Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2743 0 пікір 25 Сәуір, 2012 сағат 06:21

Әміржан Қосанов: «ТОҚАҢ КЕТСЕ ДЕ, ОППОЗИЦИЯ ТОҚЫРАМАЙДЫ!»

 

«АЗАТ» ЖСДП партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов мырзадан abai.kz порталының тілшісі Тоқтар Әубәкіровтың саяси мәлімдемесіне орай қысқаша сұхбат алды. Сұхбат барысында «АЗАТ» ЖСДП партиясының бас хатшысы бұрынғы әріптестері Әубәкіровтың мәлімдемесін «Хабар» арнасынан естігенін айта келіп, «Тоқаң кетсе де оппозиция тоқырамайды. Оппозиция қатарына әрі жаңа, әрі мықты тұлғалар келетініне мен кәміл сенемін!» деді.

- Күтпеген жерден Тоқтар Әубәкіровтің "Азат" ЖСДП партиясы қатарынан шыққаны туралы саяси мәлімдеме жасауына не себеп болды деп ойлайсыз?

- Ол себепті Тоқаңның өзі ғана білер. Мен кеше онымен телефон арқылы сөйлестім. «Партиямен де, партиясыз да Сіз қазақтың тұңғыш ғарышкері боп қаласыз!», - дедім. Себептерді сұраған жоқпын. Ол да айтпады телефонмен...

 

«АЗАТ» ЖСДП партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов мырзадан abai.kz порталының тілшісі Тоқтар Әубәкіровтың саяси мәлімдемесіне орай қысқаша сұхбат алды. Сұхбат барысында «АЗАТ» ЖСДП партиясының бас хатшысы бұрынғы әріптестері Әубәкіровтың мәлімдемесін «Хабар» арнасынан естігенін айта келіп, «Тоқаң кетсе де оппозиция тоқырамайды. Оппозиция қатарына әрі жаңа, әрі мықты тұлғалар келетініне мен кәміл сенемін!» деді.

- Күтпеген жерден Тоқтар Әубәкіровтің "Азат" ЖСДП партиясы қатарынан шыққаны туралы саяси мәлімдеме жасауына не себеп болды деп ойлайсыз?

- Ол себепті Тоқаңның өзі ғана білер. Мен кеше онымен телефон арқылы сөйлестім. «Партиямен де, партиясыз да Сіз қазақтың тұңғыш ғарышкері боп қаласыз!», - дедім. Себептерді сұраған жоқпын. Ол да айтпады телефонмен...

- Бұрынғы партияластарыңыз партиядан кететіні туралы партия басшылығын, құрамын хабардар етті ме, әлде сіздер де Әубәкіровтың мәлімдемесін "Хабардан" естідіңіздер ме?
- Жалпы Тоқаң - партияның күнделікті өміріне өте белсенді түрде атсалысқан азамат. Төралқа мен Саяси кеңес отырыстарында пікірін ешкімнің бет-жүзіне қарамастан, ашық та тура білдіретін. Оның ішінде партия тұрмысына қатысты сыни ойлар айтылатын. Біз «Нұро Отан» сияқты бір басшының аузына қарап қалған саяси ұйым емеспіз ғой! Біздің партия - жанды, өзінің ішкі иірімдері бар организм. Кейде талқылау барысында бір-біріне кереғар пікірлер де айтылып жатады. «Ақиқат пікірталас барысында туады» дейді ғой.

Өз басым Тоқаңның мәлімдемесін теледидардан естідім. Содан кейін ғой звондағаным...

- Әубәкіровтің мәлімдемесіндегі "Азат" ЖСДП партиясы туралы айтылған жайттерге не дейсіз?
- Шынымды айтайын, келіспеймін. Бірақ, тағы да қайталаймын, бұл пікір - Батырдың өз пікірі. Меніңше, «АЗАТ» ЖСДП партиясы қазіргі таңда елдегі оппозициялық қызметтің тәжірибесін бойына сіңірген, маңдайалды қайраткерлерді топтастырған бірегей партия. Кемшіліксіз ешнәрсе болмайды! Біз де ұйым ретінде олардан кенде емеспіз. Кемшін тұс - шаш етектен! Бірақ кемшіліктерді мойындау - осыншама уақыт бойына атқарып жатқан оппозициялық тірілігімізді тәрк ете   алмайды!

- Мәлімдемеде тұңғыш ғарышкер президенттің маңайына топтасуға шақырады. Әубәкіровтің ақылын тыңдайсыздар ма?
- Жеке тұлғаның маңайына топтасу ма, әлде елде әділеттік принциптерін орнату идеясының төңірегіне топтасу ма? Ол өзі екі түрлі мәселе.

Оның үстіне президенттің маңына бізсіз, оппозициясыз да, біраз олигархтар мен кландар топтасып қалды емес пе? Олар бізді сол «топтасуға» жібере қоймас (күледі).

Оппозицияның классикалық тұрғыдағы ролі бесенеден белгілі,  ол - басқарып отырған билікке сын әрі балама ой айту. Оны айтпаса, ол қалай оппозиция болмақ?! Сол сынымыздың бір ұшы президентке де тиіп кетіп жатады. Оның себебі біздің президенттің жеке басын жеккөргендіктен емес. Ол өзі кезінде бар өкілеттікті бір қолына шоғырландырып алды емес пе?! Мәселен, бар министр мен әкімді, судьяларды Нұрекең өзі тікелей тағайындайды. Яғни, оларға қатысты сын айтқанда президентке де тиіп кетеді. Ең бастысы - 1996  жылы асығыс-үсігіс қабылданған Конституция бойынша елдегі саяси шешімдерді нақ сол президент қабылдайды. Сондықтан елде болып жатқан кез келген маңызды оқиғаның басқару институты ретінде президентке тікелей қатысы болмақ. Соны өзгерту керек деп біз қашанғы айтып келе жатырмыз оған!

