Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Әдебиет 9384 25 пікір 21 Мамыр, 2021 сағат 14:14

Қазақ дүниеде біреу ғана. Оның әдебиеті де – біреу!

Спикер туралы: Бекқожа Жылқыбекұлы - ақын, әдебиеттанушы, Филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия Ұлттық унверситетінің профессоры.


– Бекқожа Жылқыбекұлы, әдебиет ғылымы – әдебиет теориясы, әдебиет тарихы және әдебиет сыны деп үш үлкен салаға бөлініп, зерттеліп, зерделеніп келе жатқан ауқымды ғылым екенін өзіңіз жақсы білесіз. Сіз жоғары мектеп оқытушысы ретінде осының қай саласына баса назар аударып жүрсіз?

– Әдебиеттану ғылымы ауқымды сала екендігін өзіңіз филология мамандығының түлегі ретінде өте жақсы білесіз. Кеңес Одағы кезінде қазақ әдебиетінің жоғарыда аталған салалары тың серпінмен көзге түсті десек, қателеспейміз. Алайда, әдебиет тарихы қатаң цензуралық шеңбер ішінде өмір сүрді. Ұлттық мәселе мен қазақтың дүние танымына, сенім-нанымына қатысты шығармалар мен ол жөнінде қалам тербеген қаламгерлер қудаланды, тіпті, жазушылар одағынан шеттетілді. Тек социалистик реализмшілдікті қару еткен қаламгерлердің жолы болды. Мағжан шығармаларының қол-аяғы тұсалып-маталып, Сәкен, Сәбит, Жамбыл секілді ақын-жазушылар жақсы дәріптелді. Ал, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ хандығы дәуірінен бергі Дулат Бабатайұлы секілді шығармасы шектелген ақын-жыраулар мен алаш арыстарының шығармалары қайта қолға алынып, кең көлемде зерттеліп, зерделене бастады. Алайда, қазіргі таңда олардың шығармаларының Алаш идеологиясының тұғыры екендігін мойындау мен дәріптеу жағы жоғары деңгейде қолға алынбай келеді. Сонымен бірге Абайдың шығыстық таным-түсінігі негізіндегі «Толық адам» тұжырымдамасы кең көлемде нәсиқатталмай жатыр. Осы мәселелер жүйелі түрде қолға алынатын болса, Қазақ елінің идеологиялық бағыты айқындала түсер еді.

Ал, әдеби сын мәселесі, Кеңес Одағы кезінде саясаттың шылауынан шыға алмады. Өйткені, әдебиет теориясы социялистик реалистік теориядан яғни орыс әдебиеттанушыларының сызған сызығынан, шеңберінен ары аттап баспады. Белинский, Чернышевский қатарлы орыс сыншыларының ситат сөзінсіз шығармалар талданбайтын болды. Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышының» теориялық негіздері тасада қалды. Сөйтіп, сын жанры мақтайтынды шаң жұқтырмай көке көтере мақтап, мадақтап, ал  даттайтынды ұрда-жық халге түсіріп, табанға салып таптап, шығармаларынан «таптық сана», «ұлтшылдық» іздеді. Ең өкініштісі, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де осы үрдіс күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқандықтан, сын жанры өзінің даму үдерісінің тың жолын таба алмай келеді. Қазір сын жанры тоқырау кезеңінде тұр немесе төсегінде талықсып ұйықтап жатыр деуге болады.                 

Әдебиет теориясынан сөз қозғасақ, әдебиеттің бұл саласы да көне шекпенін үстінен тастамай, өгіз аяңмен келе жатқан, кейісті саланың бірі. Олай дейтін себебіміз, Зәки Ахметтің «Өлең сөздің теориясы» мен Зейнелло Ғабдоловтың «Сөз өнерінен» асып түсетіндей әдебиет теориясын жаңаша тұрғыда пайымдап көрсеткен ғылыми еңбектің төбесі қазірше көрінбей тұр. Сол баяғы өлеңнің құрылымына ғана ерекше мән беріп, өлең өнерін зерделеумен бірге типтік образ жарату мен сюжеттік құрылым деңгейінен аса алмайтын, көне сүрдектегі теориялық негіздер әдебиеттанушыларға абстракттік ұғым мен натуралистік түсінік қалыптастырып келе жатқандығы жасырын емес. Оның үстіне көркем шығармадан әлі күнге дейін «өзекті ой» іздеп, оның поэтикалық сырының астарына жасырынған сезімдік тәжірибе сабаққа үңілмейтін зерттермендер легі арамызда әлі жүргендігі өкінішті. Ол, ол ма, көркем әдебиеттен ақыл-ой іздейтіндерге таңым бар?! Міне, осындай олқылықтардың ортасында өмір сүріп келе жатқан әдебиет теориясы, оның ішіндегі байыбына бару өте қиын болған өлеңтану назариясы (теориясы) менің қазіргі зерттеп-зерделеп жүрген басты тақырыбым десем артық айтқан болмаймын. Жалпы алғанда, әдебиеттанудың теориялық ғылыми негізі жаңармай, әдебиет тарихы да, сыны да кемеліне келмейді. Сондықтан әдебиеттану саласындағы оқу-оқыту жүйесінде жаңашылдық негіздегі оқулықтар мен оқу құралдарын кешенді түрде ғылыми айналымға түсіруді қолға алу керек. Сонда ғана нағыз әдебиеттанушылар қосыны қазақ руханияты әлемінің мәйегі болған бұл саланың қозғаушы күші бола алады әрі әдебиеттану ғылымы да ұлттық сана негізінде бір жүйеге түседі деп ойлаймын.

Кеңестік идеология қаламгерлерді «тапсырма орындаушы қолбала» ретінде пайдаланды

Кеңестік идеология мен социалистік реалистік әдебиеттің негіздері қаншама талатты қазақ қаламгерлерінің ойына оралғы, қаламына тұсау болғаны белгілі. Қалай десек те, олар өзі жасаған қоғамның бұралаң жолын басып өтіп, әр дәуірдің күңгейі мен теріскейін бейнелеген, социалистік түс, таптық сипат алған шығармаларды молынан жазып кетті. Бұл, сол бір заман қалыптастырған қазақ әдебиетінің айқын көрінісі. Сондықтан бұдан кінәрат іздей бергеннен гөрі, тарихи тұрғыдан әр шығарма лайықты бағасын алғаны дұрыс болар деп ойлаймын. Сіздің ойыңызша қалай?

