Сәрсенбі, 27 Қаңтар 2021
Тұлға 3204 8 пікір 12 Қаңтар, 2021 сағат 14:56

Мәшһүр Жүсіп өз суретін өлеңмен салған

7 қаңтар күні сайтымызда «Мәшһүр Жүсіптің болжауы. Шыны қайсы, өтірігі қайсы?» атты мақала жарияланған еді. Ол Мәшһүр Бабамыздың болжауы туралы мақала болатын. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туған шөбересі Абай Шарапиев аталған мақалаға қосымша ретінде белгілі дін қайраткері Сәдуақас Ғылманидың (1890-1972) естелігін жіберді. Сайтымыздың электронды поштасына келген осы естелікті де оқырман назарына ұсынып отырмыз. 


Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы біраз сөз

Халық аузында Арғындар, оның ішінде Сүйіндік деген таптың ішінде мөлшерден асқан бір сөздер жүрді. Бұл әсіресе 1930-1931 жылдарда. Ол былай: Мәшһүр Жүсіп ең асқан әулие, кереметі күшті адам. Тіпті өзінің өлетінін де біліп, өзіне қабір қаздырып қойды. Халқына: «Сендердің мені жақсы көргенің қайсы? Мен өлгенде бата қылғандарыңды кім біледі? Шын мені жақсы көрсеңдер, мен тіріде бата қыл, көзіммен көріп кетейін деді», - деп Сүйіндік, оның ішінде өзі еркін араласып, сыйласып отырған елдері Қаржас, Айдабол деген халықтар аңыз қылып, біз тірідей Мәшһүрге бата қыламыз, деп ауыл басы қой сойып, саба жиып, өзінің салдырған қабірінің жанында думан өткізіп жатыр. Бір жазда қырық бес қой, жетпіс саба қымыз болды деп айтушылар айтып келіп жүрді. Әрине, біз Қанжығалы, Сүйіндік әсіресе, Қаржас, Айдабол мұны өте мадақтасып, оның үстіне кереметі мол, өлетінін біліп істеп жатыр десіп, неше қосымша сөз етек алды. Мәшһүрдің табы Күлік, оның ішінде Тілеуімбет деген табы болса да, қызықтап өскен елі Айдабол, Қаржас еді. «Мәшһүр білді» «Мәшһүр айтты» деген өрескел асырып айтылған сөз болып, Мәшһүр олай демейді, Мәшһүр ғайыпты білмейді, ғайыпты білем деп дауға қылмайды, бұл сөздеріңіз мақтау емес, боқтау болады. Жолсыз жайларын кездескен ол елдің адамдарына айтатын болдым. Мәшһүрдің өзіне жолығып, не хат жазып сұрауға дәл сол заманда қисыны да жоқ, жалтақтаған бір халде едік.

1931 жылы күз айларымен Өлеңті деген өзеннің сырт жағалауын қоныс қылып, Сүйіндік елі мен Қаржас, Күлік, Қозған деген таптардың сол Өлеңтіні мекендеп отырғандарымен аралас отырдым. Бір күн Қаржас, Күлік ауылы деген ауылдың азаматы Қазыкен Әнапия баласы Баянға барады. Онда інісі Сұлтан Баянда атқару комитеті болып істейді. Соның соғымын апарады және Мәшһүрге сәлемге барады дегенді есіттім. Мен енді анық хабарды білуге болады деп аттанып, Қазыкен үйіне барып сұрастырсам, айтқандай ертең жүремін деп отыр екен. Сұрағанымда берген жауабы: «Сұлтанға соғымын апарып берейін және ілімі ғайып уақыт қой, Мәшһүрді бір көріп бала-шағаларыммен барып, батасын алып қайтайын деп ниет қылып отырмын. Бір жылқының семіз тайын Мәшһүрге арнап апарам», - деді.

