Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3002 0 пікір 11 Қыркүйек, 2012 сағат 09:34

Ақша сауған АЗИАДА

Қазақстанның спорттық амбиция қанша тұрады? Есеп комитетінің жуырда жарияланған есебіне қарап, бұл сауалға нақты жауап айту қиын. Бұл сұраққа жауап беру үшін бірер мысал келтіру жеткілікті. Мысалы, Туриндегі қысқы олимпиада 1 млрд 700 млн долларға, Ванкувердегі қысқы олимпиадалық ойындар 1 млрд 800 млн долларға  түсіпті. Ал 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында өткен VІІ қысқы Азия ойындары қазынаның қалтасын 1 млрд 650 млн долларға қағып алған екен. Бақсақ, елімізде өткен құрлықтық жарыстың қаржылық құлашы олимпиадалық ойындарға жетіп қалыпты.

 

Қазақстанның спорттық амбиция қанша тұрады? Есеп комитетінің жуырда жарияланған есебіне қарап, бұл сауалға нақты жауап айту қиын. Бұл сұраққа жауап беру үшін бірер мысал келтіру жеткілікті. Мысалы, Туриндегі қысқы олимпиада 1 млрд 700 млн долларға, Ванкувердегі қысқы олимпиадалық ойындар 1 млрд 800 млн долларға  түсіпті. Ал 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында өткен VІІ қысқы Азия ойындары қазынаның қалтасын 1 млрд 650 млн долларға қағып алған екен. Бақсақ, елімізде өткен құрлықтық жарыстың қаржылық құлашы олимпиадалық ойындарға жетіп қалыпты.

 

Нағыз мистика!

VІІ қысқы Азиаданың қазақ елінде өткен жеті күні бюджетке біраз салмақ салды. Қысқы ойындар қазынаны 233 млрд 500 млн теңгеге ортайтып кетті. Бір жағынан, айдай әлем назарын аударған мұндай жарыс қазақтың бағына күнде бұйырмас. Қаржы шығындалса, несі бар екен? Қала берді, елдік мүдде, мемлекетіміздің халықаралық аренадағы жағымды имиджін қалыптастыру деген ұғым тағы бар. Осы тұрғыда қаржыны айтып, пендешілікке салыну орынсыз шығар-ақ. Дегенмен Азиада қазанындағы қаржы қаншалықты көп болса, біреулер айтулы доданы айта жүріп, заңды оңды-соңды бұзып үлгеріпті. Қазаннан қақпақ кетті ме, әлде шенділерден ұят кетті ме? Бұл сұраққа жауап беретін, әлбетте біз емес. Бізге белгілісі мынау ғана: 2011 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізуге бөлінген республикалық бюджет қаржысының тиімді пайдаланылуын бақылаған Есеп комитеті біраз былықтың бетін ашып берді.  

Есеп комитетінің бақылау нысанасына Азия ойындарына бөлінген қаржыны игерген мемлекеттік мекемелер ілігіпті. Олар:
1. Бұрынғы Туризм және спорт министрлігі, қазіргі Спорт және дене­шынықтыру істері агенттігі;
2. «2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындары ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ;
3. Астана қалалық туризм, денешынық­тыру және спорт басқармасының «7-ші қысқы Азия ойындары және Олимпиада алауы эстафетасын өткізу бойынша қалалық дирекциясы»;
4. Алматы қалалық әкімдігі жанындағы «7-ші қысқы Азия ойындары дирекциясы»;
5. Астана және Алматы қалаларының құрылыс басқармалары.