– Кеңес Одағы кезеңінде қаламгерлерге, әсіресе, Жазушылар Одағының мүшесі болған ақын-жазушыларға өте тиімді жағдай жасалғаны шындық. Қаламгерлердің «Қаламгерлер үйі» болды, көңілі қаласа да, қаламаса да осы үйге барып жайғасып, жатып жазатын. Социалистік еңбек адамын жазу үшін болатын сапарларда абройлы, көңіл күйі көтеріңкі болумен бірге қаламақылары өте жоғары болып, сол арқылы әл-ауқатын жақсартып алған қаламгерлер шоғыры көп болғаны жасырын емес. Алайда, оларды Жоғары Кеңестік идеология басқармасы қаламгерлерді «тапсырма орындаушы қолбала» ретінде пайдаланғаны да өтірік емес. Олардың айтқанына көнбей, айдағанына жүрмей, сызған сызық, шеңберінен шығып кеткен, мойнына құрық салдырмаған Мұқағали Мақатев сынды ақын-жазушылар Жазушылар Одағының мүшелігінен «қуаланды» болғаны да ақиқат. Бұл нені білдіреді? Әрине, Кеңес Одағы кезеңіндегі әдебиетте өте сұмдық цензура болғандығын дәлелдейді. Сондықтан Кеңес Одағы кезеңіндегі қазақ әдебиетін шектемелі шеңбер ішінде шексіз дамуға ұмтылған, жанкешті әдебиет деуге болады. Өйткені, Ленин, Сталин сынды күн көсемдерді мадақтаудан және компартияны жырлаудан қолы бір тимеген қаламгерлерден тыс, бетін идеология бояуымен жылтыратып, астарында алапат ұлттық теңдікті, тәуелсіздікті аңсайтын, ата-бабамыздың өткен тарихын түгендеп, руханый болмысын жоқтайтын Мұқтар Әуезов пен Ілияс Есенберлин қатарлылардың тарихи романдарымен қоса Бердібек Соқпақбаев, Оралхан Бөкей шығармашылығы айналасындағы саясатқа оңай-оспақ ноқта-жүген салдырмайтын, көркемдік көкжиегі кең, шұрайлы шығармалар легі жарыққа шыққандығын да мойындамауға болмайды.

Ал, тәуелсіздік қолымызға тиген бұл күнде сол солақай замана тудырған «Мадақ әдебиетінің» майталмандарының шығармалары қоқыр-қоқсық үйіндісіне кетті де, ал ұлтық ой-саналық түйсігі бар, сырлы эстетикалық ирімге бай, өзіндік көркемдік өресімен оқырмандарын тәнті еткен шығармалар Қазақ Кеңес әдебиеті тарихынан мықтап орын алды. Олар әдебиеттанушылар жағынан өзіндік бағасын алып, ғылыми айналымға қосылды. Өйткені, ондай көркем әдебиетке тән поэтикалық мәні бар әдеби шығармалар қашан да жерде қалмайтындығы анық. Әдебиеттанушы Серік Қирабаевтың сөзімен айтқанда: «Кеңестік идеология құлады деп, ол дәуірде туған жарамды әдебиет туындыларын жаппай жамандаудан сақ болуымыз керек». Алайда, көркемдік өресі өте төмен, жарамды емес шығармаларды қазақ әдебиеті тарихына кіргізуіміз керек деп, оны тықпалаудан да аулақ болуға тиіспіз. Өйткені, біз қазір тәуелсіз елміз. Дүниетанымдық, ұлттық саналық, эстетикалық көзқарасымызда ерекше бұрылыс болғандығын естен шығармамағанымыз жөн.

Ал, сіздің «бұдан кінәрат іздей бергеннен гөрі, тарихи тұрғыдан әр шығарма лайықты бағасын алғаны дұрыс болар» дегеніңіз, кезінде әдеби шығармашылықтың саяси өлшемдерімен «өрелі шығарма атанған» әсіре қызыл шығармаларды меңзесе керек. Ондай шығармалар әдебиет теориясының шығармашылық шындық таразысынан, көркемдік өлшемдерінен және дара стильдік тұғырынан ауылы өте алыс жатқандықтан, оларды маймөңкелеп, жалпақ шешейлікпен көркем шығармалар қатарына қосу ар-намыстың айнасы болған әдеби жасампаздыққа жасалған ауыр қиянат деуге болады. Сондықтан том-том кітабы бар Кеңес Одағы кезеңіндегі қаламгерлердің шығармаларын қатаң сүзгіден өткізбей тұрып, оның сол кездегі атақ-даңқының буымен қайта-қайта жылтыңдатып, баспадан шығара бермей, сұрыпталған, өзіндік көркем ізденісі бар шығармаларын таңдап алып, пышақтың қырындай болса да таңдамалы шығармалар жинағын ойлы оқырмандарға ұсынуды қолға алған жөн болар еді. Егер олардың бірде-бір шығармасы қазақ ұлтының көркемдік талғамы мен көркем әдебиеттің қабылдау эстетикасының өлшемдеріне сай келмейтін болса, «өз обалы өзіне» деген ұстаныммен, болашақ оқырмандарды алжастырып, оларды «ақын-жазушы еді» деп, жар салудың қажеті жоқ. Бұл арада мен шығармашылық еңбекке деген жауапкершілік қаламгер жағынан мәңгілік кепілдендірілсе ғана, оның шығармасы өміршең болады деген ұстанымды қолына қалам алып жүрген жас талапкерлердің есіне салып кеткім келеді. Осы орайда бір күндік атаққұмарлық мың күнді шатақ қыларлық әуреге айналатындығын ұмытпау керек.

Абай ең алдымен «Толық адам» тұлғасын қалыптастырушы философ

– Жалпы қазақтың жазба әдебиетінің қалыптасу мен дамуына классикалық орыс әдебиетінің де ықпалы зор болғаны рас. Кеңес дәуіріндегі әдебиеттанушылардың пікіріне үңілсек: «Қазақтың ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы демократтық әдебиеті де негізінен орыс әдебиетінің озық дәстүрінен үйреніп, қазақ халқы өмірінің шындығын суреттеу арқылы ұлттық өнер мен өз идеяларын байытты. Ы.Алтынсаринның, Ш.Уәлихановтың, А.Құнанбаевтың әдеби-қоғамдық көзқарасы тікелей орыстың революцияшыл-демокрттық ой-пікірінің әсерімен қалыптасты. Әсіресе, Абай творчествосында әдебиеттің халықтық мәселесі жаңаша қойылды, ақын көркем сөздің халық өмірі мен қоғамдағы орнын дұрыс бағалады. Абайдың шығармаларындағы азаттық ойлары, реалистік бейнелеу үлгілері, гуманизмі, орыстың прогресшіл әдебиеті дәстүрінің жемісі. Абай дәстүрін ХХ ғасырдың басындағы демократтық әдебиет өкілдері ары қарай дамытты. Олар халықтың әлеуметтік теңсіздікке қарсылығын тереңірек жырлап, жаңа заман кейіпкерлерінің тың образдарын жасады. Ескі көзқарасты сынап, қазақ қоғамындағы қайшылықтарды жан-жақты бейнелеуге тырысты» («Қазақ совет әдебиеті», 10-сынып оқулығы, 8-9-бет) дейді. Бұған сіздің алып-қосарыңыз бар ма?

– Бұл арада біз Абай ең алдымен ақын ба, әлде философ па? – деген сұраудың басын ашып алуға тура келеді. Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқып отырсақ, біз оның поэтикалық шындық пен эстетикалық ой-қиял тұжырымынан гөрі, пәлсапалық ой ұшқырлығына баса назар аударғанын байқаймыз. Оның өлеңдерінде образды суреткерліктен көрі, ақыл айту, арнау, жоқтау және өзінің пәлсапалық ой-толғамын білдіру секілді өлеңдер көркемдік амалдарсыз, тек үйқас пен ырғақтың ыңғайы негізінде бейнеленгендігін аңғара аламыз. Сондықтан Абай ең алдымен «Толық адам» тұлғасын қалыптастырушы философ болып көзге түседі. Одан соң барып ол ақын. Өйткені, Абай өзінің айтпақшы болған ой-толғамдарының басым бөлігін ойды тақпақтап жеткізу тәсілі арқылы оқырмандарына төкпей-шашпай жеткізген. Сол себепті Абайдың «дарынды өлеңдеріне» қарағанда «сарынды өлеңдері» мол. Ал «Қыс», «Жаз» секілді көркем образдылығы мен эстетикалық талғамы жоғары «дарынды өлеңдер» мен кейбір «сарынды өлеңдерінің» ішінде «дарынды өлеңге» тән шұрайлы шумақтар саусақпен санарлық қана. Міне, осындай нақтылы фактінің өзінен біз Абайдың шығармашылық тұлғасын оның пәлсапалық ой-толғамы мен поэтикалық көркем образды талғамы негізінде жеке-жеке зерттеп-зерделеуді қолға алуымыз керек секілді. Оларды бір-бірімен арластырып жіберетін болсақ, онда күнгіртікке бой алдырамыз да, әлем алдында ақыны мен ойшылының ара-жігін ажырата алмайтын ұлтқа айналып қаламыз.

