Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3522 0 пікір 22 Мамыр, 2012 сағат 12:45

Халықтың қаржылық сауаттылығын көтеруге мемлекет қана емес, жұртшылықтың өзі де мүдделі болуы керек

Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР экономикалық даму және сауда вице-министрі:

Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР экономикалық даму және сауда вице-министрі:

- Мәдина Ерасылқызы, бүгінгі әлем алда болуы мүмкін үлкен дағдарысқа өзінше қам-қарекет жасап жатқан сы­ңай танытады. Тіпті бұл дағдарыстан еш­бір мемлекет оқшау қала алмайтыны талай айтылды. Дегенмен қарапайым халық көп жайтты түсіне алмай отыр. Бұл не қылған созылмалы дағдарыс? Ол қайдан және қалай туындайды? Осының жайын қа­рапайым тілмен оқырмандарға түсін­діріп берсеңіз.

- Бүгінгі жаңа экономикалық тарихта пайда болған әрбір дағдарыстың эконо­микалық табиғаты да, олардың шығу тегі де әртүрлі болып келеді. Ал қазіргі таңда жер жаһанның мазасын алып отырған кезекті дағдарыс толқыны 2007-2008 жылдардағы қаржылық дағдарыстан және басқа да циклдік дағ­дарыстардан біршама ерек­шеленеді. Әлемдік даму деңгейіндегі 2011 жылдың қо­ры­тын­дыларына сүйенсек, дамы­ған ел­дердің құры­лымдық балан­сында үй­лес­пеушілік одан сайын шиеленісіп, 2007-2008 жылдардағы дағдарыс сал­дарынан қаржы жүйесінің әлі де оңал­мағаны, ең ақыры жаһандық эконо­микалық тұрақтылық нақты қалпына келмегені анық байқалды. Ал қазіргі уақытта әлемнің ең ірі экономикалары - Еуроаймақ пен АҚШ дербес қарыз дағ­да­рысына, сондай-ақ баяу немесе теріс (Еу­роаймақ жағдайында) эко­номикалық өсімге тап болып отыр. Яғни қисынсыз фискалды саясаттан туындаған ша­мадан тыс мемлекеттік қарызға бату тұрақ­тылықты теңселтіп, «экономика көш­басшы­лары» саналып келген елдерді тұ­қыртты.

АҚШ-қа келсек, кезінде мұхиттың ар жа­­ғын­дағы дәл осы елден «ипотекалық дағ­дарыс» бастау алған еді. Әлемді шай­қаған қаржы дағдарысынан кейін АҚШ жеке сектордағы өз шығындарын қысқартты және қайта қаржы­ландыру ставкасы нөлдік белгіге жақын бол­ғандықтан, ақша-несие саясаты арқылы жеке секторды ынталан­дыруға мем­лекеттің күші жетпеді. Сондықтан мемлекет осы жеке сек­тордың тапшылы­ғының орнын толтыруға және бүгінгі күнде ЖІӨ-ге шаққанда 100 пайыздан асып кеткен зор мемлекеттік қарызды амалсыз өсіруге мәжбүр болды.

Ал Еуропа жағдайына келсек, бұл аймақ­тағы кеп одан да күрделілеу. Өйткені бірыңғай еуро валюталық блогын құрудан кейін бәсекеге қабілеттілік деңгейі әртүрлі 17 елге бірдей қа­рыз алу талаптары қойыл­ған болатын. Осы­лайша, мәселен, пери­фериялық елдердің (Италия, Испания, Пор­тугалия, Грекия) обли­гациялары немістердікі сияқты пайыздық мөл­шерлемелермен са­тылды. Бұл елдерге капитал­дың ағылып келуі еңбек өндірісіне қайшы тұтыну­шылық серпілісті тудырды. Сосын баға­лар мен шығындар қоса өсті. Бұл өз кезе­гінде жа­лақыны өсіргенімен, өндірісті бәсекеге қа­білетсіз етіп тынды. Сөйтіп, 1999 жылы (евро енгізілгенге дейін) сауда балансы бір­­ша­ма теңдікте болған оңтүстік еуропалық елдердің сауда балансы мен ағымдағы опе­рациялар шоты үлкен тап­шылыққа ұрынды. Соның сал­дарынан аталған елдер бәсекеге қабілетсіз айырбас бағамымен экономи­ка­ның мүмкін­дігін шектен тыс тұтына бастады. Бұл бюджет тап­шылығына әкеп соқтырды. Осылайша, әлі күнге алмағайып заманды бастан кешіп отырған Грекияның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 164%-ына жетті. Қарызға белшеден батқан грек үкіметі борыш құры­лымын қайта қарауға және елдің дефолтын болдырмау үшін «Үштіктің» (Ха­лықаралық валюта қоры, Еуро­комиссия, Еуропалық Орталық банк) қар­жылық көмегіне жүгінуге тағы мәжбүр болды. Дегенмен еу­роай­мақтың басқа мемлекет­теріндегі жағдай да мәз емес. Мәселен, қазіргі уақытта Испа­ния­ға да Грекияның тағдырын қайталау қау­пі төніп тұр. Сөйтіп, Еуроаймақтағы пе­ри­фе­риялық елдердің қаржылық тұ­­­­рақ­­­ты­лығына қатысты инвесторлардың күмәндануы тәуелсіз (суверенді) обли­гациялар кірістілігінің жо­ғарылауына соқтырып, жағдайды одан сайын ушық­тырып жатыр.

