін айтсам, қызығы болмай қалады. Мемсыйлыққа екінші рет түсіп отырмын. 2010 жылы поэзиядан Несіпбек Айтов екеуіміз бәйгеге бірге түсіп, соңғы кезеңге дейін барғанбыз. Бірақ Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» атты жинағы лайық деп танылды. Жұмекеңнің жөні еді. Бұл жолы қалай боларын көрерміз.
- Байқауымша, бәйгеге түскен әріптестерін сынап-мінемей, олардың поэзиясы жайлы ешбір пікір білдірмей, «тыныш» жүрген Жәркен Бөдеш екеуіңіз сияқтысыздар. Кейбір ағаларымыз мемсыйлық үшін досына да қатты айтып, бір ақындарымыз: «Жұмекен мен Шәмші алғанда, тірі тұрған мен неге алмаймын бұл сыйлықты?» деп аруақтарды да қозғап жіберді. Бәйге, мүшәйра, сыйлық дегендер ақынды бұзатын сияқты ма өзі, қалай?
- Әріптестерімнің қай-қайсысының да ақындығына шек келтірмеймін. Бәрі де қал-қадірінше ұлттың мұңын жырлап жүрген ақындар. «Пәленнің поэзиясы мынадай ғой» деп пікір айтсам, оным қызғаныш болады. «Құлагердің құлыны бәйге алмайды, Батыраштың тұқымы жүрген елде», - деп жақында өлең жазғанмын. Сөзім - осы! Мемсыйлық кімге берілсе де, әділ берілгенін қалаймын.
Сұхбаттасқан - Қарлыға ИБРАГИМОВА

Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын:
ЖҮРСІН АЙТТЫ ЕКЕН ДЕП ЕШКІМ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚҰЛЫ БОЛЫП ҚАЛМАЙДЫ