Ал, Абай шығармашылығының қайнар көзі қазақ ауыз әдебиеті мен жыраулық дәстүр, сондай-ақ шығыс әдебиетінің үлгілері және орыс әдебиетінің озық шығармалары болғаны жасырын емес. Алайда, оның сәби кезінен бастап тәлім-тәрбие алғаны, ұстазы қазақ халық ауыз әдебиеті болғаны шындық. Оның шығармашылықта есейіп, ержетуінің тұғыры немесе іргетасы ауыл арасындағы ақындық мектеп пен жыраулардың өршіл жырлары болғаны да бізге белгілі. Одан соң барып хат танып, жазу жаза бастаған соң, медреседе шығыс әдебиетінен шындап суысындап, өз шығармашылығының қаңқа қабырғасын қалағандығы да анық. Ал, орыс әдебиетінің классиктерімен танысуы әбден есейіп, ержетіп, ақыл тоқтатқан соң ғана болды. Сондықтан «Абайдың шығармаларындағы азаттық ойлары, реалистік бейнелеу үлгілері, гуманизмі, орыстың прогресшіл әдебиеті дәстүрінің жемісі» деу өте артық айтылған пікір. Өйткені, Абай сынды ойшыл, кемеңгер тұлға Қазақ хандығы секілді дербес хандықты армандамады, қара өлең үлгісінің бейнелеу тәсілдерін өз өлеңдерінде қолданбады, қазақ халқының немесе адамзат баласының азаттық, теңдігін аңсамады дегенге кім сенеді?! Бұл арада Кеңес Одағының саяси идеологиялық пиғылының иісі мүңкіп тұрғандығы белгілі. Кеңес Одағы кезінде «Ұлттық» және «Шығыс» деген атаулардың қатаң шектемеге ұшырағандығы жасырын емес. Сол себепті Абай шығармашылығындағы оның ой-қиял әлемін орыс мәдениеті және әдебиетімен байланыстыра зерттеп-зерделемеу – барса келмеске барғанмен бірдей болатын жағдай екендігін өткелден өтіп алған біз дұрыс түсінуіміз керек.

Абайдың исламшыл да, орысшыл да емес, тап-таза Алаштық рухы «Толық адамда» анық көрініс табады

Абай жасампаздығына үңіліп отырсаңыз діни түс алған өлеңдері мен қарасөздері кездеседі. Бұл ақынның бала кезінде ауыл молдасынан, кейін Семейдегі медресседен үш жыл діни білім алғанынан болса керек. Кейін орыс тілін үйреніп, орыс әдебиетін оқып, орыстың білім, ғылымымен таныса бастағаннан кейін, ол:

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім,

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,

Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?!» – деп өзінің бала кезінде нағыз  білім мен ғылымнан нәр ала алмағанына қатты өкінген секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Абай қазақ халқының салт-санасы мен діни наным-сенімінің қаймағы бұзылмаған қоғамдық, әлеуметтік ортада есейіп-ержеткендігі бәрімізге мәлім. Қазақ халқының салт-санасының өзі ұшан-теңіз білім мен қағида, жол-жосынның қатпар-қатпарынынан құрам табатындығын қазіргі жастар ұмытып барады. Әне сол ортада өсіп-өнген Абайдың ой-қиялы қазақ мәдениеті ортасынан орыс мәдениеті шеңберіне ауыса бастағанда екі мәдениеттің артықшылық-кемшіліктерін өзара салыстыра отырып, біздің тек гуманитарлық ғылымдарға ғана назар аударып, жаратылыстану ғылымына, әсіресе, техникалық ғылымдарға немқұрайлы қарағандығымызды байқаған. Бұл салалардың адамзат тұрмыс-тіршілігінің ауыртпашылығын жеңілдетуде орасан зор рөл ойнайтындығын аңғарған. Сол жаратылыстану ғылымы мен техникалық ғылымдардың маңыздылығын жас кезінде аңғармай, оған ден қоймағанына налыған Абайдың бұл ойы қазақ даласында мал өнімдері мен ағаш өнімдерін өңдеуде және ауа райын алдын ала болжай алатын жақтардағы салыстырмалы түрде озық қазақ халқының ғылымы мен технологиясын жоққа шығарғандай болады. Бұл қазақ даласында ғылым-білім жоқ дегендік емес. Әр ұлттың қоршаған ортасы мен тұрмыс-тіршілігіне қарай ғылым-білімі, ілімі болды деген сөздің Абай ой-қиялында дами түсіп, өз ел-жұртының бір сарынды тұрмыс-тіршілігіне көңілі толмай, соған орай ел-жұртына арнап айтқан жарлығы секілді. Абайдың бұл ойына қарап, нақтылап айтқанда, «ғылым-білімнің бәрі орыста» деген пікірін негіз ете отырып, оны орысшыл деуге болмайды. Қайта өз халқын ғылым-білім үйренуге қайраған қайраткерлік рухын терең түсінуіміз керек. Кеңес Одағы Абайдың осы бір ой-пікірін пайдаланып, қазақ халқын құлданудың тың жолын ашты. Сол арқылы олар қазақ даласын жабайылар даласы, ал өздерін өркениеттің бесігі санады. Қазақ халқы осы бір ой-пікір негізінде орыс идеологиясының ирімінде 70 жыл бойы тұншығып, мең-зең күй кешті. Ал бүгін жол басқа, жора басқа.

Тағы бір айта кететін мәселе, татар молдалары да ислам дінінің көлеңкесінде араб мәдениетін дәріптеумен бала Абайдың тілі мен діліне едәуір әсер еткені белгілі. Оның көріністері ретінде Абай қара сөздері мен өлеңдеріндегі араб, парсы сөздері мен исламдық түс алған ой-пікірлерін көлденең тартуға болады. Тіпті, кейбіреулер оның шығармашылығы мен өмірбаянын осы бір болымсыз фактілер арқылы ислам дінімен қатыстырғысы келеді. Абай ислам дінін қазақтың салт-санасы негізінде көшпенділер өркениетіне бейімдеп қабылдағандықтан, оның татар молдаларының тығырығынан шығу барысындағы дүниеттанымдық жандүниесінің ішкі қайшылық-қақтығыстарына негізделіп, оны ислам дінінің мүриті ретінде қарастыру жаңсақ ұғым. Абайдың исламшыл да, орысшыл да емес, тап-таза Алаштық рухы оның «Толық адам» сынды пәлсәпалық ой жүлгесінде анық көрініс табады. Бұл тәуелсіз еліміздің ұлттық идеологиялық бағыт-бағдар тұғырын қалыптастыруда өте маңызды рөл ойнайтын түйін. Қалай деген күннің өзінде де, Абай мәдениетаралық қарым-қатынастар тоғысында есейіп-ержеткен күрделі тұлға. Сондықтан оның араб мәдениетіне бой ұсынып, орыстың жаңашылдыққа бет алған ғылым-біліміне тамсана қарайтындығы сөзсіз. Оның арғы жағында бастыс өркениеті жатқандығын Абай сезсе де, сезбесе де, оған бала кезінен бастап терең бойлай алмағандығына қатты өкінетіндігі тәбиғи құбылыс. Өйткені оның балалық және бозбалалық шағы татар имамдарының ықпалында қанағатшылдықпен, тәубешілдікпен өтіп кеткен еді. Бұл, әрине, Абай үшін орны толмас өкініш болатындығы сөзсіз.