- Яғни қазіргі Еуропаны айналшықтап жүрген дағдарыстың төркінін осы ел­дердің ортақ валютаға, Еуроаймаққа келуінен көруге бола ма?

- Расында, бірқатар сарапшылар осындай пікірді құптайды. Мәселен, Нобель лауреаты, экономист Пол Кругманның пі­кірінше, егер де ұлттық валюталарды сақ­тағанда, Еуроай­мақтағы перифериялық ел­дерге оңайырақ болатын еді. Бұл оларға девальвацияның көмегімен өзінің бәсекеге қабілеттілігін тез қалпына келтіруге мүм­кіндік беретін еді. Бы­лайша айтқанда, Круг­ман бүгінгі «еуродағ­дарыстың» бекі­тілген валюталық бағам мен икемсіз ақша-несие саясатының кемшіліктерін анық көр­сетіп отырғанын айтады, соны алға тартады. Де­генмен бұл бағытта пікірлер әр­қи­лы. Сон­дықтан әзірше Еуроаймақтағы оқи­ғалардың қалай өрбитіні белгісіз.

- Дегенмен қазіргі қиындықтарға қарамастан, аталған елдер өздерінің бә­секеге қабілеттілігін қайта қалпына кел­тіре ала ма? Жоқ әлде оларға Еуроай­мақтан шығуға тура келе ме? Сіздің пікіріңізді білсек...

- Бұл - нақты болжауы күрделі, болашағы белгісіз мәселе. Дегенмен мәселе тек ортақ валюталық саясатта ғана емес. Оған қоса, әлемдік жағдайды жұмыссыздықтың ре­корд­тық деңгейлері де одан сайын ушық­тырып жатқаны айқын. Мәселен, Еуроай­мақтағы шиеленіс әсерінен әлемдік эко­номикалық дағдарыстың созылып кетуі миллиондаған жастарды жұмыссыз қал­дырды. Жұмыссыздар Испания мен Гре­кияда - 50%, Португалия мен Италияда 30%-ға жетіп отыр. Бұл, шын­дығында, «абдыраған ұрпақтың» пайда болу қаупін тудырып отырғаны да жасырын емес. АҚШ-тың өзінде 3,2 млн адам бірнеше жылдар бойы жұмыс таба алмай жүргені бай­қалған. Сондықтан да жеткілікті жұмыс орын­дарын қамтамасыз ете алмайтын жағ­дайдағы елдерде әлеуметтік және эконо­микалық тұрақсыздық қаупі туындап отыр, ал қазіргі орын алып отыр­ған оқиғаларға қа­расақ, мұндай қауіптің жақын аралықта сейі­летіні көрінбейді.

Дегенмен ендігі кезекте ұзаққа созылған дағдарысқа жауап ретінде Еуроаймақ пен АҚШ бюджеттік шығындардың бірігуі мен әлеу­меттік төлемдердің азаюын ескеретін фискалдық шараларды қатайтатын қадам­дарға барып отыр. Бұл елдер ірі инвестор мен импорттаушы болғандықтан, олардың бюд­жетін біріктіру импортқа сұраныстың қыс­қаруына, сондай-ақ өтімділіктің төмен­деуіне алып келеді. Осының өзі шикізат пен қаржы нарықтарындағы жағдайдың және әлемдік экономикадағы жалпы несие конъюк­тура­сының нашарлауын тудыруы ықтимал. Осы факторлардың барлығы ел­дердегі эконо­микалық өсім қарқынына кері әсерін тигізетіні сөзсіз.

