Бейсенбі, 20 Қаңтар 2022
Бетбұрыс 1330 11 пікір 6 Желтоқсан, 2021 сағат 12:52

«Қазақ тілі»: күрделі түйіннің күрмеуі шешіле ме?

26 қарашада Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түркістанда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI Құрылтайы өтті. Араға 10 жыл салып өткізілген жиында мемлекеттік тілге қатысты келелі мәселелер айтылды. Сонымен қатар «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын заман талабына сай жаңаша ұйымдастырып, қайта жандандыру керектігіне баса назар аударылды.

Ауқымды шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Парламент депутаттары, еліміздің барлық өңірінен келген қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, облыстар мен қала басшыларының орынбасарлары қатысты. Құрылтайда баяндама жасаған ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Құрылтай делегаттарына арналған арнайы құттықтауын оқып берді.

Жарғы бойынша 5 жылда өтетін алқалы жиын қоғамдық ұйым басшыларының өз міндетіне жауапсыз қарауы салдарынан арада 10 жыл өткеннен кейін қолға алынды. Бұған дейін қоғам президентінің міндетін атқарып келгендер Құрылтай өткізбек түгілі қоғамның өңірлердегі басшыларымен де кездеспеді. Қоғам басқармасы құрамында ешқашан болмағандарды құрылтайшы, Ерден Қажыбек өзін президент етіп тіркетіп алды. Өңір төрағалары мен Орталық Кеңес мүшелері бұл заңсыздықты түзету үшін қоғам Жарғысына сәйкес 2020 жылдың аяғында Кезектен тыс Құрылтай өткізіп, оған Е.Қажыбекті де шақырған еді, бірақ ол қатыспады. Құрылтай Қоғам басшылығына Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қызылорда облысының төрағаларын уақытша сайлап, оларға кезекті Құрылтайды ұйымдастырып 2021 жылы өткізуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында Сәдуақас Аңсат Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаевтың қабылдауында болып, бұл мәселеге араласауын сұрады. Нәтижесінде бұған Мемлекеттік хатшы мен Президент қолдау көрсетіп, Құрылтай 10 жылдан кейін Түркістан төрінде өтті. Қазақ тілінің болашағына алаңдаған тіл жанашырлары бұл күнді көп күткені анық. Барлығының ойы – мемлекеттік тілдің мәртебін көтеріп, тұғырына қондыру. Жиынға қатысқан еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қазіргі жұмысы көптің көңілінен шықпай отырғанын жеткізді. Сондықтан қоғам жұмысын заман талабына сай жаңаша ұйымдастырып, қайта жандандыру керек екенін баса айтты. Сонымен қатар қоғам алдына жаңа міндеттер жүктеді.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев:

«Біріншіден, қазақ тілінің қолдану аясын одан әрі кеңейту және оның қоғамдағы рөлін арттырудағы маңызды рөлін ескере келе «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын Елордаға көшіру және өңірлердегі филиалдарын кеңейту, материалдық базаларын нығайту, электрондық ресурстарын дамыту маңызды. Саяси партиялар мен мемлекеттік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс атқарып, ықпалды ұйымға айналуы керек. Латын графикасына ауысу аясында қоғамдық қолдау жұмыстарын жүргізуі тиіс. Сонымен қатар «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы – тіл тақырыбынан бөлек, ұлттық жаңғыру, рухани дамыту, ұлттық мүдде, ұлттық намыс мәселесі бойынша да жұмыс жүргізуі керек деп есептейміз», – деді.

Мемлекеттік хатшы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтетін Мемлекеттік комиссия құрылатынын атап, қазақ тілін үйретудің ортақ мемлекеттік тұжырымдамасы дайындалып жатқанын жеткізді. Тұжырымдаманың мақсаты – үздіксіз білім беру арқылы мектептен ересек адамға дейін тіл үйретудің сапасын арттыру. Бұл жоба мемлекеттік тілді қажеттілік үшін үйретудің еліміздегі алғашқы қадамы болмақ.

Құрылтайда «Қазақ тілі» қоғамының атқарған жұмысының есебі тыңдалды. Қоғам филиалдарының басшылары: Қарағанды облысынан Темірғали Көкетай, Қызылорда облысынан Сәдуақас Аңсат, Парламент Мәжілісі депутаты Геннадий Шиповских, Нұр-Сұлтан қаласының делегаты Оразкүл Асанғазы, Алматы қаласынының делегаты Асылы Осман, ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса сөз сөйлеп, тіл төңірінде өткір ойлары мен ұтымды ұсыныстарын жеткізді.

