Жұма, 26 Сәуір 2024
Абай мұрасы 4331 7 пікір 13 Желтоқсан, 2021 сағат 13:55

Абай – азатшыл рухтың атасы

«Жігерлен, сілкін,
Қайраттан, беркін»
Абай.

Ұлы Абай асыл сөздерімен қалың елі қазағын ұйқыдан оятты. Ой салды. 20-шы ғасырдың алғашқы ширегінде саяси-рухани сілкініс әкелгені анық байқалған құбылыс. Бірақ, кеңестік дәуірде «Абай жұртты оятты, патшалық билікке қарсы шықты» дегенді айтқызбады. Мұхтар Әуезов те айналып өтуге мәжбүр болды. «Абай отаршыл билікке қызмет қылған, орысшыл болған» деген теріс пікір өршіп тұр қазір. Сырын көрмей, тек сыртын танығандық бұл. Осы олқының орнын аз ба, көп бе, толтыру қамында қолға қалам алдық.

«Жаңа закон» – Абайдың кейіннен табылған өлеңі. Әдебиетші ғалымдар аталмыш ұзақ өлеңге қарсы шықты.  Көркемдік жағы төмен десіп, Абай жинағына енгізбеді. Өкінішке қарай, мазмұны аса маңызды өлең 1879 жылы, Абайдың өзін әлі ақын деп санамаған кезінде жазылғаны ескерілмеді. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырынан талдасақ, «Орысқа қарағалы көп жыл болған» деп басталатын өлең Абайдікі екені қылаудай да күмән туғызбайды. Ел мінезі бұзылды, оған патша өкіметі 1868 жылы қабылдаған Жаңа закон (Жаңа низам) кінәлі деген жанайқай туындыны көктей өтеді.

Мәселен, келешек ұлы ақын:

Быт-быт боп енді қазақ араздасар,
                                    Ұлыққа шауып барып қағаздасар.
                                    Өзі залым жақсыны қорқытпаққа,
                                    Қылмағанын «қылды» деп жамандасар,

дейді. Қазақтан достық кетті, ойлайтындары тек қастық қана. Неге? Осыны ашықтай келе, ақын былайша тұжырады:

Қалмады қазір елде адамшылық,
                                    Адам түгіл, ит қылмас мұндай қылық.
                                    Шын мен өтірікті айыра алмай,
                                    Көргісіз қып кетеді ендігі ұлық.

Байқап отырсыздар, Абайға тән сыншылдық стиль көрініп-ақ тұр. Ұлық дегені – патша шенеунігі. Ол жергілікті әдет-ғұрыптан жұрдай, сол себепті шын мен өтірікті айыра алмай, елді түңілдіріп, яки көргісіз қып кетеді.

Сөйтіп, «Жаңа закон» – өр мінезді, әділетшіл, азатшыл Абайдың патша өкіметі заңын алғаш рет сынға алған өлеңі.  Аталмыш заң қазақ елінің сиқын бұзды дегенді көзге шұқып, басқа ұрып айтқан. Сонымен бірге, «Ұлыққа шауып барып қағаздасар», «Шын мен өтірікті айыра алмай» сияқты өлең жолдары Абай таяу келешекте бекем ұстанатын ағартушылық платформаны айқындап береді.

Айталық, аталмыш өлеңде:

Қалаға шауып жатыр атын бұлап,
                                    Ақыл айтар ақсақал қалды жылап.
                                    Ары жоқ, ұяты жоқ бір законшік,
                                    Орыстан тауып алар өзі сынап, –

деген сөзін бес жыл кейінгі өлеңде былайша дамыта айтады:

Барып келсе Ертістің суын татып,
                                   Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып.
                                   Елді алып, Еділді алып есіреді,
                                   Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып (1885). 