Қазақ деген ұлт дүниеде біреу ғана болғандықтан, оның әдебиеті де – біреу

– Қазақ әдебиеті қазақтың құрақ көрпесі секілді елестейді маған. Мұны мен неге былай айтып отырмын, себебі, қазақ әлі дүниежүзінде тарыдай шашырап жүр. Басқасын айтпағанда, Қытай қазақ әдебиеті, Моңғолия қазақ әдебиеті және ТМД елдеріндегі қазақ әдебиеті бар. Жалпы, қазақ әдебиетін осылай жік-жікке, әр елге бөлгеніміз дұрыс емес секілді. Осылардың бәрін бір арнаға құйып, тарихи кезеңге бөліп зерттей алсақ, «Қазақ әбейеті» айдыны кең теңізге айналмаса да, үлкен өзенге айналған болар еді. Бұл бір, екінші бір мәселе – әдебиет тарихы бұрын Кеңестік қазақ әдебиеті болса, қазір Тәуелсіз қазақ әдебиеті дүниеге келеуі керек қой. Мұның бәрін зерттеп, зерделеу, ғылыми айналымға түсіру жағы қалай болып жатыр?

– Қазақ деген ұлт дүниеде біреу ғана болғандықтан, оның әдебиеті де – біреу әрі бірегей болуы керек. Өкінішке орай, қазіргі таңда қазақ ұлтын және оның рухани әлемін бөлшектеп көрсету империялық пиғалдағы елдерге әлі қажет болып тұрғандығы белгілі. Сол қатарда Кеңес Одағы кезінде қалыптасып үлгірген қазақ әдебиетіндегі «бөлшектену» күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Өйткені, көркем әдебиеттің ол кездегі бірден-бір өлшемі – саяси-идеологиялық өлшем болған. Саяси-идеологиялық бағыттан ауытқыған көркем шығармалар мен қаламгерлер қатаң шектемеге ұшыраған әрі қудаланған. Бұл біріншден, қаламгерлердің еркін шығармашылық қимылына тұсау салатын болса, екіншіден, жершарында тарыдай шашылып жүрген қазақтар мен қазақ әдебиетінің біртұлғалануына кедергі келтірді. Нақтылап айтқанда, қарашаңырақтың отауды менсінбеуі, отаудың қарашаңыраққа тәуелді болуын қалыптастырды деуге болады. Сөйтіп, жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде «Шетел қазақ әдебиеті» немесе «Қытай қазақтарының әдебиеті», «Моңғолия қазақтарының әдебиеті» қатарлы арнаулы дәрістер тәуелсіздік жылдары оқытылатын болған. Бұл үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып тауып келе жатқандығы белгілі.

Егер біздің қазақ бөлініп-бөлшектенбейтін біртұтас ұлт болатын болса, онда біртұтас қазақ әдебиетін қалыптастыруымыз керек. Өйткені, шетелдегі әдебиетші, қаламгерлердің ішінде нағыз ақын-жазушы ретінде мойындалатын шығармашылық топ көп емес. Мысалы, Қытай жерінде туып өскен көрнекті жазушылар Қажықұмар Шабданұлы, Қаусылқан Қозыбайұлы, Оразхан Ахметұлы, Жұмабай Біләлұлы, Омарғазы Айтанұлы, Мағаз Разданұлы, Жәнетхан Тұтқабекұлы, Задахан Мыңбайұлы, Жақсылық Сәмитұлы, Серік Қапшықбайұлы, Тұрсынәлі Рыскелдіұлы, Қажыбек Төтекин және Моңғолия жерінде туып өскен Кәкей Жаңжұңұлы, Зүлкәпіл Мәулітұлы, Кәп Құмарұлы, дарынды ақын Сұраған Рахметұлының шығармалары қазақстанда туып өскен қайсы бір жазушы ақындардың шығармасынан кем деп ойлайсыз? Байырғы ата-бабамыздың қонысы болған, қазір шетел атанып жүрген жерде есейіп-ержетуі ғана оларды үйірінен бөліп тұрғанымен, шығармашылық шырайы, ойлау жүйесі мен тіл қолдану шеберлігі және тұрмыс-тіршілігі қазақ еліндегі қаламгерлерден бөліп қарастыратындай өзгеше емес. Сондықтан, өзің айтқандай қазақ әдебиетін құрақ көрпе секілді алалап, жалалап отырған өзіміз. Мұндағы бір мәселе, қазақ әдебиеті дүниенің қай бұрышында дүниеге келсе де, оның көркемдік өресі шынайы шығармашылық шырайымен өз оқырмандарын мойындатып жатса, оған «ат қойып, айдар тағып» алалап, бөліп-жарып жатпай, жалпы қазақ әдебиеті тарихының құрамына көп ойланбай, енгізу керек. Өйткені, шетелде тұратын немесе сонда туып есейген қаламгерлердің де илейтіні сол баяғы бір қазақ руханиаты болған қазақ әдебиетінің пұшпағы, оны бөліп-жаруға келмейді. Тілдік тұрғыдан алсақ та олар өзге тілде емес, тек қазақ тілінің сөздік қорын молайтуға үлес қосып келеді. Бұл тәжірибе Қытайдың «Осы заманғы әдебиет тарихында» қолданылып жүр. Олар Тайуан, кезіндегі Ганконк тағы басқа алыс шетелде тұрып, қытай тілінде және басқа тілдерде жазатын жазушы ақындарын қытай әдебиеті тарихынан мүлде шеттетпейді. Бөлінгенді бөрі емес, түлкінің өзі жеп қоятын бұл заманда. Қазақ рухани әлемінің біртүтастығы бізге ауадай қажет.

Ұлттық әдебиетіміздің өресі Кеңес Одағы тұсындағы әдеби шығармашылықтың деңгейіне әлі жете алмай отыр

Бізде бір жаман әдет бар, қит етсе болды суаяғы құрдымға кеткен Кеңес Одағына бар кінәні үйіп-төгіп шыға келеміз. Қазақ елі тәуелсіздік алған 30 жылдан бері етек-жеңімізді жиып, өз қотырымызды өзіміз қасып келе жатқан жоқпыз ба?