«Мен осыңызды сырттан естіп әдейі келіп отырмын. Бір аманат сөзім бар. Соны орындап қайтатын болсаң дедім». Қазыкен: «Ой, тақсыр, неге орындамаймын, айтыңыз», - деген соң мен аманатым Мәшһүр, әрине, сіздердің пір-ұстаз қылып қызықтаған адамдарыңыз, мен де ол кісіге дос-тілектес адамның бірімін, қазіргі уақыт өзіңізге белгілі, сондықтан менен сәлем айтыңыз! Хақымызда дүғада болсын, хат  жансыз, сіз жанды жандының ісі орынды болар деп ауызша тапсырма беріп отырмын. Қазіргі уақытта халық  Мәшһүр туралы көп әңгіме айтып жүр ғой! Осы әңгімелердің шыны қандай? Өтірігі қандай? Бір ауыз қоспа жасамай халынан маған хабар әкеп беріңіз», деп көңілімдегі сөзімді айтып қайттым.

Бір күндерде: «Қазыкен келіпті», - дегенді естіген соң, әдейі барып, «ал енді сіз сол Мәшһүр ауылына бастап, кіргеннен былай сөйлеп беріңіз» дегенде, Қазыкен: «Намаздігер уақыты Молла Мәшһүрдің ауылы маңайына жеттік. Бір айғыр үйірі жылқысы бар, биесін жаңа ағытып, жайылып барады екен. Қатын-бала, бір жолдасымыз бар. Арбаның екі жағында екі жетек жылқымыз бар. Жолдасыма айттым, сен қарашы, молланың жылқысының ішінде өзінің мініп жүретін торы аты бар ма екен? Әдейі алыстан келе жатқанда молла үйінде болса, оңды болар еді, дедім. Жолдасым, әне тұр, жүр деді. Бұрыннан көріп жүрген белгілі ат қой. Қуанып жақсы болды деп үй сыртына келіп, тоқтап түстік. Молланың үйінде екені анық болды. Үйге кіріп, сәлемдесіп, амандық, ел-жұртты сұрасып отырып, екі сөзінің бірі әл-хамду ли-л-Лаһ деп қайта-қайта айта берді. Менім ойымша, бұл кісінің осынша әл-хамду ли-л-Лаһ, шүкір деуі өте көбейіп кетті. Мен: «Тақсыр, сіздер Аллаға жағыну, ғибадат қылу, шүкіршілік қылуды жақсы білесіз, атқарасыз, бірақ сіздің осынша көп «хамд, шүкір» айтуыңыздың бір себебі бар ма?» - деп сұрап қалдым. Сонда молла: «Ей, Қазыкен-жан, онда, әрине, бір себеп бар! Себебі мен таңертең шәй ішкеннен кейін (оның ол кісіге жолдас болып жүретін кісісін шақырып): «Сен торы атты әкеліп арбаға жек, екеуміз пәленшенің (атын атады) ауылына барып қайтайық», - деген соң, ол ат жегіп, даяр болды деп хабарлады. Мен сонда ойыма бір ой түсті, мен барам деген ауылда жұмысым жоқ, тек көңіл көтеру үшін ғана барамын! Егер алыстан бір адамдар: «Моллаға сәлем беремін», - деп келіп қалса, келген адам мақрұм болып, ренжіп кетеді ғой, қойшы, бармай-ақ қояйын деп бармайтын болып,  жеккен атты түсіртіп, отырып қалдым. Міне, алыс жолдан сіздер қеліп қалдыңыз. Әрине, мен жоқ болсам: «Қап-қап моллаға сәлем беріп, көре алмай кеттік», - деп ренжімейсіңдер ме? Алла бұл ойды жүрегіме салғанына қуанып, «хамд-шүкірді» көп айтуыма себеп болды», - деп жауап берді.

Мен: «Тақсыр, сіздерді мен кереметпен білдім деп айтпайсыз ғой! Болмаса, керемет білгенсіз ғой», - дедім. Сонда тұрып молла: Ей, Қазыкенжан! Маған карамат  қайдан келді. Міне, көрмейсің бе, құйрығымды жууға қолым жетпейді, бір отырған, боқтыкөт адаммын (әрине, соңғы өмірде өте семіріп кеткен адам еді). Өз басына тазалығы болмаған адамнан карамат күтуге болмайды. Бұл карамат емес, бұл жүрекке Алланың салғаны болады. Бір сөзді Алла жүрекке салады. Соны пендесі сөйлеп қалады. Сол сөйлеп қалғаны түбінде дәл келеді. Шырағым, бұл пенденің білгені емес, Алланың салғаны», - деді де, келініне қарап: «Әй балам! Ана әбдірені ашып, үстінде тұрған қара местің үстіңгісін алып берші», - деді. Келін алып берді. Ашып бір қағазға жазған бір ауыз өлеңін оқыды. Оны жазған уақыты көрсетіп қойылған екен, отыз екі жыл болыпты жазғанына сол өлеңді:

Байлар ау жиған мүлкің жанның қасы,

Зекетін беріп жүрсің атаң басы.