Абай болыс болған 1868-1880 жылдар несімен ерекше? Патшалық Ресей жүргізген  басқыншылық саясат асқынғаны тап осы тұс. Әділетсіздік бұрын-соңды болмаған деңгейде етек жайды. Сондықтан «Жаңа закон» өлеңі қыр қазағы Абайдың отаршыл билікке қарсы алғашқы үні, тұңғыш наразылығы болуы таң қалдырмайды. Заңды құбылыс болып табылады.

Отаршыл саясатты ашық сынауға мүмкіндік болды ма? Әрине, болған жоқ. Асқан сақтық болмаса, кім кім де ит жеккеннен бірақ шықпақшы. 1880-1883 жылдары Семейдегі Михаэлис бастатқан орыс достарымен тығыз қарым-қатынаста болған Абайдың алған басты сабағы – олардан цензурадан қалай сақтануды мықтап үйренді.

Екіншіден, жаңағы «Жаңа закон» өлеңі:

Патша тіпті қас емес, біздерге дос,
                                   Ақылдас, байғұс қазақ, басыңды қос.
                                   Бұл закон бізге тынышсыз болды ғой деп,
                                   Өзіне жеткізсеңші жүргенше бос! –

деген сөздермен аяқталған. Көрдіңіз бе, Абай «Патша – әділетті, қазаққа дос, закон жайын өзіне жеткізсек іс бітеді» деп мәлімдеп отыр. Жер аударылған достары болса, ақ патша қазаққа дос емес, Ресей империясы «халықтар түрмесі» деп көзін ашты.

1884 жылдан ғана Абай ақындық қызметке бел шеше кірісті. Бірақ, ашық сынаудан гөрі ойды астарлап айту, метафорамен жеткізу тәсілі басым. Бұл тәсілді жетік меңгергенінің бір мысалы – «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» өлеңі. Астарлы өлеңдегі қыран бүркіт – халық қамын ойлаған қайраткер, ал, көп күйкентайлар мен қарғалар – отаршыл жүйенің қолшоқпарына айналған атқамінер топ, көп пысықтар екендігі дәлел өтінбейтін жәйт.

Қысқасы, «Халық туралы» делінетін циклдің әр өлеңі билікке қарсылық. Мәселен, 1886 жылғы «Жалығуды пәледен жұрт ұмытты біржола» деген өлеңінде Абай елдің бұзылу жайын былайша суреттейді:

Ел жамаған билер жоқ,
                                           Ел қыдырып сандалды.
                                       ... Орыс сияз қылдырса,
                                           Болыс елін қармайды.
                                           Қу старшын, аш билер,
                                           Аз жүрегін жалғайды. 

Бұл жерде аталған үш атқамінер (би, болыс, старшын) – әкімшілік аппараттың орындаушылары. Демек, өлең нысанасы – патшалық билік! Абайдың осы өлеңін талдаған Мұхтар Әуезов былайша түйін түйеді: «Абай пәле басы әкімшілік құрылыста, қоғамдық жаманшылықта екенін аша түседі» (Абай Құнанбайұлы. Монография. – Алматы, 1995. 123-бет).

Осы айтылғандар Абай – азатшыл рухтың егесі деуге жеткілікті сияқты.   Азатшыл рух дегенде, әсіресе, Абайдың әйгілі «Сегіз аяқ» өлеңі оқшау тұр. Біле білсек, ол бодандық құрсауынан құтылуға шақырған туынды. Бастан-аяқ «Жігерлен, сілкін» (яки «Оян, қазақ!») деп үндейді ақын. Бірер дәлел алайық.

«Өкімет» деген – мемлекеттік билік (мысалы, Қазақстан өкіметі, кеңес өкіметі), ал «үкімет» сөзі – өкіметтің жоғары атқарушы, үкім шығаратын органы (мысалы, ҚР Үкіметі десек, онда Премьер-министрден бастап барлық министрлікті айтқан боламыз) деген мағынаны білдіреді.

