Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Қауіп еткеннен айтамын 4762 14 пікір 28 Маусым, 2021 сағат 12:44

Дежавю: Талибан есік қағып тұр

Орталық Азия аймағының есігін "Талибан" қозғалысы қағып тұр. Тақтар ойыны сериалындағыдай "Солтүстік құлады". Талибан қозғалысы Ауғанстанның солтүстік аймағын тұтас өз бақылауына алды. Тәжік-ауған, түркімен-ауған, өзбек-ауған шекаралары тұтас талибтердің қолына өтті. Кей тұста ғана әскери бекеттер әлі қарсыласып жатыр, алайда ауған билігінің қауқарсыздығына қарап, әне-міне олар да лаңкестердің қолына өтері анық. 

Орталық Азия мемлекеттері дежавюды бастан кешіруде. Тура осындай жағдай 1996 жылы да болған еді. Талибтер Ауғанстан аумағының басым бөлігін өз қолына алып, Орталық Азия шекараларын бақылауда ұстады. Араға 25 жыл салып оқиға желісі қайтадан бұрынғы сарынға ауысқандай. Талибтер Ауғанстан аумағының 30%-дан астамын өз қолына алды. Солтүстік аймақта Құндыз бен Мазари-Шариф қалалары ғана билік қолында қалды. Лаңкестер екі қаланы қоршауда ұстап, оған көмек жеткізу жолдарын жауып тастауға барын салуда.

Ауғанстан билігі қарқынды қарсылық көрсете алмауда. НАТО әскері шығарылуда. Батыстық коалиция Кабулге көмек ретінде 1 млрд доллардың құнына тең әскери техниканы қалдыруда. Одан бөлек арнайы жасақтар мен ауған сарбаздарын да ұзақ жылдар бойы батыстық стандартқа сай дайындады. Дегенмен бұл дайындықтар содырларға қарсы белсенді соғыста айтарлықтай нәтиже бермеуде. Оған бірнеше себеп бар. НАТО әскері кеткеннен кейін, ауған сарбаздары лаңкестермен шайқаста жалғыз қалмақ. Олар өздерін бұрынғыдай қауіпсіздікте сезінбейді және сенімсіздік артқан. Талибан: "өз еркімен берілген сарбаздарға бостандық береміз", - деген ұсыныс тастауда. "Ал бас тартқан сарбаздар ұрыста қаза табады немесе қолға түссе атылады", - деп отыр. Бұл талаптары жауынгерлердің отбасыларына да қатысты. Екі ай ішінде батыстық коалиция толық шығарылған сәтте, 90-жылдар қайта оралып, лаңкестер ел аумағын толық басып алуы мүмкін. Сондықтан ауған сарбаздары Талибанмен соғысудан көп жағдайда бас тартады немесе қаруын тастап, лаңкестердің қатарына қосылады.

Талибан елдің солтүстік аймағын өзіне қаратты. Ол сәйкестік емес, стратегиялық қадам. Себебі Ауғанстанның солтүстік бағытын толық қаратса, үш елден ауған режиміне келетін көмек жолын қиып тастауға болады. Енді Кабулге көмекті тек қана әуе арқылы жеткізу мүмкін болмақ. Басқа жол жоқ. Лаңкестер ел астанасына келетін барлық жолдарды жауып жатыр. Қазірдің өзінде олардың ойын ұғу қиын емес. НАТО әскері толық шығарылғанға дейін өзге елдерден келетін көмек жолдарын басып алу, ал қыркүйекте батыс коалициясы шығарылған сәтте ел астанасына шабуыл жасау.

Ресейлік БАҚ пен билік Орталық Азия мемлекеттерін "Талибан қаупімен" қорқытып, үркітуде. Кремльдің ежелден қолданатын әдісі. Бұл әдісті қолдану үшін Мәскеу сәуір айында Тәжікстанның "Харб-Майдон", "Самбули" және "Момирак" әскери полигондарында 3,5 мың сарбаздың қатысуымен жаттығулар өткізген болатын. Мәскеу "оңтүстіктен төнетін қауіп" дегенді желеу етіп, Орталық Азиядағы ықпалы мен үстемдігін арттыруды ойлап отыр.

Сыртқы қауіп артқанда, ішкі өкпе-реніш ұмытылып, өзара бірігу процесі басталады. Қашанда солай болған. Су үшін соғысып, жер үшін қырқысып жүрген өзбек-қырғыз-тәжік билігіндегілер соңғы екі аптада бір-біріне қоңырау шалғыш болып кетті. Сағынғандықтан емес, амалдың жоқтығынан.

Алайда барлық қауіпті ескере отырып, Талибанның аймаққа кіруі екіталай екенін де ескерген дұрыс. Түймедейді түйедей етіп отырған Мәскеу. Түркімен билігі бейресми тұрғыдан талибтерге "салық" төлеп отыр. Тәжікстанда Ресейдің әскери базасы тұр, оның мерзімін тәжік билігі биыл тағы 25 жылға ұзартты. Өзбекстан бірнеше мәрте талибтермен ресми кездесулер мен келіссөздер ұйымдастырды. Осының барлығы да Орталық Азия елдері мен Талибан арасында қандай да бір ресми-бейресми келісімдердің барын көрсетеді.

Орталық Азияға қазіргі уақытта қауіптісі Талибан емес, "Талибан қауіпін" еселеу арқылы позициясын бекітіп алуға тырысып жатқан Мәскеу және өзге сыртқы күштер екені анық.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

14 пікір