– Иә, бұл дерт бүгін пайда болған дерт емес, сол суаяғы құрдымға кеткен Кеңестік жүйеден бізге мұра болып қалған дерт. Бізден ауру кетсе де, әдет кетпей, артымыздан қалмай, салпақтап еріп келеді. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін, қаламгерлердің қол-аяғы кеңіп, идеологиялық шектемелі шеңберден шыққандықтан, «Парасат майданы» секілді тың туындылар дүниеге келгендігін жоққа шығара алмаймыз. Алайда, шерік ғасырдан астам жалғасқан өтпелі дәуірде Кеңес Одағының әдеби шығармашылығынан мұра болып қалған прозадағы «Ертекшілдік» пен өлеңдегі «Бірсарындылық» ауыруынан айыға алмай келе жатқандығымыз, әрине, өкінішті. Оның басты себебі, біздің қаламгерлеріміздің іздену арқылы жаңа шығармашылық үрдіске тың теориялық негізбен кіре алмай жүргендігінде. Одан қала берді «жең ішінен жалғасқан әдеби шығармашылықтағы жемқорлық», нақтылап айтқанда, қаламгерлердің шығармашылық ағым бойынша емес, жершілдік, рушылдық және билік негізіндегі топшылдықтың асқынуы мен шығармаға шынайы сын-пікір берудің орнына, қаламгерлеріміздің жоғарыдағы топшылдық жүйесі бойынша бір-бірінің таныс-білістік, дос-жарандық байланысын шығармашылыққа сүйреп әкеліп, өтірік мақтау немесе кек алу сипатындағы «Сұлатып түсіру» амалдарына беріліп кетіп, шынайы шығармашылықтың көркемдік өлшемінен алыстауын атап өтуге болады. Мен бұл ойымды не үшін айтып отырмын? Әрине, Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет Кеңес Одағы кезіндегі әдебиеттен өзгеше, ұлттық сипаттағы жаңғырған, жаңарған бейнеде болу керек еді. Ең өкініштісі, ұлтық әдебиетіміздің өресі сол Кеңес Одағы тұсындағы әдеби шығармашылықтың деңгейіне әлі жете алмай отыр. Жалпы әдеби шығармалардың ақ-қарасы, асылы мен жасығының аражігі әлі толық ажыратылмай келеді. Кеңес Одағын жырлап, оның сойылын соққан жазушы-ақындар «Әдебиет тарихы» пәнінің оқулығынан әлі алшақтаған жоқ. Тәулсіздік дәуірдегі әдебиет те дәл Кеңес Одағы дәуірінің әдебиеті секілді көркемдік көкжиегінің кеңдігімен емес, мазмұнының жалаңдығымен жан бағып, күн көріп жүр десек, асыра айқан болмаймыз. Әрине, оқырмандарын тәнті ететін, нағыз әдеби шығармашылықтан туған туындылар жоқ деп айтудан аулақпыз. Оны зеттеп-зерделейтін жаңаша теориялық көзқарас-ұстанымдағы мамандардың өте тапшылығы мен ғылыми орталықтардың қолдап-қуаттамауының кесірінен, Кеңес Одағы кезіндегі әдебиет пен Тәуелсіздік дәуіріндегі шығармашылық жүйелі түрде толығымен ғылыми айналымға түсті деп айта алмаймын. Ғылыми айналымға түсті деген күннің өзінде де, жеке зеттермендер мен мамандардың бір тұлғалы емес, жалғаған жіптей үзік-үзік оқулықтары мен оқу құралдарын ғана атап өтуге болады.

Кеңес заманындағыдай газетке жазылатын оқырман қазір жоқ

– Қазақ әдебиетінде «жершілдік», «топшылдық», «рушылдық» және «билікшілдік» деген секілді «шілдіктер» өнердің әр саласын дендеп алғаны рас. Оның үстіне көптеген қаламгерлер сол таптауырын болған Кеңестік социалистік реалистік әдебиеттің жолынан бір жаңылмай келе жатыр. Қазақ әдебиетін әлемдік әдебиеттің бет алысына қарай икемдеуге болмас па еді? 

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін сіз айтқандай әдебиет-көркемөнерде көп өзгерістер, жаңашылықтар болуы керек еді. Өкінішке орай, олай болмай тұр. Өйткені, әдебиетшілерді Кеңес Одағындағы секілді қазір үстемдік орында отырған билік өзінің идеялогиясын дәріптеуге пайдалануды жалғастырып келеді. Өзінің қолайына жаққан қаламгерлер мен зерттеушілердің шығармашылығын демеп, олардың кітаптары мен шығармаларын үзбей жариялап, ал өз алдына әлеуметтік дерт-дербездер мен халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, «Ұлтсыздану ұраны» секілді тың тақырыптарға барған қаламгерлерді қудалауға дейін барғаны, оларды марапаттар мен шығармашылық степендиялардың маңайына да жолатпай келе жатқаны өкінішті. Бұл пиғыл, әрине, әдеби шығармашылыққа әсер етпей қоймайтындығы шындық. Осылай шығармашылық топты бөліп-жарып, алалау енді ғана қолына қалам алып, шығармашылықпен айналыса бастаған талапкерлер легінің бағыт-бағдарына әсер етпейді деуге болмайды. Болашағы жоқ таза көркем шығармашылықтан көрі, келешегі жарқырап тұрған ауқымдық тақырыптарға бару жолын таңдаған талапкер қаламгерлердің жолы болатындығы да содан. Сол себепті, жастардың жаңашылдыққа бет бұру жағы өте әлсіз. Жас буындар еліктейтін аға буын қаламгерлердің Кеңес Одағы әдебиетінің көне сүрдегінен әлі шыға алмай жүргендігі мен тың назариялық негізі бар шығармашылық түсінік қалыптастыра алмауы талапкер қаламгерлердің іздену жағына әсер ететіндігі сөзсіз. Былай қарағанда бұл екі кемшіліктің төркіні бір. Өйткені, бұл арада біз қолына енді ғана қалам алған қаламгерлердің бет түзеп отырған айнасы болған аға буын қаламгерлеріміздің жаңаша шығармашылық жолын таба алмауы немесе өсе алмауы деуге болады.

Нақтылап айтқанда, біз бүгінгі күні әдеби шығармашылықта Мағжан Жұмабаев үлгісі мен Сәбит Мұқанов үлгісінің қайшылығына тап болып отырмыз. Бұл мәселені шешуде, әрине, шығармашылықты сыртқы әлеуметтік беделді күштердің әсерімен байланыстыра түсінбей, адамның ішкі жан-дүниесі мен ой-санасының дербес қимылы негізінде ұғыну арқылы жүзеге асатындығына сүйенуіміз керек. Содықтан, қазірше біздің төл әдебиетіміздің дүниежүзілік өреге көтеріліп кетуі нағайбыл. Өйткені, қазір біздің көркем әдебиет жөніндегі түсінігіміз ертек айтудан, ұран шақырудан, ақыл-өсиет қалдырудан, тіпті, философ болудан, қысқасы, ақпарат әдебиеті мен интернет әдебиетінен ары аса алмай жүр. Бұған жақында ғана шетел тіліне аударылып басылған қазақ ақындарының антологиясының ішінде «көркем әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» дүниелер жүр деген сөзді бір шетелдік әдебиеттанушының аузынан естігенімде, ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздағанымның өзі-ақ айғақ. Міне, осы бір нақтылы дәлелдің өзінен-ақ біздің көркем әдебиет жөніндегі түсінігіміздің қандай дәрежеде екендігін айқын аңғаруға болады.