Енді «Сегіз аяқтың» тоғызыншы шумағына көз тігейік. Ақын:

Өтірік, ұрлық,
                                            Өкімет зорлық
                                                   Құрысын, көзің ашылмас.
                                                            Ұятың, арың оянсын,
                                                             Бұл сөзімді ойлансын, –

дейді. Барлық жинақтарда екінші жол «өкімет зорлық» емес, «үкімет зорлық» деп басылып келді. Бұл қате. «Үкімет» сөзі Абай отаршыл билікті сынап отырған хәлді тасалап тұр. Дұрысы – «Өкімет зорлық – құрысын!». Қазіргі тәуелсіз заман бізден осындай жаңаша көзқарасты талап етеді.

Түсініктемелейік. 1868 жылғы жаңа заң бойынша жер мемлекет меншігіне өтті (көшпелі халықтың шұрайлы жерінен қуылып, ол жерлер келімсек шаруаларға берілді). Ол аздай, қазақ өмірі тұтастай орыс заңына бағынышты болды. Бұдан асқан зорлық бола ма?! «Жаңа закон» өлеңі  осы зорлыққа қарсы шыққандық деп жоғарыда айттық. Міне, «Сегіз аяқ» сол күрестің заңды жалғасы. Бұл туынды – елді санасыздық жайлады, кісілік жүректен алыстап, ар, ұят ұйқыға кетті деген Абайдың жанайқайы.

Сонымен, келтірілген өлең шумағының астары терең. «Өкімет зорлық құрысын!» деген ұранын Абай «Ұятың, арың оянсын, бұл сөзімді ойлансын» деп нықтай түседі (бірақ әлі күнге ойланбай-ақ келеміз).

Келесі 1890 жылғы «Бай сейілді» өлеңін Абай:

Бай сейілді,
                                         Бір пейілді
                                                 Елде жақсы қалмады, –

деп бастап, тағы да пәле басы ретінде отаршыл билікке сілтеген. Кешегі атасы Өскенбай, әкесі Құнанбай тұсында игі жақсылар көп еді. Енді не болды, ел қамын жеген Едігелер неге таусылды? деген мәселені көтерген.

Сонымен, біле білсек, 1884-1890 жылдар аралығында жазылған әлеуметтік өлеңдер – бодандық қамытына қарсылық. Қатаң цензура хәлінде зорлық-зомбылық болмысын ашып, әшкере қылудың үлгісі. Осы фактіні баршамыз да мойындап, «Абай орысшыл болған, қазақты жамандаған» дейтін шірік сөз, қыңыр даурықпадан арылатын уақыт жетті.

Кешегі кеңестік цензура кезінде Абай эволюциясының саты-сатыларын анықтауға мүмкіндік болмады.  Енді ғана ағартушы болған шағын (1884-1890), ізденіс кезеңін (1891-1893) және кәміл мұсылман (1894-1898), онан соң хакім (1899-1902) сатыларын танып-біліп отырмыз. Мәселе сонда,  соңғы сатыларда Абай ұлттық қана емес, «толық адам», «үш сүю» сияқты жалпыадамзаттық ілім-танымдардың негізін қалады. Әлемдік ой-сана биігінде тыныстаған бұл жылдары Абай билікті сынамапты деп «өкпелеу», жұмсартып айтқанда, орынсыз екенін айта отырайық.

Бұл Абай бодандық қамытын ұмытты дегендік емес.  Ақтық жылдарда жазылған екі шағын өлең тәуелсіздікті аңсаған хәлінен хабар береді.

Біріншісі, «Еріксіз түскен ылдидан» деген бір ауыз өлең.

                             Еріксіз түскен ылдидан,
                             Еркіңмен шығар өр артық.
                             Қорлықпен өткен өмірден,
                             Көсіліп жатар көр артық.

Осы төрт жол өлеңді  белгілі этнограф ғалым Садық Қасиманов ел аузынан жазып алған. Оны Абай табан астында шығарған екен. Көкшетаулық молда Шаймардан Қосшығұлов жолдаған саяси хатқа бола, 1903 жылы үйді тінтуге полиция келгенде айтқан. Оның астары қайсы?