Жиында Қоғамның Орталық кеңесі мен Басқармасының жаңа құрамдары сайланып, Бағдарламасы мен Жарғысы қабылданды. 18 адамнан тұратын Басқарма құрамына Сәдуақас Аңсат кірді. Делегаттардың ашық дауыс беруі арқылы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып Мемлекеттік тілдің дамуы үшін белсене еңбек етіп жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы сайланды.

Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде: «Қазақ тілінің мәселесін қазақ тілді ортада ғана талқылай бермей, орыс тілді ортада да талқылап, мемлекеттік тілдің маңыздылығын кей ағайындарға түсіндіру керек. Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін білуге міндетті», - дей келе, мемлекеттік тілді тұғырына толық қондыру бағытында жұмыс күшейетінін жеткізді. Сондай-ақ алқалы жиында А.Байтұрсынов атындағы Тіл  білімі институтының директоры Анар Фазылжанқызы мен Максим Рожин Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы вице-президенттері болып сайланды.

Жиын барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы Амангелді Айталы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, Мемлекеттік тілдің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Аңсат Сәдуақас Әбдіқадырұлы «Парасат» орденімен, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ғалым Анар Фазылжанқызы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ордендерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев салтанатты түрде табыстады.

Ана тілімізді қайтсек төрге шығарамыз деп жүрген ұлт пен тіл мүддесінің күрескеріСәдуақас Аңсаттың VI құрылтайда сөйлеген сөзін қаз-қалпында оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.


Құрметті делегаттар! Қәдірлі қонақтар!

Ақын Қадыр Мырза Әлінің «Шежере шаһар» деген өлеңінде:

О, Түркістан, шежіренің бітпес сенде басы бар,
Кешегіңді айтып берсем, келешегің ашынар.                                                                         
Жарақатты жауынгердің тамған сенде қаны бар,
Қарақатты қара көздің тамған сенде жасы бар – деп жазылған.

Осы өлеңнің әрбір сөзінде қорғасындай салмақ бар, найзадай жарқ-жұрт еткен тарих айтылған. Ахмет Яссауи кесенесінде жатқан ондаған хандарымыз бен жүздеген  билер бізге ұлан-байтақ жер мен ондағы ұлан-асыр байлықты және бүкіл түркі елдерінің тілі болып саналатын бай әрі көркем тілімізді аманат етіп қалдырды. Біз – солардың ұрпақтары,  осы ата-баба аманатын қандай деңгейде іске асырып жүрміз? Басқасын айтпағанда, бірнеше ғасыр есесі кеткен ана тіліміз тәуелсіз елде 30 жыл өмір сүрсек те неге бұрыннан тұлпардай желіп жүрген орыс тілінің жанында мәстектей болып жүр? Оны өзінің мемлекеттік мәртебесіне көтеру үшін құрылған Халықаралық «Қазақ тілі» деп аталатын қоғамдық ұйым неге тұралап қалды?  Осы мәселелерді талқылауы тиіс Жарғы бойынша 5 жылда өтетін Құрылтай неге 10 жыл бойы өтпеді?

Қоғамдық ұйымды осы тығырықтан шығару үшін біз - барлық өңірлердегі ұйым төрағалары - былтыр кезектен Құрылтайын өткіздік. Оған Асылы Осман апайымыз, белгілі қоғам қайраткерлері Амалбек Тшанов, Әбдіжәлел Бәкір, Маңғыстау облысынан Бектұр Тлеуғалиев және басқалар онлайн түрде қатысты. Құрылтай Қоғам басшылығына Алматы, Нұр-Сұлтан қалалық филиал төрағаларын және Қызылорда облыстық филиалының төрағасы - мені сайлап, бізге 2021 жылы Қоғамның VI Құрылтайын өз деңгейінде өткізуді тапсырды.