Шыны керек, басқасын айтпағанда сені мен біз қазіргі кезде мемлекет есебінен бір кітап шығару былай тұрсын, жазған бір-екі өлең мен қазақ әдебиетіне қатысты сыни мақала мен сұхбатты «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналына бастырудың өзі қиын, оның несін жасырамыз. Сол жазған шығармаң үшін редакцияның есігін ең кемінде екі-үш рет қағасың, баспаймыз деп айтпайды, «матриалыңызды оқи алмай жатырмыз, бір реті келіп қалар...» деген секілді көңіл жықпас сөздермен сені шығарып салады. Ол деген «сіздің бұл шығармаңызды біздің газет немесе журнал көтере алмайды, бере алмаймыз» деген сөзден де ауыр ғой. Қазақ әдебиетіне қатысты толғақты ойларды, салмақты пікірлерді басудан жалтарған басылымдардан қандай үміт күтесің?! Кейде мемлекет есебінен күн көріп, жарыққа шығып жатқан басылымда қызмет істеп жатқандарды аяп кетесің. Өйткені, билік оларды мемлекет қаржысына тәуелді етіп қойған, тәуелді болмай қайтсін, Кеңес заманындағыдай газетке жазылатын оқырман қазір жоқ. Егер қаржы аузына тамбай қалса, қайраңдап қалған балық секілді аузын ашып, бақадай шұрқырап қалатыны анық...

Әдеби шығармашылықпен шұғылданатын адамдарды жас-кәріге бөлу қисынға келмейді

Ал, жас қаламгерлердің аяқ алысы қалай деп ойлайсыз? Мақтанып айтарлықтай, оқырманның таңдайын қақтыратын, әдебиеттанушылар мен сыншылардың назарын аударып жүрген жас ақын-жазушылар бар ма?

– Сіздің бұл сұрағыңызға мен: «Бар деп айтуға да болады, жоқ деп айтуға да болады» деп жауап берер едім. Бар дейтін себебім – жаңашыл үлгіде жазатын ақын-жазушылардың шығармалары баспа беттерінде үздіксіз жарияланып жатыр. Ал, жоқ дейтін себебім – сол жаңашыл үлгіде жазатын ақын-жазушылардың шығармаларынан өзекті ой іздеп үйреніп қалған қу басымыз эстетикалық тұрғыда қабылдай алмай, оның кеудесінен итеріп жүргендігіміз. Бұл қасірет пе? Әрине, қасірет. Бұл жайіт біздің әдебиеттанушыларымыз бен оқырмандарымыздың әлі де әлгі бір шоу әдебиеттің әуенінен шыға алмай жүргендігін көрсетеді.

Бұл арада біз қаламгерлерді жас және жасамыс деп бөліп жарып, олардың арасына тас қамал орнатып тастаудан аулақпыз. Менің ойымша, шығармашылық жаспен өлшенбейді, ол шығарманың көркемдік өресімен өлшенеді. Мұхтар Мағауин, Асқар Сүлейменов, Рахымжан Отарбаев, Жұматай Жақыпбаев, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Бауыржан Жақып, Гүлнар Салықбаева, Светқали Нұржан, Ақберен Елгезек қатарлылардың алғашқы кітаптары жарыққа шығып, оқырмандардың назарын өзіне аударғанда олар қанша жаста еді? Олар сол биігінен әлі түспей келеді. Ал жасы 70-80 ге келсе де, сол баяғы жас кезіндегі зар желісінен әлі танбай, шығармашылығы сол бір сарыннан ары аса алмай, өзіндік өрелі жорғаға баса алмай келе жатқан «Қаламгерлер» қаншама?! Осы тұрғыдан алып қарағанда олар әлі жас. Оның есесіне, дүниеге танылып үлгерген Димаш Құдайбергеннің жасы енді ғана жыйырманың ішін араласа да, оның шығармашылығы әлдеқашан кексе тартып кетті деуге болады.  Сол себепті, жас ақын-жазушылар деген ұғымды шығармасы әлі кемеліне келмеген жалпы қаламгерлерге қолдануға болады. Кітаптарын қабаттап қойғанда өзінің бойымен бірдей кітап шығарған ақын-жазушылардың әдебиет тарихына кіре алмай қалуы да, оның шығармашылығы сол баяғы мәңгілік бала бейне қалпында қалып қойғандығынан дерек береді. Сондықтан, Әлеке, әдеби шығармашылықпен шұғылданатын адамдарды жас-кәріге бөлу қисынға келмейді. Сол үшін бұдан кейін ол жағынан сөз қозғауды мүлде доғару керек.

Саясат пен көркем әдеби шығармашылық бір-бірімен үш қайнаса да сорпасы қосылмайды

– Сіздің «әдеби жасампаздықтағы тұлғаларды «қарт қаламгер», «жас қаламгер» деп бөлуге болмайды, әдебиет жасампаздықта «жас туынды», «қарт туынды» деген ұғым жоқ» деген пікіріңізбен толық келісемін. Сұлтанмахмұт Торайғыров 15 жасында отты, риалистік өлеңдерімен елге танылып үлгірген ақын. Төлеген Айберген болса шоқтығы биік поэзиясымен жұлдыздай жарқырып көрініп, мезгілінен бұрын ағып кеткен жасын. Ал, Мұқағали: «...Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып, өзіне қайтарамын...» деп қазақ поэзиясына жаңа леп, жаңа екпін, өзгеше бояу алып келгені белгілі. Қазір Мұқағалиды білмейтін қазақ кем де, кем. Оның позиясы ескірген жоқ, керісінше жасаңғырап, көкжиегі одан ары кеңіп, құлпырып барады. Сіз жаңағы бір сөзіңізде: «Әдеби шығарманың астарына жасырынған сезімдік тәжірибе сабаққа үңілмейтін зерттермендер легі арамызда әлі жүргендігі өкінішті. Ол ол ма, көркем әдебиеттен ақыл-ой іздейтіндерге таңым бар. Осындай олқылықтардың ортасында өмір сүріп келе жатқан әдебиет теориясы, оның ішінде, байыбына бару өте қиын болған өлең тану назариясы менің қазіргі зерттеп жүрген басты тақырыбым десем артық айтқан болмаймын» деп қалдыңыз. Бұл қазіргі әдебиет теориясының өрісі тар дегеніңіз бе, әлде әдебиет зерттеушілерінің қарым-қабілеті әлсіз дегеніңіз бе? Осы жағын тарқатып айта кетсеңіз?