Көріп отырмыз, шумақта азат өмір мен құлдық өмір салыстырылған. Азат адам мен құлдың арасы жер мен көктей.  Азат адам өз ісінен ләззат алады, ой өлкесі гүлденеді. Ал құл үшін жұмыс – қорлық, қасірет көзі.  Абайдың құлдық өмірден көсіліп жатар көр артық деуінің мәнісі осы арада. Жеке өзінің емес, исі қазақтың басына түскенді айтқаны да анық.

Енді:

                                Тоқ, татуды сыйламай,
                                Аштарға берген ас артық.
                                Үйінде босқа бұлдамай,
                                Қатерге түскен бас артық,

деген келесі бір ауыз өлеңге ойысайық. Бұл соңғы жылдары табылған, Абай жинақтарының ешбіріне енбеген өлең. Оны Шәкәрім өзінің «Ар қарызы» атты мақаласында («Сарыарқа» газеті, 1917 жыл, 4 шілде) келтіреді.

Ауыртпалықты көріп майданнан қайтқан Жетісудың 719 жігіті Әлихан Бөкейханов атына «стипендия тағайындалсын я медресе ашылсын» деп екі мың сом ақша жинап бергенін естіп, осы мақаланы жазыпты. Жағымды хабар жайында Шәкәрім: «Міне, адамның көзіне жас, көңіліне махаббат келтіретін зор жұмыс» дейді де, жаңағы төрт жолды: «Абай марқұм былай деуші еді» деп келтіріпті.

Абай нақылының мәнісі неде? Қай кезде айтылған?

«Үйінде босқа бұлдамай, Қатерге түскен бас артық» деген екі жолда – «Ел еркіндігі үшін басыңды қатерге тік, азаттық жолында жан пида!» деген мән барын түсіну қиынға соқпаса керек. Оны Шәкәрім де осы мағынада келтіріп отыр. 1904 жылы патшалық Ресей империясын төңкеріс елесі кезіп, саяси қозғалыс мықтап қарқын алғаны баршаға аян.  Нақылды Абай осы жылы айтқанын аңғаруға болады.

Сонымен, талдау жасалған екі шағын өлең де бодан хәлге қарсылық. Өр мінезді, азатшыл Абайдың үні есепті. Хакімнің жақын айналасы (Кәкітай, Шәкәрім, Тұрағұл) көп ұзамай Әлихан Бөкейханның жанынан табылса, бұл кездейсоқтық емес. Ұстаз Абай қырым татары Исмағұл Гаспринскийдің «Тәржіман» газетасын шәкірттерімен бірге дәйім талқыға салып, қоғамдық ахуалды тамыршыдай танып-біліп, жіті қадағалап отырған.

Әсілі, барша алаш арыстары – Абайдың шәкірттері. Мұны өз дәуірінің жылнамашысы болған Сәбең (Сәбит Мұқанов) былай деп жеткізеді: «Менің білуімде, «Қазақ» газеті төңірегіне топтасқан ұлтшылдар Абайды өздеріне рухани әке қылып алды» (енді ойшылдың рухани ғана емес, саяси тұрғыдан да көсем болғанына көз жеткізіп отырмыз).

Сонымен, қайталап айтайық, соңғы жылдары данышпан Абайға пәле жабу, соқтығу жиілеп кетті. Кейбір облыстар «Абайтану» пәнін мектеп бағдарламасынан алып тастапты. Өте қауіпті құбылыс! Қай жерде Абай жоқ болса, сол жерде көгеру, яки сана да жоқ, бір. Хакім Абай – ай асты әлем мойындаған, ескерткішін қойып жатқан дара өкіліміз, екі.  Уақыттың өзі дәлелдеген осы екі анықты ұмытпайық, ағайын.

Асан Омаров,

зерттеуші

Abai.kz

7 пікір