- Сөйтіп, бұл әлемдік экономиканың дамуына әсер етеді дейсіз ғой?

- Иә, солай десе де болады. АҚШ пен Еуро­аймақ экономикаларындағы қарыз мәселелерінің сақталуына байланысты, әлем экономикасының айтарлықтай бол­маса да, бірақ созылмалы бәсеңдеуі кү­тілуде. Біраз са­рапшылардың ойынша, осыншама күшке еніп, баланстық теңсіз­діктерін тудырып отырған құрылымдық мә­селелердің шешімі табыл­майынша, эко­номикалық өсім баяулай береді. Сондықтан да Халықаралық валюта қоры 2012 жылға әлем экономикасы өсімінің бол­жамын 3,5 пайызға дейін төмендетті. Мұның алдында Қор 4% өсім болады деп болжаған еді.

Осы тұрғыда айта кетейін, жалпы жаһан­дық жағдайларға қарамастан, Қазақстан сияқ­­ты дамушы елдер экономикасы да­мыған елдерге қарағанда біршама қолайлы жағ­дайда қалып отырғанын ескеруіміз керек. Бұл осы елдердегі қарыздардың біршама төмен деңгейде болуы және да­мушы әлемдегі сұра­ныстың жағымды бо­луымен тікелей бай­ланысты дүние. Ал мұндай үдерістің баршасы өз кезегінде батыстан келіп жатқан кері эко­номикалық әсерді жұмсартуға әжептәуір көмектесіп те жатыр. Осылайша, Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша 2012 жылы дамыған елдердің экономикасы - 1,4%-ға, ал дамушы елдердің экономикасы 5,7%-ға өспек.

- Біршама қолайлы жағдай бол­ғанымен, біздің де дағдарыстан оқшау қала алмайтынымыз айқын. Ендеше, Қазақстанның болуы мүмкін дағ­дарысқа қарсы қорғаныс қабілеті қан­шалықты? Әлемдік даму сценарийлеріне бай­ланысты елдің экономикалық тұ­рақ­ты­лығын сақтауда қандай мәсе­лелерге баса назар аударылуы шарт деп ойлайсыз?

- Дағдарыстың ықтимал екінші тол­қы­нына дайындығымыз жаман емес. Мұнай бағасы жоғары кезде жүргізілген жинақтау саясатының арқасында ел экономикасы елеу­лі қаржы әле­уетіне ие болды. Бүгінгі күні Ұлттық қордың ва­­люталық активтерін қос­қанда елдің жалпы халықаралық ре­зервтері 82,7 млрд АҚШ дол­ларын құрап отыр. Мұның өзі - үлкен күш. Сон­дықтан да жинақталған қар­жы әлеуеті эко­номиканың келешекте тұ­рақты дамуын қам­тамасыз етеді деген сенім мол. Бұл - бір. Екіншіден, дағдарыстың бір­неше толқынын бастан өткізген Қазақстан нарықтық қаты­настарға өз қатысын төмендете отырып, эконо­ми­ка­ның сауығуы мен нығаюы үшін дағ­дарысқа қарсы шаралар жүргізуде әжептәуір тәжі­рибе жинақтады. Жоғарыда аталып өткен­дей, әлем экономикасындағы жағдай аса тұрақсыз. Осыған байланысты Мем­­лекет басшысының тапсырмасына сәй­кес, Үкімет әлем эконо­микасы дамуының оптимистік, базалық және пессимистік сце­нарийлерін ескеретін дағ­дарысқа қарсы қа­дамдық жоспарын дайын­дады.

- Осы үш сценарийге тоқталсаңыз.

- Оптимистік сценарий әлемдік эко­номиканың қарқынды дамуын тұспалдайды. Осы сценарий бойынша Еуроаймақ ел­де­рінде борыштық мәселелер шешілетіні, же­ке сектордағы сұраныс пен дамушы ел­дерден импорттың қайта қалпына келетіні де бол­жануда. Сондай-ақ біз үшін жағымды сана­латын сценарийдің болжамына сәйкес, әлемдік экономиканың өсуі дағдарысқа дейінгі қарқындарға сәйкес келіп, орта есеп­пен 4,0-4,5% құрайды, мұнай бағасы баррель үшін 120 АҚШ долларынан жоғары болады.

