Жұма, 26 Сәуір 2024
Біздің шенеунік 10152 17 пікір 29 Шілде, 2020 сағат 17:31

Божко кімге бұлқан-талқан болып жүр?

Бұған дейін әлеуметтік желіде «Депутаттар чартерлік сапармен Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшып кетті» деген сыбыс тараған. Осыған орай, белгілі заңгер Бақытжан Төреғожина демалыста жүрген депутаттардың карантинде не істеп жүргендерін сұрапты.

Құқық қорғаушы әлеуметтік желі парақшасында Қазақстан халқы ассамблеясының атынан сайланған 9 депутатқа хабарласқанын жазды. Олардың кейбірі жауап бермеген, кейбірі үйде отырғандарын айтқан.

Ал, 71 жастағы зейнеткер депутат Владимир Божко Төреғожина ханымға «Мені сайлаған сендер емес. Маған дауыс берген жоқсыз, сәйкесінше сайлаушым емессіз. Жұмыс берушім де сіз емес», - деп бұлқан-талқан болыпты. Желідегі жұрттың ашуын тудырған да зейнеткер депутаттың осы сөздері болды. Божконың бұл дегендерін біз ғана емес, батылы жеткеннің бәрі жазды.

No description available.

(Бұл пікірді депутат Божконың да, Бақытжан Төреғожинаның да парақшаларынан іздеп таба алмадық. Соған қарағанда депутаттың бұл пікірі желілерден өшірілген болуы да керек. )

OINET.KZ ақпараты:

Еуразия арнасының ақпараты:

Сонымен, бұл қай Божко? Өзін сайламағандармен сөйлеспейтін ол «есеп беруге міндетті емеспін» деп кергитіндей осыған дейін не тындырып еді? Бұрынғы министр, қазіргі депутат Владимир Карпұлының бұған дейінгі айтқан, айтып қоймай ақпаратты шулатқан ерсілі-қарсылы екі-үш сөзін еске түсіріп көрдік.

Қызылағаш оқиғасы

Ол 2007-2014 жылдары Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі болды. Ал, 2010 жылы, наурыздың 11-інен 12-сіне қараған түні Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасында бөгет жарылып, Қызылағаш ауылын су басты. Қайғылы оқиғадан 150 адам ізім-қайым жоғалған. Алайда, ресми мәлімет 37 адамның қаза болғанын айтты. Тұрғындар алдын алуға болатын апаттан бізді ешкім хабардар етпеді деп шағымданды. Бірақ, Божко «табиғаттың тылсым күшіне ешкім де қарсы тұра алмайды»,- дегенінен танбады.

Ал, Ақордада өткен жиында Қызылағаш оқиғасы қылмыс деп танылды. Нәтижесінде, аймақ деңгейіндегі бірнеше басшылар жазаланғанымен, сол кездегі төтенше жағдайға тікелей жауапты Владимир Божко ешқандай жауапкершілік арқаламады.

Көкпектіде болған апат

Қызылағаш оқиғасынан кейін төрт жыл өткенде 2014 жылдың 31 наурызында тағы да су қоймасының бөгеті бұзылды. Қарағанды облысының Көкпекті ауылындағы 300-дей баспана тасқын судың астында қалды. 5 адам қаза тауып, 12 адам ауруханаға түскен.

Ақыры төтенше жағдайды қарық қылмаған Божко қызметінен алынып, ақырын барып Мәжіліс креслосына жайғасқан. Алайда Бәкең мұнда да жарытып іс тындыра қоймады. Оның ора-шолақ айтқан кей сөздері қоғамның қарсылығын тудырды. Және бір емес, бірнеше мәрте.

Ауылдан қалаға ағылған жұрт көшін тоқтату керек, - деді. 

«Тоз-тозы шыққан ауылдан қалаға қашып келіп, мұнда лайықты деңгейде жағдай жасай алмаған, наразы жастар – Қазақстанның тыныштығына қауіп келтіреді» - деді Божко. Сөйтті де Астанадағы «Абу-Даби Плазада» болған қазақ-үнді жұмысшыларының арасындағы қақтығысқа қазақ жастарын кінәлап сөйледі.

Халық тізерлеп тұрып, мемлекетке алғыс айтуы керек, - деді.

Өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында сөз алған ол «халық мемлекетке тізерлеп тұрып алғыс айтуы керек» екенін айтты.

«Сіз биліктің не істеп жатқанын түсініп, көзбен көрулеріңіз керек. Дәлел керек пе, бір ғана көрсеткіш бойынша – халықтың әлеуметтік қолдауы үш жылда 17 есеге өсті. Кешіріңіз, бірақ сол үшін тізе бүгіп, мемлекетке алғыс айту керек. Егерде адам ештеңе бітірмесе, өзіне бәрін беруін талап етсе, мұндай адамды тоқтататын, қораға тығатын қоғамдық пікір болуы керек»,- деді ол.

Украиналық саясаткер Ирина Фарион - «жезөкше», - деді

Одан бөлек, депутат Божко украиналық саясаткер Ирина Фарионның орыс тіліне қатысты көзқарасы үшін бейәдеп сөздер айтып, қоғам қайраткерін «жезөкше» деп атады. Божконың бұл сөзіне қатысты Украинаның Қазақстандағы елшілігінің өкілі Ирина Владимировна Abai.kz тілшілеріне сұхбат беріп, «Божко мұндай айыптаулар арқылы – «орыс әлемін» жақтаушылардың бірі екенін көрсетті», - деген еді.

Божконың осындай ойсыз сөздерінен соң қоғам белсенділері оны әлеуметтік араздықты қоздырды деп айыптап, депутаттық өкілетін тоқтатуды талап етті.

Алайда, Божко қанша айыптауларға қарамастан әлі де Мәжіліс Төрағасының орынбасары болып отыр. Тіпті бірнеше орден-медальдардың иегері. Мәселен, ол Отан алдындағы ерекше еңбегі үшін І дәрежелі «Барыс» орденімен, ІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен марапатталыпты. Одан бөлек Қазақстан Республикасы мен шет елдердің және КСРО-ның 43 медалін алған көрінеді.

Тіпті, Заң ғылымдарының кандидаты, доцент, бірнеше монографияның, 14 оқу-әдістемелік және практикалық құралдарының, 33 мақаланың авторы екені айтылады.

Түйін: Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жүрген Божко Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігін басқарып тұрған тұста, мемлекеттік тілді менсінбейтінін, қазақ тіліне қырын қарайтынын ашық айтқан еді. Енді қыза келе мемлекеттік тілді ғана емес, мемлекет халқын да менсінбейтінін ашық айтып отыр. Ендеше не халықты, не халықтың тілін сыйламайтын Божконы мемлекеттік қызметтен қуатын кез келген секілді.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

17 пікір