Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Өзгелер 2931 8 пікір 12 Қазан, 2020 сағат 12:22

Тәжікстанның ескі һәм жаңа президенті - Эмомали Рахмон!

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон президенттік сайлауда тағы да жеңіске жетті. Бұл жолы ол жалпы сайлаушылардың 90,92 пайыз дауысын жинаған екен. Бүгін Тәжікстанның Орталық сайлау комиссиясы кешегі өткен сайлаудың қорытынды есептерін жариялапты.

Сайлауға жалпы электораттың 85,39 пайызы қатысқан. Ал Тәжікстанда ұзын-ырғасы 4 900 545 адамның дауыс беру құқы бар. Бұл санатқа жататын тәжік азаматтарының бір бөлігі көрші елдерде еңбек мигранттары ретінде жүр. Сондықтан да, Тәжікстан аумағынан бөлек шет мемлекеттерде 39 сайлау учаскелері ұйымдастырылған. Ал Тәжікстанның өзінде 3375 учаске жұмыс істеген.

Бұл Тәжікстан Тәуелсіздігінің 29 жылындағы бесінші президент сайлауы. Мерзімінен бұрын өткен осы жолғы сайлауға про-билікшіл партиялар өкілдері қатысқан. Оппозиция байкот жариялаған.

Президент сайлауына барлығы 5 адам үміткер ретінде түскен. Олар:

  • Эмомали Рахмон (Халықтық-демократиялық партия, «Ұлт көшбасшысы»),
  • Миродж Абдуллоев (Компартия, бірінші рет сайлауға түскен) ,
  • Абдухалим Гаффорзода (Социалистік партия, үшінші рет сайлауға түскен),
  • Рустам Латифзода (Аграрлық партия, бірінші рет сайлауға түскен),
  • Рустам Рахматзода (Экономикалық реформалар партиясы, бірінші рет сайлауға түскен).

Рахмонға дейін Тәжікстанды кімдер басқарды?

Тәжікстан президенттері:

Кахар Махкамов – 1990 жылдың қарашасы мен 1991 жылдың тамызы аралығында ел басқарды.

1991 жылдың тамызы мен қыркүйегі аралығында Кадриддин Аслонов президент міндетін атқарушы болды.

Рахмон Набиев – 1991 жылдың қыркүйегі мен қазаны аралығында Тәжікстан президенті атанды.

1991 жылдың қазаны мен желтоқсаны аралығында Акбаршо Искандаров президент міндетін атқарушы болды.

Рахмон Набиев – 1991 жылдың желтоқсаны мен 1992 жылдың қыркүйегі аралығында президент боп таңдалды.

1992 жылдың қыркүйек-қазан аралығында Акбаршо Искандаров президент міндетін атқарушы болды.

1992 жылдың қарашасында Тәжікстан президенті деген лауазым жойылып, оның барлық құзыреті Тәжікстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі төрағасына берілді.

Сөйтіп, 1992 жылдың қарашасында билік тізгіні Эмомали Рахмонның қолына өтті.

Ал 1994 жылы Тәжікстан президенті деген лауазым қайтарылды. Содан бері Эмомли Рахмон Тәжікстан президенті боп келеді.

Айта кетейік, Тәжікстандағы бұл сайлауды 145 халықаралық байқаушы бақылайды деген. Олар 5 елден, 6 халықаралық ұйымнан және 8 елшіліктен барған. Байқаушылар арасында ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының 7 өкілі бар.

Ал Қазақстан атынан бақылаушы болып – Сенат депутаты Талғат Мұсабаев барған.

Abai.kz

8 пікір