Ал базалық сценарийде әлемдік эконо­миканың баяу, бірақ жүйелі түрде қалпына келуі, Еуропада дағдарысқа қарсы шара­лардың сәтті іске асырылуы болжанады. Әлемдік экономика орташа есеппен алғанда 3% қарқынмен өседі, мұнай бағасы баррель үшін 88 АҚШ долларына дейін төмендейді, бірақ 80 доллардан төмен түсіп кетпейді.

Үшінші - пессимистік сценарийге келсек, оны іске асыру кезінде дағдарыстың ушығуы мен жекелеген елдердің дефолты Еуроай­мақтың құлдырауына алып келеді. Әлемдік эко­номиканың өсуі орташа 2%-ға баяулайды, мұнай бағасы баррель үшін 60 АҚШ дол­ларына дейін төмендейді. Жалпы, дағдарысқа қарсы жоспар макроэконо­микалық тұрақ­тылықты қолдауға, экономи­каның қаржы және нақты секторларының тұрақтылығына, азаматтардың әлеуметтік саулығын қолдауға бағытталған. Бұдан бөлек, қаржы секторының тұрақтылығы екінші деңгейлі банктерді жеткілікті өтімділік көлеммен қамтамасыз ету бойынша Ұлттық банктің белсенді шаралары арқылы қолдау табатын болады. Өтімділіктің жоғары тапшы­лығы жағдайында Ұлттық банк пайыз­дық мөлшерлемелерді төмендететіні күтіледі.

Жалпылама айта кетерлігі, экономиканың нақты секторына қолдау жасайтын дағ­дарысқа қарсы шаралар республикалық бюджеттен қаржыландырылатыны белгілі. Бұған бюд­жеттен жеткілікті қаражат бөлініп, қазір тиімді тетіктер іске қосылып жатыр. «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту - 2020», «Ақбұлақ», тұрғын-үй құры­лысы, тұрғын үй-ком­муналдық шаруа­шы­лығын жаң­ғырту, кәсіпорындардың сауығуы, агро­өнеркәсіптік кешенді дамыту секілді бағ­дарламаларды жүзеге асыру да осының ай­ғағы. Жалпы, үкі­меттік жоспар­дың басты мақ­саты - ел эко­номикасының едәуір құлды­рауын болдырмау, эконо­миканы тұрақтан­дыру.

- Еуропа елдеріндегі дағдарысты білетіндер «кезінде дұрыс бағдар­лан­баған бюджеттік күйзеліс» деп те атап жүр. Бұдан Қазақстан қандай сабақ алуы тиіс?

- Расында, Еуроаймақтағы дағдарыс бюджет саясатын құру кезінде тиімсіз ша­ралар қолдану салдарынан мемлекеттік қаржыдағы ондаған жылдар бойы жиналған құрылымдық диспропорциялардың се­бебінен туындады. Атап айтқанда, эко­номиканың циклдігіне қарамастан, осы елдер проциклдік қағидатты ұстанып, тұ­тынушылық белсенділікті қолдау үшін экономикалық өсу моделінің ұзақ мер­зімді шығындарын өлшемей, фискалды ынта­ландыруды қолданды. Экономикалық өсу кезеңдерінде де осы елдер бюджет шы­ғындарын қарыз алу арқылы қаржы­лан­ды­руды тоқтатпады. Соңында бұл ша­ралар елдің ЖІӨ-ге шаққанда мемлекеттік қа­рыздың едәуір өсуіне алып келді. Уақыт өте келе қарыздар ауыртпалық туғызып, төле­меу­шілік, қарыздың қайтарымсыздығы мә­селелері пайда бола бастады, бұл өз кезегінде жалпы, қаржы жүйесінің тұрақ­сыздануына соқтыр­ды.

Қазақстан жағдайына келетін болсақ, әлемдік нарықтағы экспорттық тауарларға қолайлы жоғары бағалар, контрциклді фис­калды саясаттың принциптерін негізге ала отырып, біз өзіміздің қорларымызды ұл­ғайтып, бюджет шығыстарының ұлғаюына жол бермедік. Экономиканың қарқынды өсуі кезеңінде біз бюджет шығыстарын ұстап, артық шығыстарды елдің қорына ба­ғыттап, оларды тоқырау кезеңінде пай­даланып отырдық.