– Біз «әдебиет ардың ісі» деп жүрміз. Бұл екіұшты пікір. Бұл арадағы арды біз ақылдық тұрғыдан емес, сезімдік тұрғыдан түсінуіміз керек секілді. Өйткені, әдебиет адамның жан-дүниесіне ең жақын жүректің ісі. Нақтылып айтқанда, ол – сезімдік танымның көркемдік талғамы. Сезімдік таным жоқ жерде, көркем әдебиет те болмайды. Қазіргі кезде біздің басым көп санды әдебиеттанушыларымыз бен қаламгерлеріміз әдебиетті ақылдық танымның жемісі деп қарайды да, шығармашылық пен оған баға беруде оңбай шатасады. Тіпті, кейбір қаламгерлер саяси идеологиялық мәселелер мен әдеби шығармашылықты бөліп-жарып қарастырғысы келмей, социалистік реализмнің күні өткен «саяси лирика» деген ұғымын күні бүгінге дейін әдеби жасампаздықта қолданып келеді. Шынайы әдеби шығармашылықта саясат пен көркем әдеби шығармашылық бір-бірімен үш қайнаса да сорпасы қосылмайды. Өйткені, саясат – ақылдық таным басқышындағы белгілі бір үстемдік үшін қызымет атқаратын қимыл да, ал әдебиет-көркемөнер –  сезімдік танымдағы образды да, суреткерлік шеберліктің еркін қимылы негізіндегі бүкіл адамзат баласына ортақ жасампаздық. Сондықтан, саясаттан лирика іздеу, шың басынан балық аулаумен бірдей күлкілі жағдай. Ойын тақпақтап бейнелеген философтарды ақын деп, шатасып жүргендігіміз де дәл сондай сорақылықтың бірі. Сол себепті біз күні бүгінге дейін ақын мен философтың ара жігін ажырата алмай келе жатырмыз. Бұл жағдай қазақ өлең өнері шығармашылығында өте айқын көрініс тауып келеді. Бұның басты себебі, қазақ өлеңтану назариялық ішкі құрылымдық жүйесі әлі күнге дейін ғылыми түрде бір арнаға түспегендігінен деуге болады. Оның нақтылы көрінісі ретінде өлеңнен өзекті ой іздеу мен өлеңдерді бейнелеген тақырып-мазмұндарына ғана қарап, бөлектерге бөліп, өзі қазақ тілінде жазылып тұрған шумақтарды қазақ тіліне қотарып, түсіндіріп беріп жүргенімізді айтсақ та жеткілікті. Бұл арада біз әрқандай бір жақсы өлең оқырманның сезім түйсігі арқылы оның жүрек қылын тербетіп, шығармашылық қиялында өзінің өмірбаяндық кешірмесі арқылы қайтадан жасампаздық жаратуына түрткі болатындығын баса айтқымыз келеді. Егер ақпарат құралы секілді бір рет оқылғанда ғана өзінің өміршеңдігін жоғалтып тынатын, өлеңдер шоу сипатындағы әулекілігімен қазақ өлең өнерінінің беделін төгіп болғандығын ерекше ескермейтін болсақ, онда біздің өлеңтану назариямыздың құлдырағаны құлдыраған. Сол себепті, біздің қазіргі жалпы әдебиеттану теориясы, оның ішінде, өлеңтану теориясының жаңаша іздену беталысы өте әлсіз деуге болады. Өйткені, біздің әдебиетшілеріміз, біріншіден, социалистік реализмнің көне сүрдек теориясынан әлі күнге дейін құтыла алмай келе жатса, екіншіден, әдеби шығармадан сезімдік тәжірибе іздеудің орнына өзекті ой немесе тақырып іздеу ауқымы жалғасын тауып келеді. Бұл еліміз тәуесіздік алған отыз жылдың ішінде қазақ «әдебиеттану ғылымында» тың серпіліс бола қоймағандығының айғағы. Әлеке, бұл жерде поэзия туралы ой-пікірімізді келесі бір сұхбатымызға қалтырғанымыз жөн болар. Өйткені, өлеңтану мәселесі төңірегінде айтатын ой-пікірім өте көп...

Интернет әдебиеті мазмұндық жақтан ерекше еркіндікке ие 

– Сіз бұл жерде өлеңтанудың жаңаша теориялық негізін айтып отырсыз, бұл тақырыпқа кейін арнаулы оралатын шығармыз. Жалпы адамзат қоғамы ХХІ ғасырдың электронды, интернет дәуірінде өмір сүріп келеді. Кітап оқитындар азайып, әлеуметтік желідегі жазбаларды оқитындардың қатары көбеймесе, азайған емес. Әдеби шығарманы оқитындардың дені әдебиетшілер мен сол саланың маңын жағалап жүрген журналисттер және өнерге жақын адамдар екені рас. Болашақта көркем шығарманы оқитын оқырмандар  болмай қалмай ма, сіз қалай ойлайсыз?

– Болашақта көркем шығармалар оқырмандар жағынан оқылмай  қалады деп, алаңдаудың еш ғылыми негізі жоқ. Тегіннен бері адамзат баласының заттық мәдениетке деген талпынысы жоғарылаған сайын, оның рухани әлемінің көкжиегі де кеңейе түсуі керек екендігі шындық. Осы тұрғыдан алып қарағанда, ғылым-техниканың дамуы оқырман мен көркем шығарманың ауылын бір-біріне жақындатты әрі әлеуметтік желілер арқылы табанастында оқырманның өз қажетін тауып оқитын “Абай порталы”, “Әдебиет порталы” және “Мәдениет порталы” секілді қолжетімділік мүмкіндігі пайда болды. Бұған қарап, кітап оқылмайды, көркем шығармалардың күні өтті деу әлі ерте. Өйткені, өзін-өзі дұрыс тани білген, өзінің рухани дүниесін кемелдендіргісі келген әрі заттық байлықтан рухани байлықты әлдеқайда жоғары санайтын кісі қайдан болса да, өзіне қажетті, өзі ұнатқан көркем шығармаларды іздеп жүріп, тауып оқиды. Ол мейлі кітап болып басылып шықсын немесе әлеуметтік желіде болсын оған бәрібір.

Осы орайда, әлемде “интернет әдебиетінің” де қалыптасып үлгергендігін баса айту керек секілді. Интернет әдебиетінің кітапқа қарағанда мынадай өзіндік ерекшеліктері бар. Интернет әдебиеті ең алдымен көпшіліктің жалпылық сипаттағы шығармашылығының жемісі болғандықтан, ол құрылымдық және мазмұндық жақтан ерекше еркіндікке ие болады. Одан қала берді, интернет әдебиетінде арнаулы кәсіби қаламгерлер көзде ұсталмайтындықтан, шығармашылық шындықтың қуаты әлсіз болады. Үшінші жақтан, интернет әдебиетін көбінше әдеби шығармашылық жақтағы әуесқойлар дүниеге келтіретін болғандықтан, интернет әдебиетінің көркемдік өресе төмен болады. Төртіншіден, интернет әдебиетінде шығармашылық құқық патенті сақталмайтындықтан, әдеби шығармашылықта жауапкершілік қузастырылмайды. Бесіншіден, интернет әдебиетінде белгілі бір белсенді мақсат пен жүйелі бағыт-бағдар болмағандықтан, дәстүрлі көркем әдеби шығармашылықтан қол үзетін, күнделікті күйбең тіршілік пен дәуірдің қолайына қарай жел ығына жығылатын нысай ерекше көзге түседі. Біз интернет әдебиетінің осы бір ерекшеліктерін ескеретін болсақ, онда көркем әдебиет пен интернет әдебиетінің арасында едәуір айырмашылықтың бар екендігін аңғара аламыз. Ең басты мәселе – оқырманның көркем әдебиет пен әдеттегі жай шығармашылықты айыра білудегі талғампаздық өресінің жоғары-төмен болуы. Оқырман көркем шығарманы кітаптан оқысын немесе әлеуметтік желіден оқысын, одан алатын эстетикалық ләззат бәрібір ұқсас болады. Ал, кітаптан алған оқырманның эстетикалық ләззаты ұқсамайды деп жүргендер, интернет әдебиетінің жоғарыдағыдай ерекшелігіне тап болған, аға буын ақсақалдарымыз. Олар біріншіден, әлеуметтік желідегі интернет әдебиетін тасымалдаушы құралдарды пайдалана алмаса, екіншіден, сол баяғы кітапты құшақтап жатып оқуға әдеттеніп қалғандар немесе интернет әдебиетінің қалыптасып үлгергендігінен әлі күнге дейін хабары жоқтар.

