Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
2375 0 пікір 10 Қаңтар, 2022 сағат 09:38

Бүгін – Жалпыұлттық аза тұту күні

Елдегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде адамдардың қайтыс болуына байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

«Террористік актілердің салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту жариялау туралы 2022 жылғы 08 қаңтар Қазақстан Республикасында жасалған террористік актілердің салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстан Республикасында 2022 жылғы 10 қаңтарда жалпыұлттық аза тұту жариялансын»,- делінген Мемлекет Басшысының Жарлығында.

Аза тұту күніне байланысты Қазақстан бойынша барлық Мемлекеттік тулар төмен түсіріледі. Осылайша бүлік кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен әскерилер, полиция өкілдері мен құқық қорғау қызметкерлеріне құрмет көрсетіледі.

Айта кетейік, Президент соңғы уақытта болған қақтығыстар кезінде қайтыс болған азаматтардың туған-туысқандары мен отбасыларына көңіл айтқан болатын.

«Алматыда содыр-лаңкестердің қолынан әкімшілік ғимараттар ғана емес, бейбіт тұрғындардың мүлкіне де залал келді. Сондай-ақ жүздеген бейбіт тұрғын мен әскери қызметшінің денсаулығы мен өміріне қатер төнді. Осы трагедиялар кезінде қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтамын», - деді Президент.

Сондай-ақ ол  қаскөйлікке барған адамдардың бәрі қатаң жазаланатынын айтқан

«Біздің тарихымыздағы осы бір қиындықты тез арада еңсеретінімізге ешқандай күмән жоқ. Ең бастысы, болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу керек. Мен құрған ведомствоаралық топ содырлар мен лаңкестерді іздеумен және оларды ұстаумен айналысады. Олардың бәрі қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп азаматтарымызға уәде беремін. Барша қазақстандықтан өтінерім, сақтық танытып, барынша қырағы болыңыздар. Күмәнді адамдардың қандай да бір күдік тудыратын белсенді әрекетін байқасаңыз, құқық қорғау органдары мен жедел желілерге хабарлаңыздар», - деді Қ.Тоқаев.

Abai.kz

0 пікір