«Қазақстан қандай сабақ алуы керек?» дегенге келсек, біз үшін қазіргі уақытта қол­данып жатқан фискалды саясат ең оңтайлы болып тұр. Жоғарыда аталған себептерді негізге ала отырып, осы саясаттың басқа да­мыған елдер жүргізіп жатқан саясаттан айқын артықшылығы бар деуге болады. Еуроай­мақтағы дағдарысқа ұқсас жағдайды Қа­зақстанда болдырмау үшін әлеуметтік мін­деттемелерді орындау мен экономикалық өсуді қолдау арқылы бюджет тапшылығын оң­тайлы деңгейде қамтамасыз етіп, бюджет шығыстарының негізсіз ұлғаюынан қа­шуымыз керек.

Бұдан бөлек, 2020 жылға дейін мұнай пайдасынан тыс қалыптасатын республи­калық бюджет тапшылығын 3%-ға дейін қысқарту жоспарлануда. Бұл елдің мем­лекеттік қаржы тұрақтылығына қатысты әлем­дік баға конъюнк­турасының әсерін азайтуға жақсы мүмкіндік береді. Осының өзі түбінде қазіргі қолданып жатқан Ұлттық қорды жи­нақтау саясатының дұрыстығын тағы да дәлел­дейді. Менің ойым­ша, мұндай саясатты әрі қарай жалғастыру бүгін де, болашақта да елдің тұрақты эко­номикалық дамуына себепші болады.

- Кез келген мемлекеттің эконо­микасында сауда саясаты маңызды рөл атқаратыны белгілі. Осы тұрғыдан ал­ғанда сыртқы һәм ішкі саудаға қарай жаңа мүмкіндіктер ашуды белсен­діре түсу үшін қандай шаралар көзделеді?

- Расында, Қазақстанның сауда саясаты мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі бо­лып табылады. Ел Үкіметі Қазақстан Рес­пуб­ликасында сауданы дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағ­дар­ламаны қа­былдаған еді. Онда сауда саласын одан әрі дамытудың аса маңызды мәселелері айқын­далған. Осы бағдарлама шеңберінде сауда саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Тиісті заңна­малық нормалар да қамтылды. Ендігі күні сауда саласында, оның ішінде биржалық және электронды сауда саласын қоса алғанда, мемлекеттік саясатты қалып­тастыру бойынша жұмыстар жалғастыры­латын болады. Осының арқасында еліміздің сауда саласы жаңғырып, оны қазіргі ха­лық­аралық талаптарға сәй­кестендіруге мүм­кіндік береді және ең аз транзакциялық шығындармен тиімді тауар қозғалысына себептеседі.

Жалпы алғанда, 2010 жылғы 1 қаңтар­дан бастап Кеден одағы қызметін бастаған­нан бері Бірыңғай кеден тарифі іске қосы­лып, бірыңғай сыртқы сауда саясаты жүр­­гізіліп жатыр. Кеден одағы жұмысының алғашқы қорытындылары 2011 жылы шығарылды, осы кезең ішінде Қа­зақстан Республикасының Кеден одағы ел­дерімен тауар айналымы көлемінің 24,5 млрд АҚШ долларынан асып, 40,8%-ға ұлғайғанын көрсетіп отыр. Соның ішінде 2011 жылы Ресей Федерациясымен тауар айна­лымының көлемі шамамен 23,8 млрд АҚШ долларын, Беларусь Респуб­ликасымен 727 млн АҚШ долларын құрады. ЕурАзЭҚ шең­берінде Кеден одағында бір­ыңғай сыртқы сауда саясатын қолдану қа­жеттілігіне бай­ланысты Черногория Респуб­ликасымен сауда режимдерін бір­егей­­лендіру, мүмкін­дігінше еркін сауданың Еуропалық қауым­дастығы елдерімен және Жаңа Зелан­диямен пре­ферен­циалды сауда келісімдерін бекіту жұмыстары жалғасуда.

Ал қазіргі мәселелерге келетін болсақ, Қазақстан мен Сербия арасында еркін сауда туралы келісімге қол қойылды. Сирия, Вьетнам және Египет елдерімен еркін сауда құру мүмкіндігін зерттеу жұмыстарын да қолға алып жатырмыз. Сонымен қатар Парсы шығанағы елдерімен еркін саудада келісім жасасу мәселесі де қарастырылуда. Ал, жалпы ал­ғанда, Қазақстанның эко­но­микалық басым­дықтарының бірі ретінде еліміздің ДСҰ-ға кірігу үдерісін атап өтуге болады. Осы мақсатта отандық заң­на­маларды ДСҰ-ның келісім­дерімен сәй­кестендіруге келтіру саудадағы артық кедергілерді алып тастауға, сауда сая­сатының болжамдылығын және жария­лылығын күшейтуге, ал болашақта қазақ­стандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жетелейді.