Ал, жас оқырмандар қатары қазір әлеуметтік желідегі интернет әдебиетін тасымалдаушы құралдардың құлағында ойнайды әрі интернет әдебиетінің жоғарыда біз айтқан ерекшеліктерін жақсы білетіндігі себепті, көркем әдебиет оқығысы келсе, талғампаздықпен өзіне керекті туындыларды қиналмай әлеуметтік желінің өзінен-ақ дереу қолға келтіре алады. Сондықтан әлеуметтік желідегі интернет әдебиетінің пайда болуы көркем шығармаға деген сұранысты әлсіретеді деген жаңсақ түсініктен аулақ болғанымыз жөн.

–  Десе де, бір таудың асқар қарлы шыңынан бастап, сай-саласын,  жыра-жықпылын тінтіп суреттеп, том-том кітап жазатын  жазушыларды қазіргі оқырмандар қаламайды. Шыны керек, оны оқып отыратын уақыттары да жоқ. Осындай да әлеуметтік желінің өзіндік маңызы бар секілді.

– Қазіргі кездегі көркем шығарма мен оқырманның арасындағы басты мәселе – шығарманың көркемдік сапасы мен оның көлемінің ықшам болуы және жаңаша бейнеде көзге түсуіне барып тіреледі. Көркемдік өресі жоғары, ықшам да жинақы жазылған шығармалар мен көне сүрдектен аулақ, өзінің жаңаша сипатымен, шынайылығымен оқырманды баурап алатын шығармалар кітап күйінде немесе әлеуметтік желіде болса да қашанда көп көрілімге ие болады. Мұнда да шығарманың да, автордың да бағы жанып жатады.

Ал, көркем шығарманы оқитын оқырмандарды көбейтудің жолы жалпы балабақша мен бастауыш және орта мектептердегі әдебиет пәні сабағындағы шығармаларды туындының поэтикалық мәніне қарап іріктеп-сұрыптаудан басталады. Бұлай дейтін себебіміз, мектептердегі әдебиет пәнінің оқулықтарын парақтап отырсақ, оқулықтарға енгізілген шығармалардың тең жарымынан астамы көркем әдебиетке қатысы жоқ мәтіндер екендігін байқаймыз. Тіпті, сөз-сөйлемі өз орнында қолданылмаған, құрылымдық қуаты әлсіз және логикалық қисынға келмейтін шығармалар автордың беделіне негізделіп, оқулыққа кіргізілген жағдайлар өте көп кездеседі. Тіпті, кей жылдықтың әдебиет оқулықтары этика пәні немесе философия, тарих сабағының оқулықтарына ұқсап кетеді. Осындай әдебиеттен аулақ мәтіндерді әдебиет деп оқып, көркем әдебиет туралы сауатын орта мектеп пітіргенге дейін аша алмаған оқушы оқырманнан не күтуге болады?! Әрине, бұл жерде біз көркем әдебиет туралы түсінікте оқырманның көркем шығарма туралы поэтикалық талғам өресін қалыптастыру мен одан эстетикалық ләззат алу және көркем шығарманың тіл суреткерлігі ықпалымен оқырман қиялында қайта шығармашылық жарату жағына байланысты екендігіне баса мән беруіміз керек. Бір ауыз сөзбен қорытындылағанда, оқырманның тіл құдыреті арқылы сұлулықты сезіну әдетін қалыптастыруға баса назар аударуымыз тиіс екендігі айдан анық. Егер көркем әдеби шығармашылықта осы түйіндер ескерілетін болса, онда көркем шығармалардың оқырманы да мол болады деген сөз. Оның үстіне көркем әдебетке қатысты шығармаларды оқырманға жеткізіп беретін кітап саудасының еркін бәсекелестік алаңы мен әлеуметтік желідегі оны тасымалдаушы құралдар мен текшелердің үгіт-нәсихат жұмысы және қолайлылығы да көркем әдебиетке шөлдеп жүрген оқырмандардың қажетін қанағаттандыруға қызмет ететіндігі сөзсіз. Мен өз басым шынайы да шымыр әрі көркем, тың талпынысы бар шығармадан жалыққан оқырманды көрген емеспін.

– Беке, қазақ әдебиеті мен ғылымында сақталып келген кейбір түйткіл мәселелердің біразының басын шалып айтқан болдық. Мұнымен мәселе шешіледі, біздің айтқанымыз жөн дегеннен аулақпыз, дейтұрғанмен саналы оқырманға, әдебиетші қауымға тарыдай болса да ой салар деген ойдамыз. Сіз қалай ойлайсыз?

– Жалпы әдебиет туралы, нақтылап айтқанда, көркем әдеби жасампаздық туралы ішке жиналып қалған біраз ой-толғамдарымды оқырмандардың назарына ұсынғаныма, мен де біраз жеңілдеп қалдым. Тәуелсіз елдің әрқандай бір салада тәуелділіктен құтылуы оның халқы үшін ғана емес, рухани азаттығы үшін де өте зор жетістік. Осы тұрғыдан алып айтқанда, біз әлі күнге дейін қазақ елінің рухани және заттық әлемінде әлдеқашан келмеске кеткен Кеңес Одағының қоқыр-қоқсығын арқалап жүрміз. Бір тал түйме өндіре алмай отырғанымызды былай қойғанда, жетім баладай босағада бозарып тұрған ана тіліміздің қадір-қасиетіне жете алмай келе жатқандығымыздың өзі де қасіретті жағдай. Ал тіл өнері болған көркем шығармашылықтың, әрине, оның қасында сол баяғы Кеңес Одағы кезіндегі теориялық негіздерден шыға алмай, батпақтап жатуы да заңды құбылыс. Бұл жердегі басты түйін – біздің ұлттық идеологиямыз бен ұлтық буржуазиамыздың 30 жылдық тәуелсіздігімізде әлі де толық қанды қалыптасып үлгермегендігі. Оған кім кінәлі? Әрине, өзіміз кінәліміз. Бұл шеңберден аттап өтіп, біреуді кінәлі деудің қаншалықты қорқынышты екендігін ішіңіз сезіп тұрған болар?! Сондықтан құры айғаймен емес, шынайы түрде дамыған 30 елді қоя тұрып, 50 елдің қатарынан ойып орын аламыз десең, ең алдымен ұрпағымыздың эстетикалық тәрбиесінің алтын бесігі болған “көркем әдебиетке” ерекше көңіл бөлгеніміз жөн болар. Құрғақ қасықтың аузымызды 30 жыл бойы жыртқанына мәз болып келе жатқан қаламгерлеріміз бен әдебиеттанушыларымыздың жаңа буынның тың ізденістеріне мұқтаж екендігін баса айтқым келеді. Мен дәл қазір бәйтеректің төбесіне шығып алып, “салпақтау мен жалпақтаудың жалпақшешей көшін доғаратын кез келді!” – деп бар даусыммен айғай салғым келіп тұр. Маған үн қосатын тағы кімдер бар екен деп ойлап қоямын. Оны уақыт көрсете жатар. Сайдың тасындай салмақты-салмақты сұрақтар тастағаныңыз үшін сізге де көп рақмет, Әлеке! Артық кетсем, көреген көңілді оқырмандар сын айта жатар!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

25 пікір