Аталған құзырлы органдардың барлығы Азия ойындарына атсалыса жүріп, сорақы қаржылық заңбұзушылықтарға жол беріпті.
Әу баста жарыстар өтетін нысандардың жөндейтінін жөндеп, кем-кетігін түзеу, енді біреулерін іргетасынан бастап салу жоспарланған. Бұл тізімде бас-аяғы 7 спорт нысаны бар. Бұған ел үкіметі қаржыны да аямай, 30 млрд 500 млн теңгені бөліп берді. Неге екені белгісіз, бұл сома үрленген шар секілді өсе беріпті. Ақырында 132 млрд. теңгеге бір-ақ шыққан. Ақыры Азиада нысандары ел қазынасына бастапқыда жоспарланғаннан әлдеқайда көп қымбатқа түсті.
Мысалы, Елордадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегін құзырлы органдар бастапқы есеп бойынша 11 млрд. 898 млн теңгеге салынады деп жар салған. Алайда ақырғы бағасы 19 млрд 879 млн теңгеге бір-ақ шыққан. Есеп комитеті есептей келе, нысанның алғашқы жоспарланғаннан ғайыптан тайып 7 млрд 800 млн теңгеге қымбаттап кеткенін анықтады. Алматыдағы шаңғы трамплиндері кешені де Азиадаға арналған алтын нысанның кебін кигені туралы да осы Есеп комитетінің тексеруінен кейін біліп, таң-тамаша болыстық. Нысан құрылысының бағасы ақырында 2,3 есеге шарықтап шыға келген. Қымбаттауларды тізе берсек, шеті көрінбейді. Астанадағы коньки тебу стадионы да осы тізімнен табылған. Құрылысты жүргізген «Сембол» компаниясы басында кешенді 24 айда салып бітіремін деп, ант-су ішіпті. Бірақ, жұмысты 5 жыл бойы терітулақша созғылап, жүріп алған екен. Керек десеңіз, ғимаратты басында мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес бекітіп, мөр басылған бағадан 2 есеге қымбатқа салып берген.
Азиаданың басты ұйымдастырушысы бұрынғы Туризм және спорт министрлігінің мұрагері Спорт және денешынықтыру істері агенттігі басшыларының айтуынша, нысандар негізді себептермен қымбаттаған. Осы тұста агенттік төрағасының орынбасары Мұрат Омаровтың сөзін дәлме-дәл келтірейік: «Азия олимпиялық кеңесінің, спорт түрлері бойынша федерациялардың талаптары бар, халықаралық-нормативтік талаптар бар. Осының салдарынан қосымша жұмыстар туындады. Бұл өзгерістерді мемлекеттік құрылыс сараптамасы бекіткен». 
Ал Есеп комитеті спорт саласы басшыларының бұл уәжін толығымен теріске шығарып отыр. Аталған комитеттің тексеру қорытындысында былай делінген: «Азиаданың 7 нысанын салу және қайта жөндеу жұмыстары кезінде көптеген заңбұзушылықтарға жол берілген. Барлық спорт нысандарындағы құрылыс-монтаж жұмыстары мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алмаған жобалау-сметалық құжаттармен басталып, жүргізілген. Бұл ҚР «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының 64-бабын бұзу болып табылады».
Азиадаға салынған нысандардың алтыннан апталып, күмістен күптелген ешбірі жоқ. Ал 7 ғимараттың бірден 100 млрд теңгеге қымбаттап кетуі - нағыз мистика! Спорт кешендерінің қымбаттауынан құқық қорғау органдары да ешқандай томпақтық таппады. Әзірге Есеп комитеті келтірген деректер бойынша бірде-бір қылмыстық іс қозғалған жоқ.
Жалпы, нысандардың қымбаттауын әлемдік дағдарысқа, тәжірибенің жоқтығына, не болмаса асығыстыққа жауып, бұл оқиға көрген түстей ұмытылуы мүмкін. Дегенмен Қазақстанда өткен құрлықтық қысқы Азия ойындарының бюджеті олимпиадалық ойындардың қоржынына жетіп қалғаны - бұлтартпас дерек. Мәселен, 2010 жылы Ванкуверде өткен олимпиада ойындарына салынған 5 нысан мен 2011 жылы Қазақстанда Азиадаға  салынған 5 нысанның бағасын салыстыру жеткілікті. Онда да 5 нысанның екеуі іргетасынан бастап  салынса, үшеуі тек қайта жөндеуден өткен.  

«Есегім судан өткенше...»