- Қазақстан «ЭКСПО-2017» Халық­аралық көрмесін өткізуге тапсырыс жаса­ды. Осы­нау дүниежүзілік ауқым­дағы шараға байланысты мәселенің мән-жайын айт­саңыз. Үміткерлер арасынан Астананың озып шығуы үшін нендей қадамдар қарастырылып отыр?

- Осынау үлкен міндет шеңберіндегі шараларға қазақстандықтар да жан-жақты хабардар деп ойлаймын. «ЕХРО-2017» жо­басы шеңберінде 2011-2012 жылдарға ар­налған жұмыстарға байланысты Латын Аме­рикасы елдеріне: Бразилия, Мексика, Ве­не­суэла, Гайана, ОАР, Нигерия және Мароккоға сапарларға шықтық.

Көрменің 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін үш ай бойы өтетіні жоспарланып, бұған әлемнің 100-ге тарта елі қатысады деп болжанған. Бұл - Астананың дамуына қосымша серпін беріп, Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы жас және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде имиджін және танымал­дылығын арттыратын шара. Сонымен қатар халықаралық шара елдің одан әрі қарай дамуын ынталандыра отырып, көрме объектілері және Астананың инфра­құ­ры­лымына инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Қызмет көрсетуге мыңдаған жұ­мыс­шылар тартып, ішкі туризмнің дамуына және елге шетел туристері ағымының көбеюіне мүмкіндік береді, Қазақстанның экономи­калық-әлеу­меттік ресурстарын жұмылдырады. Сондай-ақ ЕХРО аясында салынатын объек­тілер болашақта Қазақстанды және оның астанасын ірі халықаралық, көрмелік және ақпараттық-таныстырылымдық алаң ретінде тануға жол ашады.

Жалпы, біз таңдаған «Болашақтың энер­гиясы» тақырыбы қазіргі заманғы өзекті және жаһандық маңызы бар тақы­рыптардың бірі, әлемдік қоғамдастықтар үшін аса маңызды. Әлемдік ғылым мен бизнестің көшбасшыларын бір алаңға топтастыратын аталған шара, энергетика саласының трендтері мен үздік әлемдік жобаларды таныстыратын алаңға айналып, жаһандық экологиялық қауіп-қа­терлер мен энергия жетіспеушілік мәсе­лелерін шешуге көмегін тигізеді деп үмітте­неміз.

Оқырманға айтарым...

Әлемдік экономикадағы қазіргі жағдай тұрақсыз және дамыған елдердің дағдарысқа қарсы қолданып жатқан шараларының нәтижесі қандай болатыны әзірше белгісіз. Сонымен қатар дамыған елдердің басынан өткеріп жатқан әлемдік қаржы дағдарысы мемлекетпен қоса, қарапайым үй шаруаларының әл-ауқатына, тұрмыс талайына да әжептәуір әсер етті. Мәселен, іскерлік белсенділіктің құлдырауы мен өндірістің тө­мендеуі жұмыс орындарының босауына соқтырды. Сөйтіп, бір кездері шалқыған еуропалықтардың нақты табысы жыл сайын төмендейтіні байқалады. Расында, бұған ұқсас жағдай Қазақстан экономикасын да айналып өткен жоқ. Дегенмен дер кезінде қолданған шаралардың арқасында Үкімет ғаламдық құлдыраудың жағымсыз әлеуметтік зар­даптарын жұмсарта алды. Алайда бүгінгі жаһандық дағдарыс, менің ойым­ша, отбасылық бюджеттің несие көлемін арттырмай-ақ, табыс көлеміне сәйкес келетін тұтынушылықты қамтамасыз ету үшін халыққа қаржылық тәртіпті сақтау керектігін анық көрсетті. Біз кез келген құбылыстан сабақ алып үйренуге тиіспіз. Сондықтан да мен өз тарапымнан артық ысыраптан аулақ болып, бар табыстарды орынды түрде қолдануға кеңес бергім келеді. Халықтың қаржылық сауаттылығын көтеруге мемлекет қана емес, жұртшылықтың өзі де мүдделі болуы керек.

Қанат ҚАЗЫ

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 770
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 580
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 478
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 490