Бұл тапсырманы орындау жолын іздеп, сайланғандардың ішіндегі үлкені болғандықтан мен республика басшыларының біріне Қоғамдық ұйымның осы ахуалын жеткізуді жөн көрдім. Ой елегінен өткізе келе Қ.Көшербаевқа тоқтадым. Өйткені біз бір-бірімізбен кеңестік кезеңнен таныс едік. Оның үстіне ол Қызылорда облысына әкім болып келгенінде 96 пайыз қазақтары бар облыстағы қазақ тілінің жағдайында да көп олқылықтар бар екенін оған айтқанымда, Қырымбек Елеуұлы әкімнің Алқасында осы мәселені арнайы талқылаған еді.

Сонымен бұдан бірнеше ай бұрын мен Мемлекеттік хатшының қабылдауында болып, бұл мәселеге араласуын сұрадым. Нәтижесінде мәселеге Президент қолдау көрсетіп, бүгінгі Құрылтайға Мемлекеттік хатшы бастап, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысып отыр.

Құрылтайға  тілімізге шын жаны ашитын, оның болашағын қазақ ұлтының болашағы деп ойлайтын ұлтжанды азаматтар жиналғандықтан Сіздер мен біздерге бүгінгі жиын үлкен жауапкершілік жүктейді.

Құрылтай дегеніміз қоғам жұмысында қордаланып қалған мәселелерді жеріне жеткізе талқылайтын, тың ұсыныстар айтып, қоғам қызметіне серпіліс беретін жиын. Сондықтан «Ауруын жасырған өледі» демекші, осы Құрылтайда тіл тағдырына тірек болудағы «Қазақ тілі» Қоғамы жұмысының кем-кетігін ашып айтып, алдағы қызметіне жаңа серпін беруіміз керек.

Соңғы он жыл ішінде Қоғам жұмысы мүлде тұралап қалды. Қазақ қоғамын дүр сілкінтіп, тіл жанашырларын артына ерте алатындай, тіл тағдырына, оның қолданыс аясын кеңейтуге қатысты жаңа жобалар жүзеге асырылмады. Тіл мәселесі өткір тұрған бүгінгі күннің өзінде ол билік пен халықтың арасындағы алтын көпір болу қызметін атқара алмады. Тек өңірлердегі жекелеген филиалдар ғана өз беттерімен тіршілік жасап, бүгінгі Құрылтайға көтерем күй кешіп әрең жеттік. Көбінің шоттарында көк тиын жоқ. Бастарында арнайы отыратын орындары жоқ. Оларға бас ауыртқан жоғарыдағы басшылықты көрмедік. Біз облысымызда 9 қала мен аудандарда филиалдар аштық, олардың бәрінде де жүздеген бастауыш ұйымдарын құрдық. Солардың төлеген жарнапұлына филиалдар көптеген іс-шаралар өткізеді, 1, 2 штат ұстап отыр.

Облыстық филиал өз жанынан «Тіл сақшысы» атты газет шығарып, оны республика аумағына таратуда, құнды мақалалары құрастырылған «Тіл сақшысы – Намыс қамшысы» кітабін шығарып, оның қазір 15 томын таратудамыз. Қаржы қорына жылына ондаған миллион ақша түседі. Ал жоғарыда отырған Қоғам басшылығы ол газеттің бір данасын да жаздырып алмайды не оны басқа өңірлерге таратуға атсалыспайды.

Қоғам басшылығы Елбасының, Президентіміздің қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тіліне, яғни, еліміздегі барлық ұлт өкілдерін біріктіретін ұлы күшке айналдыру саясатын қолдау тұрғысында да әрекетсіз қалды. Мемлекет басшысының тіліміз өміршең болуы үшін оны ғылым тілі деңгейіне көтеру тұрғысындағы бастамасына, жалпы он жылдың ішінде қазақ тілінің қадірін көтеріп, қажетттілігін арттыратын бірде бір салмақты жоба ұсынуға қауқарсыз болды.

Президентпін деп жүрген (Е.Қажыбек) кісінің есебімен танысып шықтым. Ол Тіл білімі институтының жұмысы мен «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын ажырата алмай жүр. Институт тілдің теориясымен айналысып, оны терең дамыта берсін. Ал біздің ұйым барлық өңірлердегі облыстық, қалалық, аудандық филиалдардың жұмысын жолға қойып, барлық мекемелерде оның бастауыш ұйымдарын ашып, республика бойынша бір жұдырыққа ұйысқан белсенді қоғам етіп, жұртты мемлекеттік тілдің айналасына топтастыру үшін құрылған. 