Азиаданың арқасында спорт нысандары қымбат жабдықтармен жарақтандырылды. Бұл да болса, көңілге демеу, дәтке қуат деп ойлағанбыз. Бірақ Есеп комитеті олардың бірсыпырасы қолданылмай, әлі күнге қаңтарылып қоймада жатыр дегенді алға тартты. Мысалы, елордадағы республикалық велотрекке бюджеттің 1 млрд теңгесі жұмсалып, мұз аренасына арналған жабдық сатып алынған. Аталған қондырғы Азиада кезінде бір-ақ рет орнатылып, кәдеге асыпты. Бұл жабдықтың айтулы додадан кейін барар жері шаң басқан қойма болған. «Сарыарқа» республикалық велотрегі» РМКК директоры Қали Әбішевтің бұған айтар өз уәжі бар. «Қазір бізге бұл жабдықтың қажеті жоқ. Өйткені, бөлек тұрған сырғанақ айдыны бар. Жаттығулар сол жерде өтеді», - дейді ол. 
Жалпы, Есеп комитетінің есебінше, бас-аяғы 10 млрд. 280 млн. теңге тұратын құнды қондырғылар Алматы мен Астанадағы спорт кешендерінің қоймаларында жатқан көрінеді. Сұраныс жоқ болса, оларды сатып алуға қандай қажеттілік болды екен?
Енді Азиадаға арналған нысандардың сапасы қандай деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Шараны ұйымдастырушылар мен нысандарды салып, жөндеген құрылыс компаниялары бұл жағынан да ақсаған көрінеді. Есеп комитеті Алматыдағы трамплиндер кешенінен 10 млн теңгеден астам сапасыз құрылыс жұмыстарын анықтаған. Спорттағы шенділер мұндай деректерді көрмедік, білмедік деп, қаннен-қаперсіз отыр.
Орайы келгенде айта кетейік, трамплиндер кешенінің құрылысы осыдан 5 жыл бұрын басталған болатын. Үкіметтің нысан Азиада қарсаңында толық пайдалануға беріледі деген үкілі үміті әлі орындалмай тұр. Азия ойындары біткелі бір жарым жылдан асты. Құрылыс әлі жалғасып жатыр, әрі жуық арада бітетін түрі көрінбейді. Абырой болғанда, мердігер тікелей жарыстар өтетін екі трамплинді Азия ойындары қарсаңында салып берді. Ал, кешен құрамына кіретін қонақүй, спортзалы сияқты нысандардың құрылысы жарысқа дейін де, одан кейін де бітпеді. Мердігер компания  «Құрылыс» ЖШС атқарушы директоры Александр Давыденко: «Биыл тағы да қосымша үш трамплинді салып береміз, ал кешен құрамына кіретін қалған 3 ғимаратты қашан бітіретініміз белгісіз», - дейді. Бұған ең алдымен қаржылық қиындықтар қолбайлау болған көрінеді. Агенттік басшылары болса, алдағы 3 жылда трамплин кешенін толық салып бітеміз деп ант-су ішіп отыр. Азиада сияқты аламан жарысқа дайын болмаған кешен ендігі жерде біте қояр ма екен... 
Жөндеу көріп, жаңарып қалған нысандардың бірі - Алматыдағы «Медеу» спорт кешені. Өкінішке қарай, біз барғанда кешеннің қақпасы жабық тұрды. 130 млн. долларға жөндеуден өткен нысанның есігіне не себепті қара құлып ілінді? Кешен басшысының айтуынша, бас мердігер «Риан инжиниринг» компаниясы жіберген кемшіліктердің кесірінен нысанда апатты жағдай орын алыпты. «Медеу» биіктаулы спорт кешені МКК директоры Сабыржан Бектемісов «Аяқастынан апат болды. Бұл құрылысшылардың шалалығы шығар. Қымбат жабдықтарды сақтап қалу үшін жұмысты тоқтатуға мәжбүр болдық» дейді. 
Ендігі сауал мынау: миллиардтарға жөнделген Медеуде не өзгерді? Ең алдымен көзге түсетіні, кешеннің айналасында бей-берекет шашылып жатқан қоқыс. Ал жөндеудің сапасыз жүргізілгенін бір шолып өткенде байқау қиын емес. Сыры кеппей жатып, сыр беріп жатыр.
Алматыдан таяқ тастам жердегі  спортшыларды дайындайтын республикалық базаның құрылысы басталғалы да табаны күректей жеті жыл өтті. Ірі спорт кешеніне бюджеттен 30 млрд. теңге қарастырылған. Ең таңғаларлығы сол, Азиада қарсаңында пайдалануға беріледі деген база, Азия ойындары аяқталғасын да біткен жоқ.  
Спорт функционерлері  нысан құрылысының Мысыр пирамидалары сияқты ұзақ салынуының себебі - қаржының тапшылығынан дейді. Агенттік төрағасының орынбасары Мұрат Омаров: «Құрылыстың нормативтік мерзімі - 4-4,5 жыл. Бірақ 2010 жылы қаржы бөлінген жоқ. 2011 жылы 200 млн теңге ғана бөлінді. Нысан құрылысының қашан бітетінін қазір өзім де білмеймін», - деп қысқа қайырды. 

«Шелек жалаған» бар да, «айран ішкен» жоқ

VІІ қысқы Азиада ойындары Қазақстан қоржынына рекордтық 32 алтын әкелді. Спортта ғана емес, қаржылық заң­бұзу­шы­лықта да рекорд жаңартқанымызды кейін біліп жатырмыз. Есеп комитетінің қорытындысы бойынша, Азиадаға деген желеумен халықаралық жарысқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, спортқа қатысы жоқ тауарлар жеткізіліп, олар салық бойынша жеңілдіктерді негізсіз пайдаланып кетіпті. Есеп комитетінің мүшесі Константин Плотников «Азиада кезінде пайдаланылмаған немесе спортқа түк қатысы жоқ тауарлар жеткізілген. Азиада бағдарламасына енбеген ұйымдар кеден салығынан негізсіз босатылған. Жеткізілген тауарлар мемлекетке өз бағасынан 2-5 есе қымбатқа сатылған» деп отыр. Шамасы, Азия ойындарын желеулетіп, оңай жолмен байып қалғысы келгендер көп болған сияқты. Өйткені, құзырлы комитет жүргізген тексеру нәтижесінде бюджеттің уысынан сытылып кеткен 1 млрд теңге қазынаға қайтыпты.
Есеп комитеті Азиада кезінде жол берілген бас-аяғы 9 млрд. 800 млн. теңгені құрайтын заңбұзушылықты анықтаған. Ең таңғаларлығы сол, осыншама заңбұзушылық үшін 3 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Болғаны осы... Онда да спорт агенттігінің лауазымды тұлғалары немесе Азиаданы өткізуге атсалысқан Алматы және Астана қаласы әкімдіктеріндегі шенділер емес, «Азия ойындарын ұйымдастыру дирекциясының» 3 қызметкері. Бұл айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтыладының кері екені айтпаса да түсінікті.

Айнұр Серимова,
«Нұр Отан» ХДП жемқорлыққа қарсы
медиа-орталығының редакторы

"Жас қазақ" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1652
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1583
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1325
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1269