Өз басым, оппозициялық партияның басшыларының бірі бола отырып, басқа бір партияның, «Нұр Отанның» жетекшісімен қалай бірігемін? Қисын жоқ қой! Президентке «Нұр Отаннан» кетіңіз!» деп баяғыда-ақ айтқанбыз. Елді, қоғамды біріктіргісі келген тұлға қоғамның бір бөлшегі ғана боп табылатын саяси партиялардан дербес болу керек деп ойлаймын!

- Ел ішінде "Тоқтар Әубәкіров мұндай мәлімдемені өз еркімен жасамады. Оны билік осал жерінен ұстап, мәжбүрлеп отыр" деген пікір бар. Бұған не дейсіз?

-  Осындай қиын да қияметті қадамға барған Батырдың бұл ісін Сізбен бірге отырып сырттай талқылағым келмейді. Бәрі де мүмкін.

- Жалпы, біздің елде өз отбасының мүддесінен (бала-шаға, ағайын-туыс, құда-жекжат, нақсүйер, т.б.) қоғамдық-саяси көзқарасын жоғары қоятын, сол жолда айнымайтын, ел сеніміне селкеу түсірмейтін тұлғалар бар ма?
- Бар! Табанды оппозиция қатарынан қайтпай жүрген азаматтарды өзіңіз білесіз ғой. Осы жұртта бір теріс түсінік бар: оппозицияда жүргендерді көп адам құдды бір жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүрген, ақшаны аннан-мұннан алып, оңды-солды шашып жүргендер деп санайды. Мықты болсаң, ең болмаса, ауыл әкіміне сын айтып көрші! Ал біз болсақ, биліктің ең биігінде жүргендерге ашық пікір білдіріп жүрміз. Сол үшін бәрін көріп келеміз: ұрылдық, соғылдық, сотталдық, билік тарапынан біржақты датталдық. Абақтыға жабылдық.

Осыдан біраз уақыт бұрын белгілі бір оппозиция қайраткерінің отбасына, достарына қатты тиісіп, райынан қайтарғанда мен оны қорғап жазып едім: «Қазақстанда билікке қарсы шығып, оппозиционер болу үшін тас жетім әрі бойдақ, бала-шағасыз, сосын жолдас-жорасыз болу керек! Жарлы жай таныстары да болмаса, құба құп!», - деп. Осы ойым әлі де көкейкестілігін жоғалтқан жоқ-ау осы...

- Әубәкіровтің мәлімдеме жасауында "Жаңаөзен сотынан" қоғамның назарын басқа жаққа бұру айласы жатқан жоқ па?
- Олай ойламаймын. Жаңаөзен сотына деген қоғам назарын ешкіммен, ешнәрсемен басқа жаққа бұру мүмкін емес! Назар - сонда! Әйтпесе, біртұтас халық бола алмаймыз! Дәл осы жерде Ақорданың маңайында нәпақа тауып жүрген саяси технологтар демала беруіне болады!

Тоқтар кеткеннен кейін оппозиция тоқырап қалады десіп жүр. Рас па?
- Әрине, Батырдың қатарымыздан кетуі оңай     соғып тұрған жоқ. Бірақ, кез келген саяси партияның жеке тұлғаларға ғана сүйенуі - дұрыс емес. Танымал да беделді адамдардың болуы, сөз жоқ, оң фактор, бірақ ол шешуші фактор емес!

Бізді оппозицияға алып келген ортақ идея бар, ол - Қазақстанда әділетті жүйе орнату, әлеуметтік-экономикалық жағдайды түзеу, халықтың әл-аухатын жақсарту, шынайы еркіндікке жету. Біздің партия осы идея төңірегінде құрылған. Тұлғалар болса, бүгін бар, ертең жоқ. Біреуі қартаюы мүмкін, біреу ауырып қалар, ал тағы біреуі әріптестермен тіл табыса алмас. Амбиция деген бар, оппозицияға амбициясыз адам келмейді ғой (күлді). Объективті идея негізінде құрылған партияның болашағы ондай субъективті нәрселерге байланысты болмауы тиіс. Әйтпесе, біздің, оппозицияның, «Нұро Отаннан» не айырмашылығы болмақ?!

Тоқаң кетсе де, оппозиция тоқырамайды!

- Қазақ қоғамындағы "Батыр келіп елді құтқарады, батыр өтірік айтпайды, батыр сатқындық жасамайды" деп келетін (өзгеріске түспеген халық санасының ертегілік кейпі) аңыз осымен бітеді деп ойлайсыз ба?

- Жоқ! Тағы да қайталап айтамын: Қазақтың Гагарині - Тоқтар Әубәкіровтің тарихтағы орны бір төбе! Оны ешкім де жоққа шығара алмайды!

Оппозиция қатарында күнделікті тірлігімен хас батырлығын дәлелдеп жүрген тұлғалар жетеді!

Оппозиция қатарына әрі жаңа, бізден  мықты тұлғалар келетініне мен кәміл сенемін!

Сұхбаттасқан Өміржан Әбдіхалықұлы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 881
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 743
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 573
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 580