Қазақ тілінің жай-күйін, бүгіні мен ертеңін айта берсек, ішімізде қазандай қайнап жатқан, күнді түнге соғып айтатын мәселелер көп. Алайда сол біз тілге тиек етпекші болып отырған проблемалардың басым көпшілігін жаңа Мемлекеттік Хатшы Қырымбек Елеуұлы өз баяндамасында айтып, оның шешу жолдарын да көрсетіп берді. Мемлекеттік хашының жетекшілігімен тіл мәселесін үйлестіріп отыратын комиссия құрылғалы отыр. Бұрын мұндай комиссия министрліктің жанында болғандықтан, оның әлеуеті қауқарсыз болатын. Мемлекеттік хатшының айтқандарын алдағы 5 жылдағы Бағдарламаға кіргізіп, қазақ тілі қоғамдағы өз орынын иеленуі үшін әрекет жасауымыз керек.

Сөз соңында бірнеше ұсыныс айтуға рұқсат етіңіздер:

Бірінші. «Тілдер туралы» Заңда: «мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лаузымдардың тізбесі бекітілсін» деп жазылғанды. Өкінішке қарай сол тізбе бүгінге дейін бекітілмей келеді. Заңды Үкімет ұсынып, Парламент талқылап, Президент бекітеді. Заңның халыққа өте қажет  осындай бабтары 24 жыл бойы орындалмаған. Мұны қалай түсінеміз? Бұл - көп мәселені шешкен болар еді. Ол баб іске асқанда әрбір сауда және басқа халықпен тығыз жұмыс жасайтын орындарында мемлекеттік тілде қызмет етпейтіндерден өз ана тілінде қызмет етуін талап еткені үшін жұрт зардап шекпеген болар еді;

Екінші. Бізден басқа көрші елдердің барлығы дерлік мемлекеттік тіл туралы заңын қабылдап алды. Біз әлі жалтақтап отырмыз. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйытқы бола отырып, жақын арада ақын, Қазыбек Иса бастаған тіл жанашырларының дайындап, Үкіметке тапсырған «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын Парламентке ұсынып оның қабылдануына ықпал етуіміз керек;

Үшінші. Жақында халық санағының нәтижесі шығады. Қазақ ұлтының үлесі кемінде 76-79 пайыз болады деген болжам бар. Ұсынысым: олай болса халықаралық қағидаға сүйене отырып,  бұдан былай қабылданатын заңдар мемлекетті құраушы қазақ халқының мүддесін қорғауы керек. Атқарушы, заң шығарушы және сот органдарының барлық іс қағазы толық мемлекеттік тілге көшірілуі керек. «Халық патшаның тілінде емес, патша халықтың тілінде сөйлесін!»-деген қағиданы жоғарыдағы басшылар берік ұстанулары тиіс!

Төртінші. «Жаман үйдің қонағы билейді» дегендей елімізде тіл мәселесін ішіміздегі басқа ұлт өкілдері қоздырып, оны сыртқы күштер қолдап саясаттандыруда. Осыған «Халық Ассамблеясы» неге үн қатпай отыр? Басқа ұлттарға, олардың  тіліне біздегідей қамқорлық басқа елдерде жасалып отырған жоқ. Орыс тілі бала бақшада да, мектептерде де оқытылуда. Орыс, аралас мектептерінің саны қазақ метептерімен тең десек болады. Олар өз қатарларынан Парламентке депутаттар сайлайды. Қазақстанның әрбір азаматы ұлты кім болса да еліміздің рәміздерін (гимінін, гербін, туын) қалай құрметтесе, мемлекеттік тіл болып саналатын қазақ тілін де солай құрметтеуі тиіс.

Оның үстіне әр өңірде тіл мәселесін көтеріп, өз ұлттық құқықтары мен ана тілін қорғап жүрген ондаған топтар бар. «Қазақ тілі» қоғамы солардың бәрінің басын қосып, Ассоцияция құрып, игі істе көшбасшылық миссиясын атқаруы тиіс. Қонақтарымыз билейтіндей біз жаман үйдің кейпінде болмай, өзімізді жұртқа сыйлата алуымыз керек.

Бұдан былай мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып ынтымақтаса қызмет етсек, «Қазақ тілі» қоғамы жанданып, соның арқасында тілімізді төрге шығатынымызға сенімдімін.

Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рақмет!

Нұрсұлтан Қазбек,

«Тіл сақшысы» газетінің жауапты хатшысы

Abai.kz

11 пікір