Жақыбай жалшылардың жан олжасы, - мазмұнында. Шырағым, мынаны жазғалы отыз екі жыл, ол заманда осы заманның халы ояу тұрсын, түсімізге кірген жоқ. Мен мұнда байлардың малын кәнпіскелеп, жарлы жалшыларға таратып беретінін қайдан білем? Алла жүрекке салды, мен оны сөйледім, дәл болғаны міне көріп отырсыз»,-деп жылады.

Мен: «Тақсыр! Бұл біздің келуіміз былай тұрсын, өзіңіздің өлетініңізді де кереметпен біліп отырған жоқсыз ба, 71-72 (72-73)-те өлемін деп, қабіріңізді жасатып қойған жоқсыз ба?» - дедім. Сонда ол кісі тұрып: «Шырағым, ғайыпты Алла ғана біледі, пайғамбарлар да ғайыпты білмейді. Мен қашан өлетінімді білгеннен қабір жасатып отырғам жоқ. Өзіңе көр қазып қою сауап деп ғалымдар айтқан, соны мен қабірлігін жасаттым. Ал «71-72 (72-73) те өлемін» қайдан туған, соны айтайын:

Мен Бұхара-и шәріпте оқу оқып жүргенімде бір күні Көкалташ медресесінен шығып келе жатыр едім. Көлденең көшеден Бұхара халқына мәшһүр атышулы бір дуана бар еді. Оны халық өте сыйлайтын еді. Сол кісі келе жатыр екен. Мен әдепсіздік болар деп алдынан өтпейін деп тоқтап тұрдым. Ол кісі жетіп, алдыма бір шығып, артыма бір шығып, арқама найзасын тақап тұрып: «Жетпіс екі, жетпіс бір» - деп, «Жетпіс екі, жетпіс бір», - деп өте шықты. Сонда тұрып, мен Алла мұның аузына салғаны, менің өмірім болар ма екен? 72-73 күнде, болмаса 72-73 айда, болмаса 72-73 жылда ма деп, ойланып қалып, 72-73 күнде тостым, онда өлмедім. Енді 72-73 айды тостым, одан аман өттім. Қазір 71 аяқталуға жақын, 72 келе жатыр. Сол дуананың аузына Алла салған сөз болса, менің ажалым 72-73 жасымда болар деп күтіп отырмын».

Бұл сөзге түсінбей қараңғы халық: «Осы жастарда өлемін деп отыр, өлетінін біледі», - деп былшылдап жүр. «Боқтыкөт білсе, мен білермін», - боғауыз сөзін сөйлеп қойды.

«Ол кісінің айтқаны осы, менің естігенім осы», деп бастан-аяқ баяндап берді. Сон-соң халықтың айтқаны не, Мәшһүр ғайыпты біледі деген алып-ұшты сөзінің түпкі негізі не екенін толық түсіндім де: «Рақмет сөзді түзу жеткізгеніңізге», - деп Мәшһүр Хазіретке зор алғысымды айттым. Алла рақметінде қылсын! – деді.

Бір шайырдың сөзі деп

Мәшһүр Жүсіп көшіріп жазғанынан көшірдім

(Алтыбас Қыпшақтан шыққан Ақмоланікі, - деп жазыпты)

Ыстамбол патша болсаң Құдыс, Шамға,

Бұхар мен үкім қылсаң Үндістанға.

Ағылшын, Қытай, Жапон, Рұмды алып,

Дін түзеп, әмір қылсаң бұл жиһанда.

Тұтсаң да жеті ықлымның бәрін тегіс,

Кірерсің ақыр бір күн көрстанға.

Есепсіз бай болсаң да Қарынбайдай,

Жомарт боп, мал шашсаң да Хатымтайдай.

Патшадайын Әмір Темір дін түзетіп,

Болсаң да әйдік батыр Арыстандай.

Шешен бол Жиреншедей қызыл тілге,

Ақырда жатар жерің тар лақат-жай.

Мәшһүр сөзінен үзінді:

Болғанмен ортасы жоқ кей сөз жалған,

Ақындар өлең қылып тергеп алған.

Бірден кеп, төрт аяғы сөз болған соң,

Жақсылар жалған демей құлақ салған.

Разы болған бір жан жоқ Иесіне,

Кіретұғын кірмейді ой есіне.

Иманды ғып ишандар айырбастап,

Көпшіліктің ат пенен түйесіне.

Ғалымдар білген ғылымын пұлға сатып,

Оқу бар, ұғыну жоқ Құдай атын.

Бұрқыраған тозаң-шаң, жүрген аң-таң,

Жас-кәрі бәрі мең-зең басы қатып.

Былғарының орнына көн мен сірі,

Теріс қарар ұнатпай бірін-бірі.

«Ал», «бер» деген сөз еді екі ағайын,

«Ал» өліп, «бер» деген сөз қалды тірі.

Жақсылар қорғасындай ауыр болар,

Көзі соқыр, құлағы сауыр болар.

Жарлының жаздай мінген шолағындай,

Аяғы ақсақ, арқасы жауыр болар.


Назым Мәшһүрден

(әйелдер жайлы)

Зенһар дүниеде меһрибан,

Қатындай неғмат бар ма екен?

Қиында қылар жанын құрбан,

Қатындай неғмат бар ма екен?

Қатының болса мәстура,

Сен боларсын мисли төре,

Барып шариғаттан сұра,

Қатындай неғмат бар ма екен?

Қатының болса қамаш,

Көрсе тояр қарны аш,

Балалары дүррі тас,

Қатындай неғмат бар ма екен?

Қатының болса байдың қызы,

Шаһ-и табан болса жүзі,

Дертке дәрмен әрбір сөзі,

Қатындай неғмат бар ма екен?

Қатыныңмен үйің абад

Сүйсең жүзі қант-набат,

Және бірін айтсам ұят,

Қатындай неғмат бар мекен?

Қатынды үй мисли шаһар,

Өмір табар адам баһар.

Қатынсыздың іші заһар,

Қатындай неғмат бар ма екен?


Мәшһүр Жүсіп өз суретін өлеңмен танытқаны:

Арғы атам Сүйіндік-ті, Күлік затым,

Мәшһүр деген бір лақап, Жүсіп атым.

Қой көзді, қыр мұрыңды, орта бойлы,

Аққұба бидай өңді қияпатым.

Ин ша’ Аллаһ!, осы сөзде жалғаным жоқ,

Ешкімге бай деп назар салғаным жоқ.

Бір Құдайдың өзіне басқа жаннан,

Бір тиын үміт қылып барғаным жоқ.

Бір Құдайдың өзінен тиген соң дем,

Арыстанның аузынан асадым жем.

Мал жиып бай болайын демесем де,

Сондадағы болмадым ешкімнен кем.

Молдаларды суреттеп жазған мынадай өлеңін Әдек Құлжан баласынан естіп жаздым.

Кісі өлсе жиналады қожа-молда,

Бәрінің тұрғандай боп иман қолда.

Дұға оқып, Құран шығып, күліседі,

Бір пайда бар ынтасы табу жолда.

Пейілін айта берсе моллалардың,

Бірі жоқ бойларында ұят-ардың.

Оқытса айт пен жұма уағыз айтып,

Болмай ма мирасқоры Пайғамбардың.

Қай молда Құдай үшін Құран шықты,

Ұстаған жері бар ма дінді мықты.

Ас ішіп, ақша алған соң өліктерден,

Сатқан боп Құдай сөзін бұлар шықты.

Ақша алмай мәйіт үшін шықса Құран,

Хаққ жолы шариғаттың осы ұран.

Бірі жоқ діннің жолын дұрыс тұтқан,

Бәрі де қағып түсер өңкей қыран.

Қожа жүр атасының атын сатып,

Кісі өлсе, қарық олжаға қалар батып.

Ат-айғыр, түйе-бие сыбағасы,

Бермесе дауласады бұлар жатып.

Бар еді садақада жеті орын,

Бірі жоқ оныменен бұлар оның.

Хаққ жолын біле тұра бұрмалаған,

Тозаққа өзгелерден кетер бұрын.

Садуақас Ғылмани

Abai.kz

8 пікір