Сенбі, 4 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3510 0 пікір 26 Қаңтар, 2012 сағат 07:40

Бас прокуратура: Жаңаөзен оқиғасына байланысты жаңа мәлімдеме

Бас прокуратура Жаңаөзен оқиғасына байланысты жаңа мәлімдеме таратты. Онда қандай лауазым иелерінің үстіне қылмыстық іс қозғалғаны, кімдердің тұтқындалғаны жайлы, оқиғаны тергеу ісінің егжей-тегжей айтылған. Төменде прокуратураның мәлімдемесін сөзбе-сөз толық беріп отырмыз.
«Абай-ақпарат»

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында орын алған оқиғаға қатысты мәлімдемесі

Бас прокуратура Жаңаөзен оқиғасына байланысты жаңа мәлімдеме таратты. Онда қандай лауазым иелерінің үстіне қылмыстық іс қозғалғаны, кімдердің тұтқындалғаны жайлы, оқиғаны тергеу ісінің егжей-тегжей айтылған. Төменде прокуратураның мәлімдемесін сөзбе-сөз толық беріп отырмыз.
«Абай-ақпарат»

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында орын алған оқиғаға қатысты мәлімдемесі

2011 (екі мың он бірінші) жылғы 16 (он алтыншы) желтоқсанда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін Орталық алаңда мерекелеу барысында «Өзенмұнайгаз» мұнай өндіретін кәсіпорнының бұрынғы (жұмыстан босатылған) жұмысшылары бұзақы жастардың қолдауымен қирату, тонау, өртеу және бейбіт тұрғындар мен полиция қызметкерлеріне күш қолданумен ұштасқан жаппай тәртіпсіздіктер жасаған.
Нәтижесінде 125 (жүз жиырма бес) объект өртеліп, бұзылып, тоналған.
Олардың ішінде Жаңаөзен қаласы мен Теңге кенті әкімдіктерінің, Зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың ғимараттары, полиция бекеттері, «Өзенмұнайгаз» компаниясының офисі, «Аруана» қонақ үйі, «Сулпак», «Атлант» және «Шолпан» сауда орталықтары, 5 (бес) банк мекемесі, 9 (тоғыз) банкомат, 21 (жиырма бір) автокөлік, тұрғын үйлер, сондай-ақ көптеген кіші және орта бизнес объектілері бар.
Мемлекетке, заңды және жеке тұлғаларға келтірілген залал миллиардтаған теңгемен есептеледі.
Жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесу және бейбіт азаматтарды қорғау үшін облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы оқиға орнына полицияның жиынтық жасағын аттандырды.
Олар атыс қаруын және суық қаруды, тас, таяқ және жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді қолданған топтың шабуылына тап болды.
Орын алған жағдайда полиция жасағы бірнеше рет алдын ала ескертіп оқ атқаннан кейін тәртіпсіздіктердің белсенді қатысушыларына табельдік қару қолданған.
Қақтығыстардың нәтижесінде 64 (алпыс төрт) адам атыс қаруынан жарақат алып, 14 (он төрт) адам қаза болды. Бұдан басқа екі адамның өлімі жаппай тәртіпсіздіктермен байланысты емес.
35 (отыз бес) полиция қызметкері түрлі дене жарақаттарын алған.
***
Жаппай тәртіпсіздіктер фактілерін, сондай-ақ олардың туындау себептері мен шарттарын тексеру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша арнайы прокурор жетекшілік ететін ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылып, жұмыс істеуде.
Қазіргі кезге жаппай тәртіпсіздіктердің 6 (алты) ұйымдастырушысы - Сақтағанов, Жарылғасинов, Ирмуханов, Досмағамбетов, Уткилов және Тулетаеваанықталып, оларға Қылмыстық кодекстің 241 (екі жүз қырық бірінші) бабының 1 (бірінші) бөлігі бойынша айып тағылып, қамауға алынды.
Сонымен қатар, жаппай тәртіпсіздіктердің 23 (жиырма үш) белсенді қатысушысы және бүліншілік пен тонаушылық жасаған 11 (он бір) адам анықталып, қамауға алынған. Олардың басым бөлігі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғанын және қатысқандарын растады.
Атап айтқанда, олар жаппай тәртіпсіздіктерге алдын-ала дайындалғандарын, осы мақсатта жастар тобын тартқанын, олар жанғыш құраммен бөтелкелерді әзірлеп, қолда бар заттармен қаруланғанын көрсетті.
Тергеу барысында арнайы құрылған қоғамдық комиссияның өтініші бойынша жеке басы, кінәсінің деңгейі және отбасылық жағдайы ескеріле отырып, 11 (он бір) адамға қатысты бұлтартпау шарасы қамауға алумен байланысты емес неғұрлым жеңіл шараға ауыстырылды.
Жаппай тәртіпсіздіктердің басқа да ұйымдастырушылары мен қатысушыларын анықтау және іздеу шаралары жалғасуда.
***
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қоғамдық тәртіпті орнатуға қатысқан полиция қызметкерлері әрекеттерінің заңдылығы тексерілуде.
Әсіресе, ол қару қолдану мәселелеріне қатысты. Тергеу полиция қызметкерлері бейбіт тұрғындар мен өздерінің өмірі мен денсаулығына шынайы қауіп-қатер төну жағдайында негізінен заңды әрекет еткенін көрсетті.
Алайда, кейбір жағдайларда полиция қызметкерлері тарапынан қару-жарақ пен арнайы құралдар лайықсыз қолданылған, шабуыл жасаушылардың әрекеттеріне реакция туындаған қауіп-қатерге сәйкес болмаған.
Соның салдарынан олар өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, қаруды құқыққа қайшы қолданған, ол адам өлімдері мен жарақаттарына әкеп соққан.
Бағынышты қызметкерлердің заңсыз әрекеттерінің жолын кесуге бағытталған шаралар қолданбай, қызметтік міндеттерін тиісті орындамағаны үшін полицияның жиынтық жасағын басқарған Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Утегалиев қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Адамдардың өліміне әкеп соққан қару-жарақты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке:
- Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы күрес бөлімінің бастығы Бағдабаев;
- Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Бақытқалиұлы;
- Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің жедел уәкілі Жолдыбаев қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Тергеу арқылы Базарбай Кенжебаевтың қаза болу фактісіне де баға берілді. Туыстарының айғақтары бойынша оның өліміне Жаңаөзен қалалық Ішкі істер басқармасының уақытша ұстау абақтысында келтірілген дене жарақаттары себеп болған.
Аталған факті бойынша Кенжебаевты абақтыда заңсыз ұстауға жол бергені және оның дер кезінде ауруханаға жатқызылуын қамтамасыз етпегені үшін Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау абақтысының бастығы Теміров қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Сонымен қатар, қаза болғанды ұрып-соғуға кінәлі тұлғаларды анықтау жөніндегі шаралар қабылдануда.
***
Нәтижесінде жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан мұнайшылардың ұзақ ереуіліне және әлеуметтік шиеленістің үдеуіне жергілікті атқарушы органдар мен мұнай кәсіпорындарының лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері ықпал еткен.
Қаржы полициясы органдары аталған тұлғалар, қала тұрғындарының мүдделеріне қарамастан, бірнеше жылдар бойы жергілікті халық пен мұнай-газ саласындағы жұмысшыларды әлеуметтік-экономикалық қолдауға бөлінген қаражатты ұрлағандарын анықтады.
Тергеу мәліметтері бойынша қаражатты ұрлауды Жаңаөзен қаласының бұрынғы және қазіргі әкімдері Бабаханов және Сарбөпеев «Жанашыр» және «Жарылқау» қоғамдық қорлары арқылы жүзеге асырған.
Аталған қорларда «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының қала тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған демеушілік көмегінен түскен қаражат шоғырланған.
Ақшаның басым бөлігі кейіннен қолма-қол ақшаға айналдырылып, иемделген.
Көрсетілген лауазымды тұлғалар мен аталған қорлардың басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
«Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы мен «Компания Мұнай Экология» серіктестігінің басшылары Мирошников пен Баймұхамбетовтың үстінен «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының 335 (үш жүз отыз бес) миллион теңге қаражатын ұрлағаны үшін Қылмыстық кодекстің 176 (жүз жетпіс алтыншы) бабының 3 (үшінші) бөлігінің «б» тармағымен қылмыстық іс қозғалды.
«Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының 127 (жүз жиырма жеті) миллион теңге қаражатын «Бұрғылау» серіктестігінің директоры Сейтмағанбетовпен сөз байласып ұрлады деген күдікпен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының бұрынғы директоры Ешмановпен оның орынбасары Марқабаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 176 (жүз жетпіс алтыншы) бабының 3 (үшінші) бөлігінің «б» тармағы бойынша қылмыстық іс тергелуде.
***
Жекелеген тұлғалардың жұмыстан босатылған жұмысшыларды наразылық акцияларын жалғастыруға және билікке қатаң қарсы тұруға бейімдеу жөніндегі белсенді әрекеттері жаппай тәртіпсіздіктердің себептерінің бірі болып табылады.
Сараптамамен олар таратқан үгіт материалдардың мазмұнында әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар екендігі анықталды.
Бұл факті бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қылмыстық кодекстің 164 (жүз алпыс төртінші) бабының 3 (үшінші) бөлігімен қылмыстық іс қозғап, тергеуде.
Тергеу шеңберінде әлеуметтік араздықты қоздыруға қатысты бар деген күдікпен «Алға» және «Халық майданы» тіркелмеген қоғамдық бірлестіктерінің басшылары мен белсенді мүшелері Козлов, Амирова, және Сапарғали ұсталды.
***
Шетпе кентінде орын алған жағдайларға жеке тоқтап өткіміз келеді .
2011 жылғы 17 желтоқсанда Маңғыстау облысының Шетпе станциясында бір топ адам темір жол қозғалысын бөгеп, жолдарды бөлшектеп, көлік инфрақұрылымының объектілерін бұзған.
Осының нәтижесінде көліктің қалыпты жұмысы бұзылып, 7 жолаушы және 9 жүк тасымалдайтын пойыз бірнеше сағатқа тоқтатылды.
Заңсыз әрекеттердің жолын кесу барысында полиция қызметкерлері қару, жанғыш қоспасы бар бөтелкелер мен тастарды қолдануымен шабуылға душар болды; 5 полиция қызметкері түрлі дене жарақаттары мен күйіктер алды.
Бірнеше қайта алдын ала ескерту атулардан кейін полиция қызметкерлері қару қолдануға мәжбүр болды.
11 адам жараланып, 1 қаза болды.
Тергеумен аталған жағдайда полиция қызметкерлері қаруды заңды қолданғаны анықталды.
Бүгінгі күнге жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мен билік өкілдеріне қарсы күш қолданғандары үшін 3 адам Бахытжан, Сабырбаев және Жылқышиев қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Тағы 12 адам жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу, билік өкілдеріне қарсы күш қолдану және көлік құралдары және қатынас жолдарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылуда.
***
Барлық аталған істерді тергеу жалғасуда. Олардың тергеу нәтижелері туралы біз жүйелі түрде хабарлап отыратын боламыз.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1026
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 895
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 675
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 752