- Соңғы кездері Мемлекеттік сыйлық айналасында дау-дамай көп. «Лайықты еді, әттең берілмеді немесе лайықсыз бола тұрып бағы жанып кетті», - деп қызыл кеңірдек болып керілдесіп жатамыз. Жалпы бұл сыйлық керек пе өзі? Мемлекеттік сыйлық әрбір қалам ұстаған азаматқа несімен құнды?
- Абай атамыз «өлеңге әркімнің ақ бар таласы», - деп айтқан ғой. Расында да соңғы жылдары осы сыйлық айналасында дау-дамай өршіп тұр. Бірі керек десе, бірі керек емес деп жатыр. Бірақ Мемлекеттік сыйлық біз ойлап тапқан дүние емес, қалыптасып қалған, дәстүрге айналып отырған өте мәртебелі мемлекеттік марапат. Меніңше, ол керек. Мемлекеттік сыйлық, біріншіден, қазақ әдебиетінң беделін көтеріп, қаламгерлерді ынталандыру үшін қажет. Шығармашылық адамы үшін бұл бір шың. Қаламгерлердің қаламын шыңдайтын ұлы белес. Әркім сол шыңға шыққысы келеді. Оған тапсыруға, өзін-өзі ұсынуға құқылы. «Неге ұсындың?» «Неге ұсыныласың?» деп зиялы қауымның бірін-бірі мүйіздеп жатуы дұрыс емес.
Ұсынылғандардың лайықты-лайықсызын мемлекеттік мәртебелі комиссия қарайды. Туындылардың барлығы да комиссияның қатаң сүзгісінен өтеді. Жан-жақты қаралады. Ең соңында лайықтысы ұсынылады. Жүрсін айтты екен деп ешкім мемлекеттік сыйлық алған соң мемлекеттің құлы болып қалмайды. Жүрсін Ерман жақсы ақын, әрі жақын досым. Бірақ бұл пікірімен келіспеймін.
- Бұл жолы да біраз адамдардың үкілеп ұсынған туындылары аса мәртебелі мемлекеттік комиссияның  сүзгісінен өтпей қалды. Бұл деңгейдің төмендігінен бе әлде арнайы талаптарға сай келмеуінен бе?
- Әрине, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарманың деңгейі өте биік болу керек. Бірақ бәрі жаппай щедевр болуы мүмкін емес.  Биыл барлығы 21 адам ұсынылды. Соның сегізі өтіп отыр. Қалғандарын «лайықсыз» болды деуге болмайды. Небір ғажайып туындылар бар еді арасында. Конкурстың шартына уақыты, жылы сәйкес келмеген болуы керек комиссия мүшелері көбін тізімге алмады. Мәселен, абыз ақсақалымыз, белгілі ғалым - Мырзатай Жолдасбековтің «Асылдарым» деген кітабы түсті. Уақытына байланысты өтпеді. Үлкен ақындарымыздың бірі деп атайтын Ақұштап апамыз Бақтыгерееваның да үкілеп қосқан кітабы кейінге шегеріліп қалды.
- Қателеспесек, сіз осымен төртінші рет ұсынылып отырсыз?
- Жоқ, мен үшінші мәрте ұсынылып жатырмын. 2004 жылғы ұсынымда тізімге атым енбей қалды. Аты ұсынылған кітаптар мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында іріктеледі. Сол іріктеуден өткендері ғана ресми түрде БАҚ бетінде жарияланады. Осы жарияланған тізімді «ұсынылды» деп атауға болады. Соны есепке алсақ, мен үшінші рет ұсынылған болып есептелемін. 2008 жылы жиырма бес үміткер болдық. Сол жиырма бестің ішінен соңғы белеске белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы екеуіміз өттік. Соңғы айналымда әдебиет секциясы бойынша 18 адамның 17-сінің дауысын жинағанмын.  Басқа дауыстарды есепке алғанда, «біраз дауыс жетпей қалды» деді.
Кейін 2010 жылы тағы ұсынылдым. «Ерлікке ескерткіш» деген кітабым туралы жақсы пікірлер айтылған еді. Бірақ ол жолы Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовқа берілді. Әдебиеттен ұсынылған адамдар ала алмай қалдық. Бұл туралы кезінде дұрыс болмады деп мақала жазғам.
- Бірақ кейін бұл мақалаңыз «Өлгеннен соң да сыйлық ала береміз» деп айтты деп өзіңізге қайта сілтенді емес пе?
- Иә, теріс айналдырып өзіме ауыз салғандар болды. Бірақ онда мен «өлілер мен тірілерді жарыстырудың дұрыс еместігін» айтпақ болған едім. «Мүмкіндік болса көзі тірісінде лайықты бағасын ала алмаған зиялыларымызға арнайы жүлде тағайындалса» дегенді айтқым келген. Олай болатын болса, сонау Абайдан бастап барлығына Мемлекеттік сыйлық берілуі керек. Бұл бір қисынсыздау әрекет әрі логикаға сыймайтын дүние болды» деп жазғам. Кейін бұл мақаламды біреулер қостады, біреулер қарсы болып жатты. Бірақ сол мақаламның әсері болу керек, биыл Мемлекеттік сыйлықтың конкурсы туралы шартқа өзгеріс енгізілді. Мемлекет басшысы қол қойып, марқұмдар бұдан былай мемлекеттік сыйлыққа ұсынылмайтын болды.
- Сіздің бірнеше мәрте ұсынылып жатқаныңызды жұрт сан-саққа жүгіртіп жатқанын білесіз. Үшінші мәрте ұмтылып жатқан қадамыңызды «жығылған күреске тоймайдының кері деп түсінеміз бе, әлде Мемлекеттік сыйлықты алмай тынбаймын деген қайсарлығыңыз деп бағалаймыз ба?
- Кімнің аузына қақпақ боласың? Керек болса өзін-өзі алты рет ұсынғандар да бар. Басында айтып өттім, әрбір қаламгердің құқы бар. Ол ұсынулардың жөні бір басқа. Биыл көптеген поэмалар жазып, шығармашылық серпілген, кемелденген кезімде Мемлекеттік сыйлыққа өзімді қайта ұсынып көруді жөн санадым. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қолыңда бар болған соң ұсынасың. Жоқ болса неңді ұсынасың? Менімен бірге өздерін ұсынып жатқан жігіттерге ақ жол тілеймін. Бәріне де тілектеспін!
- Есіңізде болса, 2010 жылы аса мәртебелі сыйлықтың Әнұран авторлары Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовқа берілу себебін Қанат Саудабаев Мемлекеттік хатшы болып тұрғанда: «Сыйлыққа лайық келер жазушы жоқ, сол себепті марқұмдарға берілді», - дегенге келтірді. Бір өкініштісі, мемхатшының бұл пікіріне қаламгерлеріміздің ешқайсысы да: «айналайын, не айтып отырсың, біз бармыз немесе мына туынды лайық еді!», - дей алмады.  Қаламгерлеріміздің бұл жасықтығы кейін жалпақ жұртқа амалсыз мойындау секілді болып көрінді...
- Жоқ, ол жай сөз. Ол жолы Мемлекеттік сыйлық белгілі бір себептермен берілмей қалды. Оны қайта қазбалап айтып, ешкімді қаралағым келмейді.  Қазақ әдебиеті сорлы, ілікке алар ештеңе жоқ дегеннің бәрі бос сөз. Олай деп айта алмаймын.
Бұл әрине, әдебиет үшін ауыр соққы болды. Екі жыл қатарынан қазақ әдебиетіне сыйлық берілген жоқ. Ол үшін ешкімді кінәлауға болмайды. Өтер іс өтті. Бірақ бізде әбебиет бар, Құдайға шүкір. Қанат Саудабаев әдебиеттің адамы емес. Көлденең келген біреудің әсері болған шығар?
Биыл тағы берілмей қалмаса болды. Негізі бір сыйлық аздық етеді. Болашақта осы сыйлықты көбейтсе болар ма еді. Баяғыда әдебиетке екіден, үштен тіптен төрт сыйлықтан берілген кездер болды. 2008 жылдан бері, міне алты жылға айналып барады, әдебиетке сыйлық берілмей келеді.  Ғафу Қайырбеков ағамыздың «Аспан кең ұшам деген қанаттыға», -  деген бір өлеңі бар еді. Сол айтпақшы, лайықтыға әрқашан да орын бар. Әдебиеттен ештеңені де аянып қалуға болмайды.
Сұхбаттасқан - Бүркіт НҰРАСЫЛ

"Халық сөзі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 811
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